4984
4 мая 2024
Назерке Құрманғазинова, фото баспа үйінің жеке архивінен

«Дюна» қалай қазақшаланды?

60 жылдан кейін танымал шығарма қазақ тілінде жарық көрді

«Дюна» қалай қазақшаланды?

29 ақпан күні Қазақстанда Дени Вильневтің ғылыми фантастика жанрындағы «Дюна» фильмінің екінші бөлімі прокатқа шықты. Фильм дәл осы атаумен 1963-1965 жылдары жарық көрген америкалық жазушы Фрэнк Херберттің кітабы негізінде түсірілген.

Фильмнің екі бөлімі де қазақша дубляжда шықпады. Дегенмен былтыр қазақстандық оқырман бұл кітаптың қазақша нұсқасын оқу мүмкіндігіне ие болды – 60 жылға жуық уақыттан кейін, 2023 жылы тамызда «Құмбел» атауымен Херберттің көп сериялы кітабы қазақ тілінде шықты.

Власть «Дюна» кітабын аударумен айналысқан «Мазмұндама» баспасының ұжымымен ғылыми фантастиканы аударудың қиындығы мен қызығы, авторлық құқықты алу, кітап атауын таңдау жайында сұхбаттасты.

Кітап алыс болашақ әлеміне апарады. Бұл әлемде бірқатар себепке байланысты адамзат ғылыми-техниканың даму жолынан бас тартып, оның орнына адамның өз бойындағы әртүрлі әлеуетті дамытудың әдіс-тәсілін меңгеруді жөн көрген. Галактиканы Ұлы Үйлер басшылығындағы феодал империя басқарады. Ұлы үйлердің ішіндегі беделдісі – зұлым Харконнендер мен асыл Атрейдтер.

Ал олар үшін шөл далалы Арракис планетасы маңызды әлем саналады. Бұл планетаның маңызды болу себебі – тек осы жерде адамдардың табиғаттан тыс қабілетін ашатын «спайс» бар, ол сондай-ақ планеталар арасында ұшуға мүмкіндік береді. Алайда бұл планетаны мекен ететін фримендер еркіндікті және отаршыл биліктің бұл планетасын пайдалануды тоқтатуын қалайды. Осы әулеттер арасындағы тартыстағы жас Пол Атрейдстің өмірін баяндайтын Фрэнк Херберттің «Құмбел» (Dune) романы бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ.

«Dune» фильмінен кадр

Кітаптың қазақша нұсқасын қолыңызға алғанда бірден атауы көзге түседі. Әлемдік кітапқұмарлар арасында «Дюна» атауымен танымал кітапты қазақша «Құмбел» деп атаған. Кітаптың аудармасымен айналысқан Асхан Майлыбаева бұл мағыналық жағынан да, көркемдік жағынан да лайықты атау деп санайды.

«Бұл сөздің қазақша мағынасы «желдің әрекетінен пайда болатын төбелер немесе дөңдер, яғни жел әкелген құмнан тұратын бел-бел дөңдер» деген ұғымды білдіреді. Қазақ тілі – сөздік қоры бай, әуезді әрі басқа тілден аударғанда сөздің мағыналық контексін ұғымға сай, түсінікті етіп беруге қолайлы тіл. «Дюна» деп алатын болсақ, ол қазақ оқырманына түсініксіз болар еді. Бұл тіпті кірме сөзге де жатпайды», – деп есептейді аудармашы.

Майлыбаева кітапты жалғыз өзі аударған. Ал жалпы кітапты аударуға құқық алғаннан бастап, басып шығарғанға дейін 2 жыл 5 ай уақыт кеткен.

796 беттен тұратын көлемді кітаптың ішіне Dune хроникасының барлық үш кітабы – «Құмбел», «МуадДиб», «Пайғамбар» кітабы және төрт қосымша бөлімі – «Құмбелдің экологиясы», «Құмбелдің діні», «Бинэ Гессерит қызметінің мәні мен мақсаты туралы», «Ізгілікті үйлердің ықшамдалған қысқаша өмірбаяны» бөлімдері енген.

«Кез келген кітапты аударуға таңдамас бұрын әлемдік практикаға жүгінеміз. New York Times Bestseller, Forbes, GoodReads платформаларында әлемде ең көп өткен, ең көп оқылған, ең көп ревью жасалған кітаптардың тізімін жасақтаймыз. Содан кейін кітаптың құқығын алуды бастаймыз. Ал америкалық фантаст-жазушы Фрэнк Херберт «Құмбел хроникаларымен», әсіресе оның алғашқы романы «Құмбел» циклімен әйгілі болған. Бұл кітапты аударуға құқықты 2021 жылы 26 қаңтарда алдық. Оған бір айдай уақыт кетті», – дейді «Мазмұндама» баспасы басшысының орынбасары Теңіз Сейілхан.

Кітап толық аударылып, 2023 жылы 7 тамызда оқырманға жол тартты. Наурыз айындағы ақпарат бойынша, 1500 дана болып шыққан кітаптың 526 данасы сатылып кеткен.

Фильмнен кадр

Аударма жұмысы оңай болмаған, аудармашы Асхан Майлыбаева әсіресе оның ғылыми фантастика жанрында жазылуы адам ұғымына күрделі, тіпті кей жағдайда түсінігі ауыр болып келеді дейді.

«Херберттің ғылыми-фантастикалық «Құмбел» кітабы ғылымда негізі бар, бірақ әлі іске аспаған жаңалықтармен ұштасып жатқан қиял тұрғысындағы туынды болғандықтан, оны оқырманның қабылдауына кітап авторының ой-қиялы дәрежесінде түсінікті етіп жеткізе білу аудармашыға оңай соқпайтынын мойындау керек, – деп түсіндірді аудармашы.

– Жекелеген сөздер ғана емес, шығармадағы тұтас ойды, сөйлемдерді қиюы мен қисынын келтіріп, мағынасын түсінікті етіп жеткізу аудармашыдан үлкен жауапкершілік пен шеберлікті, сауатты талап етеді».

Оның айтуынша, баспа корректорларының ішінара сын-ескертпесіне орай кейбір сөйлемдерді қайтадан өңдеп, кейбір сөздердің баламасын өзгертуге тура келген. Мәселен, «Харконнендер үйі» яки «Атрейдстер үйі» деп алу дұрыс болмас еді, ол «Харконнендер әулеті» деген мағынаға да сай келеді.

«Осындай жекелеген сөздердің мағынасының дұрыс аударылуын да ойлануға тура келген сәттер болды. Дегенмен, бұл шығармамен жұмыс істеу өте қызық болғанын жасырмаймын. Өйткені құм құрттары мекен еткен қатыгез Арракис әлемі, қаһарман фримендер мен құпия сырлы дәмдеуіштер жайы, бір-бірімен жаулас екі әулет арасындағы шым-шытырық оқиғалар, ғаламат Ғарыштық Гильдия, жұмбақ Орден Бинэ Гессерит... осының бәрі еріксіз еліктіріп, оқиға желісі өзіне тарта түседі.

Тағы бір айтарым, мұндай фантастикалық шығармалар оқырманның да ойлау, қиялдау жүйесін кеңейтеді. Ол сонысымен де қызықты», – дейді Майлыбаева.

Баспа үйі алдағы уақытта да фантастикалық жанрдағы кітаптарды көптеп аударуды жоспарлап отыр және ол үшін қазіргі таңда 11 мемлекет, 30-дан астам шетелдік баспамен жұмыс істейді.