Валерий Володин, фотолар авторы Чингиз Гумаров
Қазақстан — 30 жылдан астам уақыттан бері аспабының күйін келтіріп жатқан үлкен оркестр. Алайда бізде әзірге талантты дирижер де, лайықты партитура да жоқ. Кейде бір-біріне жат, кейде жағымсыз естілетін жамыраған дыбыстар ғана бар, бірақ бұның бәрі біздікі екені анық. Ескі күйтабақ сияқты барлығын жинап, біз кімбіз деген сұраққа жауап табуға тырысамыз.
Алайда бұл — жай ғана дыбыстар емес. Бұл хаостан үйлесім табуға деген ұмтылыс. Музыка біздің камертонға айналды. Музыканы тыңдағанда әлемнің, өзіміздің, елдің күйін түсінуге тырысамыз.
Батырхан Шүкенов атындағы қор шығарған «91-23. Тәуелсіз Қазақстанның танымал музыкасы туралы» — тек музыка туралы кітап емес. Бұл ұжымдық естелік, сөзбен жеткізуге болмайтын нәрсені дыбыс арқылы кешуге талпыныс. Музыка деген — камертон, соның көмегімен қазіргі өмірді тексереміз, өткен шақпен салыстырамыз және болашаққа көз тастаймыз.
Кітап музыканың көңіл көтерумен шектеліп қалмайтынын айғақтайды. Музыка — уақыттың мәні. Музыка — уақыт машинасы. Музыканың өзі — уақыт.
«91-23» кітабын оқу күрделі партитураны зердеге тоқығанмен бірдей, әр нота — дауыс, аспап, стиль, қайғы. Авторлар елдің әр түкпірінде пайда болған ұжымдық тәжірибені жүйелеуге және Шымкенттің рэпі немесе Ақтөбенің панк-қозғалысы секілді өңірдің ерекшеліктеріне құрметі байқалатын нақышты хикаяға айналдыруға тырысқан.
Кітап нотация оқымаса да, ішкі дүниеге қатынасын сақтап қалады: оның парақтары оқырманды бәрінің бастауында тұрған және трансформацияға өз көзімен куә болған адамдармен бірге Қазақстанның музыкалық маршрутымен жүріп өтуге шақырады.
Кітаптың басты құндылығы — ұйымдаса және ұжымдаса жазылуы. Қазақстанның бүкіл музыкалық журналистикасы екені өз алдына, Әділ Айжарық пен Александр Медведев түрлі талғам мен ұрпақтың өкілі бола тұра, мәтінді терең де жеке, дәл аналитикалық байламдарымен байытады. Олардың мәтіні — уақыт рухының айғағы ғана емес, өзі зерттейтін мәдени феноменге танытқан сүйіспеншілігі.
Музыка кітапта азаттықтың метафорасына айналады. Совет стандартынан босап, тәуелсіздік полифониясына бет бұру: Қазақстанның поп-мәдениеті жаһандану ағынынан өз үнін іздейді, оны көшенің рэп поэзиясынан, инди-сахнаның тыныштығынан және ұлттық фестивальдердің ауқымынан табады. Бұл шығармашылық арқылы отарсыздану, музыкалық, мәдени және әлеуметтік тілін жасау үшін дайын шаблондардан бас тарту. Кітаптан қыжыл лебі де сезіледі. Өзімізді аз білетінімізге, өзіміздің мәдени жетістіктерімізге енжар қарайтынымызға деген қыжыл.
Авторлар Қазақстан жаһан мен жергілікті әлем арасында өзінің бірегей мәдени кодын қалай құрып жатқаны жайында толғануға шақырады. Рок топтар, рэп орындаушылар, той әртістері мен тәуелсіз музыканттардың бәрі біз кімбіз деген әңгіменің бір бөлшегіне айналады.
Тек қарым-қатынас құралы ретінде емес, бір нәрсені жеткізу құралы ретінде де тіл мәселесіне ерекше екпін беріледі. Кітапта қос тіл туралы айтылады: қазақ және орыс тілдері бір тарихтың екі қабаты секілді қатар жасап келе жатыр. Тілді таңдау болмыс мәселесі әрі тарихпен диалог та бола алатын елдің қазіргі өмірге қатысты рефлексиясы деуге болады.
Кітаптың басты лейтмотиві — «Біз кімбіз?» деген сұраққа жауап іздеу. Қазақстан немесе қазақ халқы, ұлт, жекелеген туындыгерлер — бәрі музыка арқылы әлемдегі өз орнын анықтауға ұмтылады. Кітап түбегейлі жауап ұсынбайды, бірақ диалогқа жол ашады. Бұл жай ғана мұрағат емес, жаңа ұрпақты өз мұрасын зерделеуге ынталандыратын қабілеті бар естеліктер мен рефлексияның тірі көзі.
Материалдық емес мұраны сақтауды көздейтін Батырхан Шүкенов атындағы қор болашақ ұрпақ үшін баға жетпес дүниені өмірге әкеліп, әр нотада, әр аккордта ешқашан қайталанбайтын уақыт ізі болатынын еске салады.
Қазақстан басқаша емес, неге дәл осылай үн қатады деп ойланып көрген болсаңыз, осы кітапты оқыңыз. Бірақ ол сізге жауап бермейтініне дайын болыңыз. Бұл кітап сұрақтарды одан бетер көбейтеді.
Поддержите журналистику, которой доверяют.