2510
7 августа 2025
Паоло Сорбелло

Қазақстанда тау-кен өндірісі саласында еңбек құқығын бұзу көбейіп барады

Есепте қоршаған ортаны ластау деректері де көрсетілген

Қазақстанда тау-кен өндірісі саласында еңбек құқығын бұзу көбейіп барады

Корпорация жауапкершілігіне мониторинг жүргізумен айналысатын Business & Human Rights Resource Centre үкіметтік емес ұйымының бүгінгі баяндамасында Шығыс Еуропа мен Орталық Азияның тау-кен өндіру секторында экология және еңбек құқығын ықтимал бұзу саны өсіп жатқаны айтылған. Қазақстан осындай жағдайлар көп кездесетін елдің бірі ретінде жеке аталды.

Business & Human Rights Resource Centre зерттеушілері жұмысшылар өлімінен бастап экологияны тексеруге дейінгі адам денсаулығына зиян келтіруге немесе қоршаған ортаны айтарлықтай ластауға алып келуі мүмкін 43 жағдайды тіркеді.

Оқиғалардың көбі мыс, мырыш, темір, қорғасын, сондай-ақ уран, хром және титан сияқты аса маңызды пайдалы қазбаларды өндіруге қатысты болды.

Сонымен қатар, баяндамада 2024 жылдың есебіне іріктеліп алынған жағдайлар саны алдыңғы бес жыл ішіндегі (2019–2023 жылдар) орта көрсеткішпен салыстырғанда 23 пайызға өскені айтылған.

«Украинада, Қазақстанда және Сербияда 2024 жылы заң бұзу дерегі алдыңғы бес жылды қоса алып салыстырғаннан да көп тіркелді», — делінген есепте.

Business & Human Rights Resource Centre ұйымының аға зерттеушісі Элла Скибенконың айтуынша, энергетика ауыстыру үшін минералға сұраныс артқан жағдайда аймақта еңбек және экология заңнамасының ықтимал бұзылуының тіркелуі көбейіп жатыр.

«Байқалған жағдайлардың көбеюіне олардың жиі тіркеле бастағаны емес, олардың саны өсіп жатқаны себеп. Біз көп жылдан бері бір әдістемені пайдаланамыз», — деді Скибенко «Власть» басылымына берген сұхбатында.

Зерттеушілер Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстан елдерін қоса алғанда, 13 елден 270 құқық бұзу жағдайын анықтады. Ресейдің үлесі солардың ішінде үштен бір бөлігінен асады.

Қазақстандағы ахуал

Зерттеуге сәйкес, Қазақстанда тіркелген жағдайлардың шамамен жартысы еңбекті қорғау мен қауіпсіздікке қатысты болды. Бұқаралық ақпарат құралдарында және ресми сайттарда өндірісте адам өлуге қатысты кем дегенде 14 жағдай хабарланды.

Әсіресе YDD Corporation компаниясына тиесілі Қарағанды ферроқорытпа зауытындағы жағдай назарға ілігеді: 2024 жылғы шілдеде пештегі апат салдарынан сегіз адам қайтыс болды.

«Кейбір елдерде осындай пайдалы қазбаларды өндіру геосаяси проблемалардың, қақтығыстардың және жалпы тұрақсыздықтың кесірінен азайып бара жатыр. Бұл қызметкерлердің жұмыстан айырылуына немесе оларға айлық төленбеуіне алып келеді», — деді Скибенко.

Қазақстанда жұмысшылар еңбекақыны көтеруді және еңбек жағдайын жақсартуды талап етіп наразылыққа шыға бастады.

«Өндіріс көлемі азайғанынан бөлек, өнеркәсіп қауіпсіздігі деңгейінің төмендегенін байқап отырмыз. Оңтүстік Жезқазған шахтасындағыдай еңбекақыны көтеруді және жағдайды жақсартуды талап еткен жұмысшылар ереуілі болған түрлі жағдайлар бар», — деді Business & Human Rights Resource Centre ұйымының Қазақстан бойынша зерттеушісі Владислава Каплина.

2024 жылғы желтоқсанда Ұлытау облысындағы Оңтүстік Жезқазған кенішінде 250 шақты жұмысшы ереуілге шығып, шахтаға түсуден бас тартты және әлемде мыс бағасы өсіп, елде қарқынды түрде инфляция жүріп жатқанына байланысты еңбекақыны көтеруді талап етті.

Бірнеше күннен кейін шахтаға иелік ететін «Қазақмыс» компаниясы жұмысшылармен келісім жасап, 2025 жылы еңбекақыны 8,5 пайызға көтеруге және жаңа тоқсандық бонус енгізуге уәде берді.

2024 жылғы қазанда Ақтөбе хром қосындылары зауытында экология заңнамасының бұзылуына және нашар еңбек жағдайына қатысты алты шағым тіркелді. Жұмысшылар Ақтөбеде осы себепке байланысты бірнеше рет наразылыққа шықты.

Бұрын Түркістан облысындағы «Заречное» уран кенішіне жоспардан тыс жүргізілген тексеріс кезінде «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы апат болғанын хабарламағаны анықталды, соның салдарынан топырақ бүлінген.

Не істеу керек?

«Елдер арасында, әсіресе ЕО мен Орталық Азия арасында серіктестік туралы бірнеше меморандумға қол қойылып, энергетика ауыстыруға қажет пайдалы қазбаға сұраныс артып жатқанын көріп тұрмыз», — деді Скибенко.

Қазақстан соңғы уақытта Еуропа Одағының энергетика ауыстыру стратегиясы аясында оған басты серіктес ретінде көзге түсіп жүр. Мемлекет Еуроодаққа аса қажет 34 шикізат материалының он тоғызын өндіреді және бұл тізімді жиырма бірге дейін кеңейтуді жоспарлап отыр.

ЕО Орталық Азияға өзінің «Жаһандық қақпа» (Global Gateway) стратегиясының аясында миллиондаған еуро инвестиция салуды жоспарлап отыр.

Бірақ, Скибенконың айтуынша, мүдденің және инвестицияның артуымен бірге адам құқығы да қорғалуы керек.

«Үкіметтер осындай заң бұзудың алдын алатын немесе, сондай жағдай болып жатса, кінәліні жауапқа тартатын сенімді заңнама әзірлеп, енгізуі керек. ҮЕҰ өкілдерінің айтуынша, қазір серіктестік келісімдерін жасаған кезде, әсіресе келіссөз кезеңінде және жобаларды таңдаған кезде үкіметтер ашық әрекет етпейді», — дейді ол.

Баяндама авторлары аймақ елдеріне бірінші кезекте «барлығының игілігіне, адам құқығы саласында тиісті дәрежеде мұқият болуға және әділ келіссөзге — кәсіподақтардың, сондай-ақ жобаның өмір циклының барлық кезеңінде жергілікті қауымдастықтардың және байырғы тұрғындардың міндетті түрде қатысуына ықпал ететін әділ ауысу принциптерін ұстануға» кеңес береді.

Шахталарда соңғы уақытта болып жүрген апаттар, соның ішінде биыл ақпан айында «Қазақмыс» шахтасында сегіз жұмысшының өліміне әкелген апат — елеулі өзгерістер ауылы әлі де алыс екенін көрсетіп отыр.