1162
28 ноября 2025
Виктория Натачиева, Власть, фото ARTиШОК театрының мұрағатынан

«Бұл — мемлекеттің цензурасы» — Анастасия Тарасова, ARTиШОК театрының басқарушы директоры

Дәстүрлі емес сексуалдық бағдарды насихаттауға тыйым салуды көздейтін заңнама театрлардың жұмысына қалай әсер етеді?

«Бұл — мемлекеттің цензурасы» — Анастасия Тарасова, ARTиШОК театрының басқарушы директоры

Read this article in English.

Читайте этот материал на русском.

12 қарашада мәжіліс депутаттары «дәстүрлі емес сексуалдық бағдарды насихаттауға» тыйым салатын заңнамаға түзету енгізді. Депутаттардың айтуынша, түзету балалар мен жасөспірімдерді теріс контенттен қорғау үшін қабылданды. «ЛГБТ насихаты» деген кең ұғымға ойды шығармашылық арқылы жеткізудің түрлі формасы кіріп кетуі мүмкін.

«Власть» ARTиШОК театрының директоры Анастасия Тарасовамен бұлыңғыр тұжырым, цензура мен домалақ арыз жазу қаупі туралы әңгімелесті.

Қазақстанда «ЛГБТ насихатына» тыйым салуға қалай қарайсыз?

Үнсіз көндігіп, енді ештеңені өзгерте алмайтын күйде жүрмін деуге болады. Мен мұны аса талқылап та жүрген жоқпын, себебі бәрі ендігі болып қойғандай. Медиада үлкен резонанс туып жатқанын көрдім, бірақ заңның күшін жоюға әсер етуге немесе президенттің құжатқа қол қоймауына ықпал етуге бұл аз. Мен осы түзетулерді қайта оқып шықтым, қабылданып жатса, дәстүрлі емес бағдар туралы кез келген сөз насихат болып саналуы мүмкін екенін түсінемін.

Interius театрының директоры Разия Хасанова Инстаграмдағы парақшасында қаралып жатқан түзетудің кесірінен «Киндервуды» спектаклін қоя алмаймыз, себебі ол баланың гомосексуал екенін қабылдай алмаған отбасы туралы деп жазды. Сізде насихат деген анықтамаға кіруі мүмкін қойылымдар бар ма?

Бар деп ойлаймын. Жалпы театрлар туралы айтсақ, мемлекеттік театрларда мұндай жағдайлар жоқ деуге болады, өйткені оларда өзіндік цензура әу бастан бар. Мемлекеттік театрлар бұл тақырыпты айналып өтіп, қойылымдардың мүлдем басқа спектрін қолданады.

Бұл түзетулер бізге тікелей әсер етеді, себебі автор, тәуелсіз суретші ретінде тақырыпты өзіміз таңдаймыз. Біз қазіргі заман драматургиясына, әдебиетіне, киносына сай жұмыс істейміз. Ал қазіргі заман өнерінде сексуалдық тәжірибесі өзгеше немесе өз бағдарын қабылдауға немесе қабылдамауға ұрынатын кейіпкерлер сөзсіз ұшырасады.

Фото Юрий Коротецкийдікі. «Әуежай» қойылымы

Адамдар туралы сөз болса, бұл өзге тақырыптар секілді кәдімгідей үлкен тақырып. Өйткені, театр — адамды зерттейтін институт. Тәуелсіз театр бұған кеңінен тоқталатыны сөзсіз. Ешкім саған ешқандай шектеу қоймаса, қоғамда немесе мемлекетте аса танымал емес тақырыптарды алып, олардан өз кейіпкеріңді немесе айтар ойыңды іздейсің. Ал қазір белгілі бір тақырып сегмент ретінде кесіліп қалды. Interius және біз сияқты театрлар шығармашылық еркіндікте өмір сүрді.

Бізде Қазақстан қоғамын ақтарып ашып көрсететін «Әуежай» деген өте танымал спектакль бар. Ұшақ жолаушылары Алматы әуежайынан өмірде жиі кездесетін түсініксіз себептерге байланысты ұша алмай қалады. Рейсін күтіп отырғанда бір-бірімен таныса бастайды, сөйтсе, әр адам қоғамның түрлі сегментінің өкілі екен. Шенеунік, әйелдер құқығын қорғаумен айналысатын әйел, Қазақстанның мәдени кодын зерттейтін ғалым, Германияға көшіп кетуді армандайтын әйел, Америкаға гринкартамен қоныс аударуды ойлайтын адам. Кейіпкерлердің бірі — сексуалдық азшылыққа қолдау көрсету ісімен айналысатын, қоғамдық қызметте жүрген жігіт, гей екенін жасырмайтын жігіт. Бұл бір ғана кейіпкер. Оған да өзге кейіпкерлер секілді спектакльде көп уақыт бөлінеді.

Бұл спектакль — біздің қоғамның ақтарып ашып көрсетілген көрінісі. Демек, онда өзін «дәстүрлі емес бағдар адамдарын өз қауымдастығы арқылы қолдайтын ашық геймін» деп атайтын кейіпкер бар болғандықтан, бұл спектакльге тыйым салынады деген сөз, бұл қойылымды көрсету мүмкін болмайды деп ойлаймын. Бұл кейіпкерді алып тастай алмайсың, басқа ештеңе істей алмайсың, себебі ол негізгі кейіпкер, яғни қоғамның бір мүшесі.

«Әуежай» спектакліне ғана қауіп төніп тұр ма?

«Dark Room» деген спектакль бар. Беларусьте болған саяси наразылыққа қатысты жазылған беларусь авторының пьесасы. Мұнда Минск балалар үйіндегі жасөспірімнің басынан кешкен оқиға суреттеледі. Оны Еуропадан келген отбасы асырап алады. Ол қашып кетіп, түрлі оқиғаға тап болады, Берлиннің рейв-сауықтарын көреді. Гей коммьюнитиге кез болады. Біз осы спектакльді 18+ деген белгімен түнгі 23.00 кезінде ойнаймыз. Жаңа заң қабылданғаннан кейін бұл спектакльді қай уақытта қойсақ та, оған тыйым салынатын сияқты. Нюанстар ескерілуі керек қой, ал қазіргі түзету жалпылама жасалған. Оны біреу келіп нақтылайды деп ойламаймын. Әлде біз түнгі он бірден кейін қойып, көрерменнің құжатын тексеруіміз керек пе? Егер осы тақырыпты қолға алатын болсақ, театрға қатысты ереже қандай? Әлде адамның дәстүрлі емес сексуалдық бағдарын кез келген түрде тілге тиек ету насихат болып саналып, біз бұл тақырыпты қозғай алмаймыз ба? Менің қазіргі пікірім осындай. Таңдау көп емес.

Фото Мария Гордееваныкі. «Әуежай» спектаклі

«Мәдениет туралы» заңға енгізілген елеусіз, бірақ маңызы жоғары түзету:

Мәдениет туралы (15.12.2006)

9-1.5 Ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастырушылар:

5) Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, оның тұтастығын бұзуға, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге, соғысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық астамшылықты, қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа [«бас ұруды, дәстүрлі емес сексуалдық бағдарды, педофилияны»] насихаттауға немесе үгіттеуге бағытталған, сондай-ақ жалпыға бірдей қабылданған мораль мен имандылық нормаларына қайшы келетін контентті пайдаланбауға міндетті

Алдағы жұмысыңыз қалай болады деп ойлайсыз? Өзіңізге цензура жасап, белгілі бір сөздерді, кейіпкерлерді қолданудан, белгілі бір тақырыптарды айтудан бас тартасыз ба?

Заң қабылданғаннан кейін бұл спектакльдерді ойнауды қоятын сияқтымыз. Бұл — өзіңе цензура жасау емес, мемлекеттің цензурасы. Таңдау болмайды. Мұны қойылымды кештетіп көрсету немесе құжат тексеру сияқты жолдармен заңға сәйкестендіруге еш мүмкіндігіміз жоқ. Еш жерде нақтыланып жазылмайтын нюанс болып қала бермек.

Осындай жағдайды пайдаланып, дау шығара бастайтын немесе ашық арандатуға көшетін адамдардың осындай спектакльдерге келу ықтималдығы артатындай көрінеді өзіме.

Ресейде домалақ арыз жазу жүйесі қалай жұмыс істейтіні бізге жақсы мысал бола алады. Мұны ашық жасауға да болады, келіп таспаға түсіріп алуға да болады. Сосын сол видео тиісті жеріне жіберіліп, Артишок театрынан деп көрсетеді. Сонымен болды. Барлығы кімнен басталатыны қызық, себебі заңды қалай да іске асыру қажет болады.

Кейіпкерлер арасында ЛГБТ өкілдері бар қойылымдар болғаны үшін бұрын сіздерге ешкім тиіскен жоқ па?

Ешқашан қиындық болған жоқ. Маңызды, қажет, қызық деп жасаған дүниелерімізге көрермен әрдайым дұрыс қарайды. Көрермен келіп қарайды немесе келмейді және қарамайды. Билет алу-алмауды көрермен шешеді. Шығармашылық, көрерменге тән, көркемдік және авторлық еркіндік аумағы деген осы.

Қазір не істеп жатырсыздар?

Жақында жиналғанбыз, сол кезде қыз-жігіттерге спектакльдеріміздегі жас шектеуін барынша өзгертуіміз қажет деп айттым. 16+ немесе 14+ болған барлық жерге 18+ деп өзгертеміз. Бір жағынан, егер заңда көрсетілмеген болса, мұндай сақтықтан пайда болмайтынын түсінемін. Осы заң жобасының түбіне үңілетін болсақ, балалар насихатқа ілікпеуі керек. Жарайды, бұл спектакль балаларға арналмаған. Біз оған 18+ деген белгі қойсақ, балалар көрмегенін қадағаласақ, мұны көрсетуге құқымыз бар ма? Бұл сұрақ әлі басы ашық күйінде қалып отыр.