Бүгін «Власть» басылымына он үш жыл толып отыр және бұл сіздерге алғыс айтуға жақсы себеп. 13 жыл бұрын бұл басылымды шығарарда оңай болмайтынын білсек те, ара-тұра мұншалық қиын болады деп күткен жоқпыз.
13 жыл ішінде Қазақстанда да, әлемде де түрлі оқиғаның көп болғаны сонша, қайсын ең негізгі оқиға деп атарыңды білмейсің. Бірақ бір анығы – бұл уақыт аралығында бәріміз қатты өзгердік. Ауыр күйзелісті де, үлкен үміт күткен кездерді де бастан кештік.
Кей үмітіміз ақталмаса да, оптимизмді сақтап қалдық. Негізі оптимист болып қалу және өзіңе де, өзгеге де сену оңай емес. Көп жағдайда бұл қолымыздан келгені одан да құндырақ.
Кейінгі жылдары жоғары лауазымды шенеуніктер «журналистер мемлекетшіл болуы керек» деуді жалықпай қайталаумен келеді. Осыдан 13 жыл бұрын қалай ойласақ, қазір де журналистиканың миссиясы мемлекеттік саясатты насихаттаумен айналысу емес деп сенеміз. Журналистер қырағы болып, қолында билігі барларға кемшілігі мен қателігін көрсетіп, оларға сұрақ қоюға, шенеуніктердің іс-әрекетін тексеруге мүмкіндігі болуы керек деп есептейміз.
Патриот дегеніміз – парламент мінберінен 24 жарым минут сөз сөйлегенде президенттің есімін 48 рет атайтын адамдар ғана емес. Патриот – елінің жақсарғанын қалайтын, ел дамуына кедергі келтіретін бос уәделер мен шешімдер үшін үкіметті ашық сынауға дайын адам.
13 жыл бұрын елдегі терең саяси тоқырау кезеңінде, Жаңаөзен оқиғасынан кейін небәрі үш айдан кейін басылымды ашқанда осы ойға сенген едік. Бұған қазір де сенеміз, одан бері көп нәрсе болды, бірақ өзгерген дүние соншалық көп емес.
Біз бұл қолымыздан келетініне үміт артуды тоқтатпадық. Біріншіден, бәрі оқырманның арқасы. Кейбіріңіз осы жылдар бойы бізбен бірге келе жатырсыздар, енді біріңіз бізді тек әлеуметтік желіде оқисыздар немесе ара-тұра сайтқа кіріп тұрасыздар. Ал біз негізгі құндылығымыз – оқырманымыз екенін әрқашан есте ұстап келеміз.
Бұл құттықтау сіздерге арналады. Бізді қолдап келе жатқандарға, әлі де қолдап отырғандарға алғысымыз шексіз. Қолдауды сөзбен де, бір реттік немесе тұрақты донат жасау арқылы да білдіре аласыздар. Бұл шынымен көмектеседі және 13 жыл бойы бізге шабыт беріп келеді.
Сіздерге рахмет!
Өздеріңіздің «Власть»
Поддержите журналистику, которой доверяют.