Қазақ киносының тарихындағы ең үздік туындының бірі — Абдолла Қарсақбаевтың «Менің атым Қожа» фильмінің ремейкі прокатқа шықты. «Қожа: Жаңа саяхат» картинасын көрген киносыншы Ғалия Байжанова фильмді түсірушілерді де сценарий жазу мен режиссерлік өнерді үйрену үшін саяхатқа жіберу керек дейді.
Алтын қорға енген фильмдерге ремейк түсіру — жақсы атақ әпермейтін әрі қауіпті іс, бірақ біздің кинематограф бұдан сабақ алып жүрген жоқ. Былтыр күзде «Еуразия» кинофестивалінде Шәкен Аймановтың әйгілі «Біздің сүйікті дәрігер» музыкалық фильмінің заманауи нұсқасы — Равиль Трумовтың «Бізге дәрігер керек» мюзиклі көрсетілді. Ол тым нашар болып шықты, ал Қуат Ибрагимовтың «Қожа: Жаңа саяхатының» деңгейі тәуірлеу деуге болады. Фильмді көрген кезде түсірушілерді сөге жамандамайсың, әйтсе де бұның бәрі не үшін қажет болды деген сұрақ туады.
Ремейк деуге де аузың бармайды, бұл — шедевр деуге болатын советтік түпнұсқаның өте тартымсыз нұсқасы. Қожаның басынан кешкен оқиғалары үлкен экранға шыққанына 60 жылдан астам уақыт өтті (Қарсақбаевтың картинасы 1963 жылы шықты), алайда жаңа нұсқа авторлары бұдан хабарсыз секілді көрінеді. Олар үшін уақыт тұрып қалғандай. Жаңа жұмыста сол заманды 2025 жыл тұрғысынан жаңаша көрсетудің және пайымдаудың жоқтығы былай тұрсын, онда бірде-бір жаңа ой айтылмайды.
Бәрі білетін сюжет сол күйінде берілген десе де болады, тек осы жолы актерлер жаңа, алайда бұның бәрі оғаш көрінетіні сонша, классика үшін де, жалпы біздің кинематограф үшін де жаның ауырады. 60-жылдардан бері біздің кинода еш ілгерілеу болмағандай, керісінше жыл сайын өз деңгейінен кері кеткендей күй кешесің. Тек отандық музыкада ғана өзгеріс болғандай, себебі түбінде фильмде қолданылған Ғалымжан Молданазардың әндері ғана мақтауға тұрарлық болып шыққан. Енді толығырақ талдайық.
«Қожа: Жаңа саяхат» не жайында?
«Менің атым Қожа» картинасы жақсы адам болғысы келетін ақылды тентек Қожаберген Қадыров туралы. Ол анасы мен мұғалімдерін ренжітіп ала береді, түзелем деген әрекетінен түк шықпайды — әр қылығының соңы бұзықтыққа ұрындырады. Ал негізі ол жаман бала емес: көңілді, мейірімді және түзелуді армандайды.
«Қожа: Жаңа саяхат» баланың (Айқын Елубай) есею кезеңін көрсетеді. Сыныптасы Жантас (Ильяр Егінбай) комсомолға өтеді. Ал Қожаға комсомолға жол жабық — ол бұрынғыдай келеңсіз жағдайларға тап болып, қылығы үшін бүкіл мектеп алдында қызарып тұруға мәжбүр. Қожа сыныптасы Жанарға (Айым Күлмесхан) ғашық және әлі де анасын (Гүлшарат Жұбаева) бөтен еркектен қызғанады.
Бір қызығы, 1963 жылғы оқиғадан бері кем дегенде 8 жыл өтуге тиіс болса да, түпнұсқа фильмде шопанның дүниесін ұрлаған «досы» Сұлтан мүлдем өспеген, оның жас жігітке айналуы заңдылық болуы керек еді. 1963 жылғы фильмнен кейін жасы өзгермеген Сұлтан (Олжас Қалғаппар) қазір орманда тұрып жатыр. Колхоздың қойын жоғалтып, соның кесірінен үйінен қуылған, күркеде түнеп, аң аулап күнелтеді. Қожа оның жағдайын білмекке барғанда ой-толғамын түртіп жүретін қойындәптерін жоғалтып алады. Қожаның саяхаты ұзақ болмаса да, мектеп жиналысында бәрібір сөз естиді. Бірақ талантты жазушы, ақылды бала екені белгілі болған соң жазаланбайды.
Әйгілі брендтің есебінен атақ жинағысы келген фильмнің зеріктіріп жіберетіні сонша, көріп отырып киноға қатысы жоқ нәрселерді ойлап кетесің. Мүлдем басқа ой мазалай бастайды, мысалы, бізде кешірім сұрау «мәдениеті» қалай пайда болғаны туралы ойға батасың. Кез келген нәрсені жасап, айтып алып, сосын тікелей эфирге шығып: «Құрметті қазақстандықтар, кешіріңіздер, ондай ойым болған жоқ, солай болып қалды» десең, жазадан құтылуға болады. Көпшілік алдында тәубеге келу қашан басталды? Кинодан басталған жоқ па?
Тағы бір жайт — фильм авторлары совет өмірін беруге барын салады, бірақ мұнысы тым заманауи болып кетіпті. Мысалы, комсомолға жаңа қабылданған Жантасты мектебі салтанатты түрде қарсы алады — арнайы қызыл кілем төселген, сырнайлатып-кернейлетіп, қошеметпен қабылдайды. Шынын айтқанда, осы жері жергілікті билік қазақтың жас шенеунігін қарсы алғанына көбірек келіңкірейді.
Демек, қай заманға еліктесек те, өзіміздің шынайы болмысымыз ашылып қалады.
Совет тұрмысын романтизациялаудың, нафталин мүңкіген шкафтан КСРО дәуірінің киносын шығарып алып, оны қайталауға тырысудың қажеті қанша? Сағыныштың соншалықты күшті болғаны ма? Әйтсе де, бұл жерде советшілдік тек декорациядан байқалады — қызыл жалау, галстук, төсбелгі мен әженің самаурыны. Болды. Танымал совет киносының деңгейі керемет еді, идеология машинасының жұмысы толассыз жұмыс істеп тұруының өзі кинематографтарға жақсы сценарий жазуға, кейін сөздері ел аузында қалатындай фильм түсіруге кедергі болған жоқ. Ондай дүние қазіргі кино түсірушілердің қолынан келе бермейді. Тіпті қайталай да алмағанын көріп тұрмыз.
Әлсіз сценарий мен сендіре алмайтын режиссура
Сөзіміз дәлелсіз болмасын, материалды сәл талдайық. Фильм кішкентай Қожаның майданға аттанған әкесі көрсетілетін сахнадан басталады, ол естелік кадрлар арқылы және картинаның соңында көрсетіледі. Егер авторлар әкесіз өсудің қиындығын көрген бала туралы фильм түсіргісі келген болса, өмірден мезгілсіз өткен ата-анаға сағыныш туралы фильм түсіруге тырысқан болса, онда бұл ой іске асқан жоқ. Қожа мен әкесінің ортақ сахнасы екеу ғана, оның өзі өткінші көрініс. Қожаның әкесін талантты актер Еркебұлан Дайыров ойнайды. Оның «Қожа: Жаңа саяхат» фильміндегі рөлі қазіргі және болашақ фильмографиясындағы ең қысқа рөл деуге болатын шығар. Оны кадрда екі минутқа көрсету үшін шақыру, оған дұрыс рөл беруге тырыспау біртүрлі көрінеді. Оның үстіне фильмді түсірушілер шын Қожаны ойнаған актер, сценарист Нұрлан Сегізбаевты (немесе Нұрлан Санжар) да қатыстырған. Бұл сәт «жазушының балалық шағын еске алғанын» көрсету үшін жасалған.
Түпнұсқа кинодан авторлар кейіпкерлердің функционалын ғана алып, олардың бейнесін ашуға тырыспайды. Жаңа фильмде Қожа жазушы болуды армандайды, алайда сценаристер жазушылығын тек әңгімелер жазылған қойындәптер арқылы көрсетумен шектелген. Кинода оның талантын көрсететін, көрерменге алдымызда аңғарымпаз, адам психологиясының білгірі тұрғанын дәлелдейтін бірде-бір сахна жоқ десе де болады. Қарсақбаевтың жұмысы баланың жазушы болуға деген талпынысына арналмаған, соның өзінде кейіпкердің осы қырына көбірек көңіл бөлінеді. Ең болмағанда баланың шығармасынан үзінді келтірілген ғой. Ал мына жерде қылмыс орнында жоғалған дәптерден бір рет үзінді оқылады және екі рет — фильмнің басы мен соңында қарапайым ой айтылады. Жазушылық қыры осымен шектеледі.
Қожа қиялдағанды ұнататынын бәріміз білеміз, өзін біресе сапардан оралып, сүйген қызы Жанарға үйленіп жатқан ғарышкер деп, біресе оның өліміне қайғырып, бәрі кешірім сұрап жатыр деп елестетеді. Осы тәсілді әрі қарай өрбітуге болар еді, бірақ жаңа картинаның сценаристері аз көрініспен шектеліпті — бір сахнада ол жазушы болып, бәріне қолтаңба беріп жатады (тым қарабайыр), екіншісінде фрак киген Жантас оны қарумен атып өлтіреді. Бұл Пушкин заманындағы дуэль туралы орыстың бюджеті аз реконструкция сериалына ұқсап кетіпті.
Қарсақбаев фильміндегі ауыл өмірін, кемпірқосақты тамашалаған, көлден балық аулаған, бұзау мен ит қуалаған, мұғалімнің сөмкесіне бақа салған өзінің балалық шағын еске алатындай көріністі еш сахнадан көре алмадық. Нәтижесінде кездейсоқ нәрселер есте қалады — мектеп ауласындағы самаурын қайнатқан қария, өртеніп кеткен мотоцикл мен әндер: екеуін Ғалымжан Молданазар орындайды, ал біреуі «Дос-Мұқасан» орындайтын «Той жыры».
«Қожа: Жаңа саяхат» Қожаның есеюіне арналған фильм болып шығуға тиіс еді, алайда мың рет қайталанған ойды тағы бір рет еске салады. Егер айтар ойың болмаса, классикаға тиіспеген дұрыс.
Поддержите журналистику, которой доверяют.