4139
3 июля 2024

Айдос Садықовтың өлімі

Оппозициялық журналистің күрес жолы қалай жүрді?

Айдос Садықовтың өлімі

Жұлдыз Әбділда, Власть, фото «Азаттық Радиосы»

2 шілдеге қараған түні сағат үште Киев ауруханаларының бірінде ауыр халде жатқан қазақстандық журналист Айдос Садықов көз жұмды. 18 маусым күні Киевтегі үйінің маңында ерлі-зайыпты Айдос пен Наталья мінген көлікке шабуыл жасалып, Садықовтың маңдайынан оқ тиіп, миына зақым келген болатын. Украинаның құқық қорғау органдары «қастандық жасау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған, Садықовтың өлімінен кейін іс «тапсырыспен кісі өлтіру» бабына ауыстырылды.

Власть ашық дерек көздеріне жүгіне отырып, оппозициялық бағыттағы журналистің күрес жолына көз жүгіртті.

Айдос Садықов кім еді?

Айдос Садықов Ақтөбе облысында дүниеге келген. Мамандығы – тарих пәнінің мұғалімі. Бизнеспен айналысып, мұнай-газ саласында жұмыс істеген. Кейін қоғамдық жұмысқа бет бұрып, Ақтөбедегі әйгілі «СПНС-Ақтөбемұнай» компаниясының тәуелсіз кәсіподақтарына белсенді түрде көмектесе бастаған. Журналистикамен айналысып, саяси жұмысқа араласқан. Саяси сын мақалаларынан кейін қуғынға ұшырап, 2003 жылы оның үстінен 1997 және 1999 жылдары өтіп кеткен оқиғалар бойынша қылмыстық іс қозғалған.

2005 жылы Айдос Садықов «Азат» партиясының Ақтөбе облыстық филиалын басқарды. 2009 жылы «Азат» Жалпыұлттық социал-демократиялық партиямен біріккенде белсенді бұл шешімге қарсы екенін ашық білдірді. Бір жылдан кейін Садықов пен тағы бір топ белсенді «Азаттың» ЖСДП қатарынан шығатынын мәлімдеді. Содан кейін жеке оппозициялық қозғалыс құрып, саяси әрекетке көшті. Бұл қозғалыс 2014 жылға дейін өңірдегі қоғамдық-саяси мәселелерге араласып, ашық күрес жүргізді. Назарбаев билігіне және жер сатуға қарсы шығып, өңірдегі мұнайшылар мәселесін көтерді. Саяси себеппен қамауда отырғандарды босатуды талап етті.

Осыдан кейін Садықовтың үстінен бірнеше қылмыстық іс қозғалып, оған «жалған ақша таратудан» бастап, «полиция қызметкеріне қарсылық көрсетуге» дейінгі бірқатар айып тағылып, «бұзақылық» бабымен екі жылға сотталды. 2012 жылдың наурыз айында рақымшылықпен босап шықты.

2010 жылы Ақтөбеде Айдос Садықовты полиция ұстаған сәт, фото: Диапазон

Қазақстаннан кетуге не себеп болды?

2014 жылы Айдос Садықовтың әйелі Наталья Садықованың үстінен іс қозғалды. Орталық Азия аймағында хабар тарататын Медиазона ресурсының жазуынша, Наталья Садықованың үстінен іс қозғалуына «Республика» сайтында жарық көрген «Тендеров на всех не хватает» мақаласы себеп болды. Сол кездегі депутат Марал Итеғұлов мақала авторы Бақыт Ильясова Садықованың псевдонимі деп шешіп, оны сотқа берді.

5 наурыз күні «жала жабу» бабымен қылмыстық іс қозғалды. Ал 9 наурызда Садықовтар отбасы Украина астанасы Киевке қоныс аударды. Бір аптадан кейін Ақтөбе соты Садықованың сыртынан қаулы шығарып, бас прокуратура оған іздеу жариялады. Украина билігі Садықовтарға саяси баспана берді.

Наталья Садықова мен Айдос Садықов, фото әлеуметтік желіден

Киевтегі қуғын

Киевке барғаннан кейін де қуғын мен қысым тоқтаған жоқ. Қоныс аударғаннан кейін көп ұзамай белгісіз біреулер Садықовтардың пәтеріне баса-көктеп кіріп, қоқан-лоқы көрсеткен. Сол кезде Садықов полиция формасын киген азаматтар «Қазақстан үкіметі туралы сыни жазбалар жазуды доғаруды талап етіп, депортация жасаймыз деп қорқытқанын» айтқан.

Айдос пен Наталья Садықовтар Киевте отырып, Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінен хабар беретін және аймақта болып жатқан оқиғаларды сараптайтын «Бәсе» Youtube арнасын ашты. Осы мақала жарияланған сәтте арна жазылушыларының саны 1,01 млн болды. «Биліктен, олигархтардан және гранттардан тәуелсіз» арнада 550-ге жуық бейнематериал жарияланған. Сонымен бірге, Facebook, Instagram, Telegram желілерінде де «Бәсенің» аккаунты бар. Фейсбук желісінде 381 000 адам жазылса, Инстаграмда 106 000 оқырманы бар. Телеграмдағы оқырман саны алпыс мыңға жуық.

2023 жылдың қазан айында Ішкі істер министрлігі «Бәсе» арнасының авторларын «алауыздық тудырды» деп айыптап, оларға іздеу жариялады.

Фото Айдос Садықовтың Facebook парақшасынан

Қастандық

18 маусым күні Айдос Садықовқа қастандық жасағандар көп ұзамай-ақ белгілі болды. Украина прокуратурасы Айдос Садықовқа оқ атқан күдіктілер Қазақстан азаматтары екенін мәлімдеді. Күдікті деп танылған Алтай Жақанбаев пен Мейрам Қаратаевқа бірден халықаралық іздеу жарияланды, бұл екеуі оқиға болған күні-ақ, яғни 18 маусымда Украинадан кетіп қалғаны анықталды.

Наталья Садықованың айтуынша, күдіктілердің бірі Мейрам Қаратаев Қостанай облысында полиция қызметкері болып қызмет еткен. Макаров тапаншасынан оқ атудан жарысқа қатысып, 1-орын алған. «Украин тергеушілері оқ Макаров тапаншасынан атылғанын растап отыр», – деді Н.Садықова. Қазақстанның ішкі істер министрлігі Қаратаевтың 2019 жылдан бері полиция қызметкері емес екенін мәлімдеді.

Екінші күдікті Алтай Жақанбаевтың ұлттық қауіпсіздік комитетінің сыртқы барлау қызметіне қатысы бар екені айтылды. 21 маусым күні Жақанбаев полицияға өзі беріліп, қамауға алынғаны белгілі болды. Алайда, тағылған айыппен келісетіні не келіспейтіні туралы мәлімет жоқ. Қазақстан Жақанбаевты Украинаға экстрадиция жасаудан бас тартты.

Айдос Садықовқа қастандық жасалған жер, суретті Украинаның ұлттық полициясы жариялады

2 шілде күні таңертең Наталья Садықова 13 күн бойы ес-түссіз жатқан күйеуінің қайтыс болғанын хабарлады. «Сүйікті жарым, үш баламның әкесі, қазақтың ұлы перзенті Айдос Садықов көз жұмды. Айдос өмірін Қазақстанға арнады, киллер қолынан қаза тапты. Он үш күн бойы жан сақтау бөлімінде өмір үшін күресті, бірақ болмады. Оның өлімі Тоқаевтың мойнында», – деп жазды Наталья Садықова.

Саясаткер Ғалымжан Жақиянов Айдос Садықовқа жасалған қастандықты тергеу жұмысы қоғам алдында ашық жүруге тиіс деп санайды.

«Қазақстанның күштік құрылымдары Украинаның құқық қорғау органдарынан ештеңені жасырмай, ынтымақтаса жұмыс істеуі қажет. Сонымен қатар, күдіктілердің соты да ашық өтуге тиіс. Осыны азаматтық қоғам талап етуі керек. ҚР азаматы ретінде мен де талап етемін. Бұл іс Қаңтарға қатысты істер сияқты құпия жүретін болса, Ақордаға сұрақ көбеймесе, азаймайтыны анық», – деп жазды саясаткер Фейсбуктегі парақшасында.