3776
30 апреля 2024
Алмас Қайсар, Назерке Құрманғазинова, Власть, фотолар Алмас Қайсардыкі

Құлсарыдағы су тасқынының салдары: «20 жыл тұрған үйім 20 минутта су астында қалды»

Қаланың бір бөлігін әлі де су басып жатыр, тұрғындардың шағымы көбейіп келеді

Құлсарыдағы су тасқынының салдары: «20 жыл тұрған үйім 20 минутта су астында қалды»

5 сәуір күні Атырау облысына қарайтын 60 мыңнан астам тұрғыны бар Құлсары қаласын Жем өзенінің жағасынан асқан су басып, қаланың жартысы көшуге мәжбүр болды.

Бір айға жуық уақыт өтсе де, қаланың кей бөлігін әлі су басып жатыр. Су кетпеген аумақтар қоқыс пен жағымсыз иістен зардап шегіп жатса, су кеткен үйлер бағалау комиссиясын күтіп отыр.

Власть журналистері қаладағы су тасқынының салдары қандай болғанын білу үшін 23 сәуір күні Құлсарыға барып қайтты.

Су астындағы қала

Қалаға кірген кезде қоқыс пен өлексе малдың иісі араласқан жағымсыз иіс бірден сезіледі. КамАЗ көліктері мен құрылыс техникасы жол бойымен тоқтаусыз жүріп жатты, олар өткен сайын шаң көтеріліп, жағымсыз иісті одан сайын күшейтеді.

«Атырау» ықшамауданындағы жаңадан салынған үйлердің жанынан өтіп барамыз. Бәрі су астында қалған. Оның іргесіндегі «Автодорожник» ықшамауданы да суға кеткен. Көбіне жер үйлерден тұратын ықшамаудан су шайып өткен зиратқа қарама-қарсы орналасқан.

Көшенің су басқан жағында балалар ойнайтын алаңнан қалған қалдықтар, құрылыс материалдары және жанармай бекеті жанында лайға батқан көлік қисайып тұр.

Жақын жерде жасанды мұнай сорғысы тұр. Өңірдің шын мәнінде қаншалықты бай болуы керек екенін көрсететін жалғыз белгі. Мұндағы мұнаймен айналысатын «Теңізшевройл» 2023 жылы 28,9 млн тонна шикі мұнай өндірген.

Негізгі жолдың бойымен бетін шаңнан қорғаған екі әйел келе жатыр. Біреуі медициналық маска тағып алған. 45 жастағы Раушан Нұрмағамбетова әлі де су астында жатқан үйін көруге келген.

«Осылай үйімізге келіп, сыртынан қарап кетіп жүреміз. Әлі ішіне кірген жоқпыз. Балаларыммен біресе ана ауылға, біресе мына ауылға барамыз», – дейді ол.

Олар жолдың шетіне жақындады, сол жерден бастап су басып жатыр. Нұрмағамбетова 5 сәуір су көзді ашып жұмғанша келгенін айтады. Су келе жатқаны туралы ешқандай ескерту естімедік дейді.

«Ескерту болғанда, кішкене қорғанатын едік. Шынымды айтсам, екі күнде үйге қайтып келемін деп ойладым. Әлі күнге дейін түсім сияқты», – дейді ол.

Нұрмағамбетова алты баласын жалғыз асырап отыр, қазіргі жағдайда балалар мектепке барып жүрген жоқ. Мектеп ашылған күннің өзінде, оқу құралдары да, киімдері де жоқ дейді әйел.

«Үйге кіргеннің өзінде, ол жерде ит өліп жатыр, басқасы өз алдына. Иісін сезіп тұрған шығарсыздар. Көзбен көру де қиын, бірақ бәрібір келіп кетеміз. Бұл жолдасымның салып берген үйі. Біз кіргенше құлайтын шығар. Іргетасы түсіп кеткен, үй бір жағына қисайып тұр. Жаңа үй беретін шығар деп үміттенемін», – дейді әйел.

Әңгіме кезінде ара-тұра көліктер тоқтап, терезесін түсіріп, бізден «бағалаушысыздар ма?» деп сұрайды. Қалада бірер күннен бері бағалау комиссиясы жұмысын бастаған. Тұрғындар эвакуацияланған Ақтау, Бейнеу, Теңіз және оңтүстікте орналасқан басқа қалалардан Құлсарыға орала бастады, су тасқыны кезінде Атырауға баратын жолды шайып кеткен.

Тұрғын үйлерге жақын маңда құрылыс материалдарын сататын дүкен бар, оның да алды су болып жатыр. Ғимарат ішінен оралған кілемдерді шығарып, кептіріп жатыр. Адамдар дүкенге қарай өту үшін дүкен иелері қолдан жасаған ағаш көпірді қолданады.

Көпір астынан су шашырайды, ал көпірмен өткен кезде ол шайқалады. Көпірден өтіп бара жатқан әйел құлап кетем бе деп қорқып, айғайлап тұр. Артқы жақтағы қызметкерлер көпір құламайтынын айтып, сабырға шақырды.

Сауда орталығында дүкені бар кәсіпкерлер су басқан күні тауарын көшіріп үлгермеген, себебі су аяқ астынан келді. Ол кезде бәрі өз басын аман алып қалуға тырысқан. Қазір олар да басқалармен бірге бағалау комиссиясын күтіп отыр.

«Кілемдердің бәрі су астында қалды. Комиссия келемін дегенше бәрі шіріп кететін болды. Су басқаннан бері не болып жатқанын сұрап ешкім келген жоқ. Қазір аман қалған дүниені сыртқа шығарып жатырмыз. Сауданы да тоқтаттық», – деп Азат су басқан қабат-қабат кілемдерді көрсетті. Ғимарат іші де сыз тартып тұр, қабырғалары ылғал тартқан.

Саудагер қалаға су келе жатқаны туралы бір сағат бұрын ғана халықтан естіген.

«Эвакуация туралы өзім естіген жоқпын. Көз алдымызда, жеті минуттың ішінде су басып кетті ғой. Бір сағатта іші толды. Қашып үлгердік. Кілемді ойлайтын шама болған жоқ», – дейді ол.

Азат тауарының шамамен 70%-ы жарамсыз дейді. Ресми бағалаушылар келмейінше, не істерін білмей отыр. Тек түнімен кезекші болып, ғимаратты күзетуден басқа амалы жоғын айтады.

«Көмек үкіметтен келмесе, өзіміздің күшіміз жетпей жатыр. Су тартқан кілемді шығаруға бес-алты адам керек», – дейді ол.

Жанымызға осы ғимаратта сауда жасайтын тағы бір кәсіпкер Мұхит Естұрғанов келді, оның да кәсібі су астында қалған. Бүлінген тауар үйіліп жатқан және жерде әлі де шалшық су кетпеген құрылыс дүкенін көрсетті.

«Су өтпесін деп біздің алдымызды бөгеді ғой. Су метрге дейін көтерілді, ар жақта метр жарымға дейін көтерілді. Суға не араласып кеткенін білмеймін, бәрін күйдіріп тастаған ғой», – деп күйіп қалған етіктерді көрсетті.

Ары қарай ламинат, кафель, жиһаз орналасқан бөлігіне өттік, мұнда да тауарлар бүлінген.

«Есігі жабылатын сөре жасап біткенімізге он күндей ғана болған, сатылымға дайындап жатқанбыз. Енді пайдаға асыратын жері жоқ. Әйтеуір сервер аман қалды. Ол кетсе, кіріс-шығыс ақпараты түгел кететін еді», – дейді ол бүлінген тауарларын көрсетіп жатып.

Естұрғанов залалды өтеу туралы ережелер әлі талқыланып жатқанын айтты. Қазір мемлекет тұрғын үйлерді қалпына келтірумен айналысып жатыр, осы жұмыстардан кейін ғана бизнесті қалпына келтіру басталады.

Бұл – Естұрғановтар әулетінің 20 жылдан бері жүргізіп келе жатқан отбасылық бизнесі. Мұхит «табиғи апат» болғанымен, жергілікті биліктің де кінәсі бар деп есептейді.

«Далалықта Жем арнасы жартылай түсіп кеткен, нағыз жайылымдарда су жоқ. Сол себепті шаруашылықтар суды қызғанып, бөгей берген. Сол бөгеттерді уақытында бұзуға әкімдіктегілердің тісі батпай ма? Олар алдырмаған соң, су өте алмай, қалаға қарай өтті», – дейді ол. Қазір далаға қарағанда қалада су көп екенін де айтып өтті.

Естұрғанов су тасқыны кезінде қалада бөгет салудың жолын білетін маман болмағанына қапалы, әркім «білгенінше» бөгеген.

«Қазіргі үлкен қауіп – іргетас отырып қала ма деген қорқыныш. Мұнда әлі 50 сантиметрге дейін су бар. Ол қашан алынады? Суға дайын болмадық. Ғимарат ұлутас блогынан салынған, шамамен бүкіл батыста солай салынады. Суды сіңіргіш материал, кеуіп болмайды. Ылғал болып тұрғаны да содан», – дейді ол.

Мұхит Естұрғанов

«Тасқын әлі сөйлеген жоқ»

Қала орталығында адамдар қалыпты өмірге оралып жатқандай көрінгенімен, тасқын сумен күрестің ізі қалған – қапшықтар шашылып жатыр, жолға ұшып кеткен үйінділер мен қираған бордюрлер.

Жандалбасалап күресудің үлгісін Жемнің бір арнасы Құрсай жағалауынан көруге болады – айналасына биік құм төгілген, бір жақ шетінде әлі қапшықтар жатыр, мұнда су өтпеген.

Ал орталықтан алыс емес жерде орналасқан «Алтыншы ауыл» ықшамауданында суды сору жұмыстары әлі жалғасып жатыр.

Дуалы қирап, үйіндіге айналған үйді көрдік. Мұнда 20 жылдан астам уақыт бойы Құлсарыда туып өскен зейнеткер Бекзат Бейсенұлы тұрған. Сәуірдің басында келген судың ағыны күшті болғаны сонша, үйін бұзып өткен.

«Жиырма жыл тұрған үйім жиырма минутта қирап түсті. Түнде кетіңдер дегенде шығып кеттік. Жұбайым құр галошпен шығып кетті. Ештеңе алып үлгермедік. Ана жерде малымыз жатыр», – деп қария мал қораны көрсетті. Ар жақтан өлген малдың денесі көрінді. Өлексе иісі мүңкіп тұр.

Ол жаққа жақындай алмадық, жан жақтың бәрі батпақ, үйдің қалдықтары, тас.

«Иісінен құдай сақтасын. Оларды шығаруға мүмкіндігіміз жоқ. Санитарлық эпидемиологиялық бақылау мамандары келіп улауын күтіп отырмыз», – дейді қария.

Бейсенұлы үш ай бұрын ғана үйінің жанынан азық-түлік дүкенін ашқан екен, ол да суда қалып, ішіндегі тауардың бәрі бұзылып кеткен.

Қария су басқаннан кейінгі қалпына келтіру жұмыстарының қалай жүріп жатқанына ашулы:

«Қағазбен жүріп құрып кеттік. Неге сөйтіп халықты әуреге салады?! Бағалау комиссиясын қанша күтеміз?» – дейді ол.

1993 жылы Құлсарыдағы су тасқынында да үйі суға кетіп, ол кезде ешқандай өтемақы алмағандықтан, осы жолы да солай бола ма деп алаңдайды.

«Отыз жылдан кейін бұл жағдай қайталанып тұр. Қалайша әкімдік содан бір нәтиже шығармайды? Бұларға ескертілді, олар асықпай жүрді, – деді ол. Содан кейін дауысын көтеріп: – Мұнайлы өңір деп айтуға келмейді. «Теңізшевройл» миллиардтап ақша тауып отыр, ал уын біз жұтып отырмыз. Балаларымыз ауру, аналарымыз үйсіз-күйсіз жүр», – деді.

Бекзат Бейсенұлы

Бекзат Бейсенұлы үйдің қандай материалдан салынғанына, қанша бөлме болғанына қарамастан, үйсіз қалған тұрғындарға тез арада үй берілуі керек деп есептейді.

«Соқыр емеспіз, Қайрат Сатыбалды мемлекетке миллиардтаған ақша қайтарды. Бірнеше мың үй суға кетті. Неге үкімет дірілдеп отыр? Сол ақшаны тарата салмай ма? Ақшасын берсін, үй саламыз ба, пәтер аламыз ба, Құлсарыда тұрамыз ба, жоқ па, өзіміз шешеміз, әкім емес», – дейді ашулы қария.

«Мынау тасқын су әлі сөйлеген жоқ. Ертең сөйлейді. Сол кезде әкесін танытады, кімнің кім екені көрінеді. Судың бетіне бәрі қалқып шығады – ұры да, жемқор да, халықты сүйетін белсенділер де шығады».

Бейсенұлының үйінен шыққанымызда көше бұрышындағы суды соруға көмектесіп жүрген Қуаныш Сатқанбаевты көрдік. Осында тұрады екен.

«Басқа не істейміз? – деді ол не істеп жатқанын сұрағанымызда. – Көршілердің үйінен суды шығаруға көмектесіп жатырмын. Мынандай кезде қандай жұмыс?».

Су тасқынында әйелі мен төрт қызы Бейнеу ауылына кеткен. Үйде су тізеден асады. Кетер кезде тұрмыстық техниканы ғана жоғары көтеріп үлгерген.

Қуаныш Сатқанбаев

Үй ішіне кірдік, дымқыл тартып тұр. Линолеум көтеріліп кеткен, киім-кешек, жиһаздары шашылып жатыр.

«Есігімізді скотчпен барынша су кірмейтіндей етіп жапқанбыз. Бәрібір су кіріп кетті. Газ пеші, тамақтар, балалардың киімі – бәрі құрыды. Осындай болатынын кім білген. Су айтпай келеді ғой. Әкім ешқандай қауіп жоқ екенін айтты», – дейді ол.

Сатқанбаев материалдық шығыннан бөлек, тұрғындардың моральдық зиян көргені айтылмай жатыр дейді.

«Біз бала күтіп жүр едік. Осы жағдайдың кесірінен әйелімнен қан кетіп, Бейнеуге барып емделдік. Әйеліме ауыр көтеруге болмайтын, асығыс көшіп жүріп, ауыр көтерді, – деп үнсіздіктен кейін сөзін жалғады. – Ешқандай мәселе жоқ еді, тыныш қана өмір сүріп жатыр едік».

«Ереуіл деген осы!»

Түстен кейін әкімдікте жүрген бір топ тұрғынды көрдік. Олар зардап шеккендерге төлем алу үшін өз бетінше қағаз толтырып жүр. Ішінде мемлекеттік қызметкерлер көрінбейді. Әкімдік айналасында полиция қызметкерлері жүр.

Камераны шығарғанымыз сол-ақ еді, әп-сәтте айналамызға адамдар жиналып, сөйлей бастады:

«Жан-жаққа қаңғып кеттік. Ешқандай жағдай жасалмаған, – деді эмоциясын жасыра алмаған әйелдердің бірі. – Мал өліп жатыр, су ағып жатыр. Тамақ, су іше алмай отырмыз. Жөтеліп тұрмын, қиналсам да, амал жоқ, осында келдім. Мынау не деген масқара. Қарайған халық, соғыс болып жатқан сияқты. Мұнда келсек, өтемақыны үйі суға кеткендерге ғана беріп жатыр дейді, кетпегендерге бермейді ме? Адам емес пе?!».

Осыдан кейін халық бірінен соң бірі мұнайлы өңірдегі жұмыссыздық, кедейшілік, несиеге қатысты реніштерін айта бастады.

«Мұнайдың ортасында тұрамыз! Үш айға несие төлемін тоқтатамыз деп отырсыздар. Бір ай өтіп кетті. Ары қарай не болады? Жұмыс та жоқ. Қызым, күйеубаламмен бірге біреудің сарайын жалдап тұрып жатырмыз», – дейді кәсіпкер Оралша Құрақбаева. Оның үйін, көлік жуу орнын су басқан.

Тағы бір кәсіпкер әйел бес үйі мен бес дүкенін су басқанын айтты. Бір үй өзінікі, екіншісі сіңлісінің үйі, екеуі балаларынікі, біреуі ата-анасының үйі екен.

«Бес күн Бейнеуде жаттық. Ары қарай шыдамай, осында пәтер жалдап тұрып жатырмыз. Біздің үйге дезинфекция жасаса да, ол жерде тұру мүмкін емес. Бүкіл затымыз шіріп кетті!» – дейді ол.

Осыдан кейін Құрақбаева «ереуіл деген осы!» деп айғайлады және әкімдіктің алдында күні бойы жатуға дайын екенін жеткізді. Олар несиесінің өтелуін, ай сайын 369 мың (су тасқынынан зардап шеккендерге берілетін бір жолғы төлем) төлемін жасауды талап етті.

Бір уақытта топ ішінен бір әйел көрінді. Күйеуі су тасқыны кезінде қаза тапқанын айтты.

«Төрт баламмен асыраушымыздан айырылдық»

Эльмира Құлжанованың жұбайы, 37 жастағы Азамат Жұманов 6 сәуір күні жұмыс орнының шақыртуымен үйден шығып кеткен, бірақ 7 сәуір таңертең оның денесі табылғаны туралы қаралы хабар алған.

«Су тасқыны кезінде Қосшағыл ауылына бардық. Ертесінде бастығы хабарласып, дүкенді көшіруге көмектесуге Азаматты шақырды. Ол қаңтардан бері сол мекемеде трактор айдаушы болып жұмысқа кірген еді. Қазір қайтып келемін деп кеткен еді», – деп есіне алды жұбайы.

Элмира Құлжанова балаларымен

Сол күні Жұмановпен қатар бастығы, 50 жастағы Абыл Сақабиев те қаза болды. Төтенше жағдайлар министрлігі 7 cәуір күні олар «рұқсат ету құжатынсыз су басқан тұрғын үйді тексеру үшін трактормен бара жатқанда жолдан шығып аударылған» деп хабарлады.

Азамат Жұмановтың артында кәмелет жасқа толмаған төрт баласы қалды – үлкені 12 жаста, ал кенжесі әлі бір жасқа да толмаған. Асыраушысынан айырылған отбасы Құлсарыда бір пәтерді жалға алып тұрады.

Біз Эльмирамен «Ардагер» ықшамауданында жалға алып тұрып жатқан ескі пәтеріне бардық.

Үйде Құлжанова мен балаларынан бөлек қоғамдық ұйымдардан келген бірнеше әйел отырды. Олар ары қарай марқұмның отбасы қалай күн көретініне алаңдаулы.

«Бұл отбасын жақсы білетінмін, бірақ хабарды естігенде дәл осы Эльмираның күйеуі қайтыс болды деп ойламадым. Біз гуманитарлық көмек таратып жүргенде келгенбіз, – дейді қала тұрғыны Раиса есімді кісі. – Жұмыс кезінде қайтыс болып тұр ғой. Мекеме жауапкершілігіне алып, отбасыға көмектесуі керек».

Құлжанованың айтуынша, күйеуі қоқыс шығарумен айналысатын «Эко қала ХХI» мекемесінде жұмыс істеген. Мекеме 300 мың теңгедей берген, ал қоғам белсенділерінің видеосы тарағаннан кейін, әкімдік 500 мың теңге берген.

«Үйді мамырда босатыңдар деп жатыр. Жолдасым жалғыз асыраушымыз болған. Бізге баспана керек», – дейді ол.

Мекеме «Власть» тілшісіне берген жауабында қаза болған екі қызметкерінің де отбасына алдағы үш жылға дейін жалақасын төлеуді жалғастыра беретінін хабарлады.

«Ары қарай балалары аяққа тұрып кеткенше көмектесеміз. Кейін балаларын мекемеге жұмысқа алуға болады. Далада қалдырмаймыз», – деді мекеменің қазіргі уақытша басшысы Хамидолла Аубишбаев.

Ресми ақпарат бойынша, наурыздың аяғынан басталған елдегі бірнеше өңірдегі су тасқыны салдарынан 7 адам қаза тапты, оның төртеуі – Құлсары қаласының тұрғындары.

Абыл Сақабиев пен Азамат Жұмановтан басқа, 14 сәуір күні әкелі-балалы 48 жастағы Болатбек Ермекбаев пен 24 жастағы Асылхан Нұржауовтың денесі табылды. Олар су басқан үйлерін тексеруге кеткеннен қайтып оралмаған.

Марқұмдардың туысы Диана Нұржауова «Азаттық радиосына» берген сұхбатында іздеу жұмыстарының баяу жүргеніне шағымдаған, әкелі-балалы екеу жоғалғаннан кейін 8 күн өткенде ғана, үйінен бір жарым шақырым жерден табылған.

Апаттың алдын алуға болар ма еді?

Кейінірек облыстық мәслихат депутаты Сырымбек Сәрсенбаевпен кездестік. Су тасқыны болған күні ол президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа бәрін қаланы қорғауға жіберуді өтініп, видео жолдаған.

Депутат бізге бесінші ауылда судан қорғау үшін салынған бөгеттер мен үйінділерді көрсетті.

Ал өзі Құлсарыға 4 сәуірде бөгет құрылысын ұйымдастыруға көмектесу үшін келген.

«4 сәуірде өзіміз әрекет ете бастадық. Ақсақалдар батасын берді. 200 шақты жігітті жинадық. Түнгі кезекке бөліп қойдық, біреуі сигналға жауапты болды, бірі көлікті айдауға, үшіншісі шатырға жауапты, төртіншісін күзетке қойдық», – деп түсіндірді ол.

Олар үйінен құм тасып, жеке құрал-жабдықтары мен көліктерін қолданған, жергілікті кәсіпорындар да көмек жіберген.

«Бесі күні эвакуация болды ғой, жігіттер отбасын апару үшін Ақтау, Бейнеу, Боранқұл, Теңізге кетті. Біз жеті жігіт болып қалып, әлсіз жерлерге су өтпес үшін қапшықпен жаптық. Таңға дейін соны жасадық. Сосын жігіттер келіп, бізді ауыстырды», – дейді Сәрсенбаев.

Мұнда келген суды ұстап қалудың арқасында мыңдаған адамды құтқарып қалдық дейді, себебі бұдан әрі жетінші ықшамаудан орналасқан.

«Мұнда үлкен апат болар еді (...) Жан-жақтағы ауылдың жігіттері де қорғады. Суға кеткен де, кетпеген де аудандағы жігіттердің еңбегі адал. Табиғи апат болса да, оның алдын алуға болады. Егер қала билігі ескерткенде, халық мұнша ашуланбас еді. Олар соңына дейін “бәрі бақылауда” деп келгеніне ренжиді», – дейді Сәрсенбаев.

Біз ары қарай жүрдік. Сәрсенбаев қамыс өсіп, іші қоқысқа толған Құрсай өзенін көрсетті.

«Мыналардың бәрін уақытылы тазалап, тереңдету жұмыстарын сапалы жүргізу керек еді», – дейді депутат.

«1993 жылғы су тасқыны есімде, ол кезде мен он жаста едім. Жаңбыр жауып тұрды, осы жолы жаңбыр болмағаны жақсы. Оcы жолы жігіттердің өліспей беріспей, су тасқынымен күрескені – сол кездегідей су жіберіп алғысы келмегендіктен деп ойлаймын. Қаламызды қорғауымыз керек болды», – деп есептейді Сәрсенбаев.

Депутат қаланың су астында қалуының бірнеше себебі бар дейді. Соның бірі – «заңсыз бөгеттер».

«Шаруа қожалығы, мүдделі топтар Жем өзені бойында топырақтан заңсыз бөгеттер сала берген. Су аз келгенде, өз шабындығына су шығуы үшін. Тағы бір себеп – су тасқынына қарсы дұрыс дайындалмау. Қамысты шабу, жол арнасын ашу, тереңдету жұмыстарын жүргізу керек еді», – дейді Сәрсенбаев.

Мәслихат депутаты заңсыз бөгеттер мәселесін бірнеше рет көтергенін айтады. Қараша айынан бері бөгеттердің бірі туралы айтып, Бас прокуратураға да, Мәжіліске де хат жазыпты. Бұл туралы су тасқынынан кейін барып депутат Ринат Зайытов пен Абзал Құспан да айта бастады.

Бұл бөгеттерді Бас прокуратура заңсыз деп таныды. Алайда олардың көпшілігі су тасқынынан кейін ғана динамитпен жарылған.

«Қысым жоғары болғандықтан, су келіп бөгетке соғылады, әлсіз жерін іздеп, сол арқылы қалаға қарай өтіп кетті. Мұның бәрі әрекетсізден болды. Прокуратура қаулысын бәрі біліп отырды, бөгеттерді жою керек еді», – дейді ол.

Сырымбек Сәрсенбаев

«Кей ықшамаудандарды қорғау мүмкін болмады»

Бұл күні Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражанов, баспасөз қызметінің хабарлауынша, шаруалармен сыртта жүргендіктен онымен байланысу мүмкін болмады. Кейін сұрақтарымызға жазбаша жауап берілді.

Қаражанов су тасқынының алдын алу үшін Жем өзенінің Құрсай өзені жағын бекіту жұмысы атқарылды дейді. Дегенмен су олар күтпеген көлемде және оңтүстік-шығыстан келгендіктен, «кейбір ықшамаудандарды судан қорғап қалу мүмкін болмады».

Су тасқыны басталардан бірер күн бұрын тұрғындарға «бәрі бақылауда» дегені жөнінде сұрадық. Аудан әкімі 2 сәуір күні жергілікті атқарушы органның ресми сайтында ескерту түріндегі мәлімдеме жарияланғанын айтты.

«Жауапты деп қазір жергілікті атқарушы органды тануға болады, алайда осы су тасқынын алдын алу бойынша алғашқы ресми хабарламаларға жауапты Төтенше жағдайлар департаменті және «Қазгидромет» бар екенін ескерген жөн, – деп есептейді Қаражанов. – Осы мемлекеттік мекеме тарапынан алдын алу бойынша тиісті хабарламаны бізге ресми жолдауға тиіс, енді мұның барлығы толықтай құзырлы және салалы уәкілетті органдар тарапынан зерделенеді деп ойлаймын».

Заңсыз бөгеттерге қатысты аудан әкімі «шаруа қожалықтары шлюз орнатуы мүмкін, бірақ судың арнасын тоқтатып бөгет жасамайды» деп жауап берді.

«(Бөгет) жасалғанның өзінде, осы тасқын су басу салдары зерделеніп, құзырлы органдар тарапынан тексерілгенде анықталады. (...) Біздің аумақта жартылай механикалық және қолдан басқарылатын шлюздерді халық арасында бөгет деп таниды. Бөгет деген – суға көлденең қойылатын кедергі, яғни суды тоқтату. Ал шлюз қолдан басқарылатын, яғни реттеуші құрылғы деп қарауға болады», – деді Қаражанов.

Су тасқынынан қорғану жұмыстарын тек тұрғындар атқарды дегенге қатысты Жұмабек Қаражанов «әкімдік тарапынан жаға бекіту жұмыстарына жеке тұрғындардың жұмылған әрбір техникасы дизельмен және жанармаймен қамтамасыз етілді» деп жауап берді.

Сонымен қатар, аудан әкімі су басып өткеннен кейін суағарды қайта бекітуге өз техникасымен жұмыс жасаған тұрғындарға «еңбекақысы толықтай төленді, әкімдік келісімшартпен жұмыс істеді» дейді.

Қаражановтың айтуынша, қаланы судан, қоқыстан тазарту жұмысы жүріп жатыр. Қауіпсіз жерлерден мал өлексесін шығарып, арнайы орынға жеткізіпті. Сондай-ақ, әкім ауыл шаруашылығы бөлімінде тіркеуде тұрған әрбір мал басы үшін өтемақы төленетінін атап өтті.

Қаза тапқан адамдарға қатысты Қаражанов әкесі мен ұлы қаза тапқан отбасына материалдық көмек көрсетілгенін мәлімдеді.

«Екінші жағдайда (Азамат Жұманов пен Абыл Сақабиев – В.) келеңсіз жағдай болғаны рас. Су басқан аумақтар қауіпті деп танылып арнайы ескерту берілді, хабарлама таратылды. Бірақ әрбір азаматтың ішінде өзінің бір ойлаған ойы болады, біз бұл азаматтардың тасқын суды кешіп үйіне баруға не түрткі болғанын дөп басып айта алмаймыз», – дейді аудан әкімі.

Аудан әкімінің орынбасары Нұрболат Сарманов бізге қазір (23 сәуір – В.) олар 50–60 үйді бағалауды жоспарлап отырғанын, одан кейін бағалаушылар саны артатынын айтты. Алдымен үйдің қауіпсіздігі мен жарамдылығын тексеріп, техникалық тексеру жүргізеді, содан кейін бағалаушылар келеді.

Үйі зақымданған адамдарға екі нұсқа ұсынылады: жаңа үй салып беру немесе нарықтағы бағаға және бағалауға байланысты кез келген үй сатып алу.

«Бұлар да келмесе, оны шешеміз. Осы жақта тұрақтаймыз десе, онда жәрдемдесеміз (...) Негізі мұның бәрі бюджеттен қаралады, республика мен облысқа сұраныс бердім. Қосымша қорлар болса, заңмен қаралмаған шығындарды, сол арқылы шешуді қарастырамыз», – дейді Сарманов.

Сарманов зардап шеккендерге төленетін төлем тек бір айға ғана берілетінін, бірақ баспана таңдауға ұзақ уақыт кететін болса, баспананы жалға алуға, тіркеме және ағаш үй беріп көмектесетінін растады.

«Халықты жүргізіп қоймаймыз, шамамыз келгенше», – деді ол.