3170
26 июня 2024
Назерке Құрманғазинова, фотолар Данияр Мүсіровтікі

Күн батқаннан кейін жасөспірімдер кітапханасына кімдер барады?

Түнімен жұмыс істейтін кітапханадан репортаж

Күн батқаннан кейін жасөспірімдер кітапханасына кімдер барады?

2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап Алматыда екі кітапхана тәулік бойы жұмыс істей бастады – «Alatau Creative Hub» орталығы және Жамбыл Жабаев атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасы. Кейін олардың қатарына №4 кітапхана қосылды.

Күндіз алматылық оқырманға кітап оқитын жер көп, ал түнде тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханаларға баратындар да аз емес.

«Власть» қалалық жасөспірімдер кітапханасына барып, түнгі кітапханаға кімдер баратынын және ішкі көрінісі қандай екенін біліп қайтты.

Ішінде

Жамбыл Жабаев атындағы жасөспірімдерге арналған кітапхана Райымбек пен Мәметова көшелерінің ортасында, Назарбаев даңғылы бойында орналасқан. 1976 жылы ашылғаннан, 2018 жылы ғана күрделі жөндеуден өткен, оған 145 млн теңге жұмсалған. Қазір кітапхана орта есеппен айына 25 000 оқырманға және жылына 300 000 оқырманға қызмет көрсете алады.

Біз кітапханаға мамырдың аяғында бардық, бұл уақытта студенттер мен оқушылардың басым бөлігі оқу жылын аяқтап қойғанына қарамастан, 21:30-да кітапхана іші келушілерге толы болды.

Кітапхананың кіреберісіндегі есікте кітап қабылданатыны туралы хабарлама ілініп тұр және оның жанында әр айдың соңғы бейсенбісі тазалық күні екені жазылған. Бейсенбіден басқа күндері кітапхана күндіз-түні жұмыс істейді.

Кітапханаға кіргенде керегеде нұсқау көрсеткіштері көрсетілген – онда әртүрлі аймақтар бар: тыныш аймақ, жеке аймақ, топтық аймақ, күту залы және атриум.

Киім өткізетін жерге сырт киімнен бөлек үлкен сөмкелерді де тастап кету керек, оның орнына қажет заттарды салғанға арналған кішігірім шоппер пайдалануға болады.

Кіре салғанда оң жақта тіркеу орны бар. Бізді түнгі ауысымдағы кітапхана қызметкері Аида Нұржан қарсы алды. Ол мұнда бір жылдан аса уақыт жұмыс істейді. Біз барғанда Аида екі оқырманды тіркеп жатты.

Оқырман билеті 14 жастан асқан оқырмандарға беріледі, 14 жасқа толмағандар ата-анасымен келіп, тіркеле алады. Аиданың айтуынша, «Алматы қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ 28 филиалының бірінде кітапхана картасын алған адам осы картамен барлық мемлекеттік кітапханаға бара алады.

Ресепшн жанындағы күту залында бірнеше адам отырды. Кітапханашының айтуынша, мамыр айында ең көп келуші болыпты, ол мұны университеттердегі сессия уақытымен байланыстырады.

«Орын болмаған жағдайда күту залында күтіп отырады. Негізі жиі бұлай болмайды, мына залда жөндеу жұмыстары жүріп жатқандықтан осындай кезек болып қалады», – дейді Аида Нұржан кітапханадағы топтық жұмыстарға арналған аймақ жақты нұсқап.

Соңғы жер сілкіністерінен кейін топтық аймақ пен атриум жақтың керегесінде кішігірім сызат пайда болған, біз кітапханаға барған күні ол жақ жөндеуге жабылған екен. Ал ол аймақ ашық болған күндері топпен жиналып, ортақ жобаларын талқылауға ыңғайланып жасалған.

Бұл аймақта кітаптардың тұсаукесері, жазушылармен кездесу сияқты түрлі іс-шара өтіп тұрады. Сондай-ақ аптасына бір рет ағылшын тілінде тегін speaking club және математика мен физикадан ҰБТ-ға дайындық курстары өтіп тұрады.

Үлкен оқу залдарынан бөлек шағын конференциялар өткізуге арналған жеке жабық зал бар. Онда жиналу үшін кітапхана әкімшілігімен алдын ала келісіп, жазылып қою керек.

Кітапханада 101 000 дана кітап бар – көркем әдебиеттен бастап ғылыми кітаптарға дейін табылады. Ең көп кітап – қазақ әдебиеті. Кітаптарды 15 күнге дейін алуға болады, бірақ қажет болған жағдайда 10 күнге ұзартып отыруға болады. Бірақ кей салалық кітаптар кітапханадан тыс жерде оқуға берілмейді.

Дәстүрлі кітап алу әдісінен бөлек мұнда кітаптарды өзің алуға болатын екі электронды құрылғы бар. Бірінші құрылғы оқырмандарға қажетті кітапты өз бетінше тауып, кейін қайтаруына мүмкіндік береді.

Ал кітапхана орталығында орналасқан екінші құрылғы – Алматы қаласында орналасқан 27 электронды кітап алуға болатын құрылғының бірі. Пластикалық кітапхана картасын пайдалана отырып, аппараттың ішіндегі кітаптарды өз бетіңізше алып, қаладағы осындай құрылғының кез келгеніне қайтара аласыз.

Оқу залының бір бөлігі осы кітапхананың атымен аталатын ақын Жамбыл Жабаев туралы кітаптарға және ақынның шығармаларына арналған кішігірім көрме қойылған.

Коуоркинг орталығы

Аида Нұржанның кешкі ауысымдағы жұмысы 20:00-ден басталып, таңғы 8:00-ге дейін жалғасады. Оның қызметіне келген оқырманға қызмет көрсету және іс-шараларды ұйымдастыру кіреді.

Кітапханашының пікірінше, кітапхананың 24 сағат бойы жұмыс істеуі оқырманға да, кітапханаға да жақсы.

«Бізге көп адам келіп, дәрежеміз өсіп жатыр. Оқырман арасында сауалнама жүргізгенімізде, біздің кітапхананың артықшылығы ретінде орналасқан жерін көрсеткен. Орталыққа жақын және кез келген уақытта келе алады», – дейді Аида.

Оқу залында көбі ноутбукпен отырды. Кітап оқып отырғаны бірен-саран. Аида Нұржанның айтуынша, көбіне кітапханаға 16–24 жас аралығындағы студенттер келеді, арасында шетелдік студенттер де көп.

Оның айтуынша, қазір кітапхана тек кітап оқуға арналмаған, тегін интернеті бар ыңғайлы коуоркинг орталық қызметін де атқарады.

Кітап оқып отырғандардың бірі 20 жастағы Аяулым бүгін жасөспірімдер кітапханасына бірінші рет келіпті. Ол бұл жер туралы осында жиі келетін құрбыларынан естіпті.

«Негізі түнгі атмосферада кітап оқыған қатты ұнайды. Осы жерден бастаған кітабымды тауып алып, оқып жатырмын. Мұнда бірінші рет келгендіктен, ғимарат ішімен танысып үлгермедім. Алматы үлкен қала болғандықтан студенттер де көп, сондықтан мұндай жерлер студенттерге қажет деп ойлаймын», – дейді ол.

Құрбысы Шеслана Құсайынова бүгін кітапханаға қосымша жұмыстарын аяқтауға келген. Ол Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің студенті. Оған кітапханадағы тыныштық ұнайды.

«Үйдің атмосферасын білесіз ғой, төсек бар дегендей, – дейді ол күліп. – Ал кітапханада бәрі кітап оқып отыратындықтан, назарыңыз ешқайда аумайды. Кітапхананың түнде де істейтіні күшті. Бәрінің үйінде сабақ оқуға қажет жағдай бола бермейді, интернет істемейтін кездер болады, ал мұнда тегін Wi-Fi бар. Осында таңғы 5-6-ға дейін отырып, ары қарай сабаққа баратын кездер де болған», – дейді Құсайынова.

Оның сөзінше, кейде мұнда бос орын табу қиынға түседі, ал түнімен істейтін орталықтың бірі Alatau Creative hub-қа бару алыстау. Ол бұл кітапхананың метро станциясына жақын болуы ұтып тұр дейді.

«Осындай жерлер көп болса екен деймін. Көбіне үй тапсырмасын орындауға, мақала жазуға келемін. Ал кітапты сызып, бояп оқығанды жақсы көремін, сол үшін кітап оқығым келсе, сатып аламын. Бұл жер коуоркинг ретінде ыңғайлы», – дейді ол.

Медицина университетінде мамыр айында емтихандар өтіп жатты, әрі ЖОО-ның бір ғимараты кітапханаға жақын аймақта орналасқандықтан, келушілер арасында осы университеттің студенттері көп болды.

24 жастағы Дәурен биыл төртінші курсты аяқтап жатыр, ол күндіз Ұлттық кітапхана мен Чехов атындағы кітапханада болып, кешкісін осында келеді. Айтуынша, түнгі 23:00-ге дейін осында болады.

«Бұл кітапханаға аптасына үш рет келемін, бірақ кітапхананың түнде де істейтінін жақында білдім. Бізге түнгі уақытта оқыған ыңғайлы, сондықтан осында жиі келеміз. Көбіне емтиханға дайындалу, үй тапсырмасын орындау үшін келеміз. Бұл жерді студенттердің бәрі білетін болғандықтан, кейде бос орын табу қиын. Біз көбіне 2-3 адам болып келеміз. Ішін кеңейтсе, не тағы осындай орталықтар ашса жақсы болар еді».

Дәурен

Медицина университетінің тағы бір студенті 18 жастағы Сәтбек мұнда оқуға түскелі келіп тұрады екен. Кітапхананың түнімен істейтінімен қатар, оған мұнда топ болып келіп, емін-еркін ортақ жобаны талдауға болатыны ұнайды.

«Тыныш, өзің жалғыз оқитын жер керек болса, Ұлттық кітапханаға барамын. Ал бұл жақта атмосфера жайлы, талқылауға ыңғайлы. Дегенмен кітап қоры мұнда да жеткілікті. Сабақтан тыс кітап оқуға келіп тұрамын, көбіне көркем әдебиет оқимын, ал медицинаға қатысты кітаптарды өзімізбен алып келеміз»

«Қаңтарда сұрағанымда бизнес туралы кітапты әкетуге болмайды деді, қазір қалай екенін білмедім. Бірақ мұндай кітаптарды электронды құрылғыдан алуға болады екен», – дейді ол.

Досы Диас сессия кезінде түнгі кітапханада таңға дейін қалатындарын жасырмады.