25947
9 декабря 2020
Риза Хасанов, Владимир Третьяков, «Новая газета»

Аралдың жанайқайы

Арал теңізінің түбіне жеткен адамдар еді. Енді теңізден өздеріне қауіп төнгенде, оның суын толтыра алмай әлек

Аралдың жанайқайы

Арал бар-жоғы қырық жылдың ішінде тартылды.Трагедия 60-жылдары ауыл шаруашылығына суды шектен тыс көп қолданудан басталған еді. Ал 2000 жылы көлемі жағынан әлемде төртінші орында тұрған көлдің 10%-ы ғана қалды, теңіз аумағының төрттен үші қысқарды. Кемелер қайраңға батып, теңіз жағасын мекен еткенхалық экологиялық апаттың ортасында қалды. Шаңды боран тұз бен теңізге ағылған тыңайтқыштардың улы қалдығын 500 шақырымға дейін ұшырып әкетті. Арал өңірінде ана мен бала өлімі тым көп тіркеле бастады.

Vласть серіктесі «Новая газета» арнайы репортаж жасап, апаттың адамға әсері мен теңіздің қазіргі халін, сонымен бірге Арал қайта тола ма, жоқ па, соны біліп қайтты.

I бөлім. Қала

«Теңізді коммунистер ішіп қойды»

– Әке-шешеміз мұнда кемелерді тамашалауға келетін. Қыздар әдемі көйлегін киіп, портқа келген теңізшілерді қарсы алатын. Бәріміз теңіздің жағасында жүретінбіз. Қазір Арал туралы әңгімені балаларымызға айтсақ, ертегі сияқты. – Мәди әжім басқан саусақтарымен сиреген қысқа мұртын сипап қойып, бір кездері теңіз болған жермен келе жатыр.

Мәди тұратын көше жағалауға және теңіз портына шығатын. Ол жақта тіршілік бар еді. Бірақ 70-жылдары теңіз тартыла бастады. Оның орнына жұмыссыздық пен жоқшылық келді.

– Теңіз барда, бәрі болды. Балығы – тамақ, суы ем болды. Жұмыс, денсаулық, жанға жайлы ауа райы, бәрі болды...

«Сөйткен теңіз көз алдымда тартылды», – дейді Мәди күрсініп.

– Бес жастағы кезім, жағаға келіп, аяғымды толқын шайғанын күтіп тұрдым. Ал келесі жылы ол жерде балшық қана қалды. Соңғы рет 1977 жылы шомылғаным есімде. Кейін зауыттар мен порттар жабылып, қиын кезең басталды.

Қазір порттың орнында зауыт қалдықтары, тот басқан жүк крандары, ми батпақ пен лай ғана жатыр.

– Тоқсаныншы жылдары кеңес үкіметі тарағаннан кейін, жағдай одан бетер қиындады. Әскери қалашықтар мен кәсіпорындар жабылды. Жұмыс жоқ, жалақы жоқ, су да жетпейді. Күн көру үшін халық құмдағы қараусыз қалған кемелерді бөлшектеп, өткізе бастады… Теңізді сағынасың. Біреу кеп қалай тартылғанын сұраса, «коммунистер ішіп қойды» деп жауап беретін болдым.

«Қайғымыз бен қасіретіміз»

Теңіздің арқасында күн көріп отырған Арал өңірінде жұмыссыздық белең алып, ауру-сырқат көбейе бастады. Ауаның улы химикаттармен ластануы созылмалы аурудың көбеюіне, тыныс жолы, жүрек-қантамырлар және обыр ауруларының асқынуына әкеліп соқты.

– Ағам бауыр циррозынан қайтыс болды. Бірінші әйелім обырдан кетті. Бәрі экологиядан деп ойлаймын, екеуі де жас кетті. Арал – біздің қайғымыз бен қасіретіміз, – дейді бар өмірі Аралда өткен Көлбай. Ол зейнетке шыққан соң, экология мәселемен айналысатын қоғамдық ұйымға жетекшілік етті.

– Әкімшілікте жұмыс істегенде, ауру бойынша ауданның деректерін көретінмін. Көрсеткішіміз мәз емес еді. Ауыл мен қала ауруханаларында орын жетпейтін. Қатерлі ісік, қаназдық, жүрек-қантамыр аурулары көп. Қазір жағдай жақсарған. Кіші Аралдың деңгейі өсті, халық та Сырдарияның лас суын ішпейтін болды. Бірақ ауру-сырқау азая қойған жоқ.

Көлбай Арал өлімінің куәгері ғана емес, «экологиялық апаттың салдарынан зардап шеккен» адам. Мұндай статус Арал ауданында 1970 жылдан бері, 10 жылдан астам уақыт өмір сүрген әрбір тұрғында бар. Бұрын осының арқасында әлеуметтік көмек алуға болатын. Бірақ қазір, аралдықтардың айтуынша, ондай көмек мемлекеттік қызметкерлерге ғана беріледі.

Александр

– Зауыттың шаруасы бітіп, халық жұмыссыз қалды. Көбі жан-жаққа тарады: біреулер вахтамен жұмыс істеуге көшті, біреулер біржола көшіп кетті. Ал мен кете алмадым, тамырым жібермеді.

Александрдың аталары 1920 жылы Еділ маңын аштық жайлағанда, Аралға қарай қашқан. Балық пен сүт іздеп келіп, біржола қалып қойған.

– 1959 жылы күшті дауыл тұрды. Мен тоғызда едім. Аулада ағаштар қалқып, үйректер жүзіп жүрді, су тізеден келеді. Арал солай қоштасқысы келді ме, әлде кек алғаны ма, түсіне алмадым. Әйтеуір сол күннен кейін теңіз қайта бастады, – дейді Александр сол күнді еске алып.

Курорт аймағы мен жағалауды елу метрлік көше бөліп тұратын. Сол баяғы қисық, шаңды, бірақ қаңырап қалған көше әлі бар. Бүгінде ол теңізге емес, сорға – шалшыққа алып барады.

– Сырттан келгендер бір кездері мұнда толқын ойнағанына сене алмайды, шошиды, ал менің көзім үйреніп кеткен, – дейді ағарған топырақ үстінде тұрған Александр. – Оң жақта менің зауытым бар еді. Қазір одан түк қалған жоқ.

Александр біраз өмірін Аралдағы кеме жөндеу-жасау зауытында өткізді. Күнге қызған, жабық трюмдерде электр сымын жүргізетін.

– Өте қиын жағдайда жұмыс істедік: демалыс жоқ, күннің астында жүреміз. Жұмыс та бітпейді. Жүз, екі жүз тонналық мұнай құятын баржалар дайындаймыз. Секциясымен Сібірге жібереміз. Ай сайын 5-8 балық аулайтын қайық, катер жасаймыз. 1200 адам жұмыс істейтін. Теңіз тартылған соң, біз де дымсыз қалдық. Кеме қатынасы тоқтады. Теңізшілер, балықшылар, қызмет көрсетуші ұжым, балықшылар одағының қызметкерлері, бәріміз жұмысымыздан айырылдық. Ұжымшар тарады, біраз балық өлді. Желмен ұшқан тұздан жер де жарамсыз боп қалды. Ауыз су да жоқ, сырттан сасық су әкеледі. Оның өзін талонмен, шелектеп беретін. Климат та өзгерді, жазда далаға емін-еркін шыға алмайтын болдық. Адамдар жиі ауыратын болды. Көбі кетіп қалды. Қалғаны бір үзім нан үшін көше кезіп кетті.

– Сіз ше? – деп сұрадым

– Мен қайық пен ауымды алдым да, теңіз әлі қайта қоймаған ауылдарға барып, балық ауладым. Тұздап, саттым. Осылай зейнетке шыққанша тіршілік жасадым, әйтеуір өлгем жоқ.

Ол кезде мемлекет те көмектесетін. Әлеуметтік көмек, әрине, көп болған жоқ, Ресейдің ақшасымен, шамамен 350 рубль (бүгінгі курс). Кейін ол да тоқтады.

Мақта үшін теңіздің түгін қалдырмады. Сондай алып, сондай сұлу еді.

Аралды түсімде жиі көремін. Балық аулап, шомылып жүремін. Теңіздің оралғанына қуанамын. – Александр бір сәтке ойланып кетті: «Ол енді қайта оралмайды».

***

Арал теңізі – 60 мың шаршы шақырым аумақты алып жатқан, көлемі бойынша әлемдегі төртінші көл еді. Жыл сайын 60 тоннаға дейін балық беретін. Ал оған құятын Сырдария мен Әмудария елді күрішпен (КСРО-да өндірілетін жалпы көлемнің 40%-ы) және мақтамен (КСРО-да өндірілетін жалпы көлемнің 95%-ы) қамтамасыз етіп отырды.

Бірақ кеңестік суару жүйесі үнем дегенді білмейтін: адамдар суды шектен тыс көп алды, көп жұмсады. Аралдың тартылу себебі де осы. 60-жылдардың басында өзен ағыны азайды. Соның салдарынан теңіз деңгейі түсті. Ал 1984 жылы мұндағы балық өндірісі тоқтады.

1989 жылы Арал теңізі екіге бөлінді: Кіші Арал (Қазақстан аумағы) және Үлкен Арал (Өзбекстан аумағы). Бұрынғыдан бетер тартыла берді. Бұл климатқа да әсер етті. Жүз шақырымға дейінгі аумақта жаз бұрынғыдан ыстық әрі құрғақ, ал қыс суық және ұзақ болды. Судың тасуы тоқтап, жауын-шашын азайды.

Теңіздің кепкен табанында 5,5 млн гектар жерді алып жатқан, тұзды-топырақты Аралқұм деген шөл пайда болды. Түрлі дерек бойынша, бұл жерден атмосфераға жыл сайын 75 млн тонна пестицид пен химикаттар қосылған топырақ көтеріледі. Боран да Аралдың уланған тұзын алысқа тасиды. Ғалымдар оларды тіпті Норвегияның ормандарынан да тапқан.

Теңізі жоқ қала

Волонтер Мерейдің жасы 17-де. Қазір Алматыда оқиды. Ол анасын алып, басқа қалаға көшіп кеткісі келеді. Айтуынша, «мұнда қатерлі ісік көп».

– Бұл мені қатты алаңдатады, – дейді Мерей. – Анамның сырқаты туралы кездейсоқ білдім. Ауруы жеңіл болып, жазылып кетті. Бірақ сол кезден бері көшу туралы ойлайтын болдым.

Орталық көшемен келе жатырмыз. Арал – тыныш, жағымды қала. Аспаны ашық. Жер үйлер, кеңестік кезеңнен қалған екіқабатты үйлер, қиғаш көшелер мен мейірімді адамдар көп, бірақ тротуар аз. Аяғың құмға батып, мұндайға үйренбегесін тез шаршайды. Аралда құм көп.

– Қаламыз – шөл дала. Аптаның бес күнінде құм борайды. Көзіңе, мұрныңа, құлағың мен шашыңа құм тұрып қалады. Бірақ бәріміз үйреніп қалғанбыз, – дейді тағы бір волонтер Ержан.

Ержан қаланы да, оның тұрғындарын да жақсы таниды. Әрбір 300 қадам сайын біреумен сәлемдесіп, қол алысады.

– Теңіз жайлы әңгімелер – фантастика сияқты. Менің атам балық аулайтын қайықта капитан болған. Бірақ ол есімде жоқ. Атам аурудан қайтыс болғанда, мен кішкентай бала едім, – дейді Ержан.

Аралдың кез келген тұсынан қалада жарты ғасырдан аса жұмыс істеп, тоқтап қалған, тот басқан порт крандары көзге түседі. Теңіз бен Аралдың портты қала болғанын еске салатын да солар.

Қаланың орталық алаңына келдік. Мұнда аудан әкімдігі мен басқа да мемлекеттік мекемелер бар. Шағын аллеяда I love Aral деген жазу тұр. Банкоматтың алдында адам жиналып қалыпты: бүгін жалақы мен зейнетақы беретін күн.

– Аралда қанша тұрғын бар? Немен айналысады? – деп сұрадым.

– Шамамен 35 мың. Үштен бірі «Аралтұзда» (Қазақстандағы ас тұзын шығаратын ірі өндіруші) істейді, үштен бірі – мемлекеттік қызметкер, қалғаны жұмыссыз, 10%-ы балық шаруашылығымен айналысады.

Аралдың балығын базардан табуға болады.

Көрпе сатып отырған кісіден балықтың бағасын сұрадым.

– Қымбат. Бірақ сонда да алып, мауқымызды басамыз. Сағынамыз ғой.

Аралдықтар өз балығын жақсы көреді. Оны алтын балық дейді, ең дәмді, тәтті, нағыз балық дейді және міндетті түрде «өзіміздің» дегенді қосып айтады. Бұл балық соғыс пен аштық жылдары қазақтың бірнеше буынын аман алып қалған. Қазір балықты посткеңестік елдер мен Еуропаға экспорттайды. Аралдың базары мен дүкендерінде де толып тұр. Балықшылар аулаған балығын күн сайын таңертеңмен әкеледі.

Жүздеген жыл бойы балық аулау жергілікті халықтың негізгі кәсібі болған. Арал маңында Алтықұдық деген ауыл бар. Орынбор – Ташкент темір жолының салынуымен, ауыл қала үлгісіндегі кентке, кейін маңызды кеңестік портты қала мен балық шаруашылығының орталығына айналды.

Теңіз тартылғаннан кейін қаладан да сән кетті. Бірақ 2005 жылы салынған Көкарал бекетінің арқасында, ауланатын балық көлемі бірнеше есе артты. Енді аралдықтар осы құтқару жобасының екінші кезеңін тағатсыздана күтіп отыр. Бірақ көп жылдан бері айтылып келе жатқан бұл кезеңнің қашан басталатыны белгісіз.

Аралды бір жарым сағатта аралап шығуға болады. Қалада тіршілік әлі де қайнап жатыр. Орталықта кафе, дүкен көп, шағын қонақүй мен мектептер бар. Мәдениет үйі, саябақ, өлкетану мұражайы мен балықшылар мұражайы бар. Қала шетінде жаңа тұрғын аудан мен футбол алаңы салыныпты. Қайда барсаң да шаң, арагідік шөп-шалам ұшып жатады. Кейде тұзды дақтар кездеседі, басқан сайын тұз қатқан жер табаныңның астында күтірлеп, үгітіледі.

Арал теңізсіз өмір сүріп үйренген. Баяу да болса өсіп келеді, дамуға талпынады. Аралдықтардың көбі апаттың ауқымын түсінбейтін де сияқты. Бірақ бір кездері мұнда алып теңіз болғанын, кейін ғайыптан тартылып кеткенін бәрі біледі. Аралдың қайта толатынына сенетіндер де бар. Ержан болашағын солай елестетеді.

– Кіші теңіз толып, портқа келеді. Экология жақсарады. Осында қаламын, бұл – менің Отаным. Қонақүйлер мен кафелер салып, туризмді дамытамын. Бұл үшін бәрін жасауға дайынмын.

II бөлім. Балық

Топырақ тұтқынында

Бұрынғы теңіздің орнында уазикте селкілдеп келе жатқанымызға бір сағат болды. Көлік айдап келе жатқан Мұрат жолдан адасып кетпес үшін көзілдірік астынан көкжиекке көз салып қояды.

– Мына жолмен тек уазик қана жүре алады, – дейді ол гүрілдеген мотор даусын баса айғайлап.

Жазық даланың шет-шегі көрінбейді. Тіршілік нышаны аз: арасында жайылып жүрген жылқылар мен жоңышқа шайнаған қос өркешті түйелер ғана кездеседі. Жалықтырған жазық дала көрінісі құмға ауысты. Толқынды-шатқалды жазық басталғанда, дұрыстап қарап алайық деп тоқтадық.

Қатты жел бетті піскілеп барады, ернімізге тұзды шаң жабысты. Мұрат бұрын шамамен 100 метрдей жерде Арал шалқып жатқанын айтады.

Қаладан шыққанымызға екі сағат болған. Сол жағымыздан көкпеңбек, жалт-жұлт еткен теңіз көріне бастады. Жалбырап, күн сәулесіне шағылысқан күмістей, көбікті су көкжиекпен ұштасады. Жағада бөлшектеп әкеткен балық аулайтын кеменің тот басқан килі жатыр.

– Алғашында қаңырап қалған кемелерді қарауылдайтын. Кейін Арал қайтып оралады деген үміт те өлді, кемелер де қараусыз қалды, – дейді Мәди. Желдің гуілінен даусын әрең естідік. – Халық қайықтарды кесіп, темірге өткізіп жіберді. Енді сол темір қазір өзімізге Қытайдан велосипед болып келіп жатыр.

Сәл әріректе, қызыл жыңғыл арасында шіріген қайықтар көрінеді. Айналада көгерген бұталар, сұр топырақ және тұз бен лай ғана. Теңіздің үстінен бір топ шағала ұшып барады. Олардың даусы жүздеген метр қашықтан естіледі. Ал сонау алыста көк теңіз көкжиекпен кездесіп, ағараңдайды. Ғажайып көрініс.

Ары қарай жолға шықтық. «Буханка» жабысқақ дөңмен сүйретіліп келеді. Біраздан кейін аспан мен құмның арасынан саман кірпіштен соғылған үйлер көріне бастады. Жел үріп тастаған ұзын қатпар құм омбы қарға ұқсайды. Ақеспе ауылында құмның көптігі сонша, үйлердің есігін тұтқасына дейін үйінді басып қалған. Желді, жайсыз. Аңызақ суық соғып, шаңы бет тіледі.

Бір кездері Ақеспеде 200 отбасы тұрған. Мектеп, кітапхана, дүкендер жұмыс істеген. Бұның бәрі теңізбен бірге кетті.

Ауыл тіршілігінің тоқтауына негізгі себеп пен мұндағы төрт үйдің басты жауы – тіршілік атаулыны тамырымен жұтып жатқан кұм.

Балықшы Еркін шатыры ұшып, тозығы жеткен мына үйлердің бірінде 46 жылдан бері тұрады. Оның көз алдында жарқыраған Ақеспе ит өлген жердегі шөлге айналды. Тұрғындар құмнан қашып, Қазақстанның басқа аймақтарына көшкенде, Еркін қалып қойған. Ақеспеден кетуге жағдайы жетпеді.

– Бұрын үлкен, әдемі ауыл еді. Теңіз қайтқанда орнын құм басып, жұрт бәрін тастап, көше бастады. Шамамен 250-300 үй қаңырап, бос жатыр. Бәрін құм басып қалған. Бұл жақтың желі де қатты. Шатырымызды жұлып кетеді, байланыс үзіледі. Жалғыз кәсібіміз – балық аулауға мұрша бермейді, – дейді Еркін.

Еркін 20 жылдан бері балық аулап, нанын тауып жүр. Қазанда Кіші Теңіздің батысындағы балықшылардың уайымы арта түседі. Қатты желден теңізге шығу мүмкін болмай қалады. Сонда да тәуекел етуге тура келеді.

– Көбіне көксерке мен торта ұстаймыз. Бір келісі 500 теңге тұрады (90 рубль). Балықты қабылдау бөлімшесіне өткіземіз. Әр кезде әрқалай түседі. Кейде 3-4 келі, кейде жарты қап. Бір қап шығатын да кездер болады, ол 30-50 келі. Суда қанша балық бар екенін біле алмайсың. Кешке ау құрамыз да, таңертең шығарамыз, – дейді Еркін. Тісіне құм тұрып, шықырлағаны естіледі. – Бұрындары суда камбала да жүретін. Бекет салынғалы судың тұздылығы азайып, оның орнына көксерке келді.

Қирап жатқан саман үйлерде жарық пен су бар. Бірақ балықшылар азық-түлік алу үшін аптасына бір рет Ақеспеден 60 шақырым жердегі Сексеуіл ауылына барады.

– Кезінде әкелеріміз балық аулап, отбасын асыраған. Ол кезде құм жоқ, теңіз бар еді. Мынаның бәріне адамдар кінәлі. Иә, Кіші Арал толды, балық көбейіп, жағдай жақсарды. Бірақ одан қайыр жоқ, бәрібір топырақтың тұтқынында өмір сүріп жатырмыз. – Еркін аузындағы топырақты түкірді.

Аралдықтар

Шантемір ата 1946 жылы Аралдың шығыс бөлігіндегі Қасқақұлан деген аралда дүниге келген. Бұл Көзжетпес деген әдемі жалғыз тауы бар, ең үлкен аралдардың бірі еді.

– Су тасығанда тұзды теңіз суы жанындағы өзенге құйылатын, ал таудың жағасында тұщы, мөлдір, жұмсақ су қалады. Өмірімде одан тәтті су татып көрмедім, – деп Шантемір ата сағына еске алады. – Арал керемет еді. Қазақ, орыс, қалмақ, украин, латыш, эстон, неміс, бәріміз бірге тұрдық. Еркектердің көбі балықшы еді.

Қасқұландықтар шақырымдап ау салып, бекіре, қаяз, жайын аулайтын. Ауға жүз келілеп балық түсетін. Кейде центнерден асып жататын.

– Қазір соны айтсаң, ешкім сенбейді. Өз көзіммен көрдім, өте үлкен еді. Кезінде біз де аралымызда уайым-қайғысыз өмір сүрдік. Аралдай алып теңіздің жоқ болып кететініне сенбедік.

Қасқақұлан мен құрлықты 18 шақырым су айдыны бөліп тұратын. Шантемір ата қысқа қажетті бидай алу үшін әжесі, анасы үшеуінің құрлыққа барғанын есіне алады. Жеңіл қайық үшкір тұмсығымен суды қақ айыра жүйткитін. Жолда Мойнақтан (Аралдың Өзбекстан жағындағы, бұрынғы балық аулайтын портты қала) балық тиеп келе жатқан кемелер, баржалар кездеседі. Тұңғиықтан суық есетін. Су бетінде ұзын мойын аққулар қалықтайтын.

Соғыстан кейінгі қиын кезеңге қарамастан, Шантемір ата балалық шағының тоқшылықта әрі бақытты болғанын айтады. Ал сол шақ біте салысымен теңіз де, айналадағы тіршілік те меңіреу, қу далаға айналған. Шантемір ата апаттың қалай келгенін және аралдықтарға қалай әсер еткенін ұмытпаған.

– 60-жылдардың ортасына қарай аудандық газетте «Шөл даладағы зүбәржаттың өлімі» (Гибель пустынного изумруда) деген мақала жарияланды. Онда теңіздің тартылып жатқаны және мүлдем жойылып кетуі мүмкін екені жазылған еді. Біз сенбедік. Біртіндеп жақын маңдағы аралдар жоғала бастады. Кейін бізге де тұщы су келмей қалды.

Қиын кезең еді. Балық аулауға шыға алмаған балықшылар қатты кедейленді. Аман қалу үшін Қазақстанның басқа көлдеріне қарай қоныстана бастады. 1967 жылы Шантемірдің отбасы Қаратерең ауылына көшеді. Ол жерде де жағдай мәз емес еді. Шантемір ата халықтың қалай ашыққанын, бір-бірінен қарызға су алғанын есіне алады. Сырдария да азайып, су келмей қалған. Ал ашыққандар теңіздің тұз қатқан табанында аштан өлген малды азық қылған.

Шантемір ата Қаратереңде үй салып, екі баласы мен немерелерін өсірді. Ауыл мектебінде орыс тілі мен әдебиетінен ширек ғасыр бойы сабақ берді.

Ал Қасқақұлан аралы құрлыққа қосылып, Арал ауданының тұзға күйген, тірі жан аяқ баспайтын бөлігіне айналған. Қазір ол жерде мұсылмандардың ескі зираты мен аралдың аты жазылған ескерткіш қана бар. Шантемір ата оны 2013 жылы аралда өмір сүрген мыңдаған адамға және тентек болса да мейірімді Арал теңізіне естелік ретінде орнатып еді.

– Ұмытылмасын дедім, – Шантемір ата сөзін жаймен аяқтап, тақиясын түзеді.

Қарыз

1921 жылдың күзінде Владимир Ленин Арал балықшыларына Еділ бойындағы халықты аштықтан құтқаруын сұрап, үндеу жолдады: «Құрметті аралдық жолдас балықшылар мен жұмысшылар, мәрттік танытып, көмек қолын созыңыздар!».

Көсемнің хатынан кейін балықшылар кеңестік Ресейдің ашыққан аудандарына 14 вагон балық тиеп жіберді. Талай адам өлім аузынан аман қалды.

100 жыл бұрын аталары Еділ тұрғындарына көмектескен, бабаларының бәрі балықшы болған бөгендік Тұлпаш атаның үйінде, жер үстелде отырмыз. Ақсақалдың әйелі ыстық нан мен қою қаймақ қойып, шай құйып отыр. Кәрі балықшы көзін кесеге түсіріп, ыңғайланып отырып алған: шайды аз ұрттаса да, құмарлана, сүйсініп ішеді.

– Әкелеріміз Лениннің хатына жұмыс істеді. Бұл оларға парыз еді. Біз де баба ісін жалғастырдық, – дейді құрақ көрпеде отырған Тұлпаш ата екі тізесін сипалап.

Ақсақалдың жасы 72-де. 16 жасынан теңізге шығып, ау салған.

– Теңізге оншақты балықшы шығатын. Ұзындығы бір шақырым болатын ау салып, 10-20 тонна балықты түйемен тартып шығаратын.

35 келілік сазандар да түсетін. Үлкендігі қабандай. Арал ауылды асырады. Бірақ теңіз тартылып, халық кедейленді. Азық та, ақша да болмады.

Тұлпаш ата аш қалмас үшін Балқашқа барып балық аулаған. Осылай кеткендердің көбі Бөгенге қайтып оралмады. Бірақ Тұлпаш ата қайтты. Ол көп жылдан бері шарпыған толқын даусын күтіп жүр. «Ауылдың маңынан теңізді қайта көрсем, жағаға тәлтіректеп жетем де, балдағымды лақтырып, көпіршеген суға құлай саламын», – дейді күліп.

– Теңіздің ауылға қайтып келетініне сенеміз. Жаратқанның бұйрығымен кетті ғой. Әмудария Аралға су бермей қойды, сөйтіп ол тартылды.

III бөлім. Құтқару

Өмір тоғаны

«Буханка» құмды төмпешіктермен секіріп, жылдамдығын бір қалыптан көтере алмай келеді. Айнала әппақ шаң. Жолдың быт-шыты шыққан.

Бөген мен Қаратереңнен кейін батысқа, Солтүстік пен Оңтүстік теңізді бөліп тұрған, Көкарал тоғанына қарай жорғалап келеміз. Қазақстандық Арал өңірінің жағдайы осы тоғанға қарап тұр. Рөлде отырған Мұрат 90-жылдары Кіші Аралдың суын ұстау үшін сол жерге екі үйінді бөгет салынғанын айтады. Екеуін де су шайып кеткен.

– Адамдар, тракторлар – бәрін ағызып әкетті. Бірнеше адам қайтыс болды. Теңіздің қаһары қатты, ойнауға болмайды.

Бөгет қираса да, Қазақстан үкіметі Дүниежүзілік банкінен қарыз алып, Кіші теңіз бен Үлкен теңіздің арасындағы енсіз жерге Кіші Аралдың суын ұстап тұратын заманауи тоған салды. Бұл 2005 жыл еді. Солтүстік теңіздегі су деңгейі 12 метрге көтерілді. Шаңды, тұзды қалдықтың көлемі қысқарып, судың құрамындағы минерал азайды, тұщылана түсті. Осының арқасында балықтың кейбір түрі қайтып келді: қазір сазан, ақтабан, бекіре бар. Балық аулау басталды, жұмыс пайда болды.

Әйтеуір, кепкен теңіз түбіндегі салдыр-гүлдір жүріс аяқталып, діттеген жерімізге жеттік. Суық жел бет күйдіріп барады. Төмендегі тот басқан секциялардан су көпіршіп, Үлкен Аралға ағып жатыр. Көкарал бөгетінің ортасында тұрмыз. Жақыннан қарағанда суреттегідей үлкен емес екен. Биіктігі – небәрі алты метр, ұзындығы – 13 мың метр. Кіші теңізді құтқару бойынша, PPCCAM-2 жобасы (екінші кезең) су деңгейін 6-8 метрге дейін көтеруді жоспарлап отыр. Жалпы жобаның мақсаты – теңізді Арал портына дейін жеткізу.

«Қалғандары тек тілектес болып отыр»

Әмірхан Кеншімов – Аралды құтқару бойынша Халықаралық қордың су ресурстары департаментінің жетекшісі. Қор 1993 жылы Орталық Азия елдерінің Арал теңізі мен Арал ауданы мәселелерін шешуде бірлесе әрекет ету бойынша келісімінен кейін құрылды.

Қордың Қазақстандағы кеңсесі Алматыда болғандықтан, Әмірханмен телефон арқылы сөйлестік.

– Аралдың қазіргі жағдайы қалай?

– 2005 жылы теңізді екіге бөліп тұратын Көкарал бөгетін салдық. Бұл Солтүстік теңізді 42 метр деңгейде ұстап тұруға мүмкіндік берді. Ал Үлкен теңізге аздап Сырдария құяды. Бірақ ол су бірден кеуіп кететіндіктен, аймақ экологиясын жақсарту үшін жеткіліксіз.

– Көкарал бөгеті қалай жұмыс істейді? Адамдардың өмір сүру деңгейіне әсер етті ме?

– Бөгет Кіші теңіздегі суды Үлкен теңізге жібермей ұстап тұрады. Үлкен теңізде су деңгейін бақылауға мүмкіндік беретін инженерлік нысандар мен құрылғылар болмағандықтан, ол жаққа су жіберуден әзірге пайда жоқ. Тоқсаныншы жылдары тұрғындар басқа жаққа көшіп кеткен. Ал бөгет ауданның әл-ауқатын арттырды. Жағалау Арал мен Қазалыға жақындағанда, қоршаған орта да жақсарды. Халықтың ауру деңгейі төмендеді.

– Демек, бөгет Өзбекстандағы Үлкен теңіздің тағдырына балта шабады ғой?

– Жоқ, мәселе онда емес. Аралға екі өзен құятын: Сырдария мен Әмудария. Көп жылдан бергі Сырдарияның кұятын орташа мөлшері 37 км³, Әмударияныкі – 76-77 км³.

Қазір Аралға Әмудариядан тамшы да тамбайды, ал келісім бойынша, 9-10 км³ су келу керек еді.

Бұған Әмудария бойынша жауапты елдер: Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан. Олар өзен суын теңізге жеткізбей алып кетіп жатыр. Бір кездері бассейннің бойындағы елдің бәрі Аралға су беруге келіскен еді, бірақ шын мәнінде оны ешкім орындап жатқан жоқ.

Арал үшін жанталасып жатқан – Қазақстан ғана. Өзбекстан да көмектеседі. Қалғандары тек тілектес болып отыр.

– Арал өңірі мен Қызылорда тұрғындары Сырдарияның суы азайды деп шағымдануда. Қазақстан дақылдарды суару үшін өзен суын КСРО кезіндегідей шығындап жатқаны рас па?

– Иә. Өңірде күріш өсіру жүйесі жасалғанда, жобаның көлемі де белгіленеді: бір гектарға – 24 мың шақырым суару. Биыл құрғақшылық болды. Мұның алдын ала алмаймыз. Ауданда 72 мың гектар күріш өсіру жоспарланған, бірақ 90 мың гектар егілді де, су жетпей қалды. Су аз, сондықтан да ұқыпты қолдану керек.

– Арал бұрынғы қалпына келе ала ма?

– Мүмкін емес нәрсе жоқ. АҚШ-тан үлгі алуға болады. Олар бөгеттерді бұзып, өзендерді қалпына келтіруде. Экологиямен етене өмір сүріп жатыр. Ал біз әлі бөгет салып әлекпіз. Мұндай нәтижеге жету үшін, қайталап айтам, суды үнемдеу керек. Осы жерден қарама-қайшылық шығады: мемлекет суару керек жердің бәрін шаруаларға таратып берген. Ал олардың көбі баяғыша суарады. Мәселе осында. Басқаша ұйымдастыру керек: алдымен су шаруашылығын дамытуға күш салып, содан соң ғана сенімді басқаруға беру керек.

– Тұрғындардың көбі құтқарудың екінші кезеңі жайлы айтып, теңіздің оралатынына сенеді. Осы жоба жайлы айтып беріңізші.

– Әрине, екінші кезең көңілге сенім ұялатады. Бірақ бұдан су көбейіп кетпейді. Біз тек қолымыздағы аймақты суландыра аламыз. Тіпті күріштен бас тартып, суды азырақ қажет ететін дақылдар өсірсек те, 50% ғана үнемдейміз. Арал бұдан тола қоймайды. Толтыру үшін Орталық Азия елдерінің бәрі теңізді қалпына келтіруге атсалысу керек. Аралға Сырдария ғана емес, Әмудария да құюы керек.

– Арал апаты неліктен тек Орталық Азияның емес, бүкіл әлемнің проблемасы?

– Арал теңізі – үлкен су қоймасы. Теңіздің қоршаған ортаға климат қалыптастырушы, маңызды ықпалы бар еді. Бұрын Арал аумағында циклон болмайтын. Ал қазір теңіз тартылған соң, олар ыстық ауаны кері қайтарады. Бұл өте ауқымды мәселе. Ұқсас жағдайларды Ираннан, Африкадан байқауға болады. Үлкен су қоймаларының кебуі планетаға әсер етеді. Ақыр соңында бұл оның шөлденуіне алып келуі мүмкін. Сол үшін Аралдың тартылуы – бүкіл әлем проблемасы. Тым кеш болмай тұрғанда, мәселені тезірек шешу керек.

«Новая газета» материалды «Медиасеть» қолдауымен дайындады.