5390
7 марта 2022

Алматыда өткен Украинаны қолдау митингі. Украинадағы соғыс. “Нұр Отанның” жаңа атауы

Өткен аптадағы маңызды жаңалықтарға шолу

Алматыда өткен Украинаны қолдау митингі. Украинадағы соғыс. “Нұр Отанның” жаңа атауы

Ресейдің Украинаға соғыс ашқанына он екі күн болды. Түрлі халықаралық ұйымдар мен компаниялар Ресейде жұмысын шектеп, Путиннен соғысты тоқтатуын талап еткенімен, екі ел арасындағы қақтығыс әлі де жалғасуда. Қазақстан билігі бұл жағдайға қатысты бейтарап ұстанымда екенін жеткізіп, елдегі жаңа тағайындаулармен айналысып жатыр. Ал жексенбі күні мыңдаған қазақстандық Украинаны қолдап бейбіт митингіге шықты. Осы жайлы толығырақ Vласть апта шолуында.

Алматыдағы Украинаны қолдау митингі

Алматыда 6 наурыз күні “Сарыарқа” кинотеатрының артындағы саябақта Украинаны қолдау митингі өтті. Әкімдік өткізуге рұқсат берген бұл шараға жиналғандар саны 3 мыңнан 5 мыңға дейін жетті. Олар Ресей президенті Путиннен соғысты тоқтатуды талап етіп, Украинаға қолдау білдіретінін жеткізді.

Митингіге жиналғандар қолына плакат, Украина мемлекеттік туын, көк және сары түсті шарлар ұстап келді. Митинг Қазақстан мен Украинаның әнұранын орындаумен басталды. Кейін ұйымдастырушылар мен жиналғандар кезекпен сөз сөйледі. Халық көбіне “Соғысқа жол жоқ”, “Украинаға мадақ – батырларға мадақ”, “Путин, әскеріңді алып кет!” деп ұрандатты.

Бір сағаттан кейін шараның ресми бөлігі аяқталып, саяси белсенді Әлнұр Ильяшев митинг қарарын оқыды. Одан кейін украин тілінде Океан Ельзи тобының “Обійми” әні орындалып, азаматтар кезекпен ортаға шығып, өз ойын білдіріп жатты. Полиция шараны сырттан бақылап тұрды. Олардың саны әдеттегіден аз болды. Сонымен қатар, митинг кезінде интернет өшірілген жоқ.

Митинг сағат 14:00-де аяқталуға тиіс еді, бірақ ұйымдастырушылар тағы бір сағатқа созатынын хабарлады. Олардың айтуынша, көбі әлі сөз сөйлеп үлгермеді. Осы хабарландырудан кейін ұйымдастырушылар электр энергиясының өшірілгенін айтты. Біраз уақыттан кейін жиналғандар тарқай бастады. Олар соғысты тоқтатуды талап еткен жазуы бар плакаттарын кинотеатр маңындағы ғимараттың жанына тізіп қойды.

24 ақпанда Ресей Украина аумағына басып кіргеннен бері Алматыда бірнеше күн бойы белсенділер Ресей консулдығы алдында, содан кейін Тарас Шевченконың ескерткіші жанында жиналған болатын. Олардың кейбірін полиция ұстап, кейін босатты. Жексенбі күні өткен акция – Украинадағы соғысқа қарсы алғашқы ресми келісілген митинг.

Украинадағы соғыс туралы соңғы деректер

Өткен аптада Ресей мен Украина өкілдерінің арасында екі рет келіссөз өтті, алайда жоғары нәтиже бере қоймады. Екі ел арасындағы келіссөздің үшінші раунды 7 наурыз күні өтеді деп жоспарланған. Екінші келіссөз нәтижесінде екі ел бейбіт тұрғындарға гуманитарлық дәліз ұйымдастыруға келіскен. Соған байланысты 5 наурыз күні Украинаның оңтүстік-шығысында, Мариуполь мен Волновахта, Мәскеу уақытымен таңғы сағат 10-нан бастап "үнсіздік режимі" жарияланды. Ресей қорғаныс министрлігі украиндармен келісім бойынша осы уақытта қоршауға алынған қалалардың бейбіт тұрғындарының шығуы үшін гуманитарлық дәліз ашылады деп мәлімдеді. БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссар басқармасының 4 наурыздағы мәліметінше, 24 наурыздан бері 1,2 миллионнан астам адам Украинадан босып кеткен.

Ресейдің агрессиясына қарсы шыққан түрлі компаниялар бұл елде өнімін тұтынуға жаппай шектеу қоюын жалғастыруда. Өткен аптада Ресейде жұмысын шектеген әлемдік компанияларды атап өтсек: Netflix, Ikea, Dior, Visa, Mastercard, Adobe, Walt Disney Company, Hermes, Prada және басқалары.

Мұнымен қатар, Роскомнадзор (Ресейдің байланыс, ақпараттық технологиялар және бұқаралық коммуникациялар саласын қадағалау жөніндегі федералдық қызметі – V) Ресей аумағында Facebook әлеуметтік желісін бұғаттау туралы шешім қабылдады. Ресей билігі мұны ресейлік БАҚ-қа Facebook тарапынан жасалып жатқан шектеуге жауап ретінде түсіндіріп, "2020 жылғы қазаннан бастап Facebook-тің ресейлік БАҚ пен ақпараттық ресурстарды кемсітуі бойынша 26 жағдай тіркелгенін" атап өтті.

Роскомнадзор ресейлік БАҚ-ты да жаппай бұғаттауын жалғастыруда. Бірер күн бұрын Meduza, Азаттық радиосы, BBC және Deutche Welle бұғатталды. Сондай-ақ, Ресейдің "Дождь" телеарнасы жұмысын тоқтатты, ал “Газпром” бақылауындағы «Эхо Москвы» радиостанциясының директорлар кеңесі радио мен сайтты жабу туралы шешім қабылдады. Соңғы бірнеше күнде ондаған журналист пен редактор Ресейден кетті.

4 наурыз күні Ресей Мемлекеттік думасы жалған ақпарат туралы заң қабылдады, оған сәйкес Ресей әскері туралы жалған ақпарат таратқандар 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сондай-ақ, Ресейдің бірнеше қаласында Украинаны қолдап митингіге шыққандар да жаппай ұсталып жатыр. Соңғы деректер бойынша, ұсталғандардың саны төрт мыңнан асқан.

Ал Қазақстан тарапы Ресей мен Украина қақтығысында бейтарап позиция ұстанатынын және тараптардың ешқайсын қолдамайтынын жариялады. Бұл туралы бейсенбі күні Сенаттың жалпы отырысында Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Қамалетдинов мәлімдеді. Ал сыртқы істер министрлігінің мәліметі бойынша, Ұлыбритания Қазақстанға санкция салмайтын болған. Бұған дейін Британ парламентінің мүшесі Маргарет Ходж тек Ресейге ғана емес, сонымен бірге Владимир Путинді "қолдайтын" Қазақстан мен Әзербайжанға да шектеулер енгізу керек деп мәлімдеген болатын.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2 наурызда Украина президенті Владимир Зеленскиймен телефон арқылы сөйлесіп, “келіссөздер кезінде уағдаластыққа келудің маңызын” айтқан. Сондай-ақ, Ақорда Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинмен де телефон арқылы сөйлескенін хабарлады.

“Нұр Отаннан” – “Аманатқа”

Қазақстанда қаңтар оқиғасынан кейін басталған жаңа тағайындаулар мен өзгерістер бұл аптада жалғасын тапты. Атап айтсақ, бейсенбі күні сенаттың пленарлық отырысында Берік Асылов бас прокурор лауазымына тағайындалды. Оның кандидатурасын президент Тоқаев ұсынған болатын. 58 жастағы Берік Асылов 2019 жылғы наурыздан бастап бас прокурордың бірінші орынбасары қызметін атқарды. Бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысының прокуроры болған, бұрын Алматы прокуратурасын басқарған.

Сонымен қатар, үкімет қаулысымен Ілияс Өсеров пен Бауыржан Омарбеков Ұлттық экономика вице-министрі болып тағайындалды. Атырау облысының әкімдігінде де өзгеріс болып, жаңа әкім қызметіне Мейірім Қалауи келді.

Өткен аптадағы айтулы өзгерістің бірі билеуші “Нұр Отан” партиясында болды. 1 наурыздан бастап ресми түрде “Нұр Отан” партиясының атауы “Аманат” болып өзгертілді. Партияның атауын өзгертуді мәжіліс спикері Ерлан Қошанов ұсынды, ал оны президент Қасым-Жомарт Тоқаев қолдады.

“Бұл еліміз үшін де, ұлтымыз үшін де айрықша мәні бар киелі ұғым. Егемендігіміз, елдігіміз бен бірлігіміз, кең-байтақ жеріміз – бізге бабалардан жеткен аманат. Осы қастерлі құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтап, болашаққа мирас етуіміз керек”, – деді президент. Ол “халқымыз ешқашан аманатқа қиянат жасамағанын” атап өтті.

Кезектен тыс съезде партияның саяси құрамы да өзгертілді. Оспанбек Әлсейітов пен Нұрлан Нығматулин шығарылып, жаңа құрамға премьер-министр Әлихан Смайылов, президент әкімшілігінің жетекшісі Мұрат Нұртілеу, "Астана" медицина университетінің ректоры Камалжан Надыров және "Халықаралық қазақ тілі қоғамының" вице-президенті Максим Рожин кірді.

3 наурыз күні саяси кеңес бюросының шешімімен «Аманат» партиясы атынан парламент мәжілісі депутатының бос мандаты партиялық тізім бойынша Аманжол Алтайға берілді.

Фото авторы: Алмас Қайсар

Қаңтар оқиғасына қатысты зерттеулер

Бас прокуратураның бірінші қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов сейсенбі күнгі брифингте қаңтар оқиғасына қатысты 101 қылмыстық іс сотқа жіберілгенін мәлімдеді.

"Жедел тергеу топтарының өндірісінде сотқа дейінгі 3 666 тергеу ісі бар. Терроризм актісі мен жаппай тәртіпсіздік туралы істерден бөлек, тонау, ұрлық, қару ұрлау, құқық қорғау органының қызметкерлеріне жасалған зорлық-зомбылық фактілері тергеліп жатыр. Аталған санаттан 162 айыпталушыға қатысты 101 қылмыстық іс сотқа жолданды. 62 адам түрлі жазаға тартылды", – деді Қилымжанов.

Қаңтар оқиғасынан кейін ұсталғандарды азаптау туралы қылмыстық істер саны 203-ке дейін өскені белгілі болды. Бас прокуратураның қылмыстық қудалау қызметінің жетекшісі Серік Шалабаев азаптау бойынша құқық қорғау органының 9 қызметкері ұсталғанын хабарлады.

Сонымен қатар, Талдықорғанда қаңтар оқиғасы кезінде ұсталған Азамат Батырбаевты азаптау ісіне қатысты күдікті ұсталған. Бұл туралы оның адвокаты Бауыржан Азанов мәлімдеді. Азанов “Азаттық радиосына” жедел уәкіл болып істейтін полиция қызметкері 27 ақпанда Талдықорғанда ұсталғанын айтты.