13670
19 мая 2022
Назерке Құрманғазинова, Алмас Қайсар, Власть, cуреттерді Алмаса Қайсар түсірген

Үміт пен қорқыныш. Талдықорған халқы Алматы облысының бөлінуін қалай қабылдады?

Аймақ ғасыр толмай бесінші рет шекара өзгерісін бастан кешіп жатыр

Үміт пен қорқыныш. Талдықорған халқы Алматы облысының бөлінуін қалай қабылдады?

Екі ай бұрын Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысының Алматы және Жетісу облысы болып екі аймаққа бөлінетінін жариялады. Біріккен облыстардың қазіргі орталығы Талдықорған Жетісу облысының орталығы болады. Власть сонда барып, қала тұрғындарының өзгерістерге көзқарасы мен не күтетінін біліп қайтты.

Қазақстанда адам ең көп шоғырланған облыс – Алматы облысы. Мұнда 2,1 миллион адам тұрады. Халықтың басым көпшілігі оңтүстік бөлікте, яғни болашақ Алматы облысының құрамына кіретін Алматы төңірегіндегі аудандарда өмір сүреді.

150 жылдық тарихы бар Талдықорған Жетісу облысының орталығы болып қала береді. Оның құрамына Балқаш пен Алакөл аумағынан бастап, Қытай шекарасына дейінгі жер кіреді.

Қазіргі Алматы облысы мен болашақ Жетісу облысының орталығына такси, ұшақ (Астана мен тағы бірер өңірден) не пойызбен жетуге болады. Пойызбен жету оңай емес, себебі аялдама Талдықорғаннан 49 шақырым жердегі Үштөбеде орналасқан.

Кей аудандар облыс орталығынан шалғай орналасқандықтан облыстың бөлінетінін президент Тоқаев айтты. «Талдықорғанда отырып, Талғардағы мәселелерді шешу мүмкін емес. Облыс орталығына жету үшін халық біраз жер жүруі керек», – деді Тоқаев наурыз айында әкімшілік өзгерістер туралы айтқанда.

«Талдықорғанда отырып, Талғарда не болып жатқаны қызық емес»

Талдықорған тұрғындарының бір бөлігі бөлінген екі облыстың дамуына жол ашылады деп облыстың бөлінуі туралы жаңалықты қуана-қуана қабылдады. Ал қалған бөлігі бұған күмәндана қарайды, олар облыс бөлінгенімен, жемқорлық, бағаның өсуі, жұмыссыздық пен жалақының төмендігі секілді мәселелердің шешілмейтінін алға тартады.

«Жетісу атауын беріп дұрыс қылды. Ел патриоты ретінде төрт жыл бұрын Алматы облысын Жетісу деп өзгерту керек дегенбіз. Алматы – жеке-дара қала. Ал Талдықорған үнемі соның көлеңкесінде қалады. Шетелден келгендердің көбі Алматы облысының орталығы Алматы деп ойлайды. Екіншіден, Талдықорғанға Ұзынағаш, Талғар және өзге аудандардан келетіндерге ыңғайлы», – дейді жергілікті блогер Қайрат Әбдірахман.

Ол блогингпен он жылдан бері айналысып келеді. Әлеуметтік желілерде қала жаңалықтары мен проблемалары туралы айтылатын «Талдыкорганец» арнасы жүргізеді.

Блогер бір аймақтың тұрғындары екінші бір аймақтағы жаңалықтарды оқымайтынын айтады.

«Талдықорғанда отырып, Талғар не Қаскелеңде не болып жатқаны қызық емес. Қаскелеңдіктерге біздің Талдықорғанда не болып жатқаны қызық емес. Ал енді бұрынғыдай Талдықорған облысына оралдық», – дейді ол.

Алматы облысының шекарасы бұған дейін де өзгерген. 1932 жылы орталығы Алматы саналатын Алматы облысы құрылды. 12 жылдан кейін өңірдің солтүстік бөлігінде Талдықорған облысы пайда болды. 1957 жылы Талдықорған облысы таратылып, Алматы облысының құрамына кірді. Он жылдан кейін облыс тағы бөлініп, 1997 жылға дейін жеке-дара облыс болды. Кейін президент жарлығымен Алматы облысына қайта қосылды. 2001 жылы сәуірдің 14-і Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласына көшті.

Қ. Әбдірахман облыстың бөлінуіне разы болғанымен, бюджетке айтарлықтай пайда әкеліп отырған аймақтардың облыс құрамынан шығарылуына байланысты шығын көбейіп, оған сәйкес түрлі қиындықпен бетпе-бет келеміз деп санайды.

«Өте қиын болады деп ойлаймын. Өзімізбен-өзіміз қалдық. Талдықорғанның ешкімге керегі де болмаған. Қарасай және Іле аудандары Алматы облысына өтеді. Бізде туризмі дамыған Алакөл ауданы ғана қалады. Қалған аудандарымыз кедей», – дейді Қ. Әбдірахман.

Қайрат Абдрахман

Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде Қазақстан тарихы кафедрасында дәріс беретін Қуанған Өнербектің сөзіне қарағанда, Жетісу Алматы облысы құрамына өткеннен кейін тұрғын үй құрылысы, шағын кәсіпкерлік және сауда дамыған. Алайда ірі өнеркәсіп орындарын ашуға көңіл бөлінбеген, қазіргі зауыттың бәрі бұрынғы Талдықорған облысы кезінде салынған.

«1997–2022 жылдар аралығындағы Талдықорған қаласының тарихын «қайта өрлеу» кезеңі деп атасақ болады. Әсіресе, қала Алматы облысының орталығы болып бекітілгеннен кейін дами бастады. Десе де, жаңа кәсіпорындар салынған жоқ. Тек Көксу және Ақсу аудандарындағы бұрынғы қант қамысын өңдейтін зауыттағы жабдықтар жаңа француз және қытай жабдықтарына ауыстырылды, бұл жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етті. Жалпы субсидиялар арқасында Талдықорғанда ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығы жақсы дамып келеді», – дейді тарихшы.

Қ. Өнербек 1990 жылдардың басы мен ортасында Талдықорғанда аса ауыр кезең болғанын еске алды: «Талдықорған жаңадан құрылған Жетісу облысының орталығы ретінде 1993–2000 жылдардағыдай тоқырауға ұшырамайды деп сенемін».

Өзгерістер

Талдықорғанға барғанымызда «Жастар» саябағында Наурыз мейрамындағы концертке орай қойылған сахна әлі алынбаған екен. Іс-шара бірер күн бұрын өткен. Саябақта адам аз. Серуендеп жүргендер «айтарымыз жоқ» деп, әңгімелескісі келмеді.

«Шыны керек, маған бәрібір. 30 жыл бойы не қаласа, соны істеді. Солай жалғастыра берсін. Бізден бәрібір ешкім сұрамайды. Жұмыста қысқарту болмаса болды», – дейді халыққа қызмет көрсету орталығында жұмыс істейтін әйел.

Талдықорған облысын білетін егде жастағы кісілірдің пікірі басқаша.

Талдықорған тұрғыны Қасымбек бюджет ақшасынан жалақы төленетін мемлекеттік қызметкерлер саны артады деп санайды: «Мәселен, Алматы облысы әкімінің 5 орынбасары бар. Ешқайсы бір сұраққа жауап бере алмаса, бесеуінің қажеті не?» – дейді ол кісі.

Төлеу Талдықорғанға Алакөл ауданынан көшіп келген. Ол Алматы мен Талдықорған облыстары қосылған 1997 жылдан кейін ауыл шаруашылығы құлдырағанын айтады.

«Бұрындары Андреевка ауданы болатын. Талдықорған Алматы облысының орталығы болғаннан кейін оны Алакөл ауданына біріктірді. Екі облыс біріккелі жағдай нашарлады. Андреевка ауданы қандай еді? Жүн, ет, сүт өнімдерін өндірудің арқасында миллионер кеңшар болған», – дейді Төлеу.

«Қалай болғанда да Қазақстанда бәрі өзгереді, дамиды. Жоғарыдағыларға сөзімізді жеткізіңіздер. Зейнетақыны көбейт демейміз. Бізге бар керегі: азық-түлік бағасын түсіріп, бұрынғы қалпында сақтасын. Май, ұн, қант, бәрі қымбаттады. Азық-түлік бағасы шарықтап кетер болса, зейнетақыны көбейткеннен не пайда?» – дейді тағы бір тұрғын.

Облыстағы барлық өзгерісті көрген зейнеткер Валентина Дроздова да өзгеріс болатынына кәміл сенеді. Ол жас кезінде Ақсу кенішінде коммуналдық қызметте істеген, кейін партия комитетінің хатшысы болған.

«Аграрлық облыс болдық, ауыл шаруашылығымен айналысатынбыз. Облыстың үлкен болғаны да жаман. Шыны керек, қалай бөлетінін білмеймін, бірақ сол дұрыс шығар», – дейді ол.

В. Дроздова үлкен кәсіпорындар жекеге өтіп, жабылғаннан кейін аймақта өмір сүру айтарлықтай қиындағанын айтады. Жұмыссыздар қатары артып, ауыл шаруашылығы құлдыраған.

Валентина Дроздова

«Дымсыз қалдық. Шахтерлар картоп екті. Көбі есінен адасып, көбі сал ауруына шалдықты. Жаңа президентке арқа сүйейміз. Оны қолдау дұрыс шығар. Халқымыз жарап-ақ тұр. Олардың басын біріктіріп, қолдау керек», – дейді ол.

Ақбар Меделбекұлы күндіз жастарға лық толы болатын жаяу жүргіншілерге арналған көшеде демалып отыр. Ол 11 жыл бұрын Талдықорғанға Қытайдан көшіп келген. Ал қазір зейнетте. Өмір бойы бала-шағасымен мал шаруашылығымен айналысқан. Отанына оралғаннан кейін отбасы шаруашылық жүргізуге жер ала алмаған, сондықтан балалары жұмыссыз. Алайда Меделбекұлының салы суға кетпеген, ол Талдықорғанда өмір бір қалыпқа келетініне сенеді.

Ақбар Меделбекұлы

«Шағын аумақты басқару оңайырақ болатын шығар. Бұл Қапшағайдың дамуына жол ашуы керек. Талдықорған – дамушы қала. Қаланың осы даму қарқынын сақтап қалу маңызды. Қазақстанның жарқын болашағы барына сенеміз. Жеріміз үлкен. Мемлекет дамыса, халық та дамиды. Мемлекетті жеке адамдар емес, халықтың бәрі қатыса отырып қана дамыта алады. Бұған дейінгі билік белгілі бір адамдар шоғырын ғана байытып, басқаларды ұмыт қалдырды. Бұл қаңтар оқиғасына алып келді. Сондықтан мемлекет жемқорлық мәселесін біржақты етуі керек. Кейін экономика мен ішкі өнімді дамыту үшін шағын және орта бизнесті дамытып, жаңа кәсіпорындар ашу керек. Сонда ғана мемлекет гүлденеді», – дейді А. Меделбекұлы.

Талдықорғанда бір ғана университет бар. Ол – І.Жансүгіров атындағы Жетісу университеті. Біз барған күні оның ауласы олимпиадаға қатысуға келген түрлі аймақтан келген оқушыларға лық толы болды.

«Енді мүмкіндіктер артатын шығар. Жастар үшін жақсы қала. Алматыдай емес, әрине. Десе де, мұнда да мүмкіндіктер бар. Жастар орталығы, түрлі музыка топтары мен жарыстар өтеді. Шығармашыл жастар көп. Жақсы өзгерістерге сенемін», – дейді екінші курс студенті Әмина Нәбиолдина.

10-сыныпта оқитын Әнел де Талдықорғанның болашағына сенеді. Алайда шетелде оқуды ойластырып жүр екен.

«Талдықорған Жетісудың орталығы бола тұра, Алматыдан артта келе жатқаны қызық. Демалыста, каникулда Алматыда болуға тырысамыз. Ол жақта уақыт өткізу әлдеқайда қызық, ойын-сауық орталықтары мен кафелер де көп. Ал Талдықорғанда тек саябақтар мен кинотеатр бар. Талдықорғанда да ойын-сауық орталықтары ашылады деп сенемін», – дейді ол.

Әнел

«Тағы да назардан тыс қаламыз ба деп қорқамыз»

Аптаның қай күні болса да, Талдықорғандағы орталық базарда адам көп. Біреу павильонда, біреу жақында ғана жауған жаңбырдан қалған шалшық үстінде сауда жасап тұр.

«Облыстың екіге бөлінуіне қарсымын. Біз Алматы облысының орталығы болуымыз керек. Себебі сонда ғана бюджет бөлінеді, сәйкесінше, сатып алушы көп болады, – дейді көтерме азық-түлік саудасымен айналысатын кәсіпкер Мейрамгүл. – Алматы облысындағы көптеген өндіріс орны Қапшағай қаласында орналасқан. Ал Жетісуда аз. Тек Ақсу және Көксу қант зауыттары бар. Бұрынғыға көз салсақ, экономикамыз күйрейтіндей көрінеді. 1990 жылдары Талдықорған облысы болғанымызда экономикамыз әлсіз еді, ал қала құлдырап кетті. Алматы облысының құрамына кіріп, қала дами бастады. Тағы да назардан тыс қаламыз ба деп қорқамыз».

Тұрмыстық тауарлар сататын дүкені бар Зарина да осы пікірді қолдайды. Ол сегіз жылдан бері саудамен айналысып келеді және негізгі клиенттерінен айырылып қаламын деп қорқады.

«Бұл ой аса қатты ұнамады, әрине. Сатып алушыларымыздың көп бөлігі – мемлекеттік қызметкерлер. 25–50 жастағы мемлекеттік қызметкерлердің басым көпшілігі Қапшағайға көшіп кетсе, саудамыз тоқтайды», – дейді ол.

Зарина жыл өткен сайын халықтың сатып алу мүмкіндігі төмендеп жатқанын байқап жүргенін айтады. Бұған жұмыссыздық пен тауар бағасының қымбаттағаны себеп.

«Жұртта жұмыс жоқ болғасын, бәрі саудамен айналысады. Бәрі бірдеңе сата бастайды. Сәйкесінше, жағдай қиындайды. Зауыттар болса, жұртқа жұмыс та табылар еді (…) Украинадағы жағдайдан кейін Ресейден келетін тұрмыстық тауарлар бағасы 15–30 пайызға қымбаттады. Бүгін ғана жаңа бағада заттар келді. Белгісіздік кедергі. Бәрі біткесін, баға да түседі деп сенеміз. Ең бастысы бейбітшілік болсын», – дейді ол.

Талдықорғандағы наразылықтар

Қаңтар айының басында Талдықорғанда Қазақстанның бүкіл өңіріндегідей бірнеше күн бойы кейін тәртіпсіздікке ұласқан стихиялы наразылық акциялары өтті. Сол күндердің символына айналған Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткіші дәл сол Талдықорғанда құлатылған еді. Қаңтар айынан бері өртенген облыс әкімдігінің ғимараты қалпына келтіріліп жатыр. Ал Назарбаев ескерткішінің кей сынықтары әлі алаңда жатыр.

«Негізі алаңға жергілікті кейделенген халық шықты. Олардың жоғалтатын ештеңесі жоқ. Жұмыс істемейді. Соларды жұмысқа тарту керек. Жұмыс беру керек. Адам бос жүрмеуі керек. Мемлекет мұны істемеді және содан опық жеді», – дейді наразылық кезінен хабар таратқан блогер Қайрат Әбдірахман.

Ол Талдықорғанда жұмыс іздеудің қиын екенін айтады: «Жұмыс мәселесі қиын. Жалғыз зауыт бар – аккумулятор зауыты. Онда 800-ге жуық адам жұмыс істейді. Кішігірім зауыттар бар, ал үлкен өндіріс орындары жоқ. Халықтың 50 пайызы шағын кәсіпорындарда, кафелер мен мейрамханаларда жұмыс істейді. 2020 жылы локдаун енгізілгеннен кейін жағдай қиындады. Азық-түлік те қымбаттап жатыр, ал жалақы сол күйі. Жалақы шамамен 80–120 мың арасы. Кафеде еден жуушылар айына 55 мыңдай алады. Халықтың жағдайы қиын. Супермаркетке барғанда адамдардың не алатынына қараймын. Олар бұрын шоколад ала алатын болса, қазір оны да ала алмайды».

Қ.Әбдірахманның сөзінше, қаңтардың 4-інде наразылардың талабы стихиялы болған: жұрт жұмыссыздық, үй мен несие мәселесін көтерген. Оларға Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев шығып, келісімге келу үшін 20–30 адам ұсынуды сұраған. Наразылар оларды алдап соғады деп бұған келіспеді. Келесі күні халық қала көшелерін шерулетті. Дәл сол күні облыс әкімдігі қиратылып, өртке оранды. Әбдірахман осы күні наразылықтан кетіп, отбасының жанында болған.

«Тұрғын үй мәселесі бар бізде. Талдықорғанға көшіп келетіндер көп. Көбінесе Шығыс Қазақстан облысынан ауылдағы үйлерін сатып, осында келеді. Ал мында ешнәрсеге ақшасы жетпей, кейін саяжайларға қоныстанады. Кейін кедей, өміріне көңілі толмайтын адамдар қатары артады. Саяжайларға да соға кетіңіздер. Ол жақта тұратындардың жағдайы қиын. Тіпті су да жоқ», – дейді блогер.

Назардан тыс қалғандар

Дәл осындай саяжайлардың бірі Талдықорған қаласының шығысында орналасқан. Ол жер «Алмалы» деп аталады. Ол жерге автобуспен жетуге болады. Алайда кейде автобусты 20 минут күтуге тура келеді.

Валентина Дроздова бір кездері немересіне «Алмалы» саяжайынан үй алып берген. Қазір сонда тұрып жатыр. Ол былтыр күз мезгілінде мұнда адамдарды ауыз сумен қамтамасыз ету үшін құдық қазылғанын айтады. Алайда әзір су беру тоқтатылған, ал қазылған көшелерде тұрғындардың жүріп-тұруы қиындаған: көліктер лайға батып, трактор сүйреп шығарып жүр екен.

«Әлбетте, көшелер тар, жол нашар. Су керек пе, жоқ па деп сұрамайды да. Жұмысшылар ақша жымқыру үшін ғана істелді дейді. Қазды, ортасын қалай болса солай көміп тастады. Ал шетін өзіміз көмдік. Соның бәрі жайылып, шаңға айналды. Сенесіз бе, тобығымызға дейін шаң әрі лай болатын. Күзде жаңбыр жауып, аяқ алып жүргісіз болып кетті», – дейді ол.

Саяжайлардағы проблемаларды наурыз айында облыс әкімі Қанат Бозымбаев та айтқан. Оның ойынша, облыстың екіге бөлінуі осы мәселені шешуі керек.

«Президент облыстың екіге бөлінуі басқару тұрғысынан ыңғайлырақ болатынын айтты. Алматы агломерациясы үлкен рөл атқарады, ол мүлде жоқ. Алматы облысы аумағындағы 215 мыңға жуық адам бау-бақша, саяжайларда тұрады. Негізі ол жақта тіпті коммуналдық қызмет те жоқ, болған күннің өзінде қымбатырақ. Бұл жұмыс атқарылуы керек, оған инвестиция қажет. Мұны ретке келтіріп, бас жоспарды өзгерту қажет. Бұл қомақты жұмыс», – дейді Бозымбаев Тоқаевтың жолдауынан кейін.

Саяжай тұрғындарының бірі Зейнел Ахметоллақызы мұнда қызы оқуға түскеннен кейін, 2006 жылы Сарқан жақтан көшіп келген. Оның сөзінше, қазір бәз-баяғы проблемалар бар.

«Тез арада су мен газ жүргізілгенін, көшелерді жөндеп, жарық орнатуын сұрап келеміз. Көшелеріміз лас, аяқ алып жүре алмайсың. Әркім әртүрлі себеппен көшіп кетеді. Облыстың екіге бөлінгенін қолдаймыз. Жақсы өзгерістер күтеміз. Әсіресе саяжайлардағы жағдай жақсарса», – дейді З.Ахметоллақызы.

Зейнел Ахметоллақызы

«Саяжайлар аумағы қала құрамына кірсе, көп мәселе шешілер еді, – дейді жергілікті тұрғын Әлия. – Көпшілік ауылдық жерден көшеді. Бірақ қаладан жер алуға ақшасы жетпейді. Саяжайлардағы үй бағасы сәл арзанырақ еді, ол да қымбаттай бастады. Саяжайлар қаланың бір бөлігі болса, әкімдік көмектесер еді. Автобус жолына асфальт былтыр төселген. Қалған көшелер сол күйі тұр, көліктер жүре алмайды».

Жергілікті билік

Қ.Әбдірахман көп жыл бойы өңірдегі проблемаларды көтеріп жүр, алайда жергілікті биліктің ашық диалогқа дайын емес екенін айтады. Жыл бойы жолдағы нақты бір шұңқыр туралы айтқанымен, жергілікті билік ешқандай әрекет жасамапты, пікір де айтпапты. «Мәселен, орталық көшелеріміз қираған делік. Мұны айтқаныңмен, ешқандай реакция болмайды. Әкімдер халық алдына шықпайды, кабинеттерінде отырғанды ғана біледі. Жүйе бар екенін білемін. Қарапайым халықты тыңдар құлақ жоқ», – дейді ол.

Әбдірахманның сөзіне қарағанда, қалада халық сенетін тәуелсіз ақпарат құралдары жоқ.

«Жаңа Қазақстанға сенгіміз-ақ келеді, алайда жергілікті деңгейде бәрі сол баяғыша болғасын, қоғамдық істермен айналысқың да келмейді», – дейді ол.

***

Сәуірдің 1-і күні Қанат Бозымбаев облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында жаңадан құрылатын Жетісу облысының құрамына 352 елді мекені бар 8 аудан мен 2 қала кіретінін, ал Алматы облысы аумағында құрамына 380 елді мекен кіретін 9 аудан мен 1 қала қалатынын хабарлады.

Бозымбаевтың сөзіне қарағанда, қазір онда әкімшілік-аумақтық бірліктердің жаңа шекарасы және мәселені шешу үшін маңызды саналатын басқа да географиялық деректер көрсетілген схемалық карта әзірленген.

«Әкімшілік-аумақтық өзгерістер мемлекеттік басқару үдерісін оңтайландырады, азаматтардың облыс орталығына және кері қатынауын жеңілдетеді, ішкі көші-қонды тиімді реттеуге ықпал етеді және екі аймақтың дамуына қуатты серпін береді», – деп есептейді облыс әкімі.