4089
11 июня 2024
Ольга Логинова, Назерке Құрманғазинова, Власть, сурет Алмас Қайсардыкі

Қазақстанның үлкен ауылдары неліктен қала статусын алмады?

Үкімет олардың мәртебесін өзгерту жолында ешқандай нақты қадам ұсынып отырған жоқ, ал жергілікті билік бұл идеяға мейлінше қарсы

Қазақстанның үлкен ауылдары неліктен қала статусын алмады?

Қазақстанда тұрғындар саны 60 мың адамға дейін жететін тым үлкен ауылдар бар. Қолданыстағы стандарт бойынша әлдеқашан қала болар еді, алайда олар ауыл күйінде қалып отыр.

Биыл наурызда ұлттық экономика министрлігі келешекте қалаға айналуы мүмкін 18 үлкен ауылдың тізімін жариялады. Жергілікті билік бұл идеяны салқын қабылдады.

"Власть" үлкен ауылдардың өзіне тән қандай проблемасы бар екенін, жергілікті билік олардың мәртебесін өзгертуге неліктен асықпайтынын, қазіргі саясатты жалғастырудың соңы неге әкелуі мүмкін екенін айтады.

32 мың тұрғыны бар Өтеген батыр ауылы

Экономика министрлігінің болашақ қалалар тізіміне кіретін халық тығыз орналасқан кенттің бірі – Алматы облысындағы Өтеген батыр ауылы. Халқы 32 мыңнан асады, Алматы қаласының шекарасында орналасқан десе де болады.

Кент тұрғындарының өмірі Алматымен тығыз байланысты – олардың көбі жұмысқа, оқуға, басқа да шаруамен қалаға қатынайды. Тал түсте Алматыдан Өтеген батырға барар жолда қатты кептеліс болады, көлік жүргізушілер қозғалыс тоқтап қалғанын бір-біріне белгі беріп жеткізіп жатады. Ауылға дейінгі 30 шақырымды бір сағатта жүріп өтесің.

Өтеген батыр ауылдан гөрі шағын қалаға ұқсайды. Көшеде өмір қайнап жатыр, белгілі тез тамақтану орындарының түр-түрі бар.

Титов көшесіндегі орталық аллеяда жұмыс күндері тірлігіне асыққан адамдар, оқу кезінде сабақтан кейін тынығып отырған оқушылар көп-ақ. Аллея жиегіндегі үш қабатты бірнеше үйдің қабырғасына мурал салынған, үйлердің арасында жинақы балалар алаңы, балмұздақ сататын дүңгіршектер мен кафелер орналасқан.

Орталық аллея, фото авторы Ольга Логинова

Өткен-кеткен адамның көбі біздің сұрағымызға мұнда тұрмаймыз, қонаққа келдік, жұмыстармен жүрміз дегендей жауап қатты.

Орындыққа жайғасып автобус күтіп отырған Қарлығаш «бұл жерде тұрып жатырмын дегенім болмаса, жалпы уақытымның көбі Алматыда өтеді» дейді.

«Балалар қалада оқиды, біз де сол жақта жұмыстамыз. Бұл жерде жұмыс орны аз, бір колледжден басқа оқитын жер жоқ. Көбі таңертең ауылдан кетіп, тек кешке оралады», – дейді ол.

Мұндағы көпшілік сияқты Қарлығаштың отбасы да ауыл шаруашылығымен айналыспайды.

«Өтеген батырдың өзінде ешкім мал ұстамайды. Аудандағы шағын ауылдарда бар шығар. Мына жерде жайылым жоқ, жердің бәріне үй салып тастаған. Өтеген батырды қала типтес кент деуге болатын шығар», – дейді осы жерде он жылдам астам уақыттан бері тұратын Қарлығаш.

Кенттің мәртебесі өзгеруі мүмкін деген жаңалықты Қарлығаш оң қабылдайды. Ауыл тұрғындарына арналған жеңілдіктерден онсыз да пайда көріп отырған жоқпыз дейді.

«Дәрігерлер мен мұғалімдер айлыққа 25% үстеме алатын шығар, ал басқалар ауыл болғаннан ешқандай пайда көрмейді (…) Өтеген батыр Алматыға қосылады деген қауесет бұрыннан бар, бірақ қосқан жоқ. Естуімше, Өтеген батыр “Филип Моррис” (темекі өндіруші – В.) сияқты фабрикалармен облыс бюджетін толтырып отыр, сол себепті облыс кентті қалаға бергісі келмейтін шығар», – деп пайымдайды ол.

Жергілікті билік халықпен кент мәртебесі туралы талқы өткізді ме деген сұраққа Қарлығаш автобусына асығып бара жатып жауап берді: «Мен бұл жерде әкім кім екенін де білмеймін. Ешқандай талқылау болған жоқ, бұл жайында тек жаңалықтан естідім».

Кенттің тағы бір тұрғыны, 41 жастағы Аман Алдияр Өтеген батыр кент болып қалса дұрыс болады деп санайды. Алайда, аудандарды әкімшілік бөлуді өзгерту қажет дейді. Өтеген батырдан 5-7 шақырым жерде Талғар ауданына кіретін ауылдар көп, ал тұрғындары 25 шақырым жердегі аудан орталығына баруға мәжбүр. Тұрғындар Өтеген батырға баруы үшін осы ауылдарды Іле ауданына беру керек деп санайды.

Өтеген батыр маңында орналасқан Қызыл Ту ауылы, бірақ Талғар ауданына қарайды. Фото авторы: Ольга Логинова

Оның ойынша, мәртебесі өзгергенмен, кенттің өзінде ештеңе өзгермейді.

«Не айырмасы бар? Алматы қаласы бар, жанында тағы бір қала бола ма? Ол бәрібір спутник-қала болып қала береді. Онсыз да Алматыдан Қапшағайға дейін G4 City салып жатыр ғой (Алматы облысындағы арнайы экономикалық аймақ – В.). Ол жақта құрылыс жүріп жатыр. Ал ГРЭС-те (Өтеген батырдың ескі атауы – В.) құрылысқа орын жоқ, барлық жер жеке қолда», – дейді Алдияр.

Өтеген батырдың көп тұрғыны ауылға берілетін жеңілдік туралы білмейді дейді. Алдиярдың айтуынша, ауылда коммуналдық инфрақұрылымға қатысты қиындық бар.

«Біздегі проблема – жарықтың жиі сөнуі. Сондай-ақ сумен қамту проблемасы бар. Бірақ бұл коммуналдық қызметтермен байланысты, олар жұмысты адал атқармайды», – дейді. Өзінің мұнда тұрып жатқанына 20 жылдан асыпты, құрылыста істейді екен.

Біз сөйлескен тұрғындардың көбі қала болып өзгергеннен кейін коммуналдық қызмет ақысы қымбаттайтынына алаңдайды.

Бірақ жақында Алматыдан көшіп келген Валерия бағамен бірге коммуналдық қызметтің сапасы артса, тарифтің өсуіне төзуге болады деп санайды.

Валерия, фото авторы: Ольга Логинова

«Әрине, қалада жақсырақ, деңгейі жоғарырақ болды, қаладағы деңгейге көтерілсе жақсы болар еді. Тәртіпті қадағаласа, қоқысты қаладағыдай жинаса, жолды жуса. Мәртебемізді солай көтерсе ғой», – дейді ол. Валерия Алматыда шіркеуде істейді.

Томирис пен Перизат – оқушы, екеуі де 14 жаста. Олар ауылдың мәртебесі өзгеруін қолдайды. Өтеген батырдың қаладан айырмасы жоқ, ал жаңа деңгей жастарға көбірек мүмкіндік береді деп санайды.

Перизат (сол жақта) мен Томирис (оң жақта), фото авторы: Ольга Логинова

«Мұнда фабрика, зауыт көп. Жалпы біздің кент қалаға ұқсайды. Түрлі кафелер, KFC, Magnum бар. Бірақ көңіл көтеретін орындар аз, тек Playstation клубтар ғана бар», – дейді Перизат.

Оқушылар 32 мың адам тұратын ауылда сыныптарда орын жетіспейтінін айтты. «Мысалы, 10 параллель сынып бар, әрқайсында 28–30 оқушыдан оқиды. Кабинеттің ішінде әрі-бері қозғалудың өзі қиын болып қалады», – деп толықтырды Томирис. Ауылда бір колледж бар, егер орын болса, Перизат мектептен кейін сонда түсуді ойлап жүр.

Қазақстанда Өтеген батыр секілді, коммуникалдық және әлеуметтік инфрақұрылымға тым көп ауыртпалық түсудің зардабын көріп отырған үлкен ауылдар көп. Әйтсе де, елдің ешбір өңірінде олардың проблемасын шешу үшін осындай елді мекендердің мәртебесін өзгерту жоспарланып отырған жоқ.

Қазақстанда 30 мыңнан астам тұрғыны бар ауылдар, инфографика авторы: Ольга Логинова мен Назерке Құрманғазинова

«Қала мәртебесін беру мүмкін болмай отыр»

Қазақстанда ауыл дәрежесіндегі 6,3 мың елді мекен бар, онда 7,5 млн адам немесе республика халқының 38 пайызы өмір сүріп жатыр.

112 ауылда халық саны 10 мың адамнан асады. Соның ішінде 18 ауылда 30 мыңнан астам халық бар. Ұлттық экономика министрлігі наурыз айында олардың келешекте қала мәртебесін алуы мүмкін екенін хабарлады. Халқы 10 мың адамнан асатын ауылдардың көбі Түркістан облысында орналасқан, мұнда кем дегенде 20 ауыл бар. Ал Маңғыстауда ондай ауылдар саны – 8. Түркістан облысының Қарабұлақ ауылдық округінде 59 мыңнан астам адам тұрса, Маңғыстау облысындағы Бейнеуде тұрғындар саны 57 мыңнан асады.

"Власть" еліміздегі халық саны 10 мыңнан асатын ауылдары бар әр өңірге сауал жолдап, қала мәртебесін алу туралы жергілікті әкімшілік не ойлайтынын білуге тырысты.

Аймақтардың басым бөлігінде жергілікті билік ауылдардың мәртебесін өзгертуді жоспарлап отырған жоқ. Тек Жамбыл облысындағы Сарыкемер ауылынан ғана «анықтау материалдарын жинағаннан» кейін бұл мәселені талқылауға ұсынуды жоспарлап отырмыз деп хабарлады.

Қордай ауданының әкімдігі Қырғызстанмен шекаралас Қордай ауылына қала мәртебесін беру туралы мәселе «бірнеше рет талқыланды, бірақ түпкілікті шешім шыққан жоқ» деп жауап берді. Ведомство мәселені қоғамдық кеңеспен және аудан мәслихатымен бірге қарайтынын айтты.

Кейбір жағдайда жергілікті әкімдіктің өзі ауыл мәртебесін өзгерту жоспарда бар-жоғын білмейтін болып шықты, Алматы облысындағы Қарғалы және Ұзынағаш ауылдары солардың қатарында.

«Олардың мәртебесін өзгерту жоспарда бар ма, әлде жоқ па, қазіргі кезде Жамбыл ауданының мемлекеттік органдарына беймәлім», – деп жауап берді Алматы облысы Жамбыл ауданының әкімдігі. Сондай-ақ, жергілікті органдардан мәртебені өзгерту туралы үкіметке ұсыныс түспегенін жеткізді.

Түркістан облысында халық саны көп бірнеше ауылдық округ шоғырланған – Қарабұлақ (59 129 адам), Ақсукент (45 068 адам) және Манкент (35 420 адам).

Облыс әкімдігі алдымен қала мәртебесін беру туралы мәселені өте өзекті деп атады, ауданның өкілетті органдары талдау жүргізіп жатқанын хабарлады – нәтижесіне қарай құжат жинау басталмақ.

Кейін облыс әкімінің орынбасары сауалға жауабында Қарабұлақ пен Манкент аграрлық ауылдар екенін хабарлады: ауданда өндірілетін ауылшаруашылық өнімдерінің 30 пайызы, аудан бойынша мүйізді ірі қара малдың 47 пайызы Қарабұлақтың үлесінде, ал Манкентте – аудандағы мүйізді ірі қара малдың 25 пайызы немесе 65,5 мың бас бар.

Оның айтуынша, бұл ауылдық округтердің мәртебесін қалаға ауыстыру оң өзгерістерге әкелуі мүмкін: бұл жағдайда өңірде өткір мәселе саналатын баспана мәселесін шешу үшін көп қабатты тұрғын үйлер салынады, жастарға арнап үйірмелер мен мәдени-демалыс орталықтары ашылады, халыққа қызмет көрсететін мемлекеттік мекемелер саны артады.

Әкімдік қала мәртебесі берілген жағдайда мал шаруашылығын дамытуға шектеу пайда болады деп санайды. Ауыл тұрғындары да әлеуметтік жеңілдіксіз қалады.

«Жиналыс қорытындысы бойынша тұрғындардың көбі ауыл мәртебесін қалаға ауыстыру тиімсіз деп санайды», – деп түйді әкім орынбасары.

Қала болып өзгерген жағдайда елді мекеннің әлеуметтік жеңілдіктерден айырылатыны барлық өңірдің дерлік жауабында айтылады.

Бұған әлеуметтік саладағы қызметкерлердің еңбекақысына 25% үстеме, баспана сатып алуға көмек, ауылдық жерге көшетін мамандарға көтерме жәрдемақы және несие алуға мүмкіндік беретін «Дипломмен ауылға» бағдарламасы, коммуналдық қызметтерді субсидиялау және тек ауылдық жерде іске асырылатын «Ауыл – ел бесігі» жобасы, сондай-ақ ауыл шаруашылығын дамытуға берілетін несие кіреді.

Осы жеңілдіктер және оған қосымша ауыз суға берілетін субсидия бар дейді Маңғыстау облысындағылар. Бұл өңірде халық саны 30 мыңнан 59 мыңға дейін баратын бірнеше ауыл бар.

«Қазіргі кезде ауыл халқы осы жеңілдіктерге мұқтаж екенін ескерсек, олардан бас тарту әлеуметтік шиеленіске әкелуі мүмкін, бұл ауылдарға қала мәртебесін беру қазіргі сәтте мүмкін болмай отыр», – деп санайды облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы.

Маңғыстау ауылы, фото Алмас Қайсардыкі

Ауылға арналған жеңілдіктерді Алматы, Қызылорда, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Атырау және Ақтөбе облыстары да атады, Абай мен Ұлытау, сондай-ақ Жетісу облыстары мәртебені өзгертіп, жеңілдіктерден айырылғаннан кейін «халық сол елді мекендерден үдере көшіп кетуі мүмкін» екенін баса айтты.

Шығыс Қазақстан облысындағылар да ауылға арналған жеңілдіктерді атап өтіп, солардың қатарына ауылдық жердегі аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға жалға берілетін баспана салуға арналған «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасын да қосты.

Кейбір өңірлер инфрақұрылым тапшылығын немесе қала стандарттарына сәйкес келмеуді атады.

Алматы облысы әкімдігінің жауабына сүйенсек, "Власть" тілшілері сәуірде болған Өтеген батыр кентінде негізінен «бір қабатты және екі қабатты тұрғын үйлер орналасқан». Әкімдіктегілер ауылда келешекте қаланы дамытуға мүмкіндік беретін аумақ та жоқ екенін айтып өтті.

«Көше мен ені қалыпты өту жолдарын ұйымдастыру, инфрақұрылым нысандарын орналастыру секілді қолданыстағы қала құрылысы регламенттері қазіргі үйлердің біразын сүруге, жер учаскелерінің шекарасын өзгертуге мәжбүрлейді», – деп толықтырды әкімдік.

Алайда инфрақұрылымның болмауы да, халықтың негізінен аграрлық саламен айналысатыны да биыл қаңтарда 25 мың адам тұратын Жетіген ауылының мәртебесін ауыстырып, оны Алатау қаласы деп өзгертуге кедергі болған жоқ. Ұлттық экономика министрлігі Жетіген ауылына қала мәртебесін беру себебін түсіндіргенде агломерацияны дамыту туралы заңға сүйенді.

Жаңа қала G4 жобасына кіреді – президент Тоқаев инвесторларға оның іске асу мерзімін нақтылауды өзі тапсырған еді.

Аса ірі ауылдардың ерекшелігі

Қазақстанның оңтүстігінде үлкен ауылдарды зерттеген әлеуметтанушы Серік Жақсылықов олардың мәселесі көп жыл бойы мемлекеттің аумақты дамыту саясатынан тыс болғанын айтады.

«Ел билігі аса ірі ауылдарға не солтүстіктегі халықтың азаю проблемасын шешуге қажет ресурс ретінде, не адамдарды біркелкі қоныстандырмаудың кері әсері ретінде қарайды», – деп жазды ол «Қазақстанның оңтүстігіндегі аса ірі ауылдар және мемлекеттің ауыл аумақтарын дамыту саясаты» зерттеуінде.

Көрнекі фото Алмас Қайсардыкі

«Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту институтының» директоры Сергей Худяков та бұрын бұл мәселеге көңіл бөлінбеген болуы мүмкін деп санайды.

«Қазір Қазақстанның оң дамуын қалалардың өсуімен байланыстыру үшін мәселені осылай көтере бастаған болса керек, – деп топшылайды ол. – Ұлттық экономика министрлігі енді олар қалаға айналу туралы жүз бірінші рет толғансын деп біздің ірі ауылдармен тығыз араласа бастады».

Ол бұл ауылдар баяғыда-ақ қала болар еді, егер олар қалаға айналмаса, демек, оларға осы күйінде қала берген тиімді болғаны деп санайды.

«Оның артықшылықтары бар, ауылды дамытуды қолдау бағдарламалары бар. Халықтың ауыл болып қала беруді қалайтыны осыдан болса керек», – дейді ол.

Әйтсе де, сарапшы ауылда түрлі жеңілдік беретін бағдарлама болса да, ол бәріне қатысты емес екеніне назар аударды.

Елдің оңтүстігіндегі ірі ауылдардан халықтың үдере көшуі байқалмайды. Жақсылықов онда көші-қонның төмен болу себебін мемлекеттің саясатымен байланыстырады. Атап айтқанда, этникалық қазақтардың елге оралуына қолдау білдіру, оларды бір жерге шоғырландыру механизмдері Түркістан облысындағы Шұбарсу ауылдық округінде тұрғындар санының күрт өсуіне әсер етті, бұл жерде халықтың басым бөлігі қандастар дейді сарапшы.

Оның ойынша, аса ірі ауылдардың өсуіне тағы бір фактор – этносаралық қарым-қатынас саясаты әсер етті. Қарабұлақты қоса алғанда, Сайрам ауданындағы ірі ауылдардың көбі бір этникалық топтың – өзбектердің мекеніне айналған.

Худяков ірі ауылдардың көбеюі тарихпен және халық экономикасының өз бетімен дамуымен тығыз байланысты табиғи процесс деп санайды.

«Ежелден адамдар өзіне ыңғайлы жерде, яғни сауда жолдары тоғысатын, өзен жағасындағы, жері шүйгін, климаты жақсы орындарда отырды, нәтижесінде осындай елді мекендер өсе бастады. Климат өзгерсе, геосаяси ахуал, сауда жолдары өзгерсе, басқыншы көрші пайда болса, онда кейбір қалалар кішірейді немесе мүлдем тіршілігі тоқтады, енді бірі керісінше өсті», – дейді Худяков.

Алайда кеңес заманында қала немесе ауыл мәртебесін беру мәселесін тек үкімет шешті дейді ол.

«Мейлінше волюнтаристік шешімдер еді: мына жерде қала жоқ па, қанекей, саламыз! Үкімет қай жерде дұрыс деп шешсе, сол жерде елді мекен мен қала пайда болатын».

Худяковтың түсіндіруінше, ол кезде қалаларды қаржыландыру экономикаға тәуелді болған жоқ – одақ бюджетінен қанша керек болса, қаланы дамытуға сонша бөлді.

«Келешегі жоқ елді мекендерді жасанды толтыру тоқтаған сәтте заңдар күшіне енді. Адамдар өмір сүруге тиімді болған, елді мекеннің өзінде немесе маңында жұмыс болған елді мекендер өсті», – деп түсіндірді сарапшы.

Бұрынғы Қосшы ауылы - қала статусын алған аз ғана ауылдың бірі. Фото Алмас Қайсардыкі.

Жақсылықов аса ірі ауылдарды депрессив немесе артта қалған деуге болмайтынын айтады. Олар урбанизацияның бастапқы кезеңінде тұр, алайда өзіне ғана тән проблемалары мен ерекшеліктері бар.

Сарапшының жазуынша, солардың қатарында бірінші кезекте жер жетіспеуі тұр – ауыл шаруашылығы үшін де, баспана құрылысына да жер жетпейді. Мысалы, сәуірде «Азаттық радиосының» журналистері болған Қарабұлақ ауылында, жергілікті тұрғындардың айтуынша, жердің жетпеуінен бір жер үйдің ауласында төрт-бес отбасы тұрады.

«Бұл ахуалдың шешімі көпқабатты үйлер салу болар еді. Бірақ мұндай құрылыс мемлекет тарапынан қомақты инвестицияны қажет етеді, өйткені көпқабатты үйлерді салудан бөлек, тиісті инженерлік инфрақұрылымды да дамыту керек болады», – дейді Жақсылықов.

Тағы бір өзгеше проблема – әкім аппаратына түсетін жүктеме, халық саны көп болғандықтан, олардың жүктемесі жай ауылдардан ондаған есе артық болуы мүмкін.

Зерттеу аясында сауалнамаға қатысқан ауылдық округтердің әкімдері ауыл әкімшілігінің штатын жай ғана көбейту тым өсіп кеткен ауылдан шығатын талаптарға жауап бере алмайтынын айтты.

«Олар мұндай ауылдарда экономикалық өмірдің алуандығы, кәсіпкерлер мен компаниялардың көп болуы біраз қиындық тудырады деп түсіндіреді, бұл әкім аппараты қызметкерлерінен жоғары кәсіби дайындықты талап етеді», – деп жазады Жақсылықов.

Худяков та осындай пікірде және сол себептен де елді мекеннің мәртебесі халқына сәйкес болуы керек деп есептейді.

«Біздің басқару жүйеміз шағын ауылға шақталған, мемлекеттік басқару бойынша да, процедуралар бойынша да нормативтер шағын елді мекендерге арналған. Ірі ауылды ұсақ елді мекендерге арналған әдістермен басқару қиын», – деп толықтырды ол.

Бәлкім тұрғындар елді мекеннің бюджетін өзі игере алуы үшін жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін енгізу бұл проблеманы шешетін шығар, бірақ бұл жағдайда да қиындық туындауы мүмкін – біздің халық мемлекеттің қамқорлығына үйреніп қалған деп санайды Худяков.

«Шешімді дұрыс қабылдау үшін осы шешімнің жауапкершілігін түсіну керек. Өкінішке қарай, біздің адамдар қиын мәселелердің оңай шешілуіне үйреніп қалған. Жоғарыдан келетін шешімге енжар ғана үміт артуға бейім қоғам пікірі – өте салмақты кедергі. Сондықтан Қазақстанда жергілікті өзін-өзі басқаруды қалыптастыру процесі қиын жүріп жатыр», – деп түйді сөзін Худяков.

Жақсылықовтың айтуынша, ірі ауылдардың тағы бір айрықша тұсы – олардың экономикасында ауыл шаруашылығы үлесінің аз болуы, өйткені ол «жұмыс күші нарығында мыңдаған халықтың ұсынысына сәйкес келетін сұраныс тудыра алмайды». Ауыл шаруашылығы дамыған ірі ауылдардың өзінде ол басқа қызметтерге сұраныс тудырады.

Сарапшы аса ірі ауылдарда әлеуметтік теңсіздік анығырақ байқалатынын айтып отыр, өйткені оларда байлар тобы пайда болады. Халық саны криминогендік ахуалға да әсер етеді: 30 мыңдық ауылда «бір-бірін танитын ауылдың қалыпты сипаты қалмайды».

«Егер қарапайым ауылдарда тұрмыста қылмыс жиі болса, аса ірі ауылдарда кәнігі қылмыскерлер немесе қалаларға тән ұйымдасқан қылмыстық топтар жасайтын ауыр қылмыстар көп кездесе бастайды», – деп жазады сарапшы.

Сонымен қатар, аса ірі ауылдарда діни ерекшелік те бар дейді ол: әдетте ондай ауылдарда қарапайым және шағын ауылдарға қарағанда мешіт саны анағұрлым көбірек, «аса ірі ауылдардың қауымдастығы діннің, соның ішінде радикал бағыттардың таралуына қолайлы орта бола алады».

Қала статусын алған бұрынғы Қосшы ауылы, фото Алмас Қайсардыкі

Бұлыңғыр жоспар

Ірі ауылдарға қатысты тиімді мемлекеттік саясат қандай болуы керек еді деген сұраққа Сергей Худяков, бірінші кезекте халықпен жұмыс істеп, азаматтар ауыл болғанда не жоғалтатынын, қала мәртебесін алғанда қандай нәрсеге сенім арта алатынын түсіндіруі керек дейді.

«Мен күштеу халықпен жұмыс істеудің ең нашар тәсілі деп санаймын (…) Салмақты, ұзақ мерзімді, жүйелі түсіндіру жұмысы керек. Қағазға кез келген нәрсені, кез келген норманы жазып қоюға болады, бірақ бұл норма жұмыс істей ме, мәселе сонда».

Жақсылықов өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасында 15 мың адамнан көп халқы бар ауылдық елді мекендерді «экономиканың ауыл шаруашылығына жатпайтын секторларын дамыту арқылы урбандалған аумақтарға» өзгертуге жәрдем көрсетiледі деп жазылғанын атап өтті.

Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі қазіргі бағдарламасында мұндай шаралар туралы айтылмаған. Алайда Қазақстанда урбандалу қарқыны жеткіліксіз, бұл «өңірлердің дамуындағы елеулі сәйкессіздікке» әкеп соғады делінген.

Ірі ауылдар өзіне ғана тән проблемалармен бетпе-бет келіп отырғанына қарамастан, олар елді мекендердің бөлек санатына заңды түрде жіктелмеген дейді Жақсылықов.

Сондай-ақ, сарапшы Қазақстан экономикасы жағдайында аса ірі ауылдардың урбандалуы түгелдей биліктің еркіне байланысты деп санайды.

Әлеуметтанушының пікіріне сүйенсек, олар «урбандалу деңгейін арттыруға басымдық бергеннен гөрі, әлеуметтік тыныштық, этносаралық қарым-қатынас, халықты қоныстандырудағы әркелкілікті реттеу есебінен жұмыссыздықты қысқарту секілді мәселелерді басшылыққа алады».

«Қазақстанның оңтүстігіндегі аса ірі ауылдар ел географиясында жаңа феномен деуге болады, аумақты дамытудың дұрыс әрі негізді саясатын құру үшін оларды елеусіз қалдыруға болмайды, олардың демографиясын, көші-қон легін, еңбек нарығын зерттеуді бастау керек», – деп қорытады сарапшы.

Әзірге министрліктердің аса ірі ауылдарға қатысты жоспары үкіметтің осы бағыттағы бұрынғы жұмысы секілді абстрактылы естіледі – үкімет ешқандай нақты қадам жасап отырған жоқ. Заңға сәйкес, мәртебені өзгерту бастамасын мәслихаттар мен жергілікті тұрғындар көтеруі керек, шын мәнінде олардың пікірі ескеріле ме, жоқ па, ол жағы белгісіз.

Кейінгі жылдары үш-ақ елді мекен қала мәртебесін алды, Алатау қаласы болып өзгерген Жетігеннен басқа, Қостанай облысындағы Тобыл және Ақмола облысындағы Қосшы қала атанды.