Қазақстанда бірден екі отандық стриминг платформасы іске қосылды. Freedom Media және Unico Play деп аталатын екі платформа контент өндіруге баса назар аудармақ. Сонымен қатар бұған дейін нарық HBO Max америкалық онлайн кинотеатрымен толықты, ал ресейлік «Кинопоиск» стримі қазір елдегі екінші сериалын түсіріп жатыр.
Жаңа стримингтердің продюсерлері мен жетекшілері бүгінге дейін жасай алмаған жұмыс, яғни отандық контент ұсына отырып клиент тарту енді қолдан келеді деп сеніп отыр. Олардың үміті, салған қаражаты ақталатыны не ақталмайтыны белгісіз, бірақ продюсерлер шабытпен кірісіп жатыр. Себебі сервистердің белсенділігі киноиндустрияға дамуын жылдамдатып, нарыққа жаңа есімдерді танытпақ.
«Власть» Қазақстандағы стриминг платформаларының үлкен жоспарлары мен жобалары жайлы баяндайды.
Бәрі пандемиядан басталды
«Нарық қазір тамаша бір даму алдында тұр. Мұның басталғанына көп бола қойған жоқ, пандемия кезінде кинотеатрлар жабылып, барлық түсірілім тоқтап,
киногерлер, көрермен мен кинотеатрлар енді не істейді деген сұрақ пайда болғанда маңызы сезілді, — дейді Movie Service дистрибьютор компаниясының CEO әрі продюсері Анна Дармодехина. — Алайда көрермен бұл кезеңнен олжалы шыққандай, себебі біз өзіміз үшін ғаламат стриминг платформалар әлемін аштық».
Дармодехинаның сөзіне қарағанда, онлайн кинотеатрға алғашқылардың бірі болып қадам басқан – украиндық Megogo стримингі. Ол Қазақстанда 2012 жылдан бері жұмыс істейді.
Осы жақта кеңселері бар, іс әйтеуір жүріп жатты, ал қазір бұл стриминг түрлі серіктес коллабтар мен қазақстандық бизнеске кіру жөнінен көшбасшы болып отыр. Мысалы, олар америкалық HBO-мен коллаб жасағанын білемін, сондықтан да контенті сапалы», — дейді ол.
Сонымен қатар нарықта ресейлік «Иви» стримингі де болды. Алайда Дармодехина олардың «аз ақша төлегенін, аса белсенді болмағанын» айтады.
Жергілікті стриминг платформасын ашуға Salem Social Media компаниясы да талпынып көріп, Aitube видеохостингін іске қосты. Бірақ ол сол күйі дамымай қалып қойды.
«Ол жоба, бәлкім, тым ерте іске қосылған болар, — дейді Salem Social Media компаниясының бұрынғы CEO әрі продюсері Александр Аксютиц. — Мамандар нарықты түсінбеді, ескекті қай бағытқа қарай есуді білмеді, аудитория да дайын болған жоқ. Жетекшілерімізбен Aitube-ті ақылы платформа жасау туралы да сөйлестік, бірақ іліп әкеткен жоқ. Сол кезде осы бағытқа қарай жұмыс істеуіміз керек болған болар».
Бірнеше жыл бұрын Salem Social Media құрылғанда көптеген сарапшы мұны ғаламтордағы контентті бақылау үшін жасалған амал деп қабылдады. Себебі сервис шоудан бастап сериалға дейін түрлі бағдарлама жасау үшін танымал блогерлерді жұмысқа шақырды. YouTube-тің баламасына айналуы керек болған Aitube жобасы сияқты бұл да одан әрі жүрмей қалды.
Дармодехина нарыққа ресейлік «Кинопоиск» кіріп, «Жаным, ты не поверишь!» қазақстандық кекесін комедиясының премьерасын ұйымдастырғаннан кейін жағдай өзгере бастағанын айтады.
«Фильм пандемиямен тұспа-тұс келді, продюсерлер өз қаржысын салып, ақыры шығынға ұшырады, себебі кинотеатрлар да жабылып қалды. Сол сәтте Кинопоисктің ұсынысы медеу болды, өйткені не істерімізді білмей қалған едік», — дейді продюсер.
Ол бұрын кино өндіретіндер үшін екінші экран аймағы телевизия болғанын, ал қазір оның орнын стриминг платформалар басқанын айтады.
Қазақстандық онлайн кинотеатрлар
Пандемиядан кейін елде халықаралық стримингтермен қатар Beeline және «Қазақтелеком» телекоммуникация компанияларының ішінде BeeTV и TV+ қазақстандық онлайн кинотеатрлары іске қосылды.
«Бұл – бандлдар (бірнеше қызмет немесе өнім бір пакетке біріктіріліп, бірыңғай бағамен ұсынылады – В.). Олар өте жақсы жұмыс істейді, сенімді серіктестері бар. Өздері жеке контент түсірмейді, бірақ олар үшін бірнеше продакшн компания жұмыс істейді», – дейді Дармодехина.
Ол сонымен қатар қазақша контентке басымдық беретін Qazaqsha және BirgeTV онлайн кинотеатрларын да атап өтті.
«Нарыққа бірден кіріп кетуге талпынғандар болды, әлі де тырысып жүрген адам көп. Бірақ бұл істе ауқымды, стратегиялық және жүйелі тәсіл қажет», – дейді продюсер.
Оның айтуынша, мұндай тәсілді 2023 жылы нарыққа шығу процесін бастаған екі жаңа қазақстандық стриминг – Freedom Media мен UnicoPlay көрсетіп отыр.
«Біз қазақстандық көрерменнің күткенін және нарықтағы ұсыныста үлкен алшақтық барын байқадық. Халықаралық және ресейлік платформалар түрлі контент ұсынды, бірақ сол көптің ішінде қазақстандық дауыс мүлде естілмеді деуге болады», — дейді UnicoPlay онлайн кинотеатрының бас директоры Дияс Досмұханбетов жобаның не үшін іске қосылғанын түсіндіре отырып (ресми таныстырылымы 12 қыркүйекте өтеді).
Досмұханбетовтің айтуынша, 2023 жылы жергілікті контент кинодан түсетін табыстың 40%-ын құрап, маңызды өзгеріс болған, содан кейін «қазақстандық көрерменге арнайы жасалған» онлайн кинотеатр құру туралы шешім қабылданды.
Ал Freedom Media-ның жағдайында бұл қадам Freedom SuperApp қолданушылары үшін «ойын-сауық әлемін» құру жолындағы алғашқы қадам ретінде қарастырылған.
Екі стриминг те басты мақсат Қазақстанда индустрияны дамытып, қайталанбас контент өндіруге қолайлы алаң қалыптастыру екенін айтады.
Осылайша, Unico Play Uni-Q медиахолдингінің бір бөлігі болады. Unico Studio продюсерлік орталығы, Unico Rights дистрибьюторлық компаниясы мен Unico Dubbing дубляж студиясы, Aina онлайн продакшны да осы медиахолдингке қарайды.
«Бұл продюсерлік платформа аясында жүздеген кәсіби маманның басын біріктіріп отырмыз. Құқық, IP рәсімдеу, музыка және дистрибуция жағына баса назар аударамыз», — деп түсіндірді Досмұханбетов.
Онлайн кинотеатр алдағы жылдары 20-дан аса бірегей жоба әзірлеп, жас авторларды қолдау жүйесін құрып, контентті халықаралық нарыққа шығарып, қазақша мұрағатты кеңейтуді жоспарлап отыр.
«Әйелдер құқығы, ментал саулық, тіл айдентикасы, экология, ауылдағы өмір сияқты әлеуметтік маңызы бар тақырыптар бізді өзгелерден ерекшелейді. Сонымен қатар біз біреуді тәрбиелеуге, публицистикаға бас ұрғымыз келмейді, керісінше, көркем ойдың күші бар екеніне сенеміз», — дейді Unico Play бас директоры.
Досмұханбетов онлайн кинотеатр қазақша контент мәселесіне келгенде аудармамен шектелмей, нөлден бастап жаңа өнім әзірлеуге ниетті екенін жеткізді.
«Басты артықшылығымыз — жергілікті контентке басымдық береміз, — дейді Freedom Media басшысы Тимур Баиров. — Осының арқасында біз тек мықты бәсекелес емес, нарықтағы ерекше ойыншыға айналдық. Қазақстанда жеке контент өндіріп отырған платформа санаулы ғана. Оның үлкен бір экожүйенің бөлігі ретінде тіркелгені одан да аз. Біз сол аздың қатарындамыз, сондықтан сара жолдамыз деп есептейміз».
Тимур Баиров онлайн кинотеатрды іске қоспас бұрын жоба командасы көп рет талқы өткізіп, зерттеу жүргізгенін айтады: Amazon Prime Video-ның тәжірбиесі, қазақстандық сериалдардың жетістік факторы, «Қазақтелеком» мен Beeline-дағы ұқсас сервистердің қалай іске қосылғаны зерттелді.
«Контент стратегия мен мақсатты аудиторияны зерттеу бөліміне бірегей сериалдарға баса назар аударып, көрерменнің контентке қатысты сұранысына терең талдау жасайтын Netflix моделін алуды ұйғардық», — дейді ол.
Бір кездері Netflix-те жұмыс істеген кеңесшілермен біріге жұмыс істеген соң алғашқы жылдары толықметрлі фильм түсірмей, 8–12 сериялық шағын сериалдар шығаруға назар аудару туралы шешім қабылданды.
«Контент сатып алу мәселесіне келсек, ірі студиялармен тікелей келісімшартқа отыруды және контент шлейфі деп аталатын жүйені жасауды назарға алдық. Демек, әртүрлі көрермен тобына арнап тереңдігі әртүрлі контент топтамасы әзірленуге тиіс», — дейді Баиров.
Ол жобаның тағы бір маңызды артықшылығы — командаға кино саласындағы ең үздік мамандардың бірігуі деп есептейді. Олардың қатарында «5:32» және «1286» сериалдарының режиссері әрі продюсері Алишер Утев те бар. Ол платформаның бас продюсері атанды.
Алайда ол Қазақстанда қазіргі уақытта онлайн кинотеатрлар нарығы бойынша аса көп зерттеу жүргізілмейді деп есептейді.
«Түрлі бағалауларға сәйкес, онлайн кинотеатрлар мен кабельді ТВ нарығының 2-3 миллион қолданушысы бар. Контент тұтынушылар артқанын және жергілікті контенттің танымалдығы артқанын көріп отырмыз. (...) Нарық бойынша басты болжамым — онлайн кинотеатрлардың қолданушылары экожүйеге құрылған компаниялардың айналасына шоғырлана бастайды. Жақын уақытта «экожүйелер арасындағы бәсеке» онлайн кинотеатрлар нарығына да жетеді деп ойлаймын», — дейді Баиров.
Unico Play компаниясының бас директоры Дияс Досмұханбетов зерттеулерге сәйкес, қазақтандықтардың 60%-ынан астамы қазірдің өзінде видеоларды онлайн платформалар арқылы көретінін, ал жергілікті контентке қызығу кейінгі үш жылда 2,5 есеге артқанын айтады.
«Қазір бір үй шаруашылығына орта есеппен 1,2 жазылымнан келеді, ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 2,5–3,5 шамасында. Демек, бізде өсу әлеуеті бірнеше есе жоғары, — дейді ол. — Ең бастысы — нарықтың ерекшелігін дұрыс түсіну. Көп нәрсе экожүйеге құрылған өнімдерге байланысты: жазылым мультисервис құрамында бар, бірақ адам оны жиі қолдана бермейді. Ал контент үшін әдейі кіретін платформа — мүлде басқа, бірегей өнім. Міне, біз дәл осы тұстан өсу мүмкіндігін көріп отырмыз».
Freedom Media бұл жобаға шамамен 50 миллион доллар инвестициялауды жоспарлап отыр, ал жұмыс басталғаннан кейін үшінші жылдан бастап жоба өз-өзін ақтайды деп сенеді.
«Лицензия бағасы қымбат және материалдарды аудитория ерекшелігіне қарай бейімдеу қажет, қиыны да осы. Біз бәрін тыңғылықты жоспармен жұмыс істей отырып шешпекпіз», — дейді Баиров.
Екі стримингтің жетекшісі де халықаралық сервистермен бәсеке туралы сұраққа компаниялар Қазақстан нарығын басты назарға алатынын айтты.
«Жас мамандарға таптырмас мүмкіндіктер кезеңі»
«Қазақстандық кинематографистердің кинотеатрлардан түсетін табысы мен стриминг сервистерінен алатын табысы, әрине, салыстыруға келмейді. Негізгі табыс көзі — кинотеатрлар, бүкіл әлемде солай (...) Бірақ жас авторлар өз шығармаларын сатып, стриминг арқылы өзін көрсетуге мүмкіндік алады. Ең бастысы, олардың фильмін көрермен көре алады», — дейді Анна Дармодехина.
Ал Александр Аксютиц стримингтік платформалар дәстүрлі телеарналарға қарағанда көбірек төлей бастағанын айтады.
«Бюджет көп болған сайын, техника, команда, костюмдер және түсіретін алаң да жақсара түседі. Қазір контенттің өз бағасының көп бөлігі адамға кетеді, маман тапшы. Айналып келгенде бәрі ақшаға тіреледі ғой, ал бұдан телеарналар қиналады, қосымша инвестиция тартуға тырысады. Қазір «Хабармен» бірігіп сериал түсіріп жатырмыз. Себебі продюсерлік орталығым қаржы тарта алды. Оған «ҚТЖ»-мен болған коллабтың арқасында қол жеткізді», — дейді ол.
Аксютицтің айтуынша, стриминг платформаларының басты артықшылығының бірі — авторларға шығармашылық еркіндік берілуі.
«Мысалы, «Кинопоиск» платформасында Қазақстан нарығына қатысты таптаурын көзқарас пен шектеу жоқ. Олар үшін ең маңыздысы — идея мен мықты сценарий. Олар марапаттарға немесе атақ-дәрежеге қарамайды, әр нәрсеге жаңаша қарайды. Қазір — жас мамандар үшін таптырмас мүмкіндік кезеңі», — дейді продюсер.
Дармодехина да осы ойға қосылады. Оның пікірінше, әр онлайн кинотеатрға жаңа есімдер қажет, сол себепті қазір «амбициясы мен өз көзқарасы бар жас режиссерлер өзін көрсетуге мүмкіндік алып отыр».
«Қазір бәрі бірдеңе түсіріп жатыр — UnicoPlay, FreedomMedia, Кинопоиск барлығы алғашқы сериалдарын шығара бастады. Бұрын бұл бағытты тек телеарналар жауып отырды. Қазір авторларға назар аудару айтарлықтай артты. (...) Бірақ көрерменді осы контент үшін тұрақты түрде ақы төлеуге үйрету керек», — деп түйіндеді Дармодехина болашаққа үмітпен қарайтынын атап өтіп.
«Меніңше, бұл алға жасалған нақты қадам. Қаржылық модель түсінікті: көрермен жазылымға төлейді, ал платформалар сол қаражатқа контентке тапсырыс береді. Осылайша, қазақстандық контент дамиды. Бұл барлығына тиімді. Қазақстандықтар өз киносын көреді әрі ол жыл сайын сапалырақ бола түседі», — дейді Аксютиц.
Поддержите журналистику, которой доверяют.