3837
27 ноября 2023
Паоло Сорбелло, Ақбота Узбекбай, Алмас Қайсар

Тоқаевшыл белсенділердің зорлыққа қарсы акциясы

Алматыда қойылымға ұқсас шараға 250-ге жуық адам жиналды

Тоқаевшыл белсенділердің зорлыққа қарсы акциясы

26 қараша күні Алматыда кеңестік партия қайраткері Михаил Калинин ескерткіші маңында зорлық-зомбылыққа қарсы митинг өтті. Ол жер қоршалған болды. Акцияны ұйымдастырған «Жаңа адамдар» ұйымы сахна жанында шарф пен плакат таратты, қозғалыс жетекшілері, қонақтар мен инфлюенсер сөз сөйлеуге кезекке тұра бастады.

Жүргізушілер қазақ және орыс тілінде кіріспе сөз сөйледі. Ең әуелі айтқаны: «Біз президентімізге сенеміз. Оның әр сөзіне қосыламыз және оған көмектесеміз».

Бұл қозғалыстың белсенділерін күртешесінің түсінен ажыратуға болады: күлгін түсті күрте кигені – «ұйымдастырушы», сары түстісін кигені – «қатысушылар». Қатысушылардың басым бөлігі сайт арқылы тіркелген. Сайтта оларға барып-келу билеті мен жатын орнын төлеуге уәде берген.

«Жаңа адамдар» 2022 жылғы тамыз айында құрылған. Қозғалыс жетекшісі Әсел Бәденованың сөзіне қарағанда, құрамында 700-ге жуық адам бар. Бәденова қозғалысты үкімет қаржыландырмайтынын, әйтсе де, идеясы президент Тоқаевтың реформаларына сәйкес келетінін айтты.

«Біздің қозғалыс президент Тоқаевтың реформаларын ашық қолдайды және бұны жасырмаймыз», – деді Бәденова.

Атын атамауды өтінген ұйымдастырушылардың бірі билік пен қозғалыстың еш байланысы жоқ екенін айтты.

«Жұрт айтатындай үкіметке жақын ұйым емеспіз деп толық сеніммен айта аламын. Тоқаевты қолдаймыз, өйткені оның сөзінің жаны бар. Бізді билікшіл деп айту – қате», – деді ол.

Ұйымдастырушының Власть журналисіне сұхбат беріп жатқан кезі.

14 қараша күні «Жаңа адамдар» Алматы әкімдігіне 26 қараша күні «Қазақстандағы зорлық-зомбылық мәселесін әшкерелеу» мақсатында митинг өткізу туралы өтініш жіберген. Қала әкімдігінің осы сарындағы митинг өткізуге тез келісім бергенін ұйымның билікке жақын екенінің белгісі деп бағалауға болады.

Басқа қозғалыстар митинг өткізуге айлар бойы талай өтініш жіберіп, жергілікті билік бұл өтінішті кері қайтаруға әрдайым себеп табады. 2020 жылы митинг өткізу тәртібі туралы жаңа заң қабылданғалы бері феминистік қозғалыстарға, Ресейдің Украинаға қарсы соғысын айыптайтын белсенділерге митинг өткізуге қаншама рет келісім берілмеді. Ал адамдар митингіге әкімшілік ескертусіз шығатын болса, оларды міндетті түрде қамайды не айыппұл салады.

Феминистік ұйымдар мен өзге де азаматтық қозғалыстар бюрократиялық кедергілерге қарамастан, Тоқаев билігі кезінде бірнеше рет 500-ден аса адамды жинай алды. Әйтсе де, 26 қараша күнгі митингіге қатысушылар саны үш жүзден аспады.

Жіті қарауда болған орын

Митингтің бейбіт өтіп жатқанына көз жеткізу үшін жүздеген полиция қызметкері Калинин мүсінінің айналасындағы аумақты қоршап тұрды. Арнайы белгіленген аумақта күлгін-сары түсті шарф таққан адамдар арасынан қарапайым киім киген ондаған полиция мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлерін оңай тануға болады.

Алайда бұл шараны тек құқық қорғау органдары бақылады деу қиын.

Ұйымдастырушылардың бірі журналистерден «Жаңа адамдар» дайындап қойған бейджді тағып жүруін талап етті. Жиынға қатысқан бірен-саран журналист қана бейджді тағуға келісті. Негізі журналистерге заң тұрғысынан қойылатын бір ғана талап бар: көк түсті пресс жилетті киіп жүру.

Сахнада тұрған жүргізушілер басқа қозғалыс мүшелері мен белсенділерден митинг кезінде өзге тақырыпты көтермеуін, тек зорлық-зомбылықпен күресті назарға алуын ескертті.

Митингідегі қоршау және полицейлер, суретті Паоло Сорбелло түсірген.

Ал бұл уақытта қарсы бетте KazFem феминистік бастамасының белсендісі Вероника Фоновамен ұйымдастырушылар арасында текетірес болып, нәтижесінде оның митингіге қатысуын шектеді.

«Олар мені кіргізбеді. Қала әкімшілігімен мәселе туындауы мүмкін екенін айтты. Мен оларға плакат тақырыпқа сай, яғни зорлық-зомбылыққа қарсы екенін айттым, бірақ олар “мұнымен кіре алмайсыз” деп кіргізбеді», – деді Фонова.

Вероника Фонова бұған дейін Алматыда өткен Халықаралық әйелдер күніне арналған бірнеше шеру мен митингтің басы-қасында болған. Фонова «Жаңа адамдар» митингісінде өткен аптада зорлық-зомбылық көрген әйелдер мен балаларды қорғайтын #NemolchiKZ үкіметтік емес ұйымының жетекшісі Дина Смаиловаға қарсы полиция қозғаған қылмыстық істі тергеу мәселесін көтеруді жоспарлаған.

Наурызда өткен мәслихат депутаты сайлауына қатысқан азаматтық белсенді Александр Щекутеев басқа ұйым белсенділеріне қарсы тұруы митингінің шынайы сипатына күмән келтіретінін айтты.

«[Жаңа адамдарды] бірінші рет көруім. Бұл ұйым өзінің билікшіл ұрандарына байланысты көп күмән тудырады. Кейбір белсенділерді қатыстырмады. Бұл дұрыс емес», — деді Щекутеев «Власть» журналисіне берген жауабында.

Суретті Алмас Қайсар түсірген.

Қымбатқа түскен келісім

Митингіде «Жаңа адамдардан» бөлек, бірнеше танымал инфлюенсер де болды. Олардың ішінде Instagram желісінде 500 мыңнан аса жазылушысы бар Бота Нұрсейітова, 630 мыңдай жазылушысы бар Айна Исаева және жазылушы саны 1,1 миллионнан асатын Нұрлан Батыров бар.

«Зорлық-зомбылыққа қарсылықты қолдағым келеді. Әйтеуір басқа да инфлюенсерлер қосылып жатыр. Қоғамда зорлық-зомбылыққа орын жоқ», – деді Батыров Власть редакциясына.

«Жаңа адамдар» қозғалысы туралы не ойлайтынын сұрағанымызда, Батыров оларды аса тани қоймайтынын айтты.

«Уақыт өте келе көбірек білерміз, бірақ қазір олар туралы көп біле бермеймін», – деді Батыров.

Әйтсе де, Батыров 13 қараша күні Instagram парақшасында «Жаңа адамдардың» митингіге келуді үндейтін видеосын жариялаған. Шараға қатысқан әлеуметтік желіде танымал блогерлердің митингіні жарнамалағаны үшін ақы алған-алмағаны түсініксіз.

Суретті Алмас Қайсар түсірген.

«Жаңа адамдар» басшылығы жүздеген қатысушының барып-келу билеті мен тұратын жерінің ақысын төлеп бергенін, оған қоса, шара кезінде қолданылған көрнекілік пен мерчандайзинге де қаражат бөлінгенін растады.

Власть журналисі шараны өткізуге қанша қаражат кеткенін сұрағанда, Бәденова жауап беруден бас тартты.

«Бізді қозғалысымыздың дамуын қалайтын меценаттар мен бизнесмендер қаржыландырады. Мемлекеттен қаражат алмаймыз», – деді тағы бір ұйымдастырушы Ерсұлтан Бекес.

Бизнесмендердің зорлыққа қарсы шығатын қозғалысқа қайырымдылық көмегін неге жария еткісі келмейтінін сұрағанда, Бекес білмейтінін ишарамен көрсетті.

Белсенді Әлнұр Ілияшев мұндай шара өткізудің қымбатқа түсетінін айтады.

«Мұнда қыруар ақша [жұмсалған]. Азаматтық белсенділердің мұнша ақшасы жоқ», – деді Ілияшев.

«Хайуан іспетті адамдар»

Бастапқыда 25 қараша – Халықаралық әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықпен күрес күнінде өтеді деп жоспарланған митинг 26 қарашаға – Халықаралық торт күніне ауыстырылды.

Митинг өткізу идеясы 9 қарашада бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы мейрамханада ұрып, өліміне әкелді деген күдікпен ұсталғаннан кейін туындады. Келесі күні Бишімбаевқа кісі өлтірді деген айып тағылып, екі айға уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұл оқиға Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы қызу талқы туғызды.

«Бұл мәселе мұндай шулы іс болмағанда көтерілмес те еді. Әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық күн сайын болып жатыр. Айкөркемнің жағдайын неге осылай көтермедік?», – деді шара аяқталғанда шетте тұрған бір әйел.

Айкөркем Мелдехан – Қанды Қаңтардың қаза тапқан ең кішкентай құрбаны. Алматыда бүкіл қала бойынша комендант сағатында сақшылықта жүрген бір топ сарбаз әкесінің көлігіне оқ атқанда Айкөркем төрт жаста еді.

Митингінің ресми тақырыбы «Жануарлар әлеміне жоқ де» болды. Олар бұл тіркес арқылы жауыз адамдарды хайуанға теңеу керегін көтереді.

«Феминита» феминистік бастамасын құрушылардың бірі Жанар Секербаева бұл шараға қатысудан бас тартты. Ол Власть тілшісіне берген жауабында ұйымның феминистік күн тәртібін иемденіп алғысы келетінін айтты.

«Бұл – әйелдер құқығы үшін күресіп жүрген феминистік қозғалыстың күн тәртібін иемденгісі келетін мемлекетшіл ұйым. Зорлық мәселесін бұрыннан көтеріп келе жатқанымыз рас, алайда “Жаңа адамдардың” ешқайсы бізді қолдаған емес», – деді Секербаева.

«Олар тұрмыстағы зорлық туралы заң жобасын қолдамайтынын айтты. Ендеше жануарларды сөз ететін қисынсыз ұраны бар митингінің не қажеті бар?»

Кейін ұйымдастырушылар жұртшылық алдында акцияның жануарлар құқығына еш қатысы жоғын айтты.

«Мұның жануарларға қатысы жоқ. Адамның санасы болса да, хайуанның ісін жасайды дейміз».

Митингінің қырқыншы минутына таяғанда жүргізушілер соңғы мәрте Тоқаевтың «Бір халық, бір ел, бір тағдыр» сөзін айтып, жұрттың тарауын сұрады.

Кейін ұйымдастырушылар мен полицейлер ол жерден кетуді сұрады.

Читайте этот материал на русском.

Read this article in English.