15666
9 марта 2021
Сұхбат: Индира Алибаева, иллюстрация авторы: Айдар Ерғали

Гүлнар Кендірбай, тарихшы: «Тарих үшін неғұрлым көп көзқарас болғаны жақсы»

Тарих білімін жасау және тарихты жазудағы объективтілік туралы

Гүлнар Кендірбай, тарихшы: «Тарих үшін неғұрлым көп көзқарас болғаны жақсы»

Көзімізбен көрмеген кезең туралы білімді көпшілігіміз кітаптардан аламыз. Сол кітапты жазған адамның сипаттамасы арқылы оқиғалар мен тұлғаларға қатысты көзқарас қалыптастырамыз. Басқа елдердің тарихын білгіміз келсе де, тарихшылардың еңбегіне жүгінеміз. Ал сол тарихты жазатын ғалым қаншалықты объективті болды, ол өз көзқарасын дәлелдеу үшін қандай зерттеу жүргізді, өзінің көзқарасына қайшы келетін тұжырымдамалардан хабары бар ма, міне, мұның бәрі біздің тарих туралы білімімізге ықпал ететін факторлар.

Қазақстанның тарихы қалай жазылып жатыр, әлемдік деңгейде Орталық Азия туралы білімнің қалыптасуына біздің тарихшылардың тұжырымдамасы қатысып жатыр ма? Осы төңіректе АҚШ-тың Колумбия университетінің профессоры Гүлнар Кендірбаймен сөйлестік. Алматы қаласында туып-өскен Гүлнар АҚШ-тың беделді университетінде Орталық Азияның тарихынан сабақ береді. М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде философия мамандығы бойынша білім алған Гүлнар неліктен Қазақстанның тарихын зерттеуге көшкені, тарих білімін жасауда нені ескеру қажеттігі, қазақстандық тарих ғылымының проблемалары және өзінің жақында жарық көрген кітабында қандай тұжырым жасағаны туралы айтып берді.

Тарихтың мақсаты

Өткен оқиғаға біржақты көзқараспен қарау арқылы оның басқа қырын байқамай қалуымыз мүмкін. Тарихтың мақсаты – сол тарихта қалған шындықтың жалпы күрделілігін ашып, қарама-қайшылықтарға тола екенін көрсету. Әр зерттеуші бір тарихи оқиғаның жаңа бір сипатын, жаңа аспектісін табады. Осы арқылы тарих туралы біліміміз байи түседі. Ол шексіз процесс. Сіз неғұрлым әртүрлі аспектісін қарастырған сайын, тарихи шындыққа жақындай бересіз. Ал оның аспектілері мен қырлары шексіз болуы мүмкін. Нені іздесеңіз, соны табасыз. Тарихи пропаганданың құлы болып қалмау үшін, шыншыл тарихшы болу үшін, өз еңбегінің алдында адал болу үшін тарихшы ғалым барынша көбірек тұжырымдаманы талқылауы қажет, бір оқиғаға әртүрлі көзқарастың бар екенін білуі, олармен таныс болуы қажет. Сонда ғана ғалым тарихтың шындығына жақындай түседі.

Объективті тарихи еңбекті идеологиядан азат жазу

Бір шындық бар: тарих идеологиясыз болмайды. Қандай тарихи еңбек жазамын десеңіз де, зейініңізде орныққан бір тұжырымдамаға сәйкестендіріп жазасыз. Алайда, бір тарихи оқиғаны бұрмалап, әртүрлі жазуға болады. Сондай болмау үшін [объективтілікті сақтау үшін] түрлі тұжырымдамамен таныса отырып, соларды салыстыру қажет. Сол тұрғыдан өз көзқарасыңызды дамытасыз. Мыңдаған тарихшы болса, соншама әдістеме болады. Ол дұрыс деп ойлаймын. Себебі тарих – өте күрделі нәрсе. Неғұрлым көп көзқарастың болуы тарих үшін жақсы. Сонда тарих объективті тұрғыдан қарастырылады және тек идеологияға беріліп кету қаупі азаяды.

Капиталистік және социалистік елдерден шыққан ғалымдардың арасындағы қате түсінік

Социалистік және капиталистік елдердің арасында қырғиқабақ соғыс (екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі капиталистік және социалистік елдер арасындағы идеологиялық күрес – автор) уақытында батыс елдерінің біздің елдер туралы көзқарасы жұпыны болды. Олардың ғалымдары «орыстар орыс емес ұлттарды жаулап алды, отарлады, барлығын орыстар құртты» деген үстіртін, ғылыми емес идеологиялық көзқарасқа сүйенді. «Бізде демократия, оларда диктатура» деген ой қалыптасты. Халық арасында да «біздің қоғам ең өркендеген, демократиялық қоғам, басқалар артта қалған» деген көзқарасты ұстанатындар болды. Кеңестік тарихшылар болса, «біз ең алғашқы социалистік мемлекетпіз, біздің жүйе мықты» деген сарында жазды.

Екі жүйе бір-бірімен үнемі идеологиялық күресте болды. Әрқайсы өзінің қоғамын ең жақсы, ең дамыған деп көрсетіп кетті. Мұның салдарынан көбі идеологияға беріліп, тікелей тарихқа ешкім мән бермеді.

Марксизм неліктен қазақстандық қоғамды түсіндіре алмайды?

Тарих нақты деректерге сүйенеді. Мысалы, 1917 жылы революция басталғаны факті, оны басқа жылы болды деп айта алмайсыз. Бірақ тарихтың тағы бір жағы бар. Ол – интерпретация, яғни болған оқиғаны түсіндіру. Мысалымызға оралайық, 1917 жылы болған оқиғаларға «революция» деп ат қойылды. Ал шынын айтқанда, ол революция емес. Марксистік-ленинистік көзқарас бойынша, социализмді тек қана революцияның арқасында орнатуға болады. Ал революцияны кім жасайды? Марксистік көзқарас бойынша, көтерілісті жұмысшылар жасайды. Ал ол кезде Ресейдің өзінде жұмысшы таптың үлесі өте аз еді және олар ықпалды да емес еді. Ал Қазақстанда жұмысшы тап деген атымен болған жоқ.

К.Маркс мен Ф.Энгельс өз заманында Г. В. Плеханов, М.А. Бакунин секілді орыс философтарымен хат алмасқан. Сол хаттарында олар Ресейде жұмысшылардың революциясын жасау мүмкін емес, себебі индустриялық тұрғыдан қарағанда Ресей дамымаған, онда жұмысшы тап жоқ деп жазған. Олардың теориясы бойынша, ондай социалистік революция капиталистік бағытта дамып жатқан Англияда немесе Германияда болуы керек еді.

Мен философия факультетінде оқыған жылдары, мысалы, сол хаттар туралы ешкім айтпайтын. Марксизм мен ленинизм идеялары басым болғандықтан, олардың көзқарасына сәйкес келмейтін еңбектерді университетте оқытқан жоқ. Кеңес үкіметі кезінде идеологияға өте көп мән берілгені де бұлтартпайтын дәлел.

Марксистік философияның маңызды бөлігі – тарихи материализм. Ол тарихтың дамуын материалдық тұрғыда түсіндіреді. К.Г. Маркс тарихты бес формацияға бөліп түсіндірді: алғашқы қауымдық құрылыс, құлиеленушілікке негізделген қоғамдық құрылыс, феодализм, капитализм. В.И. Ленин оған тағы да коммунизм-империализмді қосып берді. Адамдарды қанаушы (exploiters) және қаналушы (exploited) деп екі топқа бөлді. Олардың арасында туындайтын таптық күрес нәтижесінде тарих өзгереді және бір формациядан екінші формацияға өтеді, барлығының негізінде осы екі таптың күресі жатыр деп түсіндірді. Осы тұжырымдамаға сәйкестендіріп большевик тарихшылар қазақтың тарихын да жазды. Басқаша жазуға ешқандай мүмкіндік болмағандықтан, ол жазбалар үстіртін екені анық.

Тәуелсіздік және тарихтың қайта жазылуы

Менің университет бітіріп, Мәскеуден Қазақстанға оралуым Кеңес үкіметінің ыдырау жылдарына сәйкес келді. Көптеген тақырып, әсіресе идеологияға ұшыраған тарих саласы жаңа тұрғыдан қарастырыла бастады. Кеңестік кезеңдегі тарихи еңбектер байлар эксплуататор болған, кедейлерді пайдаланған деп тарихты марксистік көзқарасқа жаппай сәйкестендіруге тырысты. Мысалы, Алаш қозғалысы кеңестік кезеңде жабық тақырып болды. Оларды буржуазия, ұлтшылдар деп жауып тастады. Бар ақиқат тәуелсіздіктен кейін ашыла бастады. Менің де осы тақырыптарға қызығушылығым арта түсті.

Қазақтың тарихын қайта жазу тренді неге алып келді?

Тәуелсіздіктен кейін тарихшылар да, антропологтар да, этнографтар да, барлығы тарихты жазуға ұмтылды. Олар марксистік шеңберден шығып, жаңаша көзқарас қалыптастыруға тырысты. Сол кезде қазақ тарихын жазбайтын адам қалмады. Физиктер де, зейнетке шыққан әр саланың қызметкерлері де, барлығы «енді біздің уақытымыз келді, біз тарихты жаңадан жазамыз», «мен қазақпын, нағыз шын тарихты енді өзім жазамын» деді. Ондай еңбектердің көбінің ғылыми негізі болмады. Осындай әртүрлі кәсіби емес еңбектерге талдау жасау мақсатында, тарихшылар Н.Масанов, Ж.Б.Әбілғожин және И.В. Ерофеева бірігіп «Научное знание и мифотворчество в современной историографии Казахстана» деген кітап шығарды.

Социализм тарағаннан кейін дәстүрді қайта іздеу және оған фольклордың көмегі

Мәскеуден кейін көп ұзамай Мажарстанда фольклор бойынша докторантурада оқыдым. Фольклоризм – қалада фольклордың қайта өмірге келуі. Ал фольклор – алыс-алыс ауылдарда сақталған халықтың дәстүрі, өнері, мәдениеті мен әдебиеті. Олар енді урбанизацияның арқасында ұмытылып бара жатыр. Сондықтан мажарлар Шығыс Еуропада бірінші болып фольклорды жаңа формада қайта жаңғыртты, «қалай біз өз дәстүрімізді сақтаймыз?» деп іздене бастады. Олардың халық дәстүрі өте бай: билері де, әндері де, музыкалық аспаптары да бар. Жастар үлкен қалаларда өмір сүріп, эстрада мен джаз секілді батыстық әуендерге көп мән беріп, өзінің дәстүрін ұмытып кетеді деген алаңдау болғандықтан, Мажарстан билігі танцхаза деп аталатын кішкентай би билейтін үйлерді ашты. Сол үйлерде қала тұрғындарына көне дәстүрлер үйретілді. Онда жастар кешке жұмыстан немесе оқудан кейін келіп, халық билерін билейді. Сол жерде ансамбль (band) құрады, көне аспаптарда ойнайды, сосын өлең айтады, қатысушылар сол өлеңге билейді. Осындай жаңа, қызықты форматта дәстүрді үйрету барысында үлкен қалаларда танцхаза деген мәдени қозғалыс пайда болды.

Қазақтар да фольклорды зерттеп, сақтап қалу жолдарын ойлауы керек. Мысалы, Құрманғазы оркестрі қазақтың фольклоры емес. Қазақтар ешқашан оркестрмен ойнаған жоқ. Ал фольклор – халық өмірінің айнасы. Көшпелі қазақтардың фольклоры – жыршылардың өнері мен айтыс.

Фольклордан – тарихқа

Мажарстанда диссертациямды қорғап, Германияда екінші докторлығымды бастадым. Ол жақта Херман Баузингер деген неміс фольклорын зерттеуші танымал профессормен таныстым. Сол кісі менен: «Қазақтар көшпелі өмірден отырықшы өмірге өткенде, олардың фольклоры қалай өзгерді? Сіз соны зерттедіңіз бе?» – деп сұрады.

Ал қазақ фольклорымен Алаш зиялылары өте көп шұғылданған. Әлихан Бөкейханов алғаш рет Абайдың өлеңдерін жинақтап, Санкт-Петербургта орыс тіліне аударып басқан. Мысалы, қазақ тілі де – бір тарихи өнім. Сол кісілер қазақ тілін, дәстүрлерін қалай сақтап қаламыз және басқаларға, орыстар мен өзіміздің қазақтарға қалай жеткіземіз деген мәселемен айналысқан. Олардың арасында болған ақын-жазушылар өз халқының тарихына, ұлттық экономикасына (folk economy) да қызықты. Осының бәрі көшпелі халық мәдениетінің салалары болғандықтан, мен сол тұрғыдан осы кісілердің көзқарасын зерттедім.

Америкаға кетуі және ондағы жұмысы

Германиядағы оқуымды аяқтаған соң Фулбрайт стипендиясының бір жылдық грантын жеңіп алып, Колумбия университетінде сабақ бердім. Жыл соңында Америкада қалып, берген сабақтарымды жалғастыруға ұсыныс алдым. Ол уақытта Батыс елдерінде Орталық Азия туралы білім өте аз болды.

Колумбия университінде Эдуард Оллворт деген профессор болды. Ол кісі тек Америкада емес, басқа да Батыс мемлекеттерінде, Орталық Азия тарихшыларының арасында да танымал. Профессор Оллворт 1980 жылдардан бастап Орталық Азияның тарихын, мәдениетін зерттеп, бірнеше кітап жазды. Университетте Орталық Азияны зерттейтін академиялық орталықтың негізін салды. Өзі сол жерде сабақ берген, шәкірттері де белгілі ғалымдар. Оның 1500 кітаптан тұратын кітапханасы болды. Біраз кітабын кеңес үкіметі кезінде Өзбекстаннан алған. Өзі өзбек тілінен де сабақ берген.

Америкалықтарға Орталық Азияны оқу халықаралық саясат үшін керек. Әсіресе, Кеңес үкіметі ыдыраған соң әр жеке елмен қарым-қатынас орнату керек болды. Ал Орталық Азияда қандай адамдар тұрады, тарихы мен мәдениеті қандай, олармен қалай саясат құру керектігі қауіпсіздік саясаты үшін маңызды. Студенттер ертең университетті бітірген соң АҚШ-тың мемлекеттік департаментіне барып елші ретінде жақсы маман болу үшін Орталық Азияның тарихы, тілдері, мәдениеті туралы білім алады.

Жақында шыққан кітабы туралы

Тарих әрқашан да жаңадан жазылады. Жаңа билік келген кезде ол да тарихты қайтадан жазады. Сондықтан көшпелі қазақтардың Ресейдің құрамына кіру тарихы да кеңестік уақыттың идеологиясына сәйкестендіріліп жазылды. Көшпелілерді Ресей қарамағына зорлап кіргізді деген – қате пікір. Соны дәлелдейтін жаңа көзқарасты «XVI ғасырдан XIX ғасырға дейінгі Еуразияда үстемдік жүргізудің ресейлік тәжірибесі: шекара билігінің динамикасы» атты жақында жарық көрген кітабымда ұсындым.

Менің айтпағым, Ресей империясы үшін оның дала шекарасы (яғни Қазақстан жақтағы шекарасы – автор) ХІХ ғасырдың ортасына дейін әрқашан қауіп тудырып отырған. Бөкей хандығы сол себепті пайда болды. Ол Ресей империясы үшін буфер аймақ (buffer zone), яғни қорғаныс қызметін атқарған аумақ. Buffer zone дегеннің анықтамасы бойынша, ол Ресейге қарасты болғанымен, бағынышты емес, онымен жақсы қарым-қатынастағы аймақ. Сонда жоңғарлар Ресейді жаулаймын десе, олар тікелей Ресейге кіре алмайды, себебі алдында буфер аймақ бар. Ол стратегиялық қарым-қатынас әрі әдістеме. Бөкей хандығын осылай қарастыру керек екенін Әлихан Бөкейханов ұсынған. Сонымен қатар, бағынбайтын көшпелілерден орыстар сескенген. Орыстар көшпелі қазақтарды жаулап алған деген дұрыс көзқарас емес. Себебі көшпелілер соғысқа, күресуге құмар тынымсыз халық болған. Олар бір-бірімен де әрқашан соғыса берген. Орыстарға да дамыл бермеген. Сондықтан орыс билеушілері ең алдымен өздерін құтқару мақсатында буфер аймағын құрды. Жаулап алудан бұрын, Ресейге өзін-өзі қорғау ең алғашқы мақсат болды. Кітабымда осы тақырыпты ашып көрсеткім келді.

Тарих білімі қалай жасалады?

Әріптестерім еңбегіме «provocative» деп баға берді. Бұл ешкім күтпеген аргумент және әбден қалыптасқан теорияларды теріске шығарып отырған өзге көзқарас. Әрине, менің аргументім айтыла салған сөз емес. Ол көзқарасты жақсылап дәлелдеу керек, деректерді көрсету керек. Осы еңбекті жазу үшін Санкт-Петербург, Мәскеу, Ташкент және Қазақстанның архивтерінде жұмыс істедім.

Менің айтқаным ең дұрыс көзқарас демеймін, менің мақсатым – сол тарихи процеске қатысты осындай да көзқарас болуы мүмкін дегенді жеткізу. Оған келтірген деректерім бар. Мен үшін деректерім сөйлеп отыр. Егер сіздің көзқарасыңыз басқа болса, оны көрсетіңіз. Мүмкін сіз басқаша тұжырым ұсынарсыз. Онда өз деректеріңізбен көзқарасыңызды дәлелдеп көріңіз. Тарихи білім осындай даму барысында жасалады.

Тарих білімін дәріптеу туралы

Жаңа тарихи зерттеулерді халыққа жеткізу керек, бірақ ол арнайы жұмыс. Популяризация немесе көпшілікке түсіндіріп тарату деп аталады. Жаңа зерттеулерді балаларға да оқыту керек. Оны мектептен бастау керек. Олардың білімі тек тарихтағы батырлардың атымен шектелмеуі керек. Ол батырлардың не істеп, не қойғанына келсек, оның жартысы мифология да, жартысы – тарих. Жаңа тарихи зерттеулерді, онда айтылған көзқарасты сол мектеп оқулықтарына кіргізу керек. Бірақ, жаңа айтқанымдай, ол бір бөлек сала, басқа жанр. Ол – педагогикалық еңбек.

Қазақтарға мынадай ойды көрсетіп жеткізу керек: сендердің ата-бабаларың мықты әскер болған, орыс билеушілері оларды жаулап алудан бұрын, бірінші кезекте олардан сескенген. Қазақтың сұлтандарын орыс патшалары еркелетіп, құрметтеп, оларға сескене қараған. Себебі олар Шыңғыс ханның ұрпақтары. Ал ресейліктердің жадында Шыңғыс хан жақсы сақталған. «Чингизид» десе болды, оларға сыйлық пен ақшаны төге берген. Қазақтың XVIII ғасырдағы фольклорын қарасаңыз, қазақтар жоңғарлармен, қалмақтармен ғана күрескен, олар орыстарды өзіне жау санамаған, тең көрмеген. Кішкентай балалар ата-бабалары сондай болған деп мақтанып жүруі керек.

Қазақстандық ғалымдармен байланысы

Қазақстандық тарихшылармен, этнографтармен әрқашан байланыстамын. Тарихшыларды өзім жұмыс істейтін университетке шақырып тұрамын. Харриман институтында Алаш зиялылары туралы конференция өткізіп, біздің тарихшыларды шақырдым.

Бүгінгі таңда Қазақстанның ешқандай білім орнында ресми статусым жоқ. Бірақ, қазақтар туралы жазып жүрген соң, өзімді қазақстандық ғылымға қатысы бар адам ретінде сезінемін. Қолымнан келгенше ғылыми қауыммен байланыс орнатуға тырысамын. Әрдайым қазақстандық тарихшылардың еңбектерін іздеп оқимын. Өзім жариялаған мақалалар бойынша қазақстандық әріптестерімнің ой-пікірі де маған қызық. Жаңадан шыққан кітаптарды алмасып, түпкілікті идеяларды бірге талқылап тұрамыз.

Ғалым халықаралық деңгейге шығамын десе...

Менің ойымша, қазақстандық тарихшылар жақсы жұмыс істейді, көп еңбек жариялайды. Бірақ, мәселе шетелдік еңбектерге қол жетпеуінде, сол еңбектерді өз зерттеулеріне кіргізе алмауында. Сол себепті олардың жұмысы бір мемлекеттің шеңберінен шықпайды. Жалпы ғылымда талқыланып жатқан концепциялармен, мәселелермен байланысы әлсіз. Диалог жоқ. Өзімізбен өзіміз, бір-бірімізді мақтаймыз, бір-бірімізді сынаймыз, өз ішімізде жүрміз, басқа сыртқа жетпейді.

Ғалым халықаралық дәрежеге шығамын десе, шет елдің тілін білуі керек. Оған қоса көршілес елдерде өзінің айналысатын тақырыбы бойынша жазылып жатқан еңбектерден хабардар болуы, сол ғалымдармен пікірталас құруы қажет.

Кітапханалардың жағдайы туралы

Тарих деген – кітап. Кітапсыз, деректерсіз ғылыми зерттеу жүргізу мүмкін емес. Қазақстандағы университеттерге, кітапханаларға жаңа басылымдарды сатып алуға жақсы қаражат бөлінуі керек. Басқа тілдегі еңбектерді былай қойғанда, тіпті Мәскеуде шыққан орыс тіліндегі кітаптардың өзі жетпей жатыр. Бір-бірімізді оқымаған соң, байланыс болмаған соң, көрші елдерде не жазылып жатқанын білмейміз.

Біздің кітапханалар батыстық, неміс не орыс болсын, шетелдік кітапханалармен келісімшарт жасап, жұмыс істеуіне болады. Кітаптың қағаз нұсқасы болмаса да, электрондық түрін алуға болады. Журналдарыңыздың базасына рұқсат сұраса да болады. Ол да ғалымдарға үлкен көмек болатын еді. Солармен бір жолын тауып, байланыс орнатып, осы процесс ұйымдастырылуы керек деп ойлаймын. Студенттер, докторанттар, мұғалімдер мен профессорлар ғылыммен айналысып, америкалық дәрежедегі ғылымға жету үшін, оларға солар сияқты ыңғайлы жағдай жасау керек.

Орталық Азия туралы маңызды басылымдар

Орталық Азия елдері туралы қаншама маңызды ғылыми журнал бар. Бұл журналдар ХХ ғасырдың басынан бері шығып жатыр. Мысалы, өзімнің салам бойынша айтсам, Ресей мен посткеңестік елдер туралы жазатын Slavic Review, Nationalities Papers, Central Asian Survey деген ғылыми журналдар бар. Ол журналдарда Орталық Азия бойынша жаңа шыққан еңбектерге шолу жасалады, ғылыми мақалалар да бар. Жас тарихшылар сонда мақаласын жариялап, танылып жатыр. Бұл өз салаңның мамандарымен пікір алмасуға, әлемді өз еңбектерімен таныстыруға берілген бір мүмкіндік. Өкінішке қарай, осы басылымдар қазақстандық кітапханаларға жетпей қалып жатыр, жергілікті жас ғалымдардың көбі олар туралы тіпті білмейді.

Ғылыми журналдарды оқымасаңыз, мақаланы қалай жазасыз?

Егер жоғары деңгейдегі журналдар оқылмаса, сапалы мақаланы қалай жазуға болады? Әр журналдың өз дәстүрі болады, онымен танысып оқу керек.

Қай журнал қандай тақырыптарды жариялайтынын білу үшін, ондағы мақалалардың форматын біліп, түсіну үшін ол журналдарды алдымен көру керек.

Қазақстандық ғылымға импакт факторлы журналдарда жариялану керек деген ереже енгізілді. Ал ғалымдар ол ғылыми журналдарды көрген жоқ, оқыған жоқ. Журналға мақала шығару да бір өнер. Мысалы, батыста студенттер оны университетте бес жыл бойы үйренеді. Ғылыми еңбек жазу үшін ойыңызды қалай жүйеге салу керек, оны қалай бастап, қалай аяқтау керек екенін үйренеді. Олар бір семестрде бес-алты мақала жазады. Әрқайсысы 20-25 беттен. Ал Қазақстанда магистранттар, оқытушылар мен ғалымдарға үнемі мақала шығарып тұру талап етіледі. Сапалы ой-тұжырым жазу дағдысы мен машығы қалыптастырылып үйретілмесе, мұндай талапты қалай коюға болады?

Қазақстанға келу мақсаты туралы

Қазір мен саббатикалдамын (sabbatical – батыс университеттерінде оқытушыға өзінің ғылыми жұмыстарымен айналысу үшін берілетін уақыт, бұл кезде оқытушы сабақ беруден босатылады, бұл аралықта жалақысы сақталады – автор). Кітабымды жазу үшін Алматыға келдім. Оған қоса, Казақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінің докторантына шетелдік жетекшімін. Ол кісі Алаш зиялыларының газет-журналдардағы жазбаларын зерттейді. Мен осы тақырып бойынша кеңес беремін. Сонымен бірге журналистика факультетінде Орталық Азияның тарихы бойынша дәріс оқып жүрмін.

Қазақстандық ғылым: науқас тірі ме, әлде өлі ме?

Басқа ғылым салаларының қалай дамып жатқанын білмеймін. Ал тарихтың жағдайын жақсартуға қажеттілік бар. Қазір тарихтың жағдайы өте күрделі. Тарихшылардың беделі төмендеп кеткен. Тарих ешкімге керек емес науқас сияқты. Оны емдеуге ешкім қызықпайды, қаржы да бөлгісі келмейді. Бұл салаға жастар барғысы келмейді. Себебі тарихшыларға материалдық жағдай жасалмаған, жұмыс істеуге қажетті инфрақұрылым жоқ.

Материалды дайындауға көмектескені үшін автор Мәдина Әбдікарімге алғысын білдіреді.