7315
3 мая 2022
​Назерке Құрманғазинова, Власть

Назарбаевтың жаңа статусы. Тоқаевтың билеуші партиядан кетуі. Митинг алдында белсенділердің ұсталуы

Өткен аптадағы маңызды жаңалықтарға шолу

Назарбаевтың жаңа статусы. Тоқаевтың билеуші партиядан кетуі. Митинг алдында белсенділердің ұсталуы

Конституцияға биыл тағы да өзгерістер енгізілмек. 25 сәуірде Конституциялық кеңес президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың негізгі заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы өтінішін қабылдап, өз жобасын ұсынды. Қоғамда талқыға түсіп, қарсылық тудырған өзгертудің бірі – Назарбаевқа «тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы» деген статус беру мәселесі. Бұдан бөлек, Конституциялық сотты қайта құру, президенттің саяси партияларға мүше болмауы, сайлау жүйесін өзгерту сияқты түзетулер қарастырылған. Бұл өзгерістерді бүкілхалықтық дауысқа салу үшін президент Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық референдум өткізуді ұсынды. Мемлекет басшысы референдум әр азаматқа ел тағдырын шешуге тікелей қатысуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Қазақстанда соңғы референдум 1995 жылы қазіргі қолданыстағы Конституция қабылданғанда өткен болатын. Осы және елдегі өзге де жаңалықтар Власть апта шолуында.

Назарбаевқа жаңа мәртебе беру

25 сәуірде брифингте Конституциялық кеңес мүшесі Ермек Әбдірасылов тұңғыш президент мәртебесі туралы мәселені жұмыс тобы Конституцияда қарауды ұйғарғанын мәлімдеді.

«Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті – тәуелсіз Қазақстанның негізін салушы. Осы статус белгіленді», – деді Әбдірасылов. Ол бұл мәртебенің «үлкен мәні бар екенін» атап өтті, себебі «(Назарбаевтың – В.) сіңірген еңбегі бүкіл әлем көріп отыр, ол Конституцияда бекітіледі».

Бұл мәлімдеме халық арасында қызу талқыланып, желіде қарсылығын білдіргендер де болды. Екі күннен кейін Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов журналистерге берген жауабында Конституцияға Нұрсұлтан Назарбаевтың статусын белгілейтін түзетулер енгізілгеннен кейін «Тұңғыш Президент туралы заң» күшін жоятынын хабарлады.

2000 жылы қабылданған «Тұңғыш президент – Елбасы туралы» заңға сәйкес, Назарбаевты көпшілік алдында қорлауға, бейнесін бүлдіруге болмайды және бірінші президент пен оның бірге тұратын отбасы мүшелерін ұстауға, қамаққа алуға, тінтуге, одан жауап алуға не жеке басын жете тексеруге рұқсат жоқ.

Тоқаев Amanat партиясынан кетті

26 сәуірде билеуші Amanat партиясының кезектен тыс съезі өтіп, президент Қасым-Жомарт Тоқаев партия төрағасы қызметінен кетуге және президенттік қызметі тұсында оның мүшелігін тоқтатуға шешім қабылдағанын мәлімдеді.

Ол партия төрағалығына Мәжіліс спикері Ерлан Қошановты ұсынып, оның «ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, білікті, тәжірибелі адам» екенін атап өтті. Президенттің ұсынысын съез делегаттары бірауыздан қолдады.

Президент өз міндетін атқару кезеңінде партияда болуына тыйым салу туралы Тоқаев алғаш рет наурыздағы халыққа жолдауында айтты. Бұл талап Орталық сайлау комиссиясы, Есеп комитеті, Конституциялық кеңес мүшелеріне де қатысты болмақ.

Сонымен қатар, партия съезінде Adal партиясы Amanat партиясының құрамына енетіні белгілі болды. Adal партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев атап өткендей, «партия қызметінде алға қойылған мақсаттарға жету үшін дамудың сапалы жаңа деңгейіне өтетін кезең туды».

«Adal энергиясымен толықтырылған Amanat ресурстары халықтың әл-ауқатын арттырудағы ортақ мәселелерін шешуге күш-жігерімізді екі есе арттыруға мүмкіндік береді», – деді Жұмағазиев.

Еске сала кетсек, Adal партиясы билеуші партияға қосылатынын наурыздағы президент жолдауынан кейін мәлімдеген болатын.

Саяси партияларды тіркеу. Белсенділердің ұсталуы

Ал 29 сәуір күні ақын Олжас Сүлейменов төрағалық ететін «Қазақстан халық конгресі» қозғалысы кеңес өткізіп, саяси партия ретінде тіркелетінін хабарлады. Қозғалыс негізгі мақсаты ретінде жер мен оның байлығы халық игілінде болуы үшін жұмыс істеу екенін атап өтті.

Қозғалыс мүшелерінің бірі Омархан Нұртайұлының айтуынша, бүгінге дейін қозғалыстың партия болуын 15 мың адам қолдап үлгерген.

Фото авторы: Назерке Құрманғазинова

«Қолданыстағы заңға сәйкес 20 мың қолдаушы болуы керек. Менің ойымша, ол да алыс емес. Партияны қолдаушылар партияны тіркейтін заңға сәйкес өздері құжаттарын тапсырады. Осы жақын шаманың мәселесі. Партияны тіркеу туралы заңға өзгерістер енгенін күтпей, қолданыстағы бар заңның аясында тіркеу ұйымдастыру комитетінің міндеті болып отыр (Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстанда саяси партияларды тіркеу тәртібін жеңілдету мақсатында тіркеу шегі 5 мың адамға дейін қысқартылады – В.)», – деді ол.

Қозғалыс төрағасы, ақын Олжас Сүлейменов президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жер мен табиғат байлығының иесі халық болады деген норманы Конституцияға енгізу қажеттігі туралы шешімін қолдады. Оның айтуынша, халық жердің тікелей иесі болуы үшін механизм ұсыну жаңа құрылатын партияның басты міндеті болмақ. Сондай-ақ, партия жастарды жұмыспен қамту, ауыл шаруашылығы саласын дамыту мәселесін де шешуді көздеп отыр.

«Қазақстан халық конгресі» партиясы 1991 жылы қазанда құрылып, либерал-демократиялық саяси қозғалыс ретінде танылды. Оның тең төрағалары ақын Мұхтар Шаханов пен Олжас Сүлейменов болды. 1993 жылы Шаханов партиядан шығып, Қазақстанның Қырғызстандағы елшісі қызметіне кірісті. Ал 1995 жылы Сүлейменов Италиядағы Қазақстанның елшісі болып кетті. Содан кейін партия саяси сахнадан бірте-бірте ығысты. 2022 жылғы ақпан айының соңында Сүлейменов «Қазақстан халық конгресі» қозғалысының қайта жанданғанын жариялады.

Сонымен қатар, партияны тіркеудің жаңа талаптары заңды түрде бекітілген бойда Демократиялық партияның белсенділері тіркеуге өтініш бермек. Олар мыңнан астам қол жинап үлгерген. Бұл туралы Демпартия белсендісі, журналист Инга Иманбай Қазақстандағы Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюрода 27 сәуір өткен пресс-конференцияда хабарлады.

Сонымен қатар, белсенділер 7 мамыр өтеді деп хабарланған митинг қарсаңында оларға қысым басталғанын хабарлады. Соңғы күндері Демократиялық партияның бірнеше белсендісі артынан белгісіз көлік еріп жүргенін айтса, кейбіреуі әкімшілік іс бойынша сотқа шақырту алған. Ал бұған дейін екі айға қамауға алынған Демпартия жетекшісі Жанболат Мамайдың жары Инга Иманбай қылмыстық іс бойынша куәгер ретінде Алматы қалалық прокуратурасына шақырту алған.

«Адвокаттар себебін сұрағанда, 4 қаңтардағы тікелей эфирдегі және видеодағы дауысыма сараптама жүргізіп, істі тексереміз деп жауап берді. Жанболатты тұтқынға алды, енді мені қаңтар оқиғасы үшін ұстағалы жатыр ма?» – деді ол.

Пресс-конференция өткен күні Демпартияның бес белсендісін полиция ұстап әкетіп, үшеуін 15 тәулікке қамады, ал екі белсендіге 50 АЕК көлемінде айыппұл салынған.

Белсенділер мұның бәрі 7 мамырда Демократиялық партия жариялаған митингіге жол бермеу үшін жасалып жатыр деп есептейді. Митингте олар қаңтар оқиғасының ашық әрі әділ тергелуін, қаңтарда қамауға алынған жазықсыз адамдарды босатуды, саяси тұтқындар мен Жанболат Мамайды босатуды талап етпек.

Ақпан айының соңында тіркелмеген Демократиялық партияның жетекшісі Жанболат Мамай қаңтар оқиғасы құрбандарын еске алу акциясын ұйымдастырғаны үшін 15 тәулікке қамауға алынды. Алайда, сол бойы босатылмай, 14 наурызда тергеу соты оны Қылмыстық кодекстің екі бабы – көрінеу жалған ақпарат тарату және мемлекеттік қызметкерлерді қорлау бойынша күдікті ретінде екі айға қамауға алды. Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін Мамайға тағылған айыпты алып тастауға шақырды. HRW саясаткерге тағылған айыптар Қазақстан билігі оларды сынағандарды ауыздықтау үшін жиі қолданатын заңдарға негізделген деп есептейді.

Сенбі күні де белсенділер ұсталды. 1 мамыр күні түсте Алматыдағы орталық мәдениет және демалыс саябағында кем дегенде 7 адамды полиция ұстап әкетті. Бұл күні Қазақстанда қызметі экстремистік деп танылған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы мүшелерінің шеруі өтпек болған.