3945
10 июля 2024
Паоло Сорбелло, Власть, фото: Маңғыстау облысы ТЖД

Маңғыстауда былтырғыдай метанның тарауы бұрын-соңды болмаған

Зерттеу инфрақұрылымдағы ақау салдарынан метанның тарауы бұрын-соңды тіркелген оқиғалардың ішіндегі ең ірісі екенін көрсетті

Маңғыстауда былтырғыдай метанның тарауы бұрын-соңды болмаған

Read this article in English.

Читайте этот материал на русском.

2023 жылы 205 күн бойы көзге көрінбейтін метан бұлты Маңғыстау облысындағы газ кен орнындағы бұрғылау алаңынан атмосфераға шығып жатты. Спутник арқылы бақылау мен зерттеу инфрақұрылым ақауынан метанның тарауы бұрын-соңды тіркелген оқиғалардың ішіндегі ең ірісі екенін көрсетті. Шығарынды мөлшері Лос-Анжелеске жақын жердегі Алисо-Каньон газ қоймасында 2015 жылы болған апат кезіндегіден кемінде 30 пайызға көп.

2023 жылғы маусымның басында «Бозашы мұнай» компаниясы басқаратын Қаратұрын кен орнындағы оқиға ауқымды өртке алып келді. Оны жерасты көмірсутек қоры үдете түсті, соның кесірінен өрт бірнеше ай бойы толастамады.

Қазақстан үкіметі Қаратұрындағы апат салдарынан метанның көп мөлшерде таралуын әлі де жоққа шығарып отыр.

Әйтсе де, өрттен бөлек кен орнынан атмосфераға метан тарады, оның ауаға шығуын жерсеріктер аса дәл суреттер арқылы көрсетіп отыр.

Бір қарағанда көзге көрінбейтін метан қоршаған ортаға біраз зиян келтіріп, жаһандық жылынуға елеулі дәрежеде әсер етеді. Оның залалын азайту үшін мұнай-газ кәсіпорындары метанды жағып жібереді. Нәтижесінде ол көмірқышқыл газына түрленіп, қоршаған ортаға әсері азырақ болады.

Метан атмосфераға бақылаусыз кірген кезде оның жаһандық жылынуға үлесі көмірқышқыл газына қарағанда 80 есе күштірек болады.

Дереккөз: Environmental Science and Technology.

«Қаратұрын деген не?»

2023 жылғы қыркүйекте экология министрі Ерлан Нысанбаев Власть сауалына берген жауабында Қаратұрындағы өрт туралы ештеңе «естімегенін» мәлімдеді, кен орны қай жерде екенін және төтенше жағдай қайда болғанын білмесе керек. «Жоқ, естіген жоқпын. Ол қай жерде? Мен енді келдім ғой, енді кірісіп жатырмын», – деп ақталды ол.

Сосын Экология министрлігі өртті сөндіруге және бұрғылау алаңына 2023 жылғы қазанға қарай сүргі салуға уәде берді, бірақ бұны біраз кешіктіріп жасады. Желтоқсанда өрт толық сөндірілді, шығарынды да тыйылды.

Алайда, қоршаған ортаға зиянын тигізіп үлгерді.

Зерттеушілер апаттан кейін алты жарым ай ішінде атмосфераға 134 мың тонна метан тарағанын есептеп шығарды.

Бұл Қазақстанның 2023 жыл ішіндегі энергетикалық секторының бүкіл шығарындысының 4,5 пайызы, Environmental Science and Technology журналында жарияланған зерттеуде осылай делінген.

«Жиынтық қуаты 420-490 мың тонна деп бағаланған, 2022 жылғы 26 қыркүйекте Балтық теңізінде “Солтүстік ағын-1” және “Солтүстік ағын - 2” суасты қосарланған газ құбырындағы диверсия ғана 2023 жылғы Қаратұрынға қарағанда көбірек шығарынды бөлуі мүмкін еді», – дейді авторлар.

2024 жылғы ақпанда жергілікті инспекторлар кен орнына жауапты «Бозашы мұнай» компаниясына 362 млн теңге ($770 мың) айыппұл салуды ұсынды.

Дереккөз: Environmental Science and Technology.

Мұнда метан жоқ

Былтыр Власть «Бозашы мұнай» компаниясы мұнай өндіретін және өңдейтін бірнеше кәсіпорынға иелік ететін бизнесмен Мұрат Сафинге тиесілі екенін жазған еді. Оның түпкі иесі – бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеубаласы Тимур Құлыбаев.

«Бозашы мұнай» ұзақ уақыт бойы метан тарап жатыр деген айыптауды мойындамай келді.

«Шығарылған ыстық зарядтардың ешқайсы ұңғыманың үстіндегі немесе төңірегіндегі бұлттың жануына әкелген жоқ, метан көптеп шоғырланған жерде олай болмайды», – деді Власть редакциясына былтыр тамызда компания бас директорының стратегиялық дамуға жауапты орынбасары Данияр Дүйсембаев.

Сондай-ақ Дүйсембаев қазан айында «апаттық ұңғымадан газдың шығуы біраз қысқарды, бұл жалын қарқынының бәсеңдеуіне әкелді» деп сендірді.

Компанияның метан шығып жатпағанына дәлел ретінде жалынның жоқтығын ғана алға тартуы келтірілген залалды жете бағаламауға себеп болды.

«Бозашы мұнай» жауапкершілікті барлап бұрғылау мердігері «Заман Энерго» компаниясына артып отырды.

Метанның таралғанын растайтын жерсерік түсірілімдеріне талдау жасаған ғалымдар мұнымен келіспейді.

«Біз бұл нысаннан метанның тұрақты таралуын бақылауды жалғастырып келеміз», – деп хабарлады Власть тілшісіне 2023 жылы қазанда француздың Kayrros геоталдау фирмасының өкілі.

Дереккөз: Environmental Science and Technology.

«Ластағыш заттар бар екенін анықтау үшін, 9 маусымда, өрт кезінде атмосфераның жай-күйіне талдау жасалды. Нәтижесі метанның шоғырлану деңгейі тиісті деңгейден асқанын көрсетті», – деп хабарлады Маңғыстау облысының экология департаменті Власть редакциясының сол айдағы сауалына берген жауабында.

Жергілікті инспекторлар жинаған нақты дәлелдер бола тұра, Экология министрлігі оның бәрін жоққа шығарумен болды. 2024 жылы наурыздың басында экология министрінің орынбасары Жомарт Әлиев Қаратұрын газ кен орнында «атмосфераға метан шыққан жоқ» деп мәлімдеді.

2024 жылы 30 маусымда жарияланған зерттеу осы аймақты бақылаған әр жерсерік 2023 жылғы маусым мен желтоқсан аралығында атмосферадан метанның көп шоғырланғанын анықтады.

«Осы уақыт бойы метанның аса көп мөлшерде жиналғаны көрініп тұрды», – дейді авторлар.

Зерттеушілер ең үлкен өрт пен ең ауқымды таралу кен орнында апаттан кейін бірнеше апта бойы болғанын көрсетті.

«Ағын жылдамдығын жекелей бағалаған кезде елеулі, жерсерікке тәуелді ауытқу байқамағанымызды айта кету керек. Біздің бақылау мерзіміміз кезінде түрлі құралдар, метанды алу тәсілдері мен метан шлейфінің мөлшерін бағалау әдістері қолданылды», – деді зерттеушілер.

Қазақстанның жаңа антирекорды Маңғыстау облысы мен Каспий теңізі аймағынан тысқары жерлерге де әсер етті, өйткені атмосфераның ластануы жаһандық температура мен климатқа да әсер етеді.