635
1 декабря 2025
Дмитрий Мазоренко, Данияр Мүсіровтің иллюстрациясы

1995 жыл. Назарбаев билікті маңайына шоғырландырды

Стратегиялық активтерді Назарбаев мүддесіне сай кедергісіз жекешелендіру үшін Жоғарғы Кеңес қалай таратылды?

1995 жыл. Назарбаев билікті маңайына шоғырландырды

Read this article in English.

Читайте этот материал на русском.

Cet article est disponible en français (Novastan.org).

1995 жыл Қазақстанның жаңа тарихында ең бетбұрысты кез болды. Осы жылы Нұрсұлтан Назарбаев өзін аса қолдай қоймаған Жоғарғы кеңесті таратып, референдум арқылы құзыретін ұзарта алды және елге жаңа Конституция жасап берді, сосын толықтай бақылаудағы «кәсіби парламент» құруға қол жеткізді. Сол кезде Назарбаев Қазақстанда бүгінге дейін сақталып келе жатқан суперпрезиденттік басқару түрінің іргетасын қалады. Сонымен қатар бұл оған стратегиялық нысандарды жекешелендіруге мүмкіндік берді, оның бәрі негізінен өз мүддесі шеңберінде болды.

Назарбаев пен Жоғарғы кеңес арасындағы шиеленіс 1993 жылдан бастап пісіп-жетіліп келе жатыр еді. «Менің өмірім. Бодандықтан — бостандыққа» кітабында бұрынғы президент бұған себеп ретінде Қазақстанның нарықтық экономикаға өтуі кезінде парламент танымал емес реформаларды өткізуге кедергі келтіргенін айтады.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары және хатшысы қызметін атқарған Төлеген Жүкеевтің айтуынша, Назарбаев дербес билігін күшейткендіктен, бұл шиеленістің болатыны белгілі еді. Билігін күшейту арқылы ол мемлекеттік активтерді қалауынша жекешелендіруге қол жеткізді.

«Назарбаевтың әрекеті парламентке, кейін конституцияға қарсы төңкеріс сипатына ие болды. Мұның соңы оппозицияны жаншуға, шешімі алдын ала шығып қойған референдумдарға және президент лауазымына мерзімінен бұрын қайта сайлануға ұласты», — дейді саясаткер.

Жоғарғы кеңестің ХІІ шақырылымының депутаты және 1990–1994 жылдары президенттің осы заңнамалық органмен байланыс бойынша көмекшісі болған Виталий Воронов Назарбаевтың құлшынысын парламенттің атқарушы билікке қоғамдық бақылау жүргізе алатын аса күшті институт болғанымен түсіндірді.

Оның айтуынша, Жоғарғы кеңес парламентке сайлаушылардың аманатымен келген адамдардан тұрды, нашар жұмыс істеген жағдайда мандаты қайтарылуы мүмкін еді. Ол Қазақстан қоғамы атынан үкімет пен сот билігінің құрамын анықтады, экономикалық саясат пен мемлекеттік қаржыны бақылай алды.

«Бұл атқарушы биліктің (президенттің — В.) реформаларды бақылаусыз жүргізу ниетіне кедергі болды», — дейді экс-депутат.

Тәуелсіз депутаттар «Шок терапиясы» ретінде белгілі радикал нарық саясатына қарсы шықты. Мұндай саясаттың басты құралы мемлекеттік активтерді оңды-солды және бақылаусыз жекешелендіру, бағаны либералдау, еңбек нарығын реттеуді алып тастау және әлеуметтік кепілдіктерден бас тарту болды.

Нұрсұлтан Назарбаев және өз елінде 1980 жылдары «Шок терапиясы» бағдарламасын іске асырған Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Маргаретт Тетчер.

Анатолий Устиненконың фотосуреті / ТАСС

Мұндай реформаларды іске асыру азаматтардың күрт кедейленуіне, дүние-мүлік айырмашылығына және жаппай жұмыссыздыққа әкелді. Соның салдарынан Қазақстанның ЖІӨ-і 1995 жылға қарай 1990 жылғы көрсеткіштің 40 пайызынан астамынан айырылды, ал осы кезеңдегі инфляция 1000 пайыздан 3000 пайызға дейін жетті.

Қазақстандықтар наразылығын шок терапиясының әсерін түрлі тәсілмен жуып-шаюға тырысқан депутаттарға жолдады. Бұл өз шешімдерінің салдарын назарға алмаған Назарбаевтың беталысына қарсылық туғызды.

Парламенттегі қарсылықты жеңу үшін ол, Вороновтың айтуынша, Жоғарғы кеңестің кейбір депутаттарына мемлекеттік лауазым ұсына отырып, ХІІ шақырылымының өз-өзін таратуына қол жеткізді. ХІІ шақырылымды заңды ұзақ талқылаусыз қабылдауға қабілетті «кәсіби» парламентке өтуді сылтау етіп таратты.

Оның үстіне депутаттар Жоғарғы кеңестің таратылуына белсенді түрде қарсылық білдірген жоқ дейді құқық қорғаушы және журналист Тамара Калеева. Ол сол жылдары «Казахстанская правда» газетінде сот жүйесінің проблемаларын жазатын.

«Ол кезде ешкім саяси интрига мен «астыртын ойынның» арбауына түспеген еді. Депутаттар өкілеттігіне жауапкершілікпен қарап, жұмысын да өз түсінігі аясында атқаруға тырысатын. Бірақ оларды алдап соқты».

1955 жылғы наурызда парламентті ығыстыру президентке заң күші бар жарлықтар қабылдауға жол ашып берді. Бұл Назарбаевқа нарық механизмдерін (әсіресе жекешелендіруді) заңнамалық базамен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Жаңа, басқаруға болатын парламент 1995 жылы желтоқсанда ғана сайланды.

Бақылаудағы парламент те қарсы шығуы мүмкін деп қауіптеніп, 1996 жылы Назарбаев парламентті президент соңғы болып қол қоймай заң қабылдайтын мүмкіндіктен айырды. Осыдан бастап Қазақстан суперпрезиденттік басқару формасы бар елге айналды.

Кедергі болған парламент

Билік еткен алғашқы жылдардан бастап Назарбаев тез әрі ауыртпалықсыз өзгеріс жасамасақ, елді тоқырау күтіп тұр деумен болды. 1990 жылғы «Без правых и левых» кітабында ол әсіресе Жоғарғы кеңес қабырғасында кез келген саяси күрес дағдарыстан шығуды бөгейді деп жазды.

«Казахстанская правда» газетіне 1993 жылы жазда берген сұхбатында ол былай дейді: «Атқарушы билік нығаймайынша ісіміз алға баспайды». Сондай-ақ Жоғарғы кеңеске және оның ұйымдарына қарсы шығуды ниет етпеймін деп сендірді.

Бірақ биліктің екі тармағы арасындағы шиеленіс бар болғаны былай тұрсын, оның қарқыны Жоғарғы кеңестің ХІІІ шақырылымы 1995 жылы таратылғанға дейін өсіп отырды.

Виталий Вороновтың айтуынша, олардың текетіресі тәуелсіз саясаткер, Назарбаевқа саясаттағы мансабының соңына дейін ашық қарсы болып келген оппозиция лидері Серікболсын Әбділдин Жоғарғы кеңестің төрағалығына сайланған сәттен басталды.

«Біз Әбділдиннің кандидатурасын ұсындық, бірақ Назарбаев дауыс беруді тоқтатуға тырысты. Депутаттар президенттің араласқанына риза емес екенін білдірді. Бұл жайтты Назарбаев есінен шығармағаны анық», — дейді бұрынғы депутат.

Шиеленісті 1993 жылғы қаңтардағы тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясын қабылдау өршіте түсті.

Назарбаев 1993 жылғы Конституцияны қабылдағаннан кейін

baigenews.kz фотосуреті

«Назарбаев Жоғарғы кеңеспен бірге осы оқиғаға шапалақ ұрды. Конституция авторы Қазақстанның бүкіл халқы деп айтқан өзі. Бірақ ол үшін Конституция ымыраға келу сипатына ие болды», - дейді Воронов.

Назарбаевтың ойынша, құжаттың бастапқы нұсқасы заңнамалық және атқарушы тармақтарды теңестіріп, қос билікке жол ашты.

«Бұл бюджетті бекіту мен үкімет құрамын жасақтау процесін нағыз қорқынышқа айналдырды», — деп жазады Назарбаев «Менің өмірім» кітабында.

Ол өзін нарыққа өту процесін басқарушымын, сондықтан соңғы сөзді өзім қабылдауым керек деп санады. Оның ойынша, Жоғарғы кеңес кеңестік ойлаудан арыла алмады, нарықтық экономикаға қарай жылжуды қиындатты.

Калеева депутаттар атқарушы биліктің азаматтардың материалдық жағдайын нашарлататын шешімдерімен дауласқанына талай куә болған.

«Әлеуметтік қолдау және кепілдікке қатысты талай қызу пікірталас болды. Депутат Владимир Чернышев сондайда өте белсенділігімен көзге түсті. Ол еңбекақы мен ең төменгі күнкөріс деңгейі туралы қарапайым есептер келтіріп, бұлай өмір сүруге болмайтынын түсіндіруге тырысатын. Әлбетте оны көп депутат қолдады».

Вороновтың айтуынша, Жоғарғы кеңестің 1994 жылы үкімет ұстанған бағытқа сенімсіздік білдіру туралы қаулы қабылдауы екі билік тармағы арасындағы шиеленістің шарықтау шыңы болды. Бәрінен бұрын халықтың күрт кедейленуіне әкелген үкіметтің экономикалық саясат тұжырымдамасына наразы болған.

«Бастысы Жоғарғы кеңестің ХІІ және ХІІІ шақырылымы жекешелендіруді бақылаусыз жүзеге асыруға кедергі болды», — деп түйді экс-депутат.

Саясаттанушы Дмитрий Фурман «Постсоветский политический режим Казахстана» еңбегінде қаулы шығардың алдында «Республика» оппозициялық коалициясы құрылды деп жазады. Оның үйлестіру кеңесін Әбділдин басқарған, ал құрамына Жоғарғы кеңес депутаттары да, Коммунистік партиядан бастап «Азат» партиясына дейінгі түрлі саяси күштердің өкілдері де кірген.

Оппозицияның басты міндеті ыдырап бара жатқан экономикадан сасқан халықтың үрейін пайдаланып отырған Назарбаевтың «күшті қолына» тең келер саяси бағдар жоқ деген түсінікті бұзу еді.

1994 жыл бойы оппозиция президент пен үкіметтің мемлекеттік меншікке иелік ету және шетелдік кредит тарту құқығына шектеу қою, сондай-ақ жекешелендірудің бірінші толқынының нәтижесіне прокурорлық тексеру жүргізу бойынша талаптар қойды. Күн тәртібіне осы мәселелерді шығарып, олар келесі президентті сайлауға өз кандидатын ұсынбақ болды.

«Өз еркімен» өз-өзін тарату

Қарсыластарының күшейгенін көрген Назарбаев басқарылмайтын Жоғарғы кеңесті басқарылатын «кәсіби парламентпен» алмастыру идеясын ұсына бастады. Бірақ бұрынғыша депутаттарға ашық қарсылық танытқан жоқ.

Фурманның айтуынша, Назарбаев бәсекелестерін бірден құртқысы келген жоқ, өйткені Мәскеуде 1993 жылы болған — сол кездегі президент Борис Ельциннің парламентпен текетіресі танк қаруынан парламент ғимаратын атумен аяқталған оқиға секілді шиеленіс бетпе-бет қақтығысқа ұласады деп қауіптенді.

Жоғарғы кеңестің ХІІ шақырылымының депутаттары

Kazpravda.kz фотосуреті

«Менің өмірім» кітабында Назарбаев Жоғарғы кеңесті трансформациялауға қажеттілік, үкімет ақша жоқ деп орындаудан бас тартқан әлеуметтік қолдау шаралары туралы заңдарды қабылдау үшін депутаттар жылына бірнеше рет бас қосып, жұмыс істеген түр танытып қана қойғандықтан туындады деп түсіндіреді.

Төлеген Жүкеевтің ойынша, парламентті қайта құруға қажеттілік шынымен болды.

Саясаткер Жоғарғы кеңестің үлкен құндылығы қоғамның сол кезеңде қалыптасқан көзқарасын дәл бере білгенінде дейді. 350 депутат қатарында өнеркәсіп пен басқару элитасының өкілдері, бұрынғы совхоз директорлары, ғалымдар, дәрігерлер, мұғалімдер мен белсенділер болды. Олардың арасында жұмысшылар мен шаруалар жоқ болды десе де болады.

«Әйтсе де 350 адам деген өте көп. Көп депутат білімсіз, ал олардың жұмысы жүйесіз болды. Бірақ парламентті Назарбаевтың қатысуынсыз да, құрамын 10-15 жыл ішінде бірнеше рет ауыстырғаннан кейін кәсіби қылуға болар еді», — дейді Жүкеев.

Калеева қажет құзыреті мен саяси тәжіриесі болмағанына қарамастан, парламент өте ашық болды, алдын ала жазылу арқылы кез келген журналист пен азамат келе алатын дейді. Парламентте түрлі мәселелер бойынша өткір пікірталас болып тұратын.

«Онда эмоцияға толы, қаһарлы да жойқын текетірестер болатын. Біздің парламентте көпшілік алдына шығуды ұнататын «дарындылар» көп болды».

Дегенмен Жоғарғы кеңес адамдардың тұрақты қызығушылығын тудырған жоқ. Бірақ бұл депутаттарға өзін халықтың шын өкілі деп сезінуіне еш кедергі болмады.

«Бірде депутат Владимир Чернышев Назарбаевтан жауап ала алмаған соң аштық жариялады. Түсінесіз бе? Өмірінің көп бөлігінде қарапайым бригадир болып істеген адам сайлаушылар мандаты мен Конституция оған президенттен бірдеңе талап етуге өкілеттік береді деп сенді».

«Менің өмірім» кітабында Назарбаев Жоғарғы кеңеске атқарушы билікпен шиеленіскен жағдайы тиімдірек болды, өйткені нашарлап бара жатқан экономика ахуалына қатысты кінәратты үкімет пен президентке артты дейді.

Бірақ Воронов сөзі бұған қайшы келеді. Тәуелсіздік алған кезде Назарбаев, өзінің харизмасы мен прагматикалық көзқарасының арқасында, ел деңгейінде ғана емес, бүкіл Кеңес Одағы деңгейінде де ең танымал саясаткер болды.

«Мен Қазақстанға 1987 жылы келдім, бұған дейін Одақтың басқа елдерінде жұмыс істедім. Сол кездің өзінде Назарбаев жаңа буынның жетекшісі екенін білгенмін. Мен оны қолдадым, маған ол кәсіби қасиеттерімен және шешендігімен ұнады. Сол кезде мен президент лауазымына басқа кандидат көрген жоқпын».

Фурманның кітабында айтылғандай, Назарбаевқа көрсетілген үлкен қолдаудың арқасында, ол азаматтардың пікірін бұрмалап, олардың наразылығын Жоғарғы кеңеске бұруға мүмкіндік алды.

«Сайлаушылар бетімізге айтушы еді: біздің жоқшылықта өмір сүріп жатқанымыға сендер (депутаттар — .В) кінәлісіңдер. Кеңес Одағын сендер таратып жібердіңдер», — деп еске алады Воронов.

Жүкеев қоғамның Жоғарғы кеңеске сенімсіздігін болашақ назарбаевшылдардың және оппозициялық саясаткерлердің сыны қыздыра түсті дейді:

«Ермұхамет Ертісбаев сияқты адамдар парламенттің беделін түсіруге тырысты. Олар Конституцияға қайшы төңкерісті қолдады, процесті Қайырбек Сүлейменов пен Игорь Рогов бағыттап, үйлестіріп отырды».

Кейбір публицистердің, әлдекімдердің сойылын соққан белсенділер мен саяси топтардың қысымы Жоғарғы кеңеспен шиеленіс кезінде кейбір депутаттардың Назарбаев жағына өтіп кетуіне түрткі болды.

Жоғарғы кеңес ХІІ шақырылым депутаттары өз-өзін таратқаннан кейін толықтай жұмысын тоқтатты.

«[Өз-өзін таратуды ұйымдастыру үшін] құрамына Заманбек Нұрқаділов, Виктор Храпунов және басқа қайраткерлер кірген депутаттармен жұмыс істеуге арналған арнайы штаб құрылды. Олар жұмыспен қамтуға уәде беріп, депутат өкілеттігін доғару туралы өтінішке қол қоюды талап етті», — дейді Воронов.

«Менің өмірім» кітабында Назарбаев алдымен жергілікті Кеңестер қызметін доғарды деп еске алады. Сосын өкілеттігін тоқтатқанын Жоғарғы кеңестің 23 депутатынан құралған топ мәлімдеді. Бәрі заңнамалық органның толықтай өз-өзін таратуымен аяқталды.

Вороновтың айтуынша, ол депутат Александр Перегринмен бірге депутаттарға үндеу жасап, Назарбаевтың ниеті Конституция принциптеріне сай емес екенін жеткізу арқылы бұған қарсы тұруға тырысты.

Назарбаев Жоғарғы кеңестен экономиканы басқару бойынша өкілеттілікті ғана жария түрде сұрады, бірақ шындығында негізгі министрлерді, Ұлттық банк төрағасын, судьяларды, прокурорлар мен жергілікті атқарушы орган басшыларын тағайындау функциясын талап етті.

Үндеу «Республика» газетінде жарияланды, саны Жоғарғы кеңестің ХІІ шақырылымының соңғы отырысының алдындағы түнде жедел түрде басылып шықты.

«Отырыс алдында Назарбаев дәлізде маған айтты: Виталий, сен менің көмекшімсің ғой, неге маған кедергі келтіріп отырсың? Мен президентке Конституцияны бұзбауға көмектесу міндетім деп білемін дедім. Сосын отырыс басталды, депутаттар өз-өзін таратуға келісім берді».

«Бұл Конституцияға қайшы төңкеріс болды»

1994 жылы наурызда Жоғарғы кеңестің ХІІ шақырылымының депутаттары сайланды. Назарбаев атап өткендей, парламенттің жаңа құрамы депутаттар санын үш жүз елуден жүз жетпіс жетіге дейін азайтудың арқасында заң қабылдау тұрғысында анағұрлым әрекетшіл болып шықты, бірақ әлі де баяу жұмыс істейді. Сондықтан ол «кәсіби парламентке» өтуді жеделдетуді шешті.

1995 жылғы наурызда журналист және депутаттыққа кандидат Татьяна Квятковская Алматыдағы Абылай хан сайлау округіндегі заң бұзу туралы хабарлап, мақала жариялады. Артынан Конституциялық сот олардың нәтижесін жарамсыз деп, парламентке сайланған құрамын Конституцияға сай емес деп таныды.

Калеева мақала шығардың сәл алдында Квятковская сотқа шағым түсіргенін айтты. Бұл туралы оған Конституциялық соттың бір судьясы хабарлаған. Шағым «зеріктіретін заң құжаты» болғанымен, оның келтірер қатері үлкен еді.

Журналист және парламенттің бұрынғы депутаты Татьяна Квятковская

Azattyq.org фотосуреті

Судья бұл жайында депутаттарға хабарлауға кеңес берді, өйткені олар Квятковскаяның округы бойынша дауыс беру нәтижесінің күшін жойып, сайлау қорытындысын жарамсыз деп тануға қауқарлы еді.

«Мен бұл жайында бірнеше депутатқа айтқанымда, маған: «О несі екен! Бұл неғылғаны? Өңшең жатыпішерлер (атқарушы биліктегі — .В). Біз оларды жоя саламыз» деді. Сол кездегі депутаттардың өзіне деген сенімі мықты болды, бірақ арты іс-әрекетке ұласқан жоқ».

Ол Конституциялық сот бұндай шешімді тікелей және қатаң нұсқаусыз қабылдай алмас еді дейді. Сол себептен де ол Назарбаевқа тосқауыл болуға тырысқан жоқ.

«Төраға Мұрат Баймаханов та, басқа судья да заң бәрінен жоғары тұрады деген тапжылмас позициямен ерекшелене алмады. Олардың бәрі кеңестік заман адамдары. Принцип үшін ешқайсысы ереуілге шықпас еді».

Квятковскаяның мақаласынан кейін Жоғарғы кеңестің ХІІІ шақырылымы таратылды және толықтай қызметін доғарды.

«Жоғарғы кеңестің қызметін доғару туралы шешімді естіген Әбділдиннің көзіндегі жас есімде. Алайда ол 1993 жылы өз-өзін таратуға келісіп еді ғой. Көп депутат өз қызметінің аяқталуына өзі жол салып берген болып тұр», — деп еске алады Калеева.

Фурман депутаттардың 1994 жылы өткен парламент сайлауынан кейін ынжырғасы түсіп кетті деп жазады, сол кезде шынымен көп заң бұзу тіркелген еді. Өйткені олар Назарбаев әрекеттеріне қатты қарсы болған жоқ. Оның үстіне біразына билік құрылымдарынан жаңа жұмыс орындары уәде етілді.

Кейбір депутаттар аштық жариялап, кабинеттен кетуден бас тартты, бірақ оларға жарық пен телефон сөндірілді, парламент ғимаратында жөндеу басталады деген сылтаумен далаға шығарылды. Ал Назарбаевтың беталысына түбегейлі қарсылық танытушы болған Чернышев белгісіз біреулер қатты сабап кеткеннен кейін күресін доғаруға мәжбүр болды.

Жоғарғы кеңес пен Конституция төңірегіндегі оқиғалардың маңызына қарамастан, Калееваның байқауынша, оған аса көңіл бөлінбеді. Конституция мен парламенттің маңызы олар үшін сонау кеңес заманында-ақ құнсызданған. Адамдар оларды бос мемлекеттік атрибутика деп қабылдады.

«Кәсіпорындар жаппай жабылып, мыңдаған адам жұмыссыз қалып жатушы еді. Бәріміз де айлықты жарты жылдап, тіпті жылдап көрмедік. Мысалы, маған редакцияда ақыны консервідегі етпен, қызылшамен және сәбізбен берді. Адамдардың Жоғарғы кеңес туралы ойлауға мұршасы болған жоқ. Бәрі аман қалудың қамын ойлап, шок жағдайында өмір сүрді».

Caravan.kz фотосуреті

Қарыштаған жекешелендіру

Мемлекеттік активтерді сатуды қазақстандық билік өз бастамасымен ғана емес, Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) ұсынысымен де қолға алды.

Зерттеуші Вумайер Йиламу «Неолиберализм және посткеңестік транзит» кітабында шок терапиясын жүргізу нарыққа өту кезінде Қазақстан экономикасын қолдау үшін кеңейтілген кредит желісін алудың және шетелдік инвестиция тартудың шарты болды деп көрсетеді.

Назарбаевтың шок терапиясының арқасында Қазақстан Орталық Азияда нарыққа өтудегі ең қарқынды ел болды. Бірақ оның 1995 жылға дейінгі жасағандары ХВҚ шарттарын толық орындауға жеткіліксіз еді.

Назарбаевқа әсіресе мемлекеттік активтерді жекешелендіруде бұрынғыдан да батыл қадамдар қажет болды. Сол кездегі мемлекеттің экономикадағы үлесі әлі де 75% болып қалды. Оны азайту үшін түрлі деңгейді 37 мың кәсіпорынды, соның ішінде 1773 ірі кәсіпорынды жекешелендіру жоспарланды.

1995 жылы наурызда парламентті таратқаннан кейін Назарбаев 1993 жылы қабылданған заңға сәйкес парламент өкілеттігін өзіне алу құқығын растайтын Конституциялық сот түсіндірмесін алды. Бұл президент заң күші бар жарлықтар шығара алады дегенді білдіреді.

Сондай-ақ жаңа парламент президент қажет деп тапқан кезде ғана құрыла алатын болды.

Ақыры сайлау 1995 жылғы желтоқсанға белгіленді. Назарбаев парламентсіз 9 айдай жұмыс істеді.

Назарбаев өз кітабында бір конституцияны екіншісіне ауыстырған кезеңде, яғни 1995 жылғы наурыздан тамызға дейін ол жарлық түрінде жүз қырықтан асатын «нарық заңын» шығарған.

«Әлбетте, бұл тактиканы біз жаңа парламентті сайлауға дейін ғана қолдандық. Сол кезде менің жарлығыммен бекітілген және күшіне енген заңдарды [парламент] қабылдамай тастауы да мүмкін еді», — деп жазады ол.

Воронов депутаттардың өкілеттігі Назарбаевқа табысталғаннан кейін, ол өзінің жарлықтары арқылы бүкіл заңнаманы өзгертіп тастады дейді.

«Ол бір заңды тәртіптің күшін тоқтатып, жаңа Конституциялық тәртіп құрды», — дейді экс-депутат.

Сонымен қатар нарық реформаларын жүргізуде Назарбаевтың жеке билігі күшейді.

Жоғарғы кеңес таратылғаннан кейін Назарбаев бірден Қазақстан халқы ассамблеясын — парламент болмаған кезеңде азаматтардың атынан жанама түрде сөз сөйлей алатын, өзіне бағынышты органды құрды.

Қазақстан халық ассамблеясы шараларының бірі

e-history.kz фотосуреті

«Халықтың сұранысын» орындаған болып Ассамблея Назарбаевқа екі референдум өткізуге мүмкіндік берді — президент өкілеттігін сайлаудан тыс 2000 жылға дейін ұзарту (1995 жылғы 29 сәуір) және жаңа Конституция қабылдау (1995 жылғы 30 тамыз).

Екі жағдайда да президент ұсынысын, ресми мәлімет бойынша, сайлаушылардың 90 пайыздан астамы қолдады. Екі референдум өз өкілеттігін кеңейтуге және нарық механизмдерін енгізу үшін келесі серпіліс жасауға халық мандатымен өзін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Жаңа парламенттің депутаттары 1996 жылғы қаңтарда ғана жұмысқа кірісті.

Вороновтың айтуынша, бұл құрамына 177 депутат емес, 131 (67 мәжіліс депутаты және 64 сенат депутаты) депутат кірген жақсы басқарылатын және жинақы институт болды.

1996 жылғы шілдеде Назарбаев парламент барлық заңды президентке қол қоюға жіберуге міндеттейтін қағида бекітті. Оның мақұлдауынан кейін ғана олар заңды күшіне енеді.

Назарбаев қабылдаған жарлықтар мен көнгіш парламент нарық реформаларын үдетуге, бәрінен бұрын — стратегиялық мемлекеттік активтерді жекешелендіруге мүмкіндік берді.

Егер 1995 жылы бәрі 5 ірі кәсіпорыннан басталса, 1997-1998 жылдары жекеменшікке 166 кәсіпорынды өткізу жоспарланды. Олардың арасында «Жезқазғантүстімет» (Kazakhmys), «Қарағандышахтакөмiр» (ArcelorMittal), болашақ ERG компаниялар тобы, «Маңғыстаумұнайгаз» және «Қазақтелеком» компаниялары болды.

EBRD мәліметтері жеделдетілген жекешелендіру нәтижесінде жеке сектордың үлесі 1999 жылдың соңына қарай жалпы ішкі өнімнің 25 пайызанан 60 пайызына дейін өскенін көрсетті. Осыдан кейін жекешелендіру қарқыны бәсеңдеп, тоқтауға жақындады.

«[Жекешелендіру] үлкен проблемаға, ірі дау-дамайға ұрындыра отырып жүрді. <...> Процесс өте жасырын түрде өтті, тіпті бүркеліп, офшор компаниялар арқылы жасалды. Шын меншік иелері белгісіз күйінде қалды», — деп жазады Арыстан Есентүгелов өзінің «Экономика независимого Казахстана: история рыночных реформ» кітабында.

Есентүгеловтың жазуынша, Назарбаев нарық механизмдерін енгізуге қатты асықты. Бәрі бірдей капитализмге бет бұрып үлгермегендіктен, оның салдары өзін қоршаған саясаткерлерді реформалардан кері шегінуге және әлеуметтік кепілдіктерге бағытталған бұрынғы жүйеге қайтуға итемелейді деп қауіптенді.

Жағдайды нарықтық экономика жақтасы ретінде бағалай отырып, Есентүгелов Назарбаевтың реформалары нашар ойластырылған, олардың экономика мен халықтың әлеуметтік ахуалына салдары жете бағаланбады деген қорытындыға келеді.

«Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорнын құру туралы келісімшартқа қол қою

сурет: vecher.kz

Экономистің пікірінше, бұған Назарбаев пен оның реформаторлар командасы әділ жекешелендіруді қамтамасыз ету тәсілін ойластырудан бас тартуы себеп болды. Бұған, сонымен қатар, азаматтық қоғаммен қатар саяси және құқықтық институттардың болмауы әсер етті.

Жүкеевтің айтуынша, Назарбаевқа жекешелендірудің түрлі нұсқалары ұсынылған, бірақ ол өзінің жеке мүддесіне сәйкес келетінін таңдады.

«Парламентті жойып, жеке басына арналған билік орната отырып, Назарбаев көп активті өзіне алып кете алатынын түсінді. Кейбір активті ол дербестігі жоқ псевдо-бизнесмендерге берді. Сондықтан олардан жеке мақсатына ақша өндіріп алуға болатын», — деп қорытты Жүкеев.

Принстон университетінің экономисі Ричард Помфрет өзінің «Орталық Азияның тәуелсіздік алғаннан бергі экономикалары» деген кітабында жекешелендірудің екінші толқыны кезеңінде мемлекеттік активтер элитаның қолына шоғырланды дейді: президенттің маңындағы олигархтар, кәсіпкерлер мен отбасы мүшелері.

Ақырында солардың бір бөлігі Forbes нұсқасы бойынша Қазақстанның ең дәулетті 50 бизнесмені тізімін құрады.