6067
30 декабря 2023
Александр Медведев, арнайы Власть үшін

«Дәстүр»

«Отандық тұңғыш хоррор» деген атаққа әбден лайық фильм

«Дәстүр»

Александр Медведев режиссер Қуаныш Бейсектің кинотеатрдағы дебюті - «Дәстүр» фильмі туралы айтып береді. Контексті ұғу үшін мәтінде болар-болмас спойлер бар. Сюжеттің маңызды тұстарына тоқталмаймыз.

Қуаныш Бейсектің кинотеатрдағы «Дәстүр» дебютінің промо кампаниясы әлеуметтік желіде қарқынды жүрді. Одан бөлек, «Ирина Қайратовна» тобына ашық әрі резонансты бейнебаян түсірген, жобаның бұрынғы мүшесінің шығармашылығымен жақсы таныс адамдар көп үміт күтті. Қуаныш (немесе Кука, достары мен әріптестері оны осылай атайды) көбіне басты кейіпкер болудың орнына, кадр сыртында қалуды жөн көретін адам. Әйтсе де, режиссердің жеке бренді де танымал– дүйім жұрт оны жақсы таниды, барлық бастамасын белсенді түрде қолдайды. Қуаныштың екінші толық метражды картинасын да жұрт жақсы қабыл алды. Бұл жолғы фильмінде әлеуметтік драма мен хоррор элементтері бар. Премьера болған күні Алматы кинотеатрларында бос орын табу оңай шаруа болмады.

Оқиға ойдан шығарылған, атауы иронияға толы “Болашақ” ауылында өрбиді. Бітіру кешінен қайтып бара жатқан Диана есімді сұлуды сол ауылдың бұзақысы Болат зорлайды. Болаттың әкесі Нұрсұлтан – үлкен шаруашылықтың иесі. Ол әкімнің қолдауымен Диананың қарапайым жұмыс істейтін әке-шешесін ұяттан қашу үшін, ал өзі ұлын түрмеден құтқару үшін, дәстүрді сақтап, қызды зорлаған адамға тұрмысқа беруге көндіреді. Үйлену тойынан кейін ауқатты отбасының басына күн туады.

«Дәстүр» фильмінің авторлары мен маркетологтарының еңбегін еш еткім келмейді, әйтсе де, картина төңірегіндегі дүрбелеңнің бір бөлігі болса да, Салтанат Нүкенованы жауыздықпен өлтіргеннен кейін тұрмыстағы зорлық тақырыбына халықтың наразылығы туып, назары ауғанын ескермеуге болмайды. Әрине, бұл бірінші жағдай емес, әйтсе де кісі өлтірушінің статусын ескеретін болсақ, бұл іс дүрбелең тудырары анық еді. Дегенмен, жарнама науқаны аясында жарияланған отандық жұлдыздар мен инфлюенсерлердің қатысуымен тұрмыстағы зорлық-зомбылық тақырыбындағы сатиралық бейнероликтер онсыз да толқыған аудиторияны күттіре түсті. Соңғы өнім мен көркемдік сапасына қалай әсер етуі мүмкін деп ойларсың. Бірақ шын мәнінде фильмді жасаушылардың басты қатесі де осы, өйткені «Дәстүрдің» картинасына қарағанда жарнамасында тұрмыстағы зорлық туралы көбірек айтады.

Көрерменді адастыру – жаңа немесе қиын әдіс емес, этикалық жағынан дау тудырса да, олар дегеніне жетті. Студиялар эпикалық блокбастерлердің атын жамылған енжар, жай және жансыз фильмдермен жиі алдайды, алайда көрерменнің де бұған көңілі түспейді. Иә, әлемде және елде болып жатқан оқиғаларды ескерсек, эскапизм бұрынғыдан да қажет көрінеді. Дегенмен, қоғамның жанды жерін дөп басатын тақырыптарды жан-жақты зерттемей, пайдалануды залалы жоқ өтірік деп айтуға келмейді. Картина жарнамасы тікелей бағытталған әйелдер аудиториясы релизге дейін-ақ кейіпкер Диана оқиғадағы басты зұлым түрінде көрсетіле ме деп алаңдап, авторды зорлық құрбандарының демонизациясы үшін айыптады. «Дәстүр» экранға шыққаннан кейін негізгі мәселе ол емес екені белгілі болды. Байғұс қыздың демонизациясы жоқ екен. Оның орнына, қызды тұлғасынан айырып, көрген азабын жоққа шығарады.

Шарасыздық пен бассыздықтан шаршаған халық тым болмаса экраннан әділеттің орнағанын көргісі келеді. Әйтсе де, «Дәстүр» бұл эмоциялардың сыртқа шығуына көмектеспейді, өйткені әу баста кейіпкерлерге қатысты айтылған проблемалардың ешқайсы трагедия соңында да шешімін таппайды.

Оның үстіне, шарықтау шегіне дейін бірсарынды болған қылмыс үшін жазалау желісі үшінші актіде кенеттен бағытын өзгертеді, жыныстық зорлық-зомбылық мәселесінен рухани дағдарыс ұғымы секілді абстракт нәрсеге өтеді. Бұдан да қызық тұсы – авторлардың әділетке балама не кек қайтару түріндегі бумеранг концепциясы. Сюжетті кенеттен бұру үшін фокус өзгерді ме деген сұрақ тіпті тумайды.

Бұған дейін Асқар Ұзабаевтың «Бақыт» фильмі маркетингтік айласыз және жанрлық сиқырсыз-ақ мәселенің ауқымын анық әрі нық көрсеткен. Оған қоса, көрермен кейіпкермен жүріп өткен жолы үшін марапат та алады. Бұл голливудтағыдай хэппи-энд емес, фильм трагедиямен аяқталады. Әйтсе де, құрбанның тиранға соққы жасауы үшін қолына қару алғаны қанағат сезімін тудырады. «Арман. Періштелер ұйықтағанда» деп аталатын назардан тыс қалған фильм эксплуатацияға ұшыраған фильм территориясына кіріп, өзі күтпеген болар, бірақ бізге жанрдың барлық сипаты бар тұңғыш ревенджсплотейшн сыйлады.

«Дәстүрде» ол жоқ. Зорлық құрбаны құрбан күйі, заң сақтаушының қолы сол байлаулы күйі, ал сот төрелігін жасай алатындар ақша санаған күйі қалады. Бұл оқиғада шешім ұсынатын, бәрінен кейін жаныңыз үшін дұға оқып беретін бір имам ғана. Режиссер сенімді түрде айтатын ескі дәстүрге айтылатын сын ешқандай жол көрсетпейді. Картина сюжеті үшінші акт басталғанға дейін не зорлық пен туыстарының сатқындығын көрген бас кейіпкер, не проблема ғаламдық деңгейде еш мән-мағынасы болмай қалатындай құрылған.

Финал толығымен дерлік имамның ішіне жын кірген байғұс жігіттің жаны мен тәні үшін күресіне арналған. Айтпақшы, зорлықшымыз – сол жігіт. Ал бұл мақсатты аудиторияның бетіне түкіргенмен бірдей. Немесе премьера төңірегіндегі дүрлікпені сақтап тұруға көмектесетін аудиторияның деген жөн. Бұл жағдайда ол маңызды емес. Құндылықтар жүйесі қалыптасқан адамға бірдеңені таңу қиын, егер отыз жасында әйелге қол көтеруге болмайтынын түсінбесе, ешқандай фильм мұны өзгерте алмайды. Тақырыптар мен одан кейінгі айтылатын ой белгіленіп қойған болса, бұған дейін айтылған оқиға желілерін қандай да бір логикалық шегіне жеткізу керек еді. Авторлардың сөзіне қарағанда, жиналған қаражаттың бір бөлігі зорлыққа ұшырағандарға көмектесетін қорлар мен медиаларға жіберіледі екен, ал бұл басқалар үшін үлгі болатындай жақсы мысал.

Сонымен «Дәстүр» қандай фильм және ол бізге не айтқысы келеді? Ол бізге полиция, сот, тіпті әке-шешең қауқарсыз жерде, өзіңді тек сенім (бұл жерде ислам діні) ғана құтқара алатынын айтады. Негізі кез келген жерде. Зорлық тоқтамайды, бассыздық жалғаса береді, бірақ кез келген зорлықшы, кісі өлтіруші немесе жемқор міндетті түрде жазасын алады – келесі күні не бірнеше жылдан кейін, бұған күмән келтірме. Ал өз өміріңе қауіп төніп тұр ма, ендеше ақырет туралы ойлайтын кез келді, өйткені ол жерде бізді ренжіткендердің қиналғанын көріп, көңіліміз бір көтеріледі ғой. Режиссердің көрерменге айтқысы келгені осы ма, жоқ па маңызды емес, өйткені дәл осы нәрсені фильмнен естідік. Бұл кейіпкерлер деңгейінен-ақ байқалады. Мәселен, картинадағы зұлымдардың бірін материалистік дүниетанымы мен коммунист болғаны үшін айыптау байқалады. Құдайсыз бен материалист – нағыз жауыздың бейнесі емей немене?

«Дәстүр» фильмінің осал тұстары мен позициясын қоя тұрғанда, жақсы динамикасын, өңделгенін және тіпті аса қажет емес кездің өзінде үрей атмосферасын жақсы көрсете білгенін айта өту керек. Тәжірибелі әрі, сөзсіз, талантты клипмейкер ретінде Бейсек әрбір қимылды қолдан келгенше бастан-аяқ ойлауға тырысады. Қазақстандық кино тарихында хоррор элементтері тұңғыш рет бүге-шүгесіне дейін қолданылған бірінші жағдай шығар. Әрине, бұл көп жерде қажет түрде жұмыс істемейді, алайда киноны жасаушылар кейде басқа тиімді әдіске джампскерді айырбастайды (мәселен, картинада бір ғана ұзақ кадрмен түсірілген сәтте көп), алайда жанрдың қалай жұмыс істейтінін ұғуға талпынысы үшін команданы мақтау артық етпес. Сұмдық көбіне олардың шығармашылық түрдегі жүзеге асыруынан емес, жағдайдың өзінен болады, дәл сол жағдайдың өзі негізі қиын авторлық жұмыстың жемісі десек болады.

«Дәстүр» ауыл имамының түрлі әзәзілге қарсы күресі туралы хоррор франшизаның бір бөлігі болса, фильмнің үшінші не төртінші сериясы болуға жақсы-ақ. Әйтсе де, ол сериалдың маркетингі міндетті түрде батыл, өте күшті әрі идеал бас кейіпкердің образына құрылуы керек. Сонда ғана әділ болады. Мұндай франшиза қазіргі танымал трендке де ілесе кетер еді: Малайзия мен Индонезиядан шығып жатқан мұсылман хоррорлары өте танымал, оны Netflix сияқты желідегі қажет бөлімге бас сұқсаңыз түсінесіз. Оған қоса, бұл сенім дағдарысын бастан өткеріп жатқан католик жын-перісі мен экзорцистері туралы хоррорлардың керемет баламасы болар еді. Сондықтан «Дәстүрдің» жеңісі оны жасаушыларды оқиғаның жалғасын түсіруге итермелейтін болса, ең дұрыс шешім – имамды белгілі бір деңгейде жергілікті Джон Константинге айналдыру, оған соққы беру, күмәнға батыру, бейнесін жалпылама түрден арылту.

Бұған дейін дүйім жұртқа ғана емес, бұл жанрды бағалайтындарға арнап сапалы хоррор түсіру талпынысымен салыстырғанда, «Дәстүр» шынымен де «отандық тұңғыш хоррор» деген атаққа әбден лайық. Мінсіз деп айта алмаймыз, әлі өсуі керек тұсы көп. Бірақ ол шықты – енді екінші орын үшін күрес болады. Бұл жарыстың жеңімпазын қанша ұзақ күтсек, жаңа кезең де сонша ұзаққа созылуы мүмкін. Ол жақсы, өйткені әлдеқайда көп режиссер осындай қиын (әсіресе біз үшін) жанрда бағын сынап көретін болады.

Назар аударуға тұрарлық қызық картина шықты. Зорлық туралы маңызды сөз қозғамаса да, фильм онымен күресудің басқа жолдарында айтарлықтай пайда әкелуі мүмкін. Осы үшін фильмге шынымен де сәттілік тілеуге тұрады.