3372
29 апреля 2024
Оксана Акулова, арнайы Власть үшін, Алматы облысының Талғар қаласы, фотолар мен коллаждар Данияр Мүсіровтікі

«Кез келген сәтте өмірмен қош айтысуың мүмкін екенін түсінесің»

Ажал мен өлім тақырыбын қоғам қалай қабылдайды?

«Кез келген сәтте өмірмен қош айтысуың мүмкін екенін түсінесің»

Ауыр диагноз бен паллиатив көмек туралы «Өмір мен өлім мәселесі» деп аталатын жобамызды бастаймыз. Жоба аясында осы жолды жүріп өткен немесе енді қадам басқан адамдардың оқиғасын баяндаймыз. Бұл – кеселді жеңген адамдар мен диагнозын енді білген науқастар қалай өмір сүретінін, не сезінетінін түсінуге ұмтылыс. Оларды қандай мәселе ойландырады? Ауыр сырқатқа шалдыққан адамдардың жақындары қандай жолдан өтеді және біздің қоғам ажал мен өлім тақырыбын қалай қабылдайды?

Ольга Прудникова бес жыл бұрын онкологияға шалдыққанын білген. 2018 жылы, 49 жасында толық тексеруден өтпек болады. Сүт безіне УДЗ жасаған дәрігер кеуденің қаттылау болғанына назар аударады. «Бұл маған ұнамай тұр, маммографияға түсіңіз» дейді.

– Жай ғана менен ақша алғысы кеп тұрған шығар деп күдіктенсем де, бардым. Маммографиядан цитологияға жіберді. Сол кезде «өскін» деген сөзді естідім, бірақ диагноз әлі нақтыланбады. Ол үшін биопсиядан өту ғана қалып тұрды, — дейді ол. — Ойым сан-саққа кетті, күмәнім арта түсті. Үнемі естіп жүрген әңгімелер еске түсті. Ісікті кесіп тастаса, метастаздар ағзаға түгел жайылып кетеді, сонда бәрі бітеді деп айтады ғой. Ісіктің өлшемін бақылап отыру үшін УДЗ-ға барып тұрдым, бірақ биопсия жасатуға қорқып жүрдім. Бір жыл бойы созып жүре бердім, дәрі ішіп емделуге тырыстым. Физикалық тұрғыдан өзімді жап-жақсы сезінетінмін. Қатерлі ісіктің бастапқы кезеңінде еш жерің ауырмайды. Мұны бәрі білсе деймін. Кейін, үшінші-төртінші кезеңдерде ағза шаршап, иммунитет саған қарсы жұмыс істей бастайды.

– Физикалық тұрғыдан ауырмайды дейсіз, психологиялық тұрғыдан қалай?

– Обыр ма деген күмәнмен жүресің. Мүмкін қатерлі емес шығар деп ойлайсың. Бірақ түпсанаңда қалай өлетініңді елестете алатын боласың. Қатерлі ісік болса, адам өледі деген тағы бір көзқарас қалыптасқан. Қазір онкологияның көп түрі емделетінін түсінемін, а ол кездері…

Пәтерімді ипотекаға алғанмын, ол кезде әлі тоғыз жыл төлеуім керек еді. Үнемі қарыз қызыма қалмауы үшін барынша шыдап бағуым керек деп ойлайтынмын.

Осылай бір жыл жүрдім. Ешкімге тіс жармадым. Мұны да ешкімге айтпаған шығармын, сіздерге айтайын. Биопсия тапсырған соң құрбыларыммен Шарынға кетіп қалдық. Жолда «мүмкін соңғы рет бара жатқан болармын» деп ойлаумен болдым. Үнемі солай болды. Табиғатқа шығуым бір оқиға еді, кез келген мүмкіндікті пайдаланып қалғың келеді. Әрі қарай не боларын кім білсін? Диагнозымды білгенге дейін сол бір жыл өмірімді соқыр тәуекелмен өткіздім, барынша өмір сүргім келді. Жақындарым себебін түсінбесе де, (белсенділігіме) қуанып жүрді.

Ең қызығы, түсімде ұшып немесе жүзіп жүргенімді көретінмін (негізі жүзе аламын). Жерден көтеріліп, ауада қалықтап жүремін, кез келген сәтте қайта түсе аламын. Қазір ондай түс көрмеймін. Шын өмірде де дельтапланмен ұшып көрдім — қызым мен күйеубалам сертификат сыйлады. Бұл менің арманым еді, сол әдемі көріністі есіме алсам, қуаныш пен еркіндікті сеземін!

– Бұл да мәңгі созылмайды. Қалай дегенмен соңында биопсия жасаттым, нәтижесін алуға жалғыз бардым. Диагноз нақтыланса, оны қызыма қалай айтарымды білмедім. Сол сәт әлі есімде. Алматыдағы онкология орталығы, медбике жай ғана нәтижені қолыма ұстатты. Қағаздан ештеңе түсінбедім. Бірден отырып, оқи бастадым (мұндайда гугл көмекке келеді): «Сүт безінің инвазив арнайы емес карциномасы, екінші кезең». Басқа сөздерге мән бермедім, бірақ «кезең». Кезең деген жақсы емес. Бітті ме? Осымен болғаны ма деген ой келді. Диагнозыңды білгенде, кез келген сәтте дүниемен қош айтысуың мүмкін екенін түсінесің. Кейін бір күні емес, қартайғанда да емес, бір жылдан кейін немесе жарты жыл, бір ай да болуы мүмкін…

Дәлізде өксіп жылап алдым. Даусымды шығармай, тыныш қана жыладым: онкология орталығында отырған соң, жанымдағылардың бәрі өзім сияқты бейшаралар екенін түсініп, басқаларды қорқытып алмайын дедім. Сабырға келдім. Әрі қарай оқыдым. Сүт безінің қатерлі ісігі екені түсінікті. Мен өтіп жатқан кезеңмен өмір сүру ықтималдығы шамамен 90 пайыз. Жолым болса, солардың қатарына кіремін. Жігерленіп қалдым. Дәрігер таптым.

Диагнозды білгенде жаныңда біреу болғаны маңызды екен. Өзім үшін түйгенім де, басқаларға кеңесім де – осы. Жақын адамыңыз болуы керек, ешкім жоқ болса, онкология орталығының психологы болсын.

Науқастардың бәрі естіген дүниесін дұрыс қабылдай алмауы мүмкін (бұл өте маңызды), бейімделе алмай қалуы, сағы сынуы мүмкін. Арқа сүйейтін, қолдау табатын, бағыт-бағдар беріп, күресуге күш беретін адам болуы керек.

Бәріміздің ішімізде бір өмірлік күш-қуат жасырынып жатқанына сенімдімін. Адам әрекет етіп, ауруға төтеп беру үшін ішкі күшті оята алады. Болмаса, керісінше бәрі осымен бітті деп, өзін-өзі құрдымға жіберуі де мүмкін. Біз дұрыс ақпарат беріп, не болып жатқанын, жеңу үшін не істеу керек екенін түсіндіре аламыз. Бұл онкологиялық ауруы бар кез келген науқас үшін қауіпті сәтте жанынан табылған адамның қолынан келеді. Ауруханада жатқанда диагнозын біліп, іштей тынып, жабылып қалған адамдарды көрдім. Әркім әртүрлі қабылдайды.

Өтірік айтып, құр үміт берудің де қажеті жоқ (бірақ кейбіреулер үшін осы маңызды), бәрін дұрыстап түсіндіріңіз. Мені қолдаған барлық адамға – қызыма, сүйіктіме, құрбыларыма, ауруханадан шыққанда Челябіден келген туған әпкеме және, әрине, дәрігерлерге алғысым шексіз. Өзімді оларға тапсырып, көмектесетініне сенімді болдым. Қазір емдеп жатқан дәрігеріммен бәрін күліп еске аламыз. Басында көп күмәндандым, сұрағым көп болды, ештеңеге қатты сенбедім. Сабырға шақырып, бағыт беріп, түсіндіргені үшін дәрігеріме рақмет. Төрт ай химия терапиядан соң операцияға кірдім.

– Операция күні не ойладыңыз?

– Айтсам, күлкілі көрінетін шығар, кірпігімді, ернімді, көзімді бояп алдым. Ұйықтаймын ғой, оянамын ба, кім білсін?

– Әдемі болуым керек деп ойладыңыз ба?

– Әрине! Мен химия терапияға да сәнденіп баратынмын. Көңіл-күйімізді көтеретін — өзіміз. Операция күні қызым жанымда болды. «Бәрі жақсы, бәрі жақсы…» деп көңілін орнына түсіруге тырыстым. Қорқып тұрғанымды көрсете алмадым. Өзім бұған дейін де осылай ешкімге салмақ салмай, ешкімді уайымдатпай өмір сүрдім. Қызым үш жарым жаста болғанда екеуміз ғана қалдық. Біз Алматыда, ата-анам Қостанай облысында, сол кезде де ешкімге шағымданбадым. Қызым бойжетті. Немерем бар. Ал, бәрін өзім істеймін деген әдет сол күйі қалып қойды.

Диагнозды білгенде қатты қалағаныңмен, өзіңді аяуға болмайды. Қатты ауырғанда жылағаным есімде жоқ. Қайталап айтамын, көңіл-күйімізді жасайтын — өзіміз, демек ойымызды да өзіміз қалыптастырамыз. Әлсіз сезіндім, ештеңе істегім келмеді, бірақ бірдеңе істеу қажет болды — бұрынғыша көп істемесем де, жұмысымды жалғастыра бердім. Қашықтан жұмыс істеуге рұқсат берген компания құрылтайшысына алғыс айтамын. Қолымнан келгенін істедім. Кейін өмірімде шоколад пайда болды.

— Қазір сіздерге пайдалы кәмпит жасауды үйретемін – кәдімгі кәмпиттерді жемегеніме бес жыл болды. Ұнтақталған какао, майлы какао, жералмұрт шәрбатын аламыз. Химияға барып жүргенде не қалайтыныңды білмейсің. Мен тәттіні жақсы көремін, бірақ диагнозыма байланысты, қант, ақ ұн жеуге тыйым салынды.

Инстаграмнан пайдалы шоколад әзірлеу бойынша тегін шеберлік сабағын көріп қалдым. Сол кездері шоколад біршама көмектесетін, қазір де солай — көңілімді аулайды. Жұмыс барысы, ерекше хош иісі, дәмі – қазір өздеріңіз бағасын бере жатарсыздар. Қатты шаршап, тынығып алуым керек екенін түсінгенде шоколад әзірлеуге кірісемін. Өз кәмпиттерімді сатуға тырысып көрдім, қызым Инстаграмнан парақша ашып берді, бірақ менен керемет сатушы шықпайды екен. Қолымнан келе қоймады. Таныстарымның арасында шоколадтың дәмін көргендер бар, солар тапсырыс беріп тұрады.

– Шеберлік сабақтарын өткізу керек.

– Біреу ұсынса, қуана-қуана өткізер едім. Міне, қараңыз: алдымен ұнтақты 43-45 градусқа дейін қыздырып аламыз. Сосын суыту үшін тез-тез араластырамыз. Енді желалмұрт шәрбатын құямыз…

*

– Диагнозды білген сәтте өмірге деген көзқарасыңыз жайлы ойландыңыз ба?

– Дәл сол сәтте бұл туралы ойламайсың. «Бәрі жақсы аяқталса, осы үшін мен сендерге…». Жоқ, ондай нәрсе ешқашан болмапты. Ремиссия болып, аурудың беті қайтса, бөлек әңгіме. Сауығып кеттің! Тағы бір мүмкіндік берілді! Өмір сүру керек. Бірақ келесі соққыны қашан алатыныңды кім білсін? Дәрігердің бірде былай дегені бар:

– Болды, Оля, талдау нәтижелері жақсы, әрі қарай дәрі-дәрмекпен емделеміз.

– Ремиссия?!

Бақыттымын деп сирек айтамын, бірақ сол сәт нағыз бақытты сәтім болды. Ол күнді ешқашан ұмытпаймын — 2020 жылғы 15 маусым. Мұның шын екеніне сене алмай, бәріне хабарласып, бәріне айтқым келді. «Қызым, аурудың беті қайтты» деп хабарластым. Содан бес күн бұрын туған күнім болған. Қалада серуендеп жүргенде қызым түймедақ гүлдестесін сыйлады. Сол кезде құшақ гүлімді ұстап, бірдеңені сезгендей бақытты болып жүріп едім.

Аурудан айыққаннан кейінгі бірінші жылы жүзім жарқырап тұратын: сурет салатынмын, шоколад, нан пісіретінмін. Қайтадан жұмысқа басыммен кіріп кеткенге дейін өмір сүрдім. Бір кездері үш адам үшін жұмыс істедім. Тағы күнделікті күйбеңге тірлікке кіріп кеттім, ал олай істеуге болмайды.

– Тағы ана жаққа барғың келе ме?! — деп қызым ұрысты.

Ол жаққа барғым келмейді. Бірақ бәрін тастап та кете алмаймын — табиғатымнан жауапкершілігі жоғары адаммын. Бұл менің түбіме жетеді. Бұлай істемеңіздер. Қазір ауруды жеңіп, өмір сүріп жатқан қыздарды білемін. Олар үшін қуанып, оларды мақтан тұтамын, ал мен…

– Ауру қайта айналып соғады деп қорқасыз ба?

– Қазір қатты қорықпаймын, онда мені не күтіп тұрғанын білемін. Ол жаққа қайтып оралсам, обал болады, өкінішті болады. Ол кезде онкологияға өзімді өзім жетелеген боламын.

*

Онкологиямен күресіп жүргенде бізбен он сегіз жылдан аса уақыт бірге өмір сүрген мысығым Фредиктен айырылып қалдым. Оның өлімі маған өте ауыр тиді, тіпті психологқа жүгіндім. Фредикті ешқашан ұмытпаймын. Ол – менің бір бөлшегім, жүрегім.

Әлі ауыратынымды білмейтін кезде Фредик бөлмеге кіріп, дәл кеуде тұсыма, кейін ісік өсіп жатқаны белгілі болған жерге жататын. Химиядан өтіп жатқанда да мені үнемі қолдады. Ал операциядан кейін маған жақындамайтын болды. Осыдан мысық әлсізденіп бара жатқанын түсіндім. Дәрігерлерге апарсам, түрлі ауруы барын айтты. Ұйықтатып тастауды ұсынды. Ал менің ол туралы ойлағым да келмеді, Фредик — отбасымыздың мүшесі, кішкентайында үйге алып келдім, ол осы үйден шығуы қажет. Оның өліп жатқанын көріп, адамдардың жағдайы осы екенін түсіндім. Ажал айтып келмейді, ал адам жақында өлетінін білгенде ағза да, оның өзі де дайындала бастайды.

Фредик мен операциядан шыққаннан кейін бірнеше айдан соң өлді. Еңіреп жылап, оған бәрі үшін рақмет айтып, кешірім сұрадым. Кей-кейде жеткілікті назар аудармай қойғаным үшін, жақсы азықтан ақша аяғаным үшін кешірім сұрадым және ең бастысы, сол кезде ол менің ауруымды алып кеткенін анық түсіндім.

Бірақ уақыт өткен соң мені ешкім қарсы алмайтынын түсіндім. Жақындарым, қызым, немерем бар. Ауруды жеңген бақытты әйелмін, бірақ үйде жалғызбын. Мысық керек! Қазір үш мейн-кун мысығым бар. Олар да – менің құтқарушыларым. Жаман ойдан, жалғыздықтан құтқарады…

– Қатерлі ісік өлімге деген көзқарасыңызды өзгертті ме?

– Иә, мен қорықпаймын. Мүмкін қазір батыл шығармын, шынымен, өзім солай сезінемін. Шынымды айтсам, диагнозды білген сәтте шаршағаным сонша, өмірден өтіп кетсем де, өкінбес едім. Бұлай деуге болмайды, бірақ өкінішке қарай, жағдай солай болды.

Қандай ауру болса да, өмірде қанша қиналсам да — іштей жайдары адаммын. Мені адамдар осылай есте сақтағанын қалаймын. Қайғырмаса, уайымдамаса деймін. Сіз бір кездері жаңбырлы күні Талғарда бірге шоколад пісіргенімізді есіңізде сақтайсыз. Мен жайлы тек қатерлі ісікті жеңген әйел ретінде әңгіме болғанын қаламас едім.

Бірақ құрбыларым «Қалайша? Оля, бұл — сенің жемісің!» деп болмайды. Менің емес, дәрігерлердің жеңісі. Өзімді қаһарман ретінде сезінбеймін. Бірақ тағы онкологиямен күресуім қажет болса, не істеуім керек екенін білемін. Диагнозын енді білген әйелдер хабарласып жатады. Олар мұндайда әрі қарай не істейтінін білмейді. Көмектесуге тырысамын. Қанша жерден қиын болса да, диагноз қорқынышты болса да, күресу керек екенін түсінер деген үмітпен өз хикаямды баяндап беремін. Өмір — осы күреске тұралық дүние!

Біз жауап іздейтін бірінші сұрақ: Науқасқа жағымсыз хабарды қалай жеткізу керек?

Бұл тәжірибе бізде қалай жүзеге асырылып жүр? Бірдені өзгертуге бола ма, өзгерту қажет пе? Өз хикаяңызды көпшілікке айтып бергіңіз келсе, электрон поштамызға жазыңыз: oksana179550@gmail.com немесе +7 705 454 6844 нөмірі бойынша мессенджер арқылы хат жолдаңыз.