6596
5 ноября 2024
Назерке Құрманғазинова, Аризона, АҚШ, Власть, автордың фотосуреттері

Америкадағы болжауға келмейтін сайлау

Аризона штатындағы шайқас қалай өтті?

Америкадағы болжауға келмейтін сайлау

Бүгін АҚШ-та президент сайлауы өтеді, әдеттегідей бүкіл әлемнің назары сонда. Камала Харрис пен Дональд Трамп арасындағы бәсеке жеті штатта болды. Олардың қатарында Аризона да бар. Оңтүстік-батыстағы бұл штатта үміткерлер 11 сайлаушылар коллегиясы мен 4,4 миллион сайлаушының дауысы үшін күресіп жатыр.

Аризонадағы сайлау науқанының соңғы күндері қалай өтті және тұрғындар сайлаудан не күтеді?

Ерте дауыс беру ұйымдары

Сайлаудың соңғы күніне дейін жеті штаттағы шайқас бәсекеге толы болды және сауалнамалардан бұл жолы тарихтағы тепе-тең сайлау болғанын көруге болады. Сайлау болған штаттардың ешқайсында кандидаттардың ешбірі едәуір басым дауысқа ие бола алған жоқ.

Сайлауға бес күн қалғанда, Демократиялық партияның үміткері, вице-президент Камала Харрис Аризона штатында сайлау митингін өткізіп, Латын Америкасы тұрғындарының мәселесіне назар аударды. Штаттағы әр төртінші сайлаушы латынамерикалық.

«Осы уақытқа дейін Дональд Трамп бізді бір-бірімізге қарсы қойып, қорқытып келді, алдағы онжылдықта мұны өзгертуге мүмкіндігіміз бар», — деді Харрис.

Бұл күні Аризонада Республикалық партияның кандидаты Дональд Трамп та жақтастарымен кездесті. Ол қазан айының өзінде ғана бұл штатқа үшінші рет келді.

Аризона сайлауалды күрестің негізгі алаңы болып отыр. 2020 жылы бұл жерде Джо Байден сәл ғана басымдықпен жеңіске жетіп, 1996 жылдан бері Аризона тұрғындары дауыс берген алғашқы демократ болып тарихқа енген.

Республикашыл Трамп жақтастарын көбейту үшін шекараны заңсыз кесіп өтуді қылмыстық әрекет деп танитын заң жобасын жасаймын дейді. Ал Демократтар штаттың конституциясына аборт жасау құқығын бекітетін заң жобасын енгізуге уәде берді.

Финикстің әр көшесінде сайлау жарнамасы жарқырап тұр. Баннерлерде осы жылдың негізгі үміткерлерінің аты-жөнімен қатар жергілікті ғана емес, федералды деңгейдегі үміткерлердің де аты-жөні көрсетілген.

Бұл сайлауда Аризона тұрғындары өз штатының сенаторлары мен палата өкілдерін таңдауы керек.

«Мен сайлау процесінде қазіргідей азаматтық белсенділікті бұрын-соңды көрген емеспін. Бұл мені қатты қуантады», — дейді Марикопа округі тіркеуші басқармасының бас ақпараттық қызметкері Нейт Янг. Ол пошта бюллетендері мен сайлаушыларды тіркеуге жауапты.

Аризона үлкендігі жөнінен АҚШ-тағы үшінші сайлау округі. Сайлаудың нәтижесін шешуі мүмкін. Әдетте, Марикопа округінде жеңіске жеткен кандидат бүкіл штатта да жеңеді. Мұнда сайлаушыларының 62%-ы, яғни 2,6 миллион адам тіркелген.

Сайлау округінің алдында карнавалға арналған костюм киген ер адамды көрдік. Қазір Америкада Хэллоуинды тойлап жатыр. Ер адам ашулы көрінді.

«Олар менің тіркеу формамды қабылдамады. Енді келесі жақын жерге баруым керек», — деді өзін Стюарт Меззо деп таныстырған ер адам. Кімге дауыс бергісі келетінін айтпай, қысқа ғана жауап берді: «Бұл менің кандидатыма қатысты жеке мәселе. Бірақ мен кедей болудан шаршадым, өзім азамат санайтын адамға дауыс беремін».

Тіркеуші кеңсесінде кейінірек түсіндіргендей, олар дауыс беру процесін жүргізбейді, тек сайлаушыларды тіркеумен және бюллетендерді өңдеумен айналысады.

Қазан айының соңына қарай 2,6 миллион тіркелген сайлаушының 1,1 миллионнан астамы ерте дауыс берді. Бұл көрсеткіш сайлау күніне дейін арта түсуі мүмкін деген болжам бар. Өйткені сайлаушылардың 78%-ы бюллетендерін поштамен алды.

Штат заңнамасына сәйкес, сайлаушылар дауыс беруді пошта арқылы жүзеге асыруына болады және шұғыл дауыс беру кезеңінде арнайы сайлау учаскесіне барып та дауыс бере алады.

Нейт Янг Марикопа округінде 2018 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оның айтуынша, жалған ақпарат тарауына байланысты сайлау адал өтетініне көз жеткізу үшін 150-ден астам экскурсия мен брифинг ұйымдастыруға мәжбүр болған.

Сондай-ақ, Марикопа округінің веб-сайтында сайлау учаскелерінен және бюллетень жәшіктері орнатылған орындардан тәулік бойы тікелей эфир ұйымдастырылған.

«Біз әлемдегі көптеген кейсті көріп жатырмыз. Әсіресе дауысты бұрмалау бойынша түйткіл көп. Әрі бұл кандидаттар немесе басқа да жоғары лауазымды тұлғалар тарапынан болып жатыр», — дейді ол.

2020 жылы Дональд Трамптың штабы Аризонадағы сайлау нәтижесіне қарсы сотқа жүгінді. Себебі қазіргі президент Джо Байден оны небәрі 10 мың дауыспен жеңіп кеткен болатын. Алайда кейіннен талап арыз қайтып алынды.

Янгтың айтуынша, 2020 жылдан кейін сайлау процесінің қауіпсіздігін арттыру үшін көп камера орнатылып, киберқауіпсіздік шаралары күшейтілген, уақытша қоршаулар қойылып, сайлау учаскелерінің қызметкерлеріне жеке қауіпсіздік бойынша тренингтер өткізілген.

«Біз халыққа сайлауды өткізетіндер олардың көршісі немесе айналасындағы адамдар екенін көрсетуге тырысамыз. Бұл қатыгез, жансыз механизм емес», — деп түйіндеді Янг.

Республикалықтар ма, демократтар ма?

Аризона ауытқымалы жеті штаттың қатарында болғанымен, мұнда көптен бері республикалықтар атынан шыққан кандидаттар топ жарып келген. Штат тарихында үш демократиялық кандидат қана президент сайлауында топ жарған: 1948 жылы Гарри Трумэн, 1996 жылы Билл Клинтон және 2020 жылы қазіргі президент Джо Байден.

Ал бұл сайлау науқанында штатта тіркелген сайлаушылардың басым көпшілігі республикашылдар (шамамен 35,5%), тіркелген сайлаушылардың 28,6 пайызы демократтар. Әйтсе де, мұндай артықшылықтың өзі 2020 жылғы сайлауда Дональд Трамптың жеңіске жетуіне көмектеспеді. Мұның бір себебі — кейінгі жылдары тәуелсіз сайлаушылардың қатары айтарлықтай өсті: 2024 жылы олардың үлесі 34,3% болды.

«Қазір Аризонаға көшіп жатқан адам көп. Мұның бәрі дауыс беретіндер мен сайлауға баратындарға әсер етеді. Сондықтан қазір дауыс кімнің пайдасына болатынын ешкім сеніммен айта алмайды, тіпті сайлауға бес күн қалса да», — деп түсіндірді Янг.

«Әйелдер Харриске дауып беріп, елді құтқарып қалады»

Күндіз қаладан шеткері орналасқан фермерлер базарының жанында «Аризонада абортқа рұқсат» деген жазуы бар футболка киген әйел тұрды. Ұрандарын көрейін деп маңына кідірген адамдарға тіл қатты.

«Алсаңыз болады!» — дейді «Хәррис-Уолз» деген жазуы бар плакатты меңзеп.

69 жастағы Финикс тұрғыны Робин Уильямс әдетте үгіт-насихатқа қатыспайтынын, бірақ бір жыл бұрын бұл іске кіріскенін және абортқа рұқсат ету құқығы үшін күресе бастағанын айтады.

«Плакаттарды таратып, әлі дауыс бермеген адамдар болса, солармен сөйлесіп, Камалаға дауыс беруге және әйелдердің репродуктив құқығына қатысты 139-ұсынымды қолдауға шақырамыз.

Қазір Аризонада басқа штаттардағы секілді абортқа тыйым бар. Бұл сайлауда штат конституциясына енгізілетін басқа да түзетулермен қатар тұрғындар аборт жасату құқығы мәселесін бекітуі керек. Әйелдердің репродуктив құқығы Камала Харристің кампаниясындағы ең негізгі тақырыптың бірі.

Дональд Трамп ықпалының арқасында АҚШ жоғарғы соты «Роу Уэйдке қарсы» тарихи ісі бойынша шешімді жойып, аборт жасату құқығы тақырыбын штаттар мен конгресстің қарауына қалдырғаны үшін сынға қалды.

«Камалаға дауыс беремін, қолымыздан келеді және әйелдердің репродуктив құқығы Конституцияға кіреді деп үміттенемін», — дейді Уильямс.

Уильямс

Сол мезетте жанымыздан электр велосипедпен өтіп бара жатқан ер адам бір плакатты алып: «Трамп оңбай жеңілсе екен деймін, өзі айтпақшы, “үлкен уақыт” қой. Зорлық көрсетіп, қылмыс жасаған, жалпы істемегені жоқ адамға қалай дауыс беруге болатынын білмеймін. Әйелдер Харриске дауыс беріп, елді құтқарып қалады», — деді.

Басқа сайлаушылар Харристің миграция саясатына да сенеді. Сандра Валенсуэла да, оның күйеуі де вице-президент халықты алшақтатудың орнына біріктіруге ұмтылады деп сенеді.

«Трамп испан тілінде сөйлейтін мигранттар мен шекараға байланысты мәселелерді көтеріп, халықты арандатады. Америка — мигранттар елі, біз-бірімізге қарсы шықпай, керісінше, бірігуіміз керек», — деп санайды Валенсуэла.

Оның пайымынша, Трамп президент болған тұста экономиканың жақсы деңгейде болуы оның еңбегі емес, табысты экономикалық көрсеткішке жеткізген бұрынғы президент Барак Обаманың саясатының арқасы.

«Ол өмірінде бірнеше рет банкроттыққа қатысты арыз жазды, елімізді де соған алып келді. Пандемия кезінде экономиканы құрдымға жіберді», — деп қосты ол.

Өзін Деби деп таныстырған орта жастағы тағы бір әйел «Власть» журналисіне көп уақыттан бері алғаш рет дауыс беруге тіркелгенін, бәрі де Камала Харрис үшін екенін айтты. Әйтпесе, Финиксте тұрып жатқанына 16 жыл болыпты.

«Америкалықтар үшін маңызды мәселе экономика екенін білемін, ол дамып жатыр. Олар ел экономикасына қатысты мәселенің бәрі короновирус кезінде республикалықтардан басталғанын түсінуі керек. Оны жою көп уақыт алады. Сондықтан оған тағы бір мүмкіндік беруіміз керек деп санаймын», — дейді ол.

Латынамерикалықтар қауымдастығы Харристы қолдайды

1 қараша күні кешкісін Финикс штатының шеткері тұсында демократиялық партияның атынан Аризонадағы АҚШ сенатына сайлауға түсіп жатқан Рубен Галлегоны қолдайтын родео-шоу өтті. Іс шараға штаттың испан тілінде сөйлейтін тұрғындары жиналып, латынамерикалық әншілердің музыкасы ойнап тұрды, Харрис пен вице-президент қызметіне кандидат Тим Уолзды қолдайтын үгіт-насихат материалдары таратылды.

Галлего Харристің латынамерикалықтардың сеніміне ие болуына көмектесе алады: ол иммигранттар отбасында дүниеге келген, анасы Колумбиядан, әкесі Мексикадан.

Калифорниялық, шығу тегі мексикалық, америкалық Браво Ледесма родеоға Лос-Анжелестен 60 адамнан тұратын топпен келген. Айтуына қарағанда, демократияшыл кандидаттарды қолдау үшін Аризонаға келіпті.

«Калифорнияда жеңіске жететінімізге сенімдімін, ал бұған дейінгі сайлау циклінде әрең дегенде ұтып едік. Трамптың тағы да жеңіске жетуіне жол бере алмаймыз, өйткені өзі қанша қылмыс жасап алып, мигранттар қауымдастығын сынайтынынан шаршадым. Иммигранттарға шабуыл жасау оңай ғой, қарсы келетіні аз», — дейді Ледесма.

Милли мен Хернандес есімді қыздар мұнда конгрессмен Рубен Галлегоны қолдауға келіпті. Олардың сөзінше, ол қыздардың репродуктив құқығын қорғайды, құндылықтары ортақ. Екі қыз да мерзімінен бұрын Камала Харриске дауыс берген.

«Өз партиясының ғана емес, барша халықтың мүддесін қорғайтын лидерді көргіміз келеді. Камала сондай. Дауыс беру қазіргі саяси кезеңде өте маңызды», — деп түсіндірді Милли.

«Испан тілінде сөйлейтін қауымдастық қуаныш пен бірлікті білдіреді», — деп қосты 31 жастағы Мигель Ортега Ромеро. Мұндай шаралардың кандидаттар үшін маңызы қандай деп сұрағанбыз. Өзі Толлесон-Юнион округіндегі сайлауға қатысады екен.

«Біздің мәдениет отбасына негізделген, мұндағы маңызды нәрсе де осы. Бұл шарада көңіл көтере аламыз, Камала Харрис пен Рубен Галлегоны да қолдай аламыз», — дейді айғайлай сөйлеп.

Кейінірек көрермен өгіз үстіндегі бәйгені бақылады.

Республикашылдар жеңіске жетеріне сенімді

Келесі күні Финикстің арғы жағында Республикалық партиядан түсіп жатқан Дональд Трамптың жергілікті жақтастары іс-шара ұйымдастырды. Олар оны Трамптың танымал ұранына сілтеу жасап, «Бұрғылау үшін тым үлкен» (Too Big to Rig) деп атады.

Республикашылдар шарасына да бұқа мінуді тамашалауға келгендер көп болды.

Мұндағы ахуал фестивальге көбірек ұқсайды: Дональд Трамптың бейнесі және оның әйгілі сөздері бар тауарлар барлық жерде сатылып жатыр. Жанкүйерлеріне футболкалар мен бейсбол қалпақтарынан бастап, жапсырмаларға дейін кең таңдау ұсынылады.

Трамп сияқты сары шаштан парик киіп алған ер адам Аризонаның қалай «құбылмалы» штатқа айналғанын түсінбейді, бірақ ол өз кандидатының жеңіске жеңетініне сенімді.

«Көптеген калифорниялықтың осында көшіп келіп, өзімен бірге жаман саяси көзқарасын ала келуінен құбылмалы штатқа айналдық. Егер Трамп жеңіске жетпесе, бұл таза ұрлық болады. Мен Трамптың орнында болсам, бірінші күннен бастап сотқа берер едім, өйткені оның митингілеріндегі адамдардың саны оның жеңілуге ​​мүмкіндігі жоқ екенін көрсетеді», — дейді Дин Коваль сенімді түрде.

Ол сондай-ақ Трамп президент болып сайланса, Украинада соғыс басталмас еді деген сенімде.

Шараға қатысушы Ракель Сандовал Трамп жеңілсе, жаман ештеңе болмайтынын баса айтады. «Кейбір адамдар MAGA (Make American Great Again) жақтаушыларын ақымақтар деп ойлайды. Біз ондай емеспіз. Біз тек еліміздің жақсы болғанын қалаймыз», — деп қосты ол.

Трамптың аборт мәселесіне қатысты саясатына келетін болсақ, Ракель экс-президент бұл мәселені штаттардың өзіне қалдырғанын, сондықтан оның ұстанымына күмән келтірмеу керегін алға тартады.

67 жастағы ерлі-зайыпты Жиллеттер мұнда консерватив құндылықтарды қолдайтын пікірлестер қатарында болу үшін келіпті.

«Бұл жерде бірлік пен америкалық құндылықты сезінесің, бұл жігерлендіреді», — дейді Дебби Жиллет.

Осы кезде оның күйеуі Линн Жиллет әңгімеге қосылып, әңгіме «дұрыс америкалық құндылықтар» туралы екенін баса айтады.

Ерлі-зайыптылар Аризонаға екі жыл бұрын Калифорниядағы көбіне демократтарды қолдайтын аймақтан көшіп келген. Олардың айтуынша, бұған қылмыстың көптігі түрткі болған.

«Олар 140-шы заң жобасын осында өткізгісі келеді. Бұған жол бермеу керек. Солшыл Аризона Жоғарғы соты жеткілікті қол жинай алмаса да, оны дауыс беруге жіберді. Бұл дұрыс емес», — дейді Линн Жиллет.

Трамптың толып жатқан жақтастары сияқты олар да «заңсыз иммигранттарға» қарсы саясатты қолдайды.

«Олар жүздеген мың мигрантты ешқандай тексерусіз кіргізді. Оларға тіпті COVID вакцинасын алудың қажеті жоқ еді. Бірақ маған келгенде, вакцина салуға мәжбүрледі, әйтпесе жұмысымнан айырылып қалатын едім», — деді Деби Жиллет ашуланып.

Трамптың иммиграцияға қарсы саясатына қоса, оның кейбір жақтастары қару ұстау құқығын сақтау және экономиканы жақсарту да маңызды мәселе екенін айтты.

«Солшылдар Камала Харрис қара нәсілділер қауымына Трампқа қарағанда көбірек жәрдемдесті деп айтады. Бірақ Трамп әкімшілігі кезінде афроамерикалықтар мен басқа да азшылық топтар көбірек табыс тапқанын есте ұстаған жөн», — дейді Музи Ситчела есімді жас жігіт. Оның отбасы Зимбабведен қоныс аударған, бірақ көші-қон «барлық ережеге сай» болған.

«Еуропадағы ешбір елде ашық шекара жоқ, Америка Құрама Штаттарында да ашық болмауы керек. Көшіп келгісі келе ме, тиісті тексеруден өтуі керек», — деді ол.

Рональд Пасси мен Патрисия Ричлинг деген ерлі-зайыптылар геосаяси жағдайға алаңдайды. Олар Трамп мәлімдегеніндей, «24 сағатта» Украинадағы соғысты тоқтатады деп сенеді. Қалайша олай болуы мүмкін деп сұрағанда, «келіссөз арқылы болуы мүмкін» деп жауап берді.

Соңғы апталарда жүргізілген сауалнамаларға сәйкес, Аризона — Трамп аздап басымдық танытқан бірнеше құбылмалы штаттың бірі.

Сауалнама нәтижесі бұрынғыдай қате болып шыға ма, әлде дұрыс бола ма, жақын арада белгілі болады.