3112
19 августа 2024
Дмитрий Мазоренко, Жоғары аудиторлық палата баспасөз қызметінің фотосы

Қазақстанның мемлекеттік қаржысы дағдарыста

Жаңа салық кодексін қабылдау дағдарысты тоқтата ма?

Қазақстанның мемлекеттік қаржысы дағдарыста

Кейінгі 5 жылда Қазақстанда бюджеттің кірісі мен шығысы арасындағы алшақтық ұлғайып бара жатыр. Соның кесірінен былтыр бюджет дефициті түрлі болжам бойынша, 4,3 трлн теңгеден 11 трлн теңгеге дейін барды. Мұндай үлкен айырмашылық мемлекеттік шығынды қаржыландыруға бюджеттен тыс қаржы көздерін пайдаланумен байланысты (Ұлттық қор, БЖЗҚ, ӘМСҚ және басқалары). Мұнай бағасының ауытқуы алдында Қазақстан экономикасы қауқарсыз екенін ескерсек, бұл тұрақтылыққа үнемі қатер төндіріп тұрады.

2024 жылы үкімет ұрынуы ықтимал тапшылық бұдан кем емес. Алынбаған салықтың кесірінен республикалық бюджеттің 6 айдағы кірісі шығынның жартысынан сәл артық болды. Биылға жоспарланған Ұлттық қордан алынатын трансферттің үштен екіге жуық бөлігі осы шығындарды жабуға жұмсалып қойды.

Аналитиктер мемлекеттік қаржы дағдарысының пайда болуына бірнеше себеп бар дейді. Негізгісі 2008, 2015 және 2020 жылдардағы экономикалық дағдарыс салдарымен күресуге бюджет шығынын көбейте отырып (тиімділігіне күмән бар), мемлекет дағдарыстан кейінгі жылдары шығынның бірқалыпты деңгейіне қайтуға қауқарсыз болып шықты.

«Республикалық бюджет қазір министрліктер мен басқа мемлекеттік органдарға қарасты ұйымдарды (мысалы, «ҚазСпортИнвест», «Қазақстандық қоғамдық даму институты» және басқаларын) қаржыландыруға тиіс болғандықтан ұлғайтылса керек. Бұл ұйымдар экономиканы өсірмейді, тек көп адамды жұмыспен қамтумен шектеледі, әсіресе Астанада», — деп санайды Zertteu Research Institute директоры Шолпан Әйтенова.

Мемлекеттік шығынның бәрін бірдей парламент бақылай алмайтыны да маңызды проблема болып отыр. Әсіресе шешімін президент өз қалауы бойынша қабылдайтын шығындардың орны ерекше.

«Парламент жергілікті бюджетке қатыстыларды қоспағанда, мемлекеттік қаржының барлығын көріп, бекітуге тиіс. Онсыз мемлекеттік шығындар бойынша шешімдер қалай және неліктен қабылданғаны түсініксіз болады», — дейді Halyk Finance басқарма төрағасының кеңесшісі Мұрат Темірханов.

Қазақстан билігі мемлекеттік қаржыда теңсіздік мәселесі бар екенін мойындайды, бірақ мемлекеттік шығындарға толық ревизия жүргізуге және оның ішінен қажетсізін қысқартуға асықпай отыр. Әйтсе де солай болғанның өзінде бюджетке келетін түсімді небәрі 1,4 триллионға (2024 жылға жоспарланған шығынның 6 пайызы) арттыра алады, бұл дағдарысты еңсеруге жеткіліксіз.

Мәжілісте жаңа салық кодексін таныстыру, фото parlam.kz

Власть сөйлескен сарапшылар жағдайдан Салық кодексіне нақтылы өзгеріс енгізу арқылы шығуға болады деп санайды, соның ішінде жеке табыс салығын (ЖТС) 16 пайызға дейін көтеру, салық жеңілдіктерінен бас тарту, сонымен қатар бюджетті жоспарлауға деген қатынасты өзгерту керек деген пікірде.

«Бюджетті жоспарлау көкжиегінің тым шектеулі болуы және оны үнемі түзетіп отыру үкіметтің аяғын тұсап отыр. Бюджетте орнықтылық қоры жоқ, сондықтан ұдайы тасқынның немесе ЖЭО апатының салдарына шұғыл қаражат іздеуді көріп жүрміз», — деп түсіндірді экономист Қасымхан Қаппаров.

Мемлекеттік қаржы дағдарысы қалай болып жатыр?

Былтыр Қазақстанның шоғырланған бюджетінің кірісі мен шығысы арасындағы алшақтық 2022 жылмен салыстырғанда екі еседен асып, 3,1 трлн теңгеге жетті (12%).

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы 2019 жылдан 2023 жылға дейін шоғырланған бюджет кірісінің өсімі шығындарды көбейтуден жүйелі түрде қалып қойып отырғанын есептеп шығарған. Бұл мемлекет қарызын арттыруға (5 жылда 1,7 есе өсіп, 5,5 трлн теңгеге дейін барды) және Ұлттық қордан қаражат алуға (5 жылда 20,9 трлн теңге алынды) итермеледі.

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының графигі

Ал 2023 жылы жағдай ушыға түсті. Мемлекет мұнай бағасының арзандауынан, теңгенің нығаюынан және ауыл шаруашылығындағы өндірістің қысқаруынан салық жинау жоспарын жоспарланған 25,8 трлн теңгеден 2,3 трлн (10%) теңгеге кем орындады.

Осыған қарамастан бюджет дефициті былтыр қағаз жүзінде көп болған жоқ — 600 млрд теңге. Алайда бұл жерде айта кетер бірнеше жайт бар.

Біріншісі — мемлекет шығынын Ұлттық қор қаражатымен жабу көлемінің көптігі. Мемлекет қаржысын басқару тұжырымдамасына сәйкес, экономика өскен кезеңде Ұлттық қордан алу шектелуі керек.

2023 жылы жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) соңғы 10 жыл ішіндегі рекорд деңгейге — 5,1 пайызға өсті. Алайда Ұлттық қордан алынған трансферт жоғары болып қалды. Былтыр ол 4 трлн теңге болып, 2022 жылдан бері небәрі 600 млрд теңгеге қысқарған.

Оның үстіне, салықтан қаражат жеткілікті түспегендіктен, үкімет Ұлттық қордан 1,3 трлн теңгені шұғыл түрде алдырды, бұл «ҚазМұнайГаздың» 20% акциясын сатып алу мәмілесі ретінде рәсімделді.

Нәтижесінде трансферттердің жалпы сомасы 5,3 трлн теңге болды. Осылайша Ұлттық қор активтері бюджет шығындарының шамамен 20 пайызын жаба бастады. Әйтсе де, кепілдендірілген трансферт туралы заң бойынша ол 2,2 трлн теңгеден аспауы керек еді.

Екінші жайт — 2023 жылы бизнеске ҚҚС қайтару уақытша тоқтатылды, осының есебінен бюджет қосымша 600 млрд теңге алды. Осы екі факторды ескерсек, бюджеттің мұнайдан тыс дефициті 4,3 трлн теңге шамасында.

Алайда іс жүзінде бюджет дефициті әлдеқайда көп болуы мүмкін. Halyk Finance аналитиктерінің жазуынша, Қаржы министрлігінің шоғырланған бюджет туралы мәліметтері кемшілікке толы. Бәрінен бұрын үкімет өзінің кірісі мен шығыны туралы толық ақпарат беріп отырған жоқ.

Аналитиктер Ұлттық қордан бөлек мемлекеттің қарамағында басқа да көптеген бюджеттен тыс қаржы көзі бар дейді: Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры, «Қазақстан халқына» қоры және Проблемалық кредиттер қоры. Олар бойынша жалпы шығын сомасы 2023 жылы 3,8 трлн теңге болды.

Сонымен қатар мемлекет шығындарды қаржыландыруға Қазақстанның мемлекеттік облигацияларын, «Самұрық-Қазына» қоры мен «Бәйтерек» холдингінің облигацияларын сатып алу арқылы БЖЗҚ қаражатын пайдаланады.

Сондай-ақ мемлекетте «Самұрық-Қазынаның» ақшасы бар, соның көмегімен газ бен электр бағасымен бірге ТЖ тасымалының тарифтері субсидияланады, 2023 жылы оның көлемі 1,2 трлн теңге болды.

Бұдан бөлек, былтыр Ұлттық банк мемлекет шығындарын қаржыландыруға 466 млрд теңге эмиссия жасаған.

Осы және кішігірім ұсақ қаржы көздері бойынша кірістер мен шығындарды қоса отырып, Halyk Finance бюджеттің мұнайдан тыс дефициті 11 трлн теңге шамасында екенін есептеп шығарды.

2023 жылға арналған республикалық бюджеттің орындалуы туралы парламент палаталарының бірлескен отырысы, Жоғары аудиторлық палата баспасөз қызметінің фотосы

2024 жылы салық жинау азайып бара жатқанына байланысты тапшылық бұдан бетер ұлғаюы мүмкін. Жарты жылда мемлекетке салық жоспарланған көлемнен 1,6 трлн теңге кем түскен. Нәтижесінде республикалық бюджет кірісі 10,6 трлн теңге шығын бола тұра 5,6 трлн теңге болды.

Айырмашылық бұрынғыдай бюджеттен тыс көздер, әсіресе Ұлттық қор арқылы жабылып жатыр. Алайда жыл басынан бері бюджетке биылға жоспарланған 4 трлн теңге трансферттің 3 трлн теңгесі түсіп қойды. Демек, мемлекет бюджет аясындағы барлық міндетті орындау үшін Ұлттық қордан қосымша қаражат шығаруы керек болады.

Дағдарыстың себептері және оның ықтимал салдары

Zertteu Research Institute атқарушы директоры Шолпан Әйтенованың айтуынша, мемлекеттік қаржы дағдарысының дамуын экономика дағдарысын еңсеруге Ұлттық қордан қаражат алу динамикасы бойынша көруге болады.

Басталу нүктесі ретінде ол 2008 жылғы әлемдік қаржы дағдарысын атайды. 2008-2009 жылдары мемлекет оның салдарын еңсеру үшін бюджетке 1 трлн теңгеге жуық қаржы жіберген (сол кездегі курс бойынша $20 млрд). Бұл қаражаттың негізгі бөлігі банктерді құтқаруға жұмсалды, оның жөн-жосығы халықпен бірге талқыланған жоқ және референдумға шығарылған жоқ. Келесі қаражат шығару кезеңі 2015 жылы болды, сол кезде мұнай бағасы құлдыраған жағдайға тап болған экономиканы қолдауға $10 млрд бөлінді.

2017 жылы мемлекет барлық дағдарыстан кейін жүйе қалыптастырушы банктерді «сауықтыруына» тура келді, оған тағы 2 трлн теңге жұмсалды. Ал пандемия кезінде бюджет Ұлттық қордан кезекті рет 5,4 трлн теңге алды.

«Бюджет шығыны өсіп отырса, кіріс оған ілесе алмай келеді. Оның үстіне шығындар біз Ұлттық қордан қаражат алып үлгергенімізге қарағанда жылдам өсіп жатыр. Бюджет теңсіздігіне ұрындыратын осы нәрсе», — дейді Әйтенова.

Экономист Қасымхан Қаппаровтың айтуынша, Ұлттық қордан қаражат алумен қатар мемлекеттік қарыз, яғни мемлекет тартқан ішкі және сыртқы қарыздар бойынша міндеттер жиынтығы да белсенді түрде өсіп жатыр. Ол жол мен басқа да инфрақұрылым салу бойынша «Нұрлы Жол» бағдарламасы іске қосылған 2014 жылдан бері өсіп жатыр.

Қазіргі кезде мемлекет шығынына қызмет көрсету және өтеу шығындары бюджеттің барлық шығынының 26 пайызына тең. Мемлекет шығыны ішінде негізінен тоқсандық бюджеттегі касса алшақтығын жабу үшін қысқа мерзімді қарыз аясында тартылатын БЖЗҚ қаражаты үлкен рөл атқарады.

Кейінгі 10 жыл ішінде Қазақстан ірі жобаларға, әсіресе инфрақұрылым жобаларына Еуропа қайта құру және даму банкі мен Дүниежүзілік банк секілді халықаралық институттардың кредиттерін тартты. Қазіргі кезде бюджет шығынының 10 пайызы солардың үлесінде. Алайда бұл қарыздар доллармен есептеледі, демек, валюта курсындағы ауытқуға бейім немесе инфляция қарқынына байлаулы.

«Мемлекеттік бюджет кірісі өскен кезде осы қарыздарды солардың есебінен жабуға болады. Алайда мемлекеттік бюджетте дефицит пайда болғанда, бұл жағдайдың қатері де артады. Бұл жағдайда Қазақстанға қарыздарды қайта құрылымдау қажет болуы мүмкін. Алайда кредиторлар бұған бара қоймайды, өйткені Қазақстанның Ұлттық қоры бар», — деп түсіндірді Қаппаров.

Halyk Finance басқарма төрағасының кеңесшісі Мұрат Темірханов сайлау мен жыл сайынғы халыққа жолдау кезінде беріліп жүрген саяси уәде проблемасы туралы айтты, мұндай уәде жалақыны көтеруге, медицинаға, ауыл шаруашылығына және басқа да салаларға бюджет шығынын арттыруға итермелейді.

«Осындай шығынның бәрі елді дамытуға қажет. Бірақ біз, Halyk Finance мамандары, оның бәрін әлдебіреу біртұтас ұзақ мерзімді бюджет стратегиясына жинағанын, бюджет шығындары кірістермен қалай теңесетінін қарағанын мүлдем көрген емеспіз. <...> Егер мұнай бағасы $40 дейін түсіп кетсе, экономика баяуласа немесе мүлдем құлдырай бастаса, Ұлттық қор жаратылып кетсе, ірі шығындарды қаржыландыра алмаймыз».

Қаппаров ұлттық компаниялардың акцияларын, оның үстіне биыл «ҚазАтомӨнеркәсіптің» құнды қағаздарын Ұлттық қор қаражатының есебінен сатып алуды жалғастыру — Ұлттық қор қаражатының бүтіндігіне қауіп тудырады деген сенімде.

«Тоқаевтың Ұлттық қор активтерін 100 миллиард долларға дейін жеткізу деген міндеті болды, бірақ қазір әңгіме оның қазіргі көлемін сақтап қалудан әрі аспайды деуге болады. Бұл да қиын, өйткені Ұлттық қор біртіндеп уақыт өте келе құнын жоғалту қаупі бар ұлттық компаниялардың құнды қағаздарын ұстайтын қорға айналып бара жатыр».

Әйтенова Ұлттық қордан көп қаражат алу және өсіп бара жатқан мемлекет шығыны (оның үстіне 5 пайыздық өсу әлеуеті бар) мемлекеттік бюджетке жаңа салық әкелуге қауқарлы экономика өсімін шынымен ынталандыра ма деген сұрақ тудыратынын айтады:

«Егер оны ескермесе, мемлекеттік қызметтер, білім және мемлекеттік аппаратты асырау секілді қатардағы нәрселерді қамтамасыз ете алмайтындай бюджет дағдарысына ұрынуымыз мүмкін».

Дағдарысты қалай еңсеруге болады?

Мемлекет бюджет дағдарысының бар екенін жоққа шығармайды. Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов алдыңғы екі жылда үкімет басшысы болған кезінде өзі іске асырған бюджет саясатын сынға алды.

«Кейінгі жылдары шығын қарқыны біраз өсті. Бірақ оның мұнайдан тыс кіріспен қамтамасыз етілуі 50% деңгейінде тұрақсыз боп қалып тұр. Қалған алшақтық негізінен Ұлттық қордан трансферт есебінен және қарыз алу есебінен жабылады. Дефицитсіз бюджет қалыптастыру бойынша ұзақ мерзімді жоспар керек», — деді ол маусым соңында.

Сенаттың баспасөз қызметінің фотосы

Ахуалды сенат спикері Мәулен Әшімбаев та көтеріп, одан шығудың мынадай тәсілін ұсынды: «Бізге шығынды кіріске жақындату керек, кейбір позицияларды оңтайландырып, қысқарту керек. Корпоративтік табыс салығын (КТС) ойдағыдай жинай алмайтынымызды мойындайтын кез келді, өйткені салық базасы жоқ, бизнес дамымай жатыр. ҚҚС та жинай алмаймыз».

Алайда әзірге бюджет қысқартылмайды дейді Әйтенова: «Жүйе өзгергісі келмейді, тамыры тереңге жайылып кеткен. Шығын жағын қозғағымыз келмеуі — үлкен проблема. Ол жерде үлкен жемқорлықтың ізі жатыр».

Әзірге мемлекет проблеманы жаңа Салық кодексін қабылдау көмегімен шешкісі келеді. Оның негізгі жаңалығы — банк және ойын бизнесі үшін корпоративтік табыс салығын көбейту, кейбір салық жеңілдігін алып тастау және салықты басқаруды жақсарту.

Үкімет бұл шаралар қосымша 1,4 трлн теңге әкеледі деп күтіп отыр. Алайда бұл тым оптимистік көрсеткіш дейді Қаппаров: «Билік бұл процестерді басқара ала ма, жоқ па, мәселе сонда. Бұның бәрі бизнесті бөлшектеуге, активтерді әкетуге [шетелге] немесе жасырын бизнеске ауысуға әкелуі мүмкін. Нәтижесінде бизнес өз салығын оңтайландырады, ал үкімет қажет соманы жинай алмайды».

Егер тек Салық кодексінің аясымен шектелсе, Қаппаров пен Теміржанов жеке табыс салығын (ЖТС) 12 пайыздан 16 пайызға дейін көтеру идеясына оралу дұрыс болады деп санайды. Ең басты себеп — оны жинауды басқару оңай болады. Оның үстіне арттырған күннің өзінде ол халықаралық меже бойынша бәрібір төмен болып қала бермек.

Темірхановтың есебі бойынша, бұл мемлекетке жыл сайын 2,5 трлн теңге қосымша кіріс әкеледі. Ал халыққа ықтимал жағымсыз әсерін ЖТС прогрессив шкаласын енгізу және бизнеске арналған әлеуметтік салықты көтеру арқылы жеңілдетуге болады.

«Қазір бәрі салықты көтеруге болмайды, өйткені бәрі құриды дейді. Бірақ бұрын салық бұдан да жоғары болған кезде қарыштап дамыдық. Сосын билік жасырын экономика азайсын және диверсификация өсуі үшін өндіріс көлемі көбейсін деп оны төмендетті. Бірақ бұның ешқайсы жүзеге асқан жоқ. Демек, проблема салықта емес, Қазақстан экономикасын дамыту үлгісінде болып тұр», — дейді ол.

Темірханов салықты көтергеннен дағдарыс еңсерілмейтініне сенімді. Негізгі шешімі — парламенттің бюджет процесіндегі рөлін арттыру болуы керек. Қазір президенттің әлеуметтік шығындарды көбейту туралы шешімі ғана емес, бюджеттен тыс қаржыландыру көздерін пайдалану туралы шешімдер де парламенттің қатысуынсыз қабылданып жатыр.

Әйтенова сонымен бірге бюджетті жоспарлау тұрақтылығына қол жеткізу керек деп санайды: «Әр жылдың желтоқсанында бюджет бекітілгеннен кейін бюджет қызметкерлеріне жоғары инфляцияға байланысты жалақыны көтеру секілді бір мезеттік проблемаларды шешу үшін көктемде немесе жазда тағы түзете бастайды. Бұл үшін бюджетке қосымша кіріс іздеу қажет болады».

Қаппаров бюджетті жоспарлау процесінің өзін де жақсарту қажет дейді. Ол халық саны тез өсіп жатқанын еске салды, бұл жайт жоспарлау кезінде үнемі ескеріле бермейді. Мемлекетті азаматтарды толық қамту үшін әлеуметтік инфрақұрылымды, әсіресе мектептер мен ауруханаларды көбейту мәселесі күтіп тұр.

Ал қазір талқыланып жатқан Салық кодексі, оның айтуынша, экономиканы ынталандыра бастауы керек: «Жаңа түзетуде бизнеске іріленуге мүмкіндік беріп, салықты және экономикаға инвестицияны көбірек әкелетіндей механизмдер әлі де жоқ. Оның орнына үкімет бюджетті қалай да теңестіру деген тар ойлау тұзағынан шыға алмай отыр».