4529
20 марта 2024
Назерке Құрманғазинова, фотолар Данияр Мүсіровтікі

Ішкі көрініс: Алматы облысы әкімдігінің ғимараты қандай?

Әкімдік бұрынғы казино ғимаратында орналасқан

Ішкі көрініс: Алматы облысы әкімдігінің ғимараты қандай?

2022 жылғы маусымда жаңадан құрылған Алматы облысының орталығы Қонаев қаласы болып бекітілді. Қалаға облыс әкімінің аппараты көшіп келе бастады және облыс әкімшілігіне бұрынғы ойынхана ғимараты сатып алынды.

Власть танымал, ерекше ғимараттармен таныстыратын «Ішкі көрініс» айдарын жалғастырады және бұл жолы таңдау Алматы облысының әкімдігіне түсті.

Алматы–Қапшағай тас жолының бойында басқа да көптеген ойынханадан сәл алыста облыс әкімдігінің ғимараты орналасқан. Төбесіне ілінген ту мен тұғырындағы елтаңбадан бірден мұның мемлекеттік мекеме екені аңғарылады.

Бұрын «Royal Plaza» ойынханасының аты ілініп тұрған қасбеті қазір бос, «ойынхана» деген жазудың орнына «Алматы облысының әкімдігі» деген жазу пайда болған.

Ғимаратқа жақындағанда көлікке арналған шлагбаум, күзет бекеті және көлік толы автотұрақ қарсы алады. Негізгі кіреберістің екі жағында пандус бар.

Ішінде әкімдік қызметкерлеріне арналған Face ID жүйесімен жабдықталған турникеттер тұр. Оң жағында сырттан келушілерге арналған өткізу бюросы, сол жағында киім өткізетін жер орналасқан.

Сондай-ақ, жанында диспетчер бөлмесі бар, мұнда ғимараттағы бүкіл жүйе бақыланады және қосалқы кілттер сақталады. Ғимаратта барлығы 113 кабинет, 4 мәжіліс залы және азаматтарды қабылдайтын бір зал бар.

Мемлекеттік рәміздері бар қабырғаның артынан ақшыл сары жарық беретін үлкен люстра көрінеді, ғимаратта мұндай люстра бірнешеу. Жарық төменгі қабаттағы асхана мен дәретханаға апаратын эскалатор жолына түсіп тұр.

Әкімдік қызметкерлерінің көпшілігі түскі асты осы асханада ішеді, оларға жиынтық түскі ас бар. Ғимаратта облыс әкімі аппаратынан басқа кейбір басқармалар мен облыстың мәслихаты орналасқан, мұнда барлығы 601 адам жұмыс істейді.

Асхана ішіндегі буфетте кондитерлік өнімдер, кофе, шәй сатылады.

Ғимараттың жалпы ауданы – 11 578,8 шаршы метр. Бұл жерге әкім аппараты 2022 жылдың желтоқсан айында көшіп келді, бірақ Алматы облысы әкімдігінің бұрынғы ойынханаға орналасатыны сол жылдың көктемінде белгілі болды. Алайда, бізге беймәлім себеппен шенеуніктер бұл ақпаратты бастапқыда жоққа шығарды.

«Ғимарат ұзақ уақыт бойы бос тұрды. Осы жазда ғимарат иесі бұрынғы ойын инфрақұрылымын кеңсеге арнап қайта монтаждап, пайдалану бағытын әкімшілік орынға өзгертті», – деп атап өтті баспасөз қызметі сол жылы желтоқсанда.

Алғашында әкімдік бұл жерді жалға алып отырып, кейін ғимаратты 3,2 млрд теңгеге сатып алған. Казиноның шаршы метрі бюджетке 273 мың теңгеге түсті. Әкімдіктің баспасөз қызметі сатылым бағасының нарық бағасынан әлдеқайда төмен екенін атап өтті. Салыстыру үшін олар Қаңтар оқиғасы кезінде қираған Алматы мен Талдықорғандағы әкімдік ғимараттарын қалыпқа келтіруге кеткен қаржыны мысалға келтірді – Алматы әкімдігі ғимаратын қалпына келтіруге бюджеттен 17 млрд 147 миллион теңге жұмсалған, ал Жетісу облысының әкімдігіне 5,2 млрд теңге кетті.

Әкімдік қызметкерлерінің айтуынша, мұнда көшкеннен кейін ештеңе өзгертпеген, арнайы жөндеу жұмыстарын жүргізбеген. Ал люстра және басқа да заттар бұрынғы иесінен қалған.

Ал ғимараттағы жаңа өзгерістің бірі – бірінші қабатта бос залдың ортасына қалқа қойылып, онда үш бөлімнің қызметкерлері орналасқан.

Бұдан бөлек, бұрынғы казино ғимаратының бірінші қабатында терезе болмағандықтан, қызметкерлерге ыңғайлы болуы үшін 13 терезе орнатқан. Ал басқа қабаттарда бұрыннан терезе болған.

Төменгі қабатта азаматтарды қабылдау орталығы орналасқан. Ғимарат ішінен онда тек әкімдік қызметкерлері ғана кіре алады, ал тұрғындар ғимараттың оң жағындағы сыртқы есіктен кіреді. Тұрғындар қабылдауға электронды жүйе арқылы кезекке тұрады.

Мәжіліс залдарының біріне Қонаев қаласының бас жоспарының жобалық үлгісі тұр. Бұл бөлмеде, шамасы, бұрын ойын залы не түнгі клуб болған.

Сонымен қатар, бірінші қабатта әкімдіктің барлық қызметкеріне арналған бассейн мен жаттығу залы бар. Бассейнге арнайы анықтама болған жағдайда кіруге болады және ерлер мен әйелдер баратын күндер бөлек.

Әкімдіктің баспасөз қызметінің фотосы

Бірінші қабатта еден түрлі түсті мәрмәр тақтайшамен қапталған және казино чиптеріне ұқсайтын шеңберлер бейнеленген. Ал жоғарғы қабаттағы еденге кілем төселген, ол да казино кезінен қалған.

Бұрындары жоғары қабаттарда қонақүй болған. Қазір бұл бөлмелер әкімдік қызметкерлерінің кабинеті. Әр бөлменің жеке санузелі бар.

Әр қабаттағы дәліз қабырғасына Алматы облысының табиғаты бейнеленген картиналар ілінген.

Ал ең жоғарғы тоғызыншы қабатта облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің кабинеті орналасқан. Оған бару үшін осындай қабылдау бөлімінен өтесіз:

Ал әкімнің кабинеті осындай: шкафтың бірінші сөресі кітапқа толы, ортасындағы сөреде Дінмұхамед Қонаевтың үлкен портреті және шағын мүсіні тұр.