Антропологтар Динара Әбілденова мен Зарина Адамбусинова Қазақстанның екі облысындағы шағын қалалардағы той индустрияны зерттей келе, тойды ысырапшылдық деуге асықпау керек дейді. Жұмыспен қамту және әлеуметтік инфрақұрылым саласында сапалы бағдарлама жоқ, ал той жергілікті тұрғындар үшін ақша табу және бос уақыт өткізу тәсіліне айналған.
«Той» сөзі адам өміріндегі маңызды кезеңдерді (баланың дүниеге келуі, алғашқы қадамы, мектепке баруы, үйленуі) ғана емес, 50 жас сияқты мерейтой мен түрлі қуанышты сәттерді қамтиды. Кез келген қазақстандық кем дегенде бір рет тойға қонақ ретінде барып немесе өзі той ұйымдастырған шығар. Кейінгі уақытта той, оның ішінде үйлену тойларын ауқымы мен шығынына орай қоғам қатты сынап жүр. Несие алып той жасау, 100 адамға немесе одан да көп адамға дастархан жаю үшін алтынмен апталған мейрамханаларды жалға алу, лимузин жалдау, «концерт» элементтері бар ойын-сауық шоу ұйымдастыру (мысалы, тікұшақпен ақша шашу) және оператор, фотографтар тобы – қазіргі тойдың көрінісі. Бірақ бұның астарында не жатыр?
Той – көп адамның күнкөріс көзі. Кейбіреулердің негізгі табысы осы тойдан болса, екінші біреулерге қосымша ақша табудың амалы болуы мүмкін. Қайткенмен де, аймақтарда той индустриясы бейресми экономиканың бір бөлігіне айналды. Осы мақаланы жазу үшін Жетісу (698 700 тұрғыны бар) және Жамбыл (1 216 236 тұрғыны бар) облыстарының елді мекендерін араладық.
Бұл екі облыстың да экономикасының тірегі – ауыл шаруашылығы (Жамбыл облысындағы химия өнеркәсібі де бар), бірақ тұрғындардың бәрі бірдей ауыл шаруашылығымен айналыспайды. Forbes.kz түзген Қазақстандағы аймақтардың бәсекеге қабілеті рейтингіне сүйенсек, екі облыста да өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың үлесі жоғары. Оның үстіне мұнда әкімшілік орталықтардан (Тараз және Талдықорған) бөлек, ірі елді мекендер орналасқан: Жамбылдағы Жаңатас пен Қаратау, Жетісудағы Текелі. Бұл моноқалаларда жұмыссыздық деңгейі жоғары және жартылай жұмыс істеп тұрған өнеркәсіп орындары бар. Сондықтан той – жергілікті жұмыссыз халық пен табысы төмен азаматтар үшін нарық жағдайында отбасын асыраудың таптырмас мүмкіндігі.
Зерттеу барысында Жетісу өңіріндегі кей асабалар сұхбат беруден қашқақтады. Көбі бізді салық басқармасының өкілдері деп ойлап қалған екен. Жергілікті тұрғындар үшін асабалық – қосымша табыс көзі. Олардың көбі мемлекеттік мекемелерде қызмет етуі мүмкін. Әдетте асабалықпен айналысатындардың көбі жеке кәсіпкер ретінде тіркелмейді. Бұл мәселе той саласында жүрген жергілікті кәсіпкерлерге де қатысты.
Кей тұста Жамбыл облысында тойдың несие алудың бейресми түрі екенін байқадық. Кейбіреулер тез арада үйін жөндеу қажет болса, басқа да қаржылық қиындық туа қалса, той ұйымдастырып жібереді екен. Мәселен, орта жастағы бір ер адам үйін салып бітіру үшін ғана той өткізген. «Шығынымды жауып қана қоймай, үйімді де салып алу үшін той жасамақ болдым», – дейді ол.
25 мың тұрғыны бар аймақтық қаланың өлшемімен алғанда, 150-450 қонаққа арналған той (ірі қалалардан шақырылған қонақтарды қоса есептегенде) шамамен 1-1,5 миллион теңгеге шығады. Бұл ретте той иесі ауызша келісіммен несие/қарыз алып, жергілікті орталықтардың қызметіне жүгіне алады. Мереке өткеннен кейін қалтасына 2 миллион теңгеге жуық түсуі мүмкін. Бұл той иесіне қарыздардан құтылып қана қоймай, пайда көруге де мүмкіндік береді. «Сыйлық экономикасы» логикасына сүйенсек (америкалық антрополог Синтия Вернердің айтуы бойынша), жергілікті халық арасында қатаң ереже бар: алаған қолым береген, кезінде саған қанша әкелсе, сонша апару керек.
Жетісу өңірінде той үнемі қосымша табыс әкеле бермейді. Көп жағдайда жиналған қаражат шығынды өтеуге ғана жетеді. Дегенмен, екі өңірде де той ата-ананың бала алдындағы парызы әрі «сыйлық» қайтару дәстүрі екенін білдік. Тойдан пайда көруге немесе жұмсалған қаражатты қайтаруға әсер ететін фактордың бірі – той иесінің әлеуметтік ортасы және шақырған жерден қалмауы (сыйлық апаруы).
Бұл қағиданы Жаңатас қаласының тұрғыны былай түсіндірді: «Қазақтар үшін той – қазына. Шақырған жерге барсаң, ертең саған да келеді. Бірақ достары, араласатын ортасы жоқ адамдар да болуы мүмкін. Әзірге біз ондай жағдайға кездеспедік. Қанша ақша жұмсасақ, сонша қайтардық».
Жамбыл облысында қонақтың аты-жөні мен қанша ақша алып келгенін арнайы дәптерге жазып отырады. Бұл жұмыс той иесінің жақын адамына тапсырылады. Аты-жөнін бірден сыйлық конвертінің сыртына жазып алып келетін қонақтар да бар. Бұл тұрғыда «сыйлық» пайызсыз несие рөлін орындайды. Айырмашылығы – адамның міндетті түрде ақшаны қайтару керегін іштей түсінуі. Ата-ана мен бала арасындағы ақшалай сыйлық мұндайға бағынбайды. Себебі беруші мен алушы арасындағы қарым-қатынаста «қарыз қайтару» логикасы жұмыс істемейді.
Бұдан той өңірлерде ғана емес, моноқалаларда да қарым-қатынас құру, демалу әрі бос уақыт өткізудің маңызды бір бөлігі екенін көреміз. «Бізде отырып, билеп қайтатын ойын-сауық орындары мен орталықтар жоқ, жастар баратын жер жоқ», – дейді Жаңатас қаласының тұрғыны. Ал той кезінде адамдар ақпарат алмасып, жаңа адамдармен таныса алады. Сондай-ақ туысқандармен, отбасы мүшелерімен және қоғаммен бейресми әлеуметтік байланысын сақтайды.
Қазақстандағы тойды жаңа институционал экономика (New Institutional Economics) концепциясы тұрғысынан қарастырсақ, ресми және бейресми институттардың ара-қатынасын байқаймыз. Дәстүр, әдет-ғұрып, бейресми экономиканың тәжірибесін той контексіндегі әлеуметтік институт қатарына жатқызамыз. Конституция, келісімшарт, мемлекеттік реттеудің әртүрлі нысанын ресми институттар деп бөлуге болады. Олардың 2000 жылдардағы нарықтық экономиканың дамуына байланысты өзгерістері жергілікті деңгейде, атап айтқанда, бейресми институттардың модификациясында көрініс тапты.
Мысалы, елдегі алғашқы экономикалық серпілістен кейін тойды мейрамханада өткізу дәстүрі пайда болды. Бұрын отбасылық мерекелер әдетте үйде өтетін. Мысалы, аулаға тігілген шатыр астында, мектептің асханасы мен акт залында өтетін.
Жаңатас қаласының тұрғыны Әнел өзінің тойы туралы былай деп баяндады: «ЗАГС-ке «Жигулимен» бардық, ол кезде лимузин деген жоқ. Бір-екі «Жигули» ғана болатын. Жас жұбайлар көлікке мініп, қалған қонақтар жаяу келетін. Тойымыз үйдің ауласында өтті. Қатар-қатар үш ұзын дастарқан жайдық».
Ел экономикасындағы жаңа тенденция сыйлықтың пішініне де, көлеміне де әсер етті. «Кілемдер» конвертпен ұсынылатын ақшалай сыйлыққа ауысты. Сондай-ақ, бұрын қалыңмал тек малмен өлшенсе, қазір бұл дәстүр де ақшалай формаға ауысқан. Доллармен қабылданатын жағдайлар да кездеседі.
Еліміздің әр өңірінде қалыңмал құны мен сый-сияпаттың өзіндік жазылмаған нормалары бар. Мысалы, Жетісу өңірінің тұрғыны былай дейді: «Біз жақта қалыңмал құны – бір жылқыға тең. Жастар бір ауылдан болса, қалыңмалды жылқымен төлей алады. Егер құдалар алыстан болса, ақшалай береді. Бірақ қалыңмал мөлшері бір жылқының құнына тең деп үнемі айтамыз». Жергілікті тұрғындар инфляция жағдайында мұндай өлшем бірлігін қолдану ыңғайлы екенін айтады. Екіншіден, жылқының бағасы малдың жасы мен тұқымына тікелей байланысты. Бұл қалыңмал құнын жағдайына қарай белгілеуге мүмкіндік береді. Жамбыл облысындағы ақшалай сыйлық туралы айтатын болсақ, ол қонақтың мәртебесі мен туыстық дәрежесіне байланысты. Жақын туыстар үшін 40 мың теңге немесе одан да көп, алыс ағайындар – 20 мыңнан, ал әріптестер мен достар 5 мыңнан жоғары әкеледі.
Тағы бір үлкен өзгеріс – жас қыздың ұзату тойын салтанатты түрде мейрамханада өткізу. Кеңес Одағы ыдыраған тұста және 1990 жылдары жастар «алып қашу» дәстүрімен отау құратын. Қызды ата-анасының үйінен ұзататын жағдай өте сирек кездесетін. Елдегі экономикалық жағдай қалпына келген соң, әлеуметтік-экономикалық жағынан өзін көрсету халыққа маңызды болды. Сондықтан «алып қашу» қыз жақтың қаржылық жағдайы төмен болуының белгісі деп қабылданды. Қазір ұзату той өткізуді көп ата-ана қолдайды. Әрі бұл құдалар арасындағы теңдікті көрсетеді.
Қазақтың той феноменін талқылауда ескірген, ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлерді жаңғырту туралы пікірталас жиі кездеседі. Кейбіреулер бұны тамырымызға оралу деп түсіндіреді. Дегенмен, бұл тренд пен жаңашылдықты той индустрияға қатысы бар адамдар енгізіп жатқанын мойындау керек.
Мысалы, қазір ұзату кезінде қызды түн ортасына дейін алып кету қажет. Бұны тойхана иелерінің талабы деуге болады. Себебі той маусымы кезінде (жаз бен күзде) мейрамхана келесі іс-шараларға дайындалып үлгеруі керек. Мәселен, күндіз балаларға арналған кеш немесе еске алу шаралары өтуі мүмкін. Ұзату той кезінде қызды шаңырақтың астында алып шығу да көп адамға ұнайды. Қазір бұл жоралғыны бишілер тобы орындайды. Қалыңдықтың дәстүрлі сыңсуы да кәсіби әншілердің міндетіне айналған. Бұл мысалдар той индустриясында әртүрлі табыс түрі бар екенін және оның әрі қарай да дами беретінін көрсетеді.
Тойхана – той индустрияның жеке феномені. Оны бөлек қарастырған жөн. Бұл тамақ ішіп, отбасымен немесе достарыңызбен уақыт өткізуге арналған жер ғана емес. Тойхана – отбасылық мерекелерді көңілдегідей өткізуге жол ашатын жер. Сондай-ақ, жергілікті халықты жұмыспен қамтып, мерекелер мен мерекелік ас мәзірінің «ережелері» мен үрдістерін белгілей алады. Мысалы, Жамбыл облысының кей аудандарында дастарханның міндетті мәзіріне ет, сорпа, қымыз, шұбат, манты кіреді. Кейде палау да ұсынылады. Бірақ оны көп жағдайда еске алу шарасын өткізгенде дайындайды. Той мәзіріндегі қажетті тағамдар аймаққа қарай әртүрлі болуы мүмкін.
Бүгінде әртүрлі форматтағы тойхананы еліміздің кез келген өңірінен, ауылдық жерлерден де табуға болады. Орталықтан оқшау жатқан, 25 мыңға жуық тұрғыны бар Жаңатас қаласы мен шекаралас Қордай ауылында үш-төрт ірі тойхана бар. Аудан орталығы Сарыөзекте ресми түрде 12 мейрамхана тіркелген. Оның жетеуі тек тойхана қызметін атқарады. Кей мейрамханалар бұрынғы әкімшілік және қоғамдық ғимараттарда орналасса, кейбірі жаңадан салынған.
Той индустриясының басқа да негізгі факторларына асаба, әнші, музыкант, бишілер тобы, фотограф, видеограф, визажист, тігінші және лимузинді жалға берушілер жатады. Бұл бизнестердің әрқайсы қосымша ұсыныстардың кең ауқымын қамтиды. Мысалы, киім-кешек бизнесі қалыңдыққа, қонақтарға, бишілерге арналған киім тігу және жалдаумен бірге, қалыңдықтың төсек орнына кіретін көрпе, жастық, төсекжапқыш жасауға маманданған. Фотограф мерекені фото және видеоға түсіру, Love Story бейнеролигін дайындау, тойға шақыру, баннер, шарға жабыстыратын сөз, конверт басып шығару қызметін ұсына алады. Сондай-ақ, шай, тәттілер, басқа да сыйлықтарға арналған қағаз бонбоньер қораптарын безендіру жұмысын тапсыра аласыз. Лимузинді жақын орналасқан ірі қалалардан (Шымкент, Тараз) жалға алуға болады, бірақ қазір мұндай қызмет шағын қалаларда да бар.
Жамбыл облысы тұрғындарының айтуынша, қазір той ұйымдастыратын мекемелер басқалардан ерекшеленіп, жаңа дем әкелуге ұмтылады. Мысалы, жарыстарға қатысқаны үшін қымбат сыйлықтар беру, үлкен кісілер мен балаларға бөлек сыйлық ұсыну, шоу ұйымдастырған кезде wow-элемент қосу. Соңғы нюанстар әдетте тойхана иелерімен бірге талқыланады. Мерекенің ауқымы, қонақтарға арналған сыйлықтар және басқа да қызметтер той иесінің «VIP» немесе «эконом класс» пакетін таңдауына байланысты. Бұны кей жергілікті кәсіпкерлер енгізіп кеткен. Ауқатты адамдар тойды әкімшілік орталықтарда, Талдықорған мен Таразда, ал өңірдің ең мәртебелі тұрғындары Алматы немесе Шымкентте өткізе алады.
Нарықтық экономика жағдайында той сыйлық алмасу және сыйлықтардың ақшаға айналу тәжірибесін көрсететін формаға айналды. Дегенмен, аймақтық контексте той индустриясы дәстүрлерге соқыр сенім, оларды жаңғырту әрекеті емес, керісінше, жергілікті тұрғындардың экономикадағы ауқымды өзгерістерге бейімделу процесін көрсетеді.
Той индустриясының дамуы аймақтардағы жұмыссыздықты, инфрақұрылымның даму деңгейінің төмендігін, қарапайым халықтың рационал ойлауды қосып, қатал капитализм жағдайында аман қалуға тырысып жатқанының айқын көрінісі.
Бұл материал Власть порталының «Қазақстан аймақтары» атты ауқымды жобасы аясында жазылған. Бұл жобада біз Қазақстан аймақтары мен ірі қалалары арасындағы теңсіздік көрінісі туралы баяндаймыз, аймақтық дамудың қазіргі парадигмасын сыни тұрғыдан талдап, бәрін жақсы жаққа өзгертуге ұмтылып жүрген тұрғындар жайлы баяндаймыз.
Поддержите журналистику, которой доверяют.