7571
16 марта 2021
Жандос Иманбай, «Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығы

Қазақстандықтардың мәжіліс сайлауына көзқарасы – селқостық па, әлде сенімсіздік пе?

Сайлауға сенімсіздік жылдан-жылға артып келеді

Қазақстандықтардың мәжіліс сайлауына көзқарасы – селқостық па, әлде сенімсіздік пе?

Биылғы мәжіліс сайлауының ресми қорытындысының шынайылығына қатысты әлеуметтік желілерде көптеген сын айтылды. «Стратегия» зерттеу орталығының жүргізген сауалнамасы мұндай күмәннің болуына негіз бар екенін көрсетеді. Электораттың белсендігі және партиялардың жинаған дауысы бойынша сауалнама нәтижесі мен ресми мәліметтер арасында зор алшақтық бар.

2021 жылы 10 қаңтарда Қазақстан парламенті төменгі палатасының (мәжіліс) депутаттарын сайлау өтті. Алғаш 16 жыл ішінде сайлау Конституциялық мерзімінде өтіп, 5 саяси партия сайлауға қатысты. Бұл сайлауда бірінші рет әйелдер мен 29 жасқа дейінгі жастар үшін 30% квота бөлінді.

Бұл тек мәжіліс депутаттарын сайлау кезінде ғана емес, сондай-ақ мәслихат депутаттарына қатысты да жаңалық болды. Осыған дейін мәслихат депутаттарын бір мандатты жүйе бойынша сайлап келсе, осы жылы партиялық тізім бойынша сайланды.

Күрделі кезеңдердің бірінде өткен бұл сайлаудың басқа қандай жаңалықтары бар, сондай-ақ сайлау барысындағы қазақстандықтардың электоралды әрекеттері қандай? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын «Стратегия» Қоғамдық қоры өз қаражатына іске асырған сауалнамасында анықтауға тырысты. Әлеуметтік зерттеу 1180 тұрғыннан тұратын жалпыұлттық іріктеме негізінде, 6-19 ақпан аралығында өтті.

Ресми мәліметтер vs сауалнама

Орталық сайлау комиссиясы ресми мәліметтері бойынша өткен сайлауда дауыс берушілердің үлесі 63% болған. Зерттеу нәтижелері бұл көрсеткіштерді растамайды. Сауалнама қорытындысы бойынша, тек 45% респондент сайлауға қатысқаны жөнінде мәлімдеді. Сәйкесінше, сауалнамаға қатысқан тұрғындардың жартысынан көбі (51%) сайлауға қатыспаған.

Диаграмма – 1. 2021 ЖЫЛДЫҢ 10 ҚАҢТАРЫНДА ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІ МЕН МӘСЛИХАТТАР САЙЛАУЫ ӨТТІ. СІЗ САЙЛАУДА ДАУЫС БЕРУГЕ ҚАТЫСТЫҢЫЗ БА?

10 қаңтарда сайлауға көпшіліктің қатыспауына қандай себептер бар? Зерттеуге сәйкес, қазақстандықтардың сайлауға қатыспауының басты себебі – оның нәтижелеріне сенбеуі. Сауалнамаға қатысқан респонденттердің жартысынан көбі (55%) сайлау нәтижелері алдын ала белгілі болғандықтан, сайлау учаскесіне бармағанын айтады. 12% респондент толыққанды немқұрайлық танытып, сайлаудың өміріне ешқандай қатысы жоқ екенін баяндаған. Әрбір оныншы респондент (11%) сайлауға қатысқан саяси партиялардың ешбірі көңілдерінен шықпаған соң, дауыс бермеуді жөн көрген.

Диаграмма – 2. САЙЛАУҒА ҚАТЫСПАУДЫҢ СЕБЕПТЕРІ

(сайлауға қатыспағандардың үлесінен)

Респонденттердің тек төрттен бір бөлігі ғана (26%) сайлаудың нәтижелеріне сенуге болатынын мәлімдеген. Сауалнамаға қатысқан өзге респонденттер сайлау барысында бұрмалаушылықтардың болғанын мәлімдеп, сайлау нәтижелеріне сенуден бас тартқан.

Диаграмма – 3. СІЗДІҢ ОЙЫҢЫЗША, ПАРЛАМЕНТТІК САЙЛАУДЫҢ ҚОРЫТЫНДЫЛАРЫНА ҚАНШАЛЫҚТЫ СЕНУГЕ БОЛАДЫ?

Қазақстандықтардың электоралды-партиялық таңдауын зерттеу мақсатында респонденттерге 10 қаңтарда өткен парламенттік сайлауға қатысты сұраққа жауап беру ұсынылған еді. Сауалнама нәтижесі бойынша, 7% барьерді төрт саяси партия бағындырған: «Nur Otan» партиясы, «Ақ жол» демократиялық партиясы, Қазақстанның Халық партиясы және «Adal» саяси партиясы.

Сауалнамаға қатысқандардың жартысына жуығы (46%) дауысты «Nur Otan» партиясына берген. Электоралды таңдау рейтингінде екінші орынға «Ақ жол» демократиялық партиясы орналасқан. Бұл партияға әрбір алтыншы респондент (17%) сенім артып, қолдау білдірген. Жинаған дауысы бойынша үшінші нәтиже Қазақстанның Халық партиясына тиесілі, әрбір оныншы қазақстандық Халық партиясының қолдаушылары болып отыр. Сауалнама нәтижесі бойынша дауыс бергендердің 9%-ы «Adal» саяси партиясына таңдау жасаған.

Төменде көрсетілгендей зерттеу нәтижелері мен ОСК мәліметтері арасында бірқатар айырмашылық бар екенін байқауға болады. Атап айтқанда, «Nur Otan» партиясы бойынша ресми мәліметтер мен зерттеу нәтижесінің арасындағы айырмашылық толық 25% құрап отыр. Сауалнама нәтижелері дауыс берушілердің тек 45%-ы «Nur Otan» партиясына таңдау жасағанын айтса, ОСК 71% дауыс жинаған деп хабарлаған. Сондай-ақ ресми мәліметтер «Ақ жол» партиясына қазақстандықтардың 11% дауыс бергенін мәлімдесе, зерттеу нәтижелері бойынша әрбір алтыншы респондент (17%) демократиялық партияға таңдау жасаған. Бұдан бөлек Орталық сайлау комитетінің мәліметтері бойынша, парламенттен мандат иеленген партиялардың тізімінде «Nur Otan», «Ақ жол» демократиялық партиясы, Қазақстанның Халық партиясы болған болса, зерттеу нәтижелері 7% барьерді бағындырған төртінші «Adal» саяси партиясын тіркеген.

Диаграмма – 4. ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ САЙЛАУЫНДА СІЗ ДАУЫС БЕРГЕН ПАРТИЯНЫ АТАП ӨТСЕҢІЗ

Жоғарыда келтірілген мәліметтерді ескере отырып, бірқатар қорытынды жасауға болады:

Сауалнама нәтижесіне сүйене, қазақстандықтар арасында электоралды белсенділік төмен деңгейде деуге болады. Зерттеу нәтижелері бойынша, сайлауға қатысқандардың үлесі тек 46% болып, ресми мәліметтермен мүлдем сәйкес келмейді. Дауыс берушінің әлеуметтік-демографиялық бейнесі келесідей: зейнет жасындағы, ер және әйел адам, төмен деңгейлі білімі бар қазақстандықтар.

Он бес жылда электорат жаңа ма?

Бұл сауалнама сонымен қатар еліміздегі электоралдық көзқарастың қалай өзгергені жөнінде ақпарат береді. Соңғы он бес жыл ішінде сайлауға деген сенімсіздік білдіріп, оны билікке әсер етуші механизм ретінде қарастырудан бас тартқан қазақстандықтардың қатары жыл өткен сайын артып келеді. «Стратегия» Қоғамдық қорының 2004 жылы постэлекторал мақсатта жүргізген зерттеуіндегі дауыс бергендердің үлесі 57% болса, бүгінде бұл көрсеткіш тек 45%-ға тең.

Диаграмма – 5. СІЗ САЙЛАУДА ДАУЫС БЕРУГЕ ҚАТЫСТЫҢЫЗ БА?

Абсентеизм мен апатияның (сайлауға қатыспау) басты себебі тұрғындардың басым көпшілігі өздерін саяси процестерден алшақ сезініп, елдегі сайлаулардан көңілі қалуы. Сауалнамаға қатысқан тұрғындардың 55%-ы сайлауға барудан бас тартқан. Өйткені олардың пікірінше, сайлаудың нәтижелері алдын ала белгілі, дауыс бергеннен еш өзгеріс болмайды. Бұған қоса зерттеуге қатысқан 74% респондент сайлау барысында бұрмалауға жол берілгенін және сайлау нәтижелеріне сенбейтінін хабарлаған. Сол себепті респонденттердің тек төрттен бір бөлігі ғана сайлаудың нәтижесіне сенеді.

Қазақстандықтар дауыс беруді саяси процестерге қатысу, билікке әсер ету механизмі ретінде қарастырудан гөрі, сайлауға баруды дисциплинарлы негізде («борыш», «мәжбүрледі») қарастырады. Партиялардың ішінде – дауыс берудің осындай типі «Nur Otan» сайлаушыларының арасында көбіне байқалады. Тек әрбір бесінші респондент өзінің азаматтық құқығын қорғауға, бұрмалауларға жол бермеуге белгілі бір дәрежеде дайын екенін білдірді.

Диаграмма – 6. ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ САЙЛАУЫНДА СІЗ ДАУЫС БЕРГЕН ПАРТИЯНЫ АТАП ӨТСЕҢІЗ

Сонымен қатар, 2004 және 2021 жылғы постэлекторалды зерттеу нәтижелерін салыстыра келе, «Nur Otan» және «Ақ жол» демократиялық партиялары дауыс берушілерінің көлемі көп өзгермегенін байқауға болады. 2004 жылғы зерттеу нәтижесі бойынша «Nur Otan» партиясына 46%, «Ақ жол» демократиялық партиясына 15% респондент дауыс берген. 2021 жылы «Nur Otan» қолдаушылары сол күйі қалып, дәлме-дәл сол көрсеткіш тіркелсе, «Ақ жол» партиясын таңдағандардың үлесі тек 2% артқан. Бұл аталған партиялардың дауыс берушілері 2004 жылдан бері өзгермеген деген болжам жасауға болатынын көрсетеді.