3930
5 июня 2024
Дмитрий Мазоренко, фотолар dw.com сайтынан

Арменияда не болып жатыр?

Оппозиция премьер-министр Пашинянның отставкаға кетуін талап еткенмен, халық аса қолдап жатқан жоқ

Арменияда не болып жатыр?

Мамыр айының басынан бері Арменияда наразылық шерулері өтіп жатыр, оған Таулы Қарабақ маңындағы төрт ауылды Әзербайжанға беру түрткі болды. Әйтсе де, наразылық білдірушілер даулы жерлерді беруді толықтай тоқтатуды талап етіп жатыр.

Апта басында армян апостол шіркеуінің Тавуш епархиясының басшысы Баграт Галстанян елдің премьер-министрі лауазымына таласқан наразылық акциясының жетекшісі болды. Ол көшеге шыққан азаматтардың атынан премьер-министр Никол Пашинян мен оның үкіметінің отставкаға кетуін талап етті.

Галстанянның Арменияның екінші президенті Роберт Кочарянмен байланысы бар деседі, ал қазіргі наразылық акциясын Пашинян бірнеше жыл бұрын жаппай наразылық кезінде құлатқан саяси режимді қалпына келтіру әрекеті дейді. Алайда архиепископ мұны «миф» деп атады.

Оппозицияның халықты жұмылдыруына не кедергі?

Митингінің шарықтаған тұсында бірнеше мың адам жиналғанына қарамастан, Галстанян армян қоғамын жаулап ала алмай жатыр. Жақында жүргізілген әлеуметтік сауалнамаға қатысқандардың небәрі 6,7 пайызы оны уақытша үкіметтің басшысы ретінде көретінін айтты.

Архиепископты қолдаудың төмен болуын оның өзінің де, «Отан үшін Тавуш» оппозициялық блогының да билік ауысқан сәтте жүйелі іс-қимыл жоспарын ұсына алмайтынымен түсіндіреді.

фото dw.com

Олардың идеясы армянның жерін қайтару және Ресеймен қарым-қатынас орнату талабымен шектеледі. Бірақ Арменияның жалпы мемлекеттік бюджеті Әзербайжанның әскери шығындарынан (3,8 миллиард доллар) бар болғаны 3,3 миллиард долларға артық боп тұрғанда қалай қайтарып алу туралы айтуға болады? Бірнеше жыл бұрын Ереванның қауіпсіздігіне кепіл ретінде қабылданған Мәскеумен қарым-қатынасты жақсарту туралы уәде де екіұшты.

Осы себепке байланысты Галстанян азаматтарды Пашинянға қарсы жұмылдыра алмай жатыр. Соның салдарынан елдің қазіргі басшылығының іс-әрекетіне жалпы наразылық деңгейі үнемі артып келе жатқанымен, наразылық акциясына қатысушылардың саны азайып келеді.

Неліктен Арменияның элитасы даулы аумақтар үшін күресті жалғастыруға дайын емес болып отыр?

Пашинян – Армения тәуелсіздік алғаннан бергі Әзербайжанмен қақтығысты оларға ауыр тиетін жолмен шешуге шешім қабылдаған алғашқы премьер-министр. Кейбір сарапшылар оның бұдан басқа амал жоқ деп санайды.

Шындығында, армян элитасының көпшілігі аумақтық дауды тоқтатуға мүдделі. Біріншіден, Армения жерді иеліктен шығарған жағдайда оны ұстап тұруға қомақты қаржы жұмсауды да тоқтатады.

Тағы бір себеп, елдің ірі бизнесмендері «Орта дәліз» жобасынан орын таба алады, сол үшін де Әзербайжан Армениямен көптен бері жалғасып келе жатқан қақтығысты ушықтырып жіберген болуы әбден мүмкін.

Неліктен Арменияны ешкім қолдамай жатыр?

Ресейдің Украинадағы соғысы Ресейді айналып өтіп, Еуропа мен Қытайды байланыстыруға қабілетті сауда-логистика бағытын құру мәселесін ашып берді. Осының арқасында Түркия мен Әзербайжан ерекше көңіл бөліп отырған «Орта дәліз» жобасына назар ауды.

Әзербайжан Таулы Қарабақты қайтарғаннан кейін «Орта дәліз» Ресей үшін Иран мен Оңтүстік Азияға жол ашады.

Ресей ел экономикасын батыс елдерінен азиялық нарыққа қайта бағдарлауға орай өзіне қарсы бағытталған жобаға қатысу сияқты кереғар таңдау жасады.

Ақыры Ресей 30 жылға жуық қауіпсіздігіне кепіл болып келген Арменияны қолдаудан бас тартты. Әскери жағынан күшті елдердің ешқайсы оның жағына шығуды қажет деп таппағандықтан, Армения даулы аумақтарды беруге мәжбүр болды.

Тіпті Пашинян сыртқы саясаттағы бетбұрыс туралы көбірек айтып жүрген Еуропалық Одақ та Әзербайжанға қатысты қатал болса да, жаттанды дипломатиялық мәлімдеме жасаудан басқа ешнәрсе істеген жоқ. Бұған басқа да жайттармен қатар, Әзербайжандағы Ильхам Әлиев режимінің бірнеше миллиард доллар бөлген Еуропадағы лоббистік бастамалары себеп болды.

Арменияның басты мәселесі – Ресеймен саяси қарым-қатынасындағы дағдарысқа қарамастан, екіжақты экономикалық әріптестіктен бас тарта алмауы. Былтыр елдер арасындағы екіжақты сауда көлемі бойынша рекордтық жыл болды, бұған санкцияға ұшыраған өнімдердің кері экспорты ықпал етті.