Алқабилер соты деген не?

Салтанат Нүкенованы қинады және өлтірді деп айып тағылған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың басты соты алқабилердің қатысуымен өтетіні 12 наурыз күні белгілі болды. Алғашқы сот отырысы 27 наурызда өтеді. Алқаби болуға 300 кандидат шақырылады.

Алқабилер сотына кандидаттар қалай іріктеледі, олардың қаншауы болады, үкім шығару қалай жүзеге асады және алқаби құрамының объективтілігіне күдіктенген жағдайда не болады деген сұрақтарға заңгер Әйгерім Құсайынқызы жауап береді.

1

Алқабилер соты деген не?

Алқабилер соты – қылмыстық соттың iстi қарауына шақырған және ант қабылдаған ҚР азаматы қатысатын сот жүйесі институты. Қазақстанда алқабилер соты 2007 жылдан бері қолданылады.

2

Алқабилер соты аса ауыр қылмыстық істерді қарай ала ма?

2007–2009 жылдар аралығында алқабилер өлім жазасы мен өмір бойына бас бостандығынан айыру бойынша істерді қараса, 2010–2012 жылдары қылмыс саны кеңейтіліп, аса ауыр қылмысқа жататын барлық іс қаралды. 2013 жылы алқабилер қарастыратын істер саны қайта қысқартылып, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап алқабилер соты үкім шығара алатын қылмыстардың саны 44-ке дейін артты.

3

Судья істі алқабилердің қатысуымен қарау туралы өтінішті қанағаттандырудан бас тартуға құқылы ма?

Ондай құқы жоқ.

4

Істі неше судья және неше алқаби қарай алады?

Алқабилер сотының қазіргі гибрид жүйесіне сәйкес, қылмыстық істерді 1 судья және 10 алқаби қарайды және екі қосалқы алқаби болады.

5

2024 жылғы 13 наурызда Парламент Мәжілісі алқабилердің жұмыс істеу тәртібін реттейтін заң жобасын бірінші оқылымда қолдады. Егер бұл заң жобасы қабылданса, қандай өзгерістер енеді?

Егер бұл заң жобасы қабылданса, алқабилер қарайтын істер бойынша шешімді судьяның араласуынсыз 11 адам шешеді. Демек, біз қазіргі алқабилер сотының гибрид жүйесінен классикалық алқабилер сотына көшеміз.

6

Классикалық үлгінің гибрид жүйеден айырмашылығы қандай?

Классикалық түрде қазылар алқасы бөлек кеңесу бөлмесіне кіріп, судьяның қатысуынсыз шешім қабылдайды. Ал қазіргі гибрид үлгіде алқабилер алқасы кеңесу бөлмесіне кіріп, судьямен бірге дауыс береді. Бұл жердегі негізгі мәселе – процестің ашықтығы: кеңесу бөлмесінде дауыс берудің адал және қандай да бір жағдайға қарамастан әділ өту ықтималдығы қандай, мәселе сонда.

7

Алқабилер қалай таңдалады?

Алқабиге кандидаттардың бірыңғай тізімі соттың сұрау салуы бойынша «SMART DATA UKIMET» ақпараттық-талдау жүйесі арқылы электрондық түрде түзіледі. Алқабиге кандидаттардың бірыңғай тізімі әліпби тәртібімен таңдалады. Азаматтар сотта алқабидiң мiндеттерiн атқаруға күнтiзбелiк жыл iшiнде көп дегенде бiр рет, қылмыстық iс қаралатын барлық уақытқа шақырылады.

8

Кімдер алқаби бола алады?

Алқабилер тiзiмiн жасау кезiнде 25–65 жас аралығындағы; өтелмеген не алынбаған соттылығы жоқ; әрекет қабiлетті; психика, мінез-құлық, оның ішінде психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты денсаулық сақтау ұйымдарында есепте тұрмаған адамдар таңдалады. Алқабиге кандидаттар тізіміне азаматтарды енгiзуге шығу тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiни көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге мән-жайлар бойынша қандай да бiр шек қоюға заң жол бермейдi.

9

Судьялар, прокурорлар, тергеушiлер, адвокаттар, мемлекеттiк қызметшiлер мен әскери қызметшiлер, құқық қорғау органдарының қызметкерлерi алқаби бола ала ма?

Жоқ, бола алмайды.

10

Алқабиге іріктелген кандидаттың сотқа келмей қалуына бола ма?

Алқабиге кандидат сотқа келуден дәлелді себепсіз жалтарған кезде Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 655-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Жазасы: ескерту жасалуы мүмкін немесе жеке тұлғаларға 10 АЕК мөлшерiнде айыппұл салынады. Сот отырысының орны мен басталу уақыты туралы хабарлама алған азаматтар алқабилердi iрiктеу рәсiмiне қатысу үшiн сотқа келуге міндетті.

11

Алқабиге кандидаттың міндеті қандай?

Алқабиге кандидат iстi қарауға қатысу үшiн iрiктеу кезiнде төрағалық етушi судья және тараптар қойған сұрақтарға шынайы жауап беруге, сондай-ақ оның талабы бойынша өзi туралы және iске қатысатын басқа адамдармен қарым-қатынасы туралы өзге де қажеттi ақпараттар беруге тиiс. Кандидаттар қатарынан алқабилерді іріктеу кезінде төрағалық етуші судья кандидатқа алқабилер алқасын қалыптастыру үшін маңызы бар сұрақтар қоя алады. Алқабиге кандидат өзінің жеке басына байланысты деректерді жария етпеу мақсатында судьяға жасырын түрде жауап беруге құқылы.

12

Алқабиге іріктелген адам негізгі жұмыс орнынан сот процестеріне босатыла ма? Алқаби болғаны үшін сыйақы төлене ме?

Алқабидің мiндеттерiн атқару кезiнде оның негiзгi жұмыс орны сақталады. Алқабидiң сотта мiндеттерiн атқаруы кезiнде оны жұмыс берушiнiң бастамасымен жұмыстан шығаруға немесе ақысы төмен жұмысқа ауыстыруға жол берiлмейдi. Алқабидiң сотқа қатысу уақытына (жұмыс күнiнiң санына) барабар, оның негiзгі жұмыс орны бойынша орташа жалақысынан кем емес мөлшерде сыйақы төлейдi.

13

Бишімбаевтың ісін қараушы судья алқабиге үміткер ретінде 300 адам шақыртылатынын айтты. 300 адамның бәрі барлық сот процесіне қатысуы керек па?

Жоқ. Судья алқабилердің қатысуымен басты сот талқылауын тағайындау туралы қаулыда келушілердің саны кемінде жиырма бес адам болатындай етіп сот отырысына шақырылуға тиісті алқабиге кандидаттардың жалпы санын анықтайды. Мысалы, 2016 жылы Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралған Бақытбек Есентаевтың ісі бойынша алқабилерді іріктеу рәсіміне 70 адам шақырту алған болатын.

14

Алқабиге кандидат адамдар қандай жағдайда ол міндеттерден босатылады?

Алқабиге кандидаттар тiзiмiнен: 1) қылмыстық iс бойынша сот iсi жүргізілетін тiлдi бiлмейтiн адамдар; 2) дене кемiстігі немесе психикалық кемiстiгi салдарынан алқабидiң мiндеттерiн атқаруға қабiлетсiз адамдар; 3) алпыс бес жастан асқан адамдар; 4) дiни қызметшiлер өзiнiң жазбаша өтiніші бойынша алынып тасталады. Судья үш жасқа толмаған балалары бар әйелдердi, дiни нанымына байланысты сот төрелiгiн жүзеге асыруға қатысуы мүмкiн емес деп есептейтін адамдарды, қызметтiк мiндеттерiн орындаудан алыстауы қоғамдық және мемлекеттiк мүддеге едәуiр зиян келтiруi мүмкiн адамдарды (дәрiгерлер, мұғалiмдер, әуе жолының ұшқыштары және басқалар), сот отырысына қатыспау үшiн дәлелдi себептерi бар өзге де адамдарды мiндеттерiн атқарудан босатуы мүмкін.

15

Алқабиге кандидаттардың объективтілігіне күмән туса, не болады?

Алқабиге кандидаттар заңсыз көрсетiлген ықпал ету әрекеттері, теріс пiкiрдің болуы, iстiң мән-жайын процестік көздерден емес, басқа көздерден бiлуi салдарынан оның объективтiлiгiне негiздi күмән келтiрiлсе, iстi қарауға қатысқан кезде объективтi болмау мүмкiндiгiн көрсететiн басқа да себептермен iс бойынша алқабидiң мiндеттерiн атқарудан босатылады.

16

Алқабиге үміткер өздігінен бұл қызметтен бас тарта ала ма?

Алқабиге кандидаттардың әрқайсы өзінің мiндеттерiн орындауына кедергi келтiретiн дәлелдi себептерін көрсетуге, қызметінен өздiгiнен бас тартуды мәлiмдеуге құқылы. Судья алқабиге кандидаттың өздігінен бас тартуын қанағаттандыру не қанағаттандырудан бас тарту туралы қаулы шығарады.

17

300 үміткер арасынан талапқа сайы анықталғаннан кейін не болады?

300 адамның ішінен жоғарыдағы талаптарға сай адамдар анықталады. Алқабиге он екi кандидат қалуға тиiс. Мысалы, он жетiден астам үміткер талапқа сай болса, судья кандидаттардың тегi көрсетiлген билеттердi жәшiкке салады, билеттердi араластырады және жәшіктен бiр-бiрлеп он екi билеттi алады, әрбір ретте билетте көрсетiлген алқабиге кандидаттың тегiн жариялайды. Сотта iстi қарайтын алқабилер алқасы негiзгi құрамдағы 10 және қосалқы 2 алқаби болады.

18

Сотқа қатысушылар алқабилер мүшесіне қарсылық білдіре ала ма?

Мемлекеттiк айыптаушы, сотталушы немесе оның қорғаушысы алқабиге кандидаттардың тегi көрсетiлген билеттерге уәждерiн көрсетпей-ақ, алқабиге кандидаттарға қарсылық білдіруді мәлімдеуі мүмкiн.

19

Қосалқы екі алқаби не үшін қажет?

Қосалқы алқаби тек сот залында отырады, кеңесу бөлмесіне бармайды. Егер алқабилердің біреуінің қатысуға мүмкіндігі жоқ екені кеңесу бөлмесінде анықталса, онда судья мен алқабилер кеңесу бөлмесінен сот отырысының залына шығуға тиіс. Бұл ретте судья осы алқабиді қосалқы алқабилердің (әдетте 2 қосалқы алқабиді) тегі көрсетілген билетті жәшіктен қандай тәртіппен алынса, сол тәртіппен қосалқы алқабимен ауыстырады да, кеңесу бөлмесіне кетеді. Егер мұндай алқабилерді ауыстыруға қосалқы алқабилер жетпеген жағдайда, осыған дейінгі сот талқылауын жарамсыз деп жарияланып, судья алқаны таратады және сот талқылауын алқабиге кандидаттарды алдын ала таңдау кезеңіне қайтарады.

20

Алқабилер сот отырыстарының қай кезеңіне қатысады, ал қай кезеңіне қатыспайды?

Алқабилер және қосалқы алқабилер сот талқылауы кезiнде сот отырысы залында отыруға тиіс. Алқабилер қатысатын сотта тараптардың жарыссөзi екi бөлiктен тұрады. Жарыссөздiң екiншi бөлiгi алқабилердiң қатысуынсыз өткiзiледi, онда сотталушының әрекеттерiн саралау, жаза тағайындау, азаматтық талап қою мәселелерi бойынша мемлекеттік айыптаушының, жәбірленушінің, сотталушының ұстанымдары баяндалады. Жарыссөздiң әрбiр бөлiгiнде сөз сөйленiп болысымен жарыссөзге қатысушылардың бәрiнiң реплика айтуға құқығы бар. Соңғы реплика айту құқығы қорғаушыға тиесiлi. Сот жарыссөздерінің екінші бөлігінде репликалар алқабилер жоқ кезде айтылады. Сұрақтарды талқылау және тұжырымдау уақытында алқабилер сот отырысы залынан шығып кетедi.

21

Алқабилер процеске қатысушыларға сұрақ қоя ала ма?

Алқабилер сот залында отырып, не болып жатқанын тыңдайды, кейіннен кеңесу бөлмесінде үш негізгі сұраққа жауап беріп, процеске қатысушыларға сұрақтар қоя алады.

22

Жарыссөз аяқталғаннан кейін судья мен алқабилер үкім шығару үшін кеңесу бөлмесіне кетеді. Алқабилер қандай үш сұраққа жауап береді?

Кеңесу бөлмесiнде судья мен алқабилерден басқа, өзге адамдардың болуына жол берiлмейдi. Судья сот тергеуiнiң нәтижелерiн, тараптардың жарыссөзiн ескере отырып, судья мен алқабилердің кеңесу бөлмесінде шешуге жататын сұрақтарды жазбаша түрде тұжырымдайды, оларды оқиды және тараптарға бередi. Сотталушы жасады деп айыпталып отырған іс-әрекеттердiң әрқайсы бойынша: 1) Іс-әрекеттiң орын алғаны дәлелдендi ме? 2) бұл іс-әрекеттi сотталушының жасағаны дәлелдендi ме? 3) бұл іс-әрекеттiң жасалуына сотталушы кiнәлi ме? – деген үш негiзгi сұрақ қойылады.

23

Ашық дауыс беру қалай жүзеге асады?

Дауыс беру жасырын және жазбаша жүргiзiледi. Судья мен алқабилердiң дауыс беру кезiнде қалыс қалуға құқығы жоқ. Судья мен алқабилердiң дауыстары тең. Судья мен алқабилердің әрқайсы дауыс беру құпиясын қамтамасыз ете отырып, сұрақ парағында қойылған және шешiлуге жататын әрбір сұраққа бюллетеньге жауап жазады. Жауап міндетті түрде жауаптың мәнiн ашатын ("иә, дәлелдендi", "жоқ, дәлелденген жоқ", "иә, кiнәлi", "жоқ, кінәсiз") жауап болуға тиiс. Судья мен алқабилер бюллетеньдерiн дауыс беруге арналған жәшiкке салады. Үш сұрақтың да жауабы оң болған жағдайда ғана кінәлі адамды жазалау мәселесі шешіледі. Жаза мөлшері туралы шешім ашық дауыс беру арқылы қабылданады. Қабылданған шешім судьяның үкімі түрінде баяндалады. Үкімде алқабилердің аты-жөні көрсетілмейді. Судья үкімге қол қойғаннан кейін алқабилер мен судья сот залына қайтады және судья үкімді жариялайды. Үкім жарияланғаннан кейін алқабидің өкілеттігі тоқтатылады.

24

Судьяның рөлі қандай?

Судья алқабилер кеңесiне басшылық етедi, шешiлуге жататын сұрақтарды рет-ретімен талқылауға қойып, жауаптар бойынша дауыс берудi және дауыстардың есебiн жүргiзедi.

25

Егер алқабилер арасынан бір адам болсын, айыптау үкімімен келіспесе, не болады?

Егер алқабилерге қойылатын үш сұрақтың әрқайсына мақұлдаған жауаптарға дауыс берушiлердiң көпшiлiгi дауыс берсе, айыптау кесімі қабылданған болып есептеледi.

26

Ақтау кесімі қабылдануы үшін алқабилерден қанша адам оң жауап беруі керек?

Егер қойылған негiзгi сұрақтардың кез келгенiне берiлген құпталмаған жауапқа дауыс берушiлердiң алтауы және одан да көбi дауыс берсе, ақтау кесімi қабылданған болып есептеледi. Егер сотталушының кiнәсi туралы мәселе оң шешiлсе, онда судья бұл іс-әрекеттің қылмыс болып табылатын-табылмайтыны туралы, қандай қылмыстық заңда көзделгенi (бабы, бөлiгi, тармағы) туралы мәселенi шешедi және іс-әрекеттер үшiн қандай жазалау шаралары көзделгенiн алқабилерге түсiндiредi.

27

Он бес жылдан астам мерзiмге бас бостандығынан айыру түрiндегi жаза тағайындалуы үшін дауыс берушілердің нешеуі келісуі керек?

Егер осындай шешiмге дауыс берушiлердiң сегiзi және одан да көбi дауыс берсе, тағайындалуы мүмкiн.

28

Өмір бойына бас бостандығынан айыру үшін алқабилердің нешеуі оң жауап беруі керек?

Өмір бойына бас бостандығынан айыру судья мен алқабилердің бiрауызды шешiмі болған кезде ғана тағайындалуы мүмкiн.

29

Алқабилер сотына қандай да бір жолмен әсер етуге болады ма?

Бүкiл сот талқылауы барысында судья мен алқабилер кеңесі арасында белгiленген тәртiптен бөлек қарым-қатынас жасауына тыйым салынады. Алқаби, оның отбасы мүшелерi және олардың мүлiктерi мемлекеттiң қорғауында болады. Қылмыстық iстi жүргiзетiн орган, егер сотта мiндеттерiн атқарушы алқабиден тиiсті өтiнiш келіп түссе, сондай-ақ аталған адамдардың қауiпсiздiгiне немесе олардың мүлiктерiнiң сақталуына қауiп төнудiң басқа да айғақтары анықталған жағдайларда, алқабидiң, оның отбасы мүшелерiнiң қауiпсiздiгiн, оларға тиесiлi мүлiктердiң сақталуын қамтамасыз ету бойынша қажеттi шараларды қолдануға мiндеттi.

30

Алқабилер сотына қатысушылардың пара алғаны дәлелденсе, не болады?

Алқабидiң өз мiндеттерiн атқармауы, шектеулердi сақтамауы заңда белгiленген жауаптылыққа, сондай-ақ төрағалық етушiнiң алқабидi iстi қарауға одан әрi қатысудан шеттету мүмкiндiгiне әкеп соғады. Алқабидi шеттетудi төрағалық етушi тараптардың қатысуымен жүзеге асырады. Алқабилердің бірінің пара алуға қызығуы не пара алғаны анықталған жағдайда алқабилер алқасы таратылады және Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 638-бабына сәйкес, сот талқылауы алқабиге кандидаттарды алдын ала таңдау кезеңіне қайтарылады.

31

Алқабилер сотынан қазақ және орыс тілдерін еркін білу талап етіле ме?

«Алқабилер туралы» заңның 10-бабына сәйкес, алқабиге кандидаттар тiзiмiнен қылмыстық iс бойынша сот iсi жүргізілетін тiлдi бiлмейтiн адамдар алынып тасталады. Алқабилер сот процесі өтетін тілде өз ойын еркін жеткізе алуы керек.

32

Алқабилер соты қатысушыларының құрамында гендерлік теңдік сақталып, жас ерекшеліктері ескеріле ме?

Алқабилерге қойылатын талаптарға сай келетін әрбір Қазақстан азаматы қылмыстық сот ісіне алқаби ретінде қатысуға құқылы. Сотта iстi қарайтын алқабилер алқасы жеребе тастау арқылы құрылады және онда гендерлік және жас айырмашылық балансын сақтау талабы жоқ. Бишімбаев ісінің қоғамдағы талқылану деңгейін ескере отырып, судья алқабилердің гендерлік құрамына аса назар аударады деп ойлаймын, яғни алқабиге үміткер 300 адамның ішінен жеребеге қатысатын 17 адамның ішінде кемінде 50%-ы әйелдер болуы. Алайда, іріктелген 17 адамның барлығы әйелдер болса, сот ісіне қатысушы тараптардың қарсылық білдіруге құқығы болады.

33

Тараптардың бірі үкіммен келіспеген жағдайда апелляцияға берсе, онда алқабилер құрамы қайта құрыла ма, әлде ол апелляциялық сотта қарала ма?

Апелляциялық сотта қайта қаралады.

  • 16852 просм.
  • 0 комм.

Другие материалы