Былтырғы су тасқынынан 20 мыңға жуық ғимаратқа зақым келіп, оның 8578-і қалыпқа келтіруге жарамсыз деп танылып, мыңдаған адам шұғыл эвакуация бекетіне баруына тура келді. Көп өңірге «тосыннан» келіп қалған тасқын суды үкімет «ел тарихындағы ең ірі су тасқыны» деп атады.
Тасқын биыл да қайталануы мүмкін екенін үкімет ертерек айта бастап, өңірлік билік өкілдерінен су басуға дайындығы туралы есеп сұрата бастады.
«Власть» өңірлерде ықтимал су тасқынына жергілікті биліктің қалай дайындалып жатқаны туралы баяндайды.
СҚО-дағы «Бейбіт көктем»
Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің дерегі бойынша, Петропавлда 2191 үй, Қызылжар ауданында 1546 үй мен 75 саяжай суға кеткен. Үйлерді жөндеу мен қалыпқа келтіруге 1899 отбасына 110,1 миллиард теңге, тағы 1394 отбасына үйге 264,4 миллиард теңге берілді. 3080 отбасына материалдық залалды өтеуге шамамен 13,2 миллиард теңге көлемінде өтемақы төленді.
Әкімдіктегілер су тасқынының зардаптарымен күресуге қанша ақша бөлінгенін және оның қайдан түскенін айтқан жоқ. Бұған кеткен қаржының жалпы көлемі мен ақшаның қайдан келгені әлі белгісіз. СҚО ғана емес, барлық өңірдегі қаржыландыру мәселесі осылай жүзеге асты. Алайда СҚО әкімдігі 2025 жылғы тасқын маусымына қалай дайындалғаны туралы егжей-тегжелі есеп берді. Мысалы, «Демеу» корпоративтік қоры бөлген 4,8 миллиард теңгеге және жергілікті бюджеттен 627,6 миллион теңгеге Петропавлда сегіз қорғаныс бөгетін қалпына келтіріп жатыр.
«Төрт бөгет қалыпқа келтірілді (Тепличное, Прибрежное, Бескөл және Заречный ауылдарында – В.), төрт бөгет бойынша әлі жұмыс жүріп жатыр», – делінген «Власть» сауалына берілген жауапта.
Бұған қоса Есіл өзені маңында жағалаудың қорғанысын күшейту жұмысы аяқталған. Әкімдік сонымен қатар өңірде 109 іс-шараны қамтитын су тасқынына дайындық жоспары әзірленгенін хабарлады. Оның нешеуі жүзеге асқанын айтпаса да, бұл «амалдар 60 елді мекендегі су тасқыны қаупін төмендетті» деді.
Су тасқынына облыс 1211 техника, 249 эвакуация бекеті, 101 жүзу құрылғысы, 27,8 тонна инерттік материал, 51 мың қап пен 130,5 тонна жанар-жағармай жинап қойған.
Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар қазірдің өзінде 100,3% толып тұрған Сергеевское су қоймасына мониторинг жүргізіп, «Tasqyn» су тасқынын модельдеу және болжау жүйесінен де ақпарат алып отыр.
«Қазгидромет» РМК мәліметі бойынша, көктем кезінде ауа температурасы көтеріліп, жауын-шашын көп түседі. «Бейбіт көктем» келуі мүмкін (тез шығатын көктем – В.). Облыс аумағында циклондардың жиі өтуіне байланысты наурыз айында аралас сипатта жауын-шашын болады деген болжам бар», – деп қорытындылады Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі.
Оралдағы «тосын сый»
Батыс Қазақстан облысында 2024 жылғы көктемде екі мыңға жуық тұрғын үй мен 15 мың саяжай су астында қалды. Су тасқынының салдарын жоюға бюджеттен 28,3 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражат жолдарды жөндеуге, залалдың орнын толтыруға, бөгеттерді, жағалауларды, электр және газ желілерін, әлеуметтік нысандарды қалпына келтіруге жұмсалды. Бюджеттен тыс қорлар мен демеушілер 84 млрд теңге бөлді, оған 889 үй салынып, тағы 2162 үй сатып алынды.
Биылғы су тасқынына дайындық мақсатында әкімдік «Демеу» қоры есебінен 1,6 млрд сомаға 87 іс-шара, сонымен қатар 2,9 млрд теңгеге 18 жұмыс атқарды.
Басқа өңірлердегідей мұнда да бөгеттер, су бұру арналары, суару арықтары салынып, қар шығарылып, мұз жару жұмыстары жоспарланып жатыр.
«Халықты эвакуациялау қажет болса, 32 мың орындық 317 уақытша орналастыру бекеті дайындалды. Жануарларды эвакуациялауға арналған 195 орын бар. «Кәсіпкерлермен барлығы 254 амал бойынша келісімге қол қойылды, оның ішінде: 195-і азық-түлікпен қамтамасыз ету, 21-і зардап шеккендерді орналастыру және күш пен құралдарды жұмылдыру, 38-і киім-кешекпен қамтамасыз ету», – деп толықтырды әкімдік.
Қазгидрометтің соңғы мәліметіне сәйкес, Батыс Қазақстандағы шағын өзендердегі су деңгейі қауіпті деңгейден төмен болады деп болжанып отыр. Ресейлік мамандардың болжамы бойынша, Жайық өзеніндегі Иректі су қоймасы 72,7% толған. Қазақстан аумағына су кірген кезде өзендегі су деңгейі Оралдың өзінде шамамен 550–650 сантиметр болады.
Сонымен бірге, қазіргі уақытта Жайық, Шаған және Дерқұл өзендерінде су тасқыны қаупін ерте анықтаудың үш автоматтандырылған жүйесін орнату жұмысы жүргізіліп жатыр.
Әкімдік ауа райының ықтимал күрт өзгеруін ескере отырып, су тасқынына қарсы жедел штаб ұйымдастырылып, барлық қорғаныс бөгетінде арнайы техника кезекшілік етіп жатқанын ескертті.
«Облыстың солтүстік, шығыс және орталық бөлігінде топырақ бетінде қалыңдығы 20 миллиметрге жететін мұз қыртысы байқалады. Температураның күрт көтерілуі және қатты жаңбыр кезінде пайда болған мұз қыртысы еріген жаңбыр суынан тасқынға әкелуі мүмкін. Басты артериямыздың түрлі қиындық тудыратынын ұмытпауымыз керек, сондықтан су тасқынына қарсы профилактика және қорғаныс шараларын жалғастыруымыз керек», – деп түйіндеді облыс әкімдігі.
Ақтөбе облысында «су тасқыны климаттық нормаға сай»
Былтырғы су тасқыны кезінде Ақтөбе облысында 4087 үй зардап шекті, оның 1013-і қауіпті деп танылды, өтемақы ретінде Ойыл, Қобда, Ырғыз, Әйтеке би, Темір және Мұғалжар аудандарындағы зардап шеккен халыққа 513 үй салынды. Үйлер ERG, Болат Өтемұратов қоры және BI Group сияқты ірі бизнес өкілдерінің қаражатына салынды, оған жалпы сомасы 15 миллиард теңге кетті.
Облыста су тасқыны кезінде 11 599 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Облыс әкімдігі тұрғындардың барлығы үйіне оралды деп сендірді.
Қызметтік міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін Ақтөбе облысының табиғи ресурстар және реттеу басқармасының басшысына, Ырғыз және Ойыл аудандарының әкімдеріне сөгіс жарияланды.
Сонымен қатар «Тұлпар ТК» ЖШС басшысы, Мағажан су қоймасының меңгерушісі Мықтыбек Исмағамбетовке «міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін» 2 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Былтыр дәл Мағажан су қоймасында бөгет жарылып, Ақтөбе облысындағы бірнеше ауылды су басқан еді. Сот Исмағамбетовтің «коммерциялық мүддесіне» байланысты суды дер кезінде ағызбағанын анықтады.
2024 жылы «Тұлпар» ТК-ның 10 жыл сенімгерлік басқаруынан кейін, су қоймасы мемлекет меншігіне қайтарылды.
Көктемгі су тасқыны салдарынан келтірілген залалды жоюға 30,1 миллиард теңге бөлінді, оның 11,1 миллиарды үкімет резервінен алынды. Ақша мал шығынына, шағын және орта бизнес пен тұрғындардың шығынын өтеуге, сонымен қатар көлік және әлеуметтік инфрақұрылымды қалпына келтіруге жұмсалды.
2024 жылғы су тасқынынан кейін әкімдік қорғаныс бөгеттерін қалпына келтіру және нығайту жұмыстарын жүргізді. Әкімдіктің мәліметі бойынша, «көптеген учаскеде жұмыс толығымен аяқталды, біразында әлі жалғасып жатыр».
«Темір, Қобда, Ойыл, Ырғыз, Мәртөк және Алға аудандарындағы негізгі гидротехникалық құрылыстарда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, оның ішінде жағалауды бекіту және жеке бөгеттерді қалпына келтіру жұмыстары аяқталды», – деді олар «Власть» басылымының сауалына берген жауабында.
Жедел ақпарат алу үшін су басу қаупі бар аймақтарда да жеті гидробекет іске қосылды.
Биылғы жылға арналған болжамға келетін болсақ, әкімдік «Қазгидромет» РМК мәліметтеріне сілтеме жасай отырып, «қар қатты ерісе, көктемгі ағын су пайда болып, әсіресе, топырақ қатып, қар жамылғысы жиналуы мүмкін» деп хабарлайды. Осыған байланысты кейбір өзендердегі су деңгейі қауіпті деңгейге жақындауы мүмкін.
«Елек, Темір, Ойыл, Ырғыз, Ембі сияқты ірі өзендер ағатын су басу қаупі бар аймақтарға ерекше назар аударылады. «Қазгидромет» мамандары мониторингті жалғастырып, дер кезінде жауап беру үшін жергілікті атқарушы органдарға жедел ақпарат беріп отыр. Жалпы облыста көктемгі су тасқыны климаттық нормада болады деген болжам бар», – деп хабарлады әкімдік.
Қосымша гидробекеттер
Ақмола облысында 221 үй сатып алынып, су тасқынынан зардап шеккен 330 отбасына тұрғын үйлер салынды. Сонымен қатар Атбасарда көпқабатты тұрғын үй құрылысы аяқталып, су тасқыны қаупі бар аймақтарда тұратын 70 отбасы қоныстандырылды. Әкімдік бөлінген қаржы туралы есеп бермеді, тек «құрылысқа, зардап шеккендерге пәтер сатып алуға және инфрақұрылымды қалпына келтіруге жұмсалған шығын негізінен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында өтелгенін» атап өтті.
Су тасқынына дайындық мәселесіне келсек, су басу қаупі бар 175 елді мекенде іс-шаралар жүргізілген. Сонымен қатар Есіл, Қалқұтан және Аршалы өзендерінің су деңгейін бақылау үшін қосымша гидробекеттер құрылып, Бұланды, Жарқайың және Есіл аудандарында маусымдық бекеттер ашылған.
«Целиноград ауданындағы Талапкер және Қоянды ауылдарында жалпы ұзындығы 8 шақырым болатын айналма канал жүргізілді. Қылшақты өзені алабында (Көкшетау қ.) тереңдету жұмыстары жүргізілді. Жабай өзенінің Атбасар қаласы шекарасындағы учаске құм шөгінділері мен өсімдіктерден тазартылды. Дәл осындай жұмыстар елорданың түкпір-түкпірінде жүргізілді», – деп хабарлады әкімдік. Хабарламаға сәйкес, атқарылған жұмыстың жалпы ұзындығы – 15 шақырым.
Сонымен қатар Жабай мен Қалқұтан өзендерінің үш гидротехникалық құрылысын жөндеу, құрылыс жұмыстарын және өзен түбін тазарту және жағалауды нығайту жұмыстары аяқталуға таяған.
Биыл тыңғылықты дайындалдық
Төтенше жағдайлар министрлігі «Қазгидромет» РМК-дан алған кейінгі болжамына сәйкес, су тасқыны қаупі жоғары аймақтарға Шығыс Қазақстан, Абай, Қарағанды, Ұлытау, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай және Ақтөбе облыстары жатады. Қауіп деңгейі орташа аймақтар тізімінде Алматы, Жетісу, Жамбыл, Батыс Қазақстан және Атырау бар.
Төтенше жағдайлар министрлігі су басу қаупі бар 1223 елді мекенді, «Tasqyn» жүйесі бойынша 172 елді мекенді анықтады.
«Бұл 172 елді мекен жоғарғы мән бойынша жоғары және орташа қауіп дәрежесіне жатқызылған, яғни бұл сандар абсолютті және растауға болатын факті емес. Бұл – (оқиға қалай өрбуі мүмкін екені туралы – В) бір нұсқа ғана. Сонымен қатар осы кезеңде жауын-шашын болуы мүмкін екенін ескеру қажет. Олардың көлемі де болжамға әсер етеді және жоғарғы мәнге жетуі мүмкін», – деп түсіндірді ТЖМ ескерту комитетінің төрағасы Серік Жүнісбеков.
Сонымен қатар, төтенше жағдайлар министрлігі «Қазгидромет» ұсынған орташа және ең төменгі мәндер негізінде жеке қауіп картасын әзірлейді.
Министрлік 2025 жылғы су тасқынына дайындық бойынша 1278 іс-шара жүзеге асырылғанын хабарлады. Атап айтқанда, 590 шақырымға жуық қорғаныс бөгеті мен жағалау салынды, кейбірі жөнделді, нығайтылды, 164 шақырым су бұру жүйесі жөнделді және салынды, автомобиль және темір жол астындағы 960 су өткізгіш құрылыс орнатылды және ауыстырылды, 658 шақырымға жуық канал мен арық салынды. Өзен учаскелерінде 360 шақырымдық жағалауды қорғау және тереңдету жұмыстары жүргізіліп, 190 шақырымы тазартылды.
«Менің жауаптарыма сүйене отырып, қорытынды жасайтын болсақ, биыл біз айтарлықтай жүйелі жұмыс атқардық, өткен жылдардағы мәліметтерді жаңартып, «Қазгидрометтің» болжамдарын алып, биылғы жылға болжам жасауға тырыстық. Соған сай өздеріңіз түйін жасағандарыңыз жөн», – деп атап өтті комитет төрағасы.
Жүнісбеков биыл мемлекеттік органдар былтырға қарағанда су тасқынына жүйелі және тыңғылықты дайындалғанын да айтты.
***
Бұл мақаланың тіпнұсқасы жарияланған уақытта Атырау облысы «Власть» жолдаған сауалға жауап берген жоқ. Бұған дейін жергілікті әкімдіктің баспасөз қызметі «қазіргі жағдай былтырғы сценарий бойынша қайталанып жатыр» деп хабарлаған еді.
«Осыған байланысты бұрын салынған бөгеттерді жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр және оған қажет қаражат бөлінді», – деді облыс әкімі Серік Шәпкенов.
Былтыр су басқан Құлсары қаласы қарайтын Жылыой ауданында Жем өзенінің түбі мен Құрсай каналын тереңдету жұмысы жүргізіліп жатыр – қазіргі уақытта 95 шақырымның 80,3 шақырымы аяқталып, жоспарланған 61 шақырымның 29 шақырымына бөгет салынды. Қызылқоға, Индер және Махамбет аудандарында бөгеттерді нығайту жұмысы жалғасып жатыр.
Каспий теңізіне құятын Жайық өзенінің сағасы да тереңдетіліп, Құрманғазы ауданындағы Қиғаш өзені тазартылып жатыр.
Поддержите журналистику, которой доверяют.