Read this article in English.
Читайте этот материал на русском.
2024 жылы Ұлттық қордан жасалған трансферттің жалпы көлемі кейінгі 10 жыл ішіндегі ең жоғары көрсеткішке жетуі мүмкін. Республикалық бюджет жетпей жатқан кезде президент қосымша қаржыны қажет ететін тапсырмалар беріп, Ұлттық қор мемлекеттік шығынның 20 пайызын жаба бастады. Соңғы жылдары ақшаны үнемі алып отыру жақын келешекте Ұлттық қордағы қаражатты тауысуға әкеп соғады. Власть бұның салдары қандай болатынын түсіндірмек.
Өткен аптада ұлттық экономика министрінің орынбасары Азамат Әмрин бюджет дефицитін жабу үшін 2024 жылы Қазақстан Ұлттық қордан қосымша 2 трлн теңгедей алатынын мәлімдеді.
Биылдыққа Ұлттық қордағы активке қол салу екінші рет болып отыр. Біріншісі — республикалық бюджетті қаржыландыру үшін құны 467,4 млрд болатын «Қазатомөнеркәсіптің» 12% акциясын Ұлттық қор есебінен сатып алу шешімі.
Осыған орай 2024 жылы трансферттің жалпы көлемі 6 трлн теңгеден асады, ал жыл басында 3,6 трлн теңге болады деп жоспарланған еді.
Ұлттық қор активтерін 2030 жылға таман 100 миллиард долларға жеткізу үшін президент пен үкіметтің Ұлттық қордан ақша алуды қысқарту туралы талабына қарамастан, қордан ақша алу азаймай отыр.
Президент қойған мақсатқа жету үшін үкімет 2022 жылы Ұлттық қордан кепіл етілетін трансфертке лимит қойған еді. Ресми дәрежеде бұл 2023 жылғы трансферттің жалпы мөлшерін 600 млрд теңгеге азайтты.
Алайда сол 2023 жылдың өзінде үкімет «ҚазМұнайГаздың» 20% акциясын сатып алу мәмілесі түрінде рәсімдеп, Ұлттық қордан шұғыл түрде 1,3 трлн теңге тартты. Нәтижесінде Ұлттық қордан бір жылда алынған қаражаттың жалпы көлемі 5,3 трлн теңге болды.
2022 жылдан бері мұнай бағасының жоғары болып тұрғанына қарамастан, Ұлттық қордағы активтің төмендеуі жалғасып жатыр. Ол 2014 жылғы тамызда 77,2 млрд доллар болып ең үлкен көрсеткішке жетсе, 2024 жылғы тамызда 60 млрд долларға дейін азайды.
2023 жылы жаһандық экономика баяулап жатқан кезде активтің азаюына мұнай-газ секторындағы компаниялардан Ұлттық қорға түсетін салықтың қысқаруы себеп болды — 2022 жылмен салыстырғанда 4,5 трлн теңгеге дейін, яғни 30 пайызға азайды. Бірақ бұл негізгі себеп емес.
Әу баста Ұлттық қор мұнайдан түскен табыстың артылғанын болашақ ұрпақ үшін жинау және экономикаға қиын кезеңдерде бюджетті қаржыландыру үшін құрылған еді.
Оның ақшасы Қазақстанның банк секторына көбірек соққы жасаған 2008 жылғы әлемдік қаржы дағдарысы кезеңінде белсенді түрде жаратыла бастады. Кейін, 2015 жылғы геосаяси дағдарысқа және коронавирус пандемиясына қарсы шаралардан бөлек, Ұлттық қор ақшасы сайлау алдындағы уәде мен жыл сайынғы президент тапсырмаларын орындауға кетті.
Президент өз жолдауында, кейде одан тыс кезде де беретін саяси уәделер мемлекеттік шығындардың артуына себеп болып, бюджет дефицитін ұлғайтты. Ал Ұлттық қор соны жабатын негізгі көзге айналды. Қаржы министрлігінің мәліметі бойынша, 2023 жылы бюджет дефициті 2,2 трлн теңге шамасында болды. Ал Halyk Finance аналитиктерінің бағалауынша, Ұлттық қордың қаражаты болмаса, ол 11,6 трлн теңге болар еді.
Ұлттық қордың қаражатын пайдалану жиналатын салық көлемінің үкімет күткен мөлшерден аз болуына және мемлекеттің экономика мен инфрақұрылымды қолдауға арналған шығындарының, әлеуметтік және мемлекеттік қарызды өтеу шығындарының артуына байланысты өсіп отыр. Кейінгі үш жылда Ұлттық қор бюджеттен жаратылатын ақшаның 20 пайызынан астамын жауып келе жатыр.
Осыған қатысты туындайтын басты мәселенің бірі — Ұлттық қор қаражатын экономикаға салудың тиімділігі. Сарапшылар берген бағаға сүйенсек, қаражаттың басым бөлігінің әсері жоқ. Ақша экономиканы өсіру, салық аудару және жұмыспен қамту түріндегі тиісті қайтарымы жоқ кәсіпорындар мен ұйымдардың жұмысын қолдауға кетіп жатыр.
Тағы бір маңызды мәселе — Ұлттық қор активтерін 100 млрд долларға жеткізу деген мақсатты Қазақстан орындай ала ма? Сарапшылар арасында оның азаймайтын қалдығын 50 млрд доллар деңгейінде ұстап тұру негізгі міндетке айналады деген пәтуа пайда болды.
Техникалық тұрғыда үкімет пен Ұлттық банкте ҚМГ мен «Қазатомөнеркәсіп» секілді ұлттық компаниялардың құнды қағаздарымен манипуляция жасай отырып, Ұлттық қордың активін жасанды жолмен өсіруге мүмкіндік бар. Үкімет ұлттық компаниялардың акцияларын дисконтпен бірге сатып алып, Ұлттық қор активтер құрылымында жоғары баға көрсете отырып олармен мәміле жиілігін көбейте алады.
Алайда бұл акциялар қаншалықты қымбат әрі сатуға жарамды болып қала алады? Әсіресе ұлттық компаниялар кредитке батып, әлемдік экономиканың жаһансыздануына әкеле жатқан Қытай мен АҚШ арасындағы текетірестен және Қытай экономикасындағы ішкі тепе-теңдіктің бұзылуынан экономикалық шок болу ықтималдығы жағдайында қалай болмақ?
Ұлттық қордың сарқылуы Қазақстанға көп проблема әкеледі. Ең алдымен болашақта ел ұлттық даму жобалары бойынша мемлекеттік шығындардың қазіргі көлемін қаржыландыра алмайтын болады. Ал толықтай сарқылған жағдайда инфрақұрылымға, білім беруге, медицинаға және зейнетақыға қажет базалық шығынның өзі проблемаға айналады.
Бұдан бөлек Ұлттық қор Қазақстан халықаралық ұйымдармен бірлесіп іске асыратын инфрақұрылым мен экономика жобаларына мемлекеттік кепіл көзі ретінде де қолданылып жүр.
Ұлттық қорсыз ел осы жобаларды іске асыру кезінде де, сол үшін алған қарыздарды өтеу кезінде де қиындыққа ұрынуы мүмкін. Әрі қарай қазбалайтын болсақ, осы міндеттер бойынша дефолт қаупі де бар, бұл көп деңгейлі экономикалық дағдарысқа апарады.
Поддержите журналистику, которой доверяют.