3078
27 июня 2024
Виктория Натачиева, Власть, фото Данияр Мүсіровтікі

Қоғам белсенділері сағат ауыстыру туралы шешім заңсыз қабылданды деп санайды

Ал медицина қызметкерлері қазақстандықтар ұйқысыздық және басқа да қиындыққа ұрынғанын айтып отыр

Қоғам белсенділері сағат ауыстыру туралы шешім заңсыз қабылданды деп санайды

25 маусым Алматыда «Уақытты кері қайтару!» жұмыс тобы баспасөз мәслихатын өткізді, онда уақытты кері қайтару туралы петиция авторы, қоғам белсенділері мен медицина қызметкерлері сөз сөйледі. Халықтың пікірін назардан тыс қалдыруға болмайтыны, үкіметтің уақытты бір сағат артқа ауыстыру туралы қаулысы заңға қайшы екені сөз болды.

«Халықаралық құқықтық бастама» қоғамдық қорының заңгері Амангелді Шорманбаев үкімет осы өзгерісті қабылдай отырып, парламенттің өкілеттігін иемденіп алғанын айтады.

Сонымен қатар Шорманбаев қаулының түсіндіру жазбасындағы тармақтардың бірінде жобаны қабылдау мемлекеттік бюджеттен қосымша шығынды қажет етпейді деп көрсетілгенін атап өтті. Алайда, күн ерте бататындықтан, азаматтардың ғана емес, мемлекеттік мекемелердің де электр энергиясын тұтынуы өсіп жатқаны байқалады.

«Түсіндірме жазбасының 12-тармағында осы қаулының жобасы халықаралық келісімшарттарға сәйкес келетіні айтылған. Алайда, бұл жерде көп дерек шындыққа сәйкес келмейді. Жоба кеңінен талқыланған жоқ», – деп санайды заңгер.

«Түсіндірме жазбасының 12-тармағында осы қаулының жобасы халықаралық келісімшарттарға сәйкес келетіні айтылған. Алайда, бұл жерде көп дерек шындыққа сәйкес келмейді. Жоба кеңінен талқыланған жоқ», – деп санайды заңгер.

Алматыдағы қоғамдық кеңес мүшесі және KEGOC-тың бұрынғы басшысы Әсет Наурызбаев Зайсан қаласының мысалында бір сағаттың өзі адамдардың өміріне қалай әсер еткенін түсіндіріп берді:

«Егер біз Зайсанда тұрсақ, күн шығып тұрғанда 4 сағат ұйықтаймыз, бұған қоса 20.00-ден бастап 23.00-ге дейін күн көзін көрмейміз. Жеке тұлғалардың электр энергиясын жұмсауына қоса, бюджет қаражатын да жұмсауға мәжбүрміз, өйткені көшенің және қоғамдық орындардың жарығы қосылады. Кейбір депутаттар «KEGOC» АҚ-ынан («Қазақстанның электр желілерін басқару компаниясы» – В. ескертпесі) электр энергиясын тұтыну өскен жоқ деген анықтама алдық деп мәлімдеді, алайда «KEGOC» мұндай анықтама бере алмайды, өйткені оларда ондай мәлімет жоқ. Тұтыну неліктен өзгергеніне қатысты ондаған басқа себеп бар».

Медицина психологы, «Қазақстанның когнитивтік және мінез-құлық терапия қауымдастығы» ҚБ президенті Евгений Янның айтуынша, ел тұрғындары қазір ерте ояну, ұйықтап кетудің қиындығы, күні бойы шаршау әсері, әлсіздік пен бас ауруы сияқты жағдайларға душар болып отыр:

«Көбі таңертең ерте оянады да, күн шығып тұрғандықтан қайтадан ұйықтап кете алмайды. Мелатонин гормоны тек түн мезгілінде бөлінеді, түнгі сағат үш кезі мелатонин ең көп бөлінетін шақ, күн шапағы көріне бастағанда бөлінуі тоқтайды. Біз ұйқының ең маңызды фазасына енбейміз десе де болады, осылайша шаршау жинала келіп, ұйқының қанбауы созылмалы сипатқа өтеді».

Биофизик, психология ғылымдарының кандидаты, әлеуметтанушы Жанар Жандосова ортақ уақыттан бас тарту қажет деп санайды, өйткені Қазақстанда 4 сағат белдеуі бар:

«Халықтың басым бөлігі 4 және 5-белдеуде тұр, яғни бізде бәрі бірдей уақытпен өмір сүруі мүмкін емес деген сөз, өйткені әр жерде таңның атуы мен күннің батуы әртүрлі. Біз қаулыға негіз болған барлық есепті талап етеміз. Сонымен қатар актілер парламентте қабылданғанын қалаймыз, барлық отырыс ашық өтуін талап етеміз. Күзге дейін шешім қабылдауымыз керек, өйткені әрі қарай оқу жылы басталады».

Әсет Наурызбаев петицияның ізімен жұмада уақытты ауыстыру туралы Астанада талқыланған бірінші жұмыс отырысының жазбасы әлі жарияланбағанын атап өтті. Ал бұл әр адамға қатысы бар мәселе.

Еске сала кетейік, биыл 1 наурызда Астана, Алматы, Шымкент, Абай, Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан және Ұлытау облыстарының тұрғындары уақытты бір сағат артқа жылжытқан еді.

«Уақытты кері қайтару!» петициясы 2024 жылы 22 сәуірде жарияланып, сауда және интеграция министрлігіне бағытталды. 7 маусымда петицияға 50 мың адам дауыс берді.