10055
16 марта 2021
Күлтегін Аспанұлы, фото авторы: Данияр Мүсіров

Бекшин дүйсенбі күнгі КВИ+ статистикасын күні бұрын қайдан білді?

Коронавирусқа қатысты ресми статистикаға күмән көбейіп келеді

Бекшин дүйсенбі күнгі КВИ+ статистикасын күні бұрын қайдан білді?

Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы әрі бас мемлекеттік санитария дәрігері Жандарбек Бекшин дүйсенбі күнгі коронавирус дерегін тәулік аяқталмай жатып айтып қойды. Бұл коронавирус статистикасына күмәнді арттырды.

15 наурыз күні түс ауа, сағат 15:30-да Бекшин ақпарат құралдарының өкілдеріне арнап онлайн брифинг өткізді.

«3 наурызда 120 жағдай, ал 13 наурыз 360 жағдай тіркелді. Ауыру көбейді. 10 наурыз күнгі біз қабылдаған қаулыдан кейін-ақ сенбі динамиканың саябырсығанын көруге болады. Сенбі 342, ал өткен күні 297 жағдай анықталды», – деді Жандарбек Бекшин баяндамасында.

Мұндағы «өткен күн» дегені – жексенбі. Тиісінше көптеген БАҚ бетінде осы дерек жарияланды.

Алайда бұл цифр («өткен күнгі 297 кейс» – V) ресми дерекке қайшы. Себебі ресми есеп бойынша, дәл осы күні 297 емес, 342 жағдай тіркелген. Брифинг өтер күні таңертең Денсаулық сақтау министрлігі әдеттегідей өткен тәуліктің коронавирус (КВИ+), алдыңғы күннің пневмониясы (КВИ-) жайлы ақпарат таратты. Онда республика көлемінде 1011, оның ішінде Алматы қаласында 342 адамнан ПТР тесті негізінде коронавирус анықталғаны көрсетілген.

Жандарбек Бекшинге 297 жағдай туралы ақпараттың жай-жапсарын сұрастырып бірнеше рет хабарластық. Бас санитардың аузына 297 дерек қайдан түсті, техникалық қате дегеннің өзінде, бұл көрсеткіш аптаның алғашқы күніндегі ақпаратпен сәйкес болуы кездейсоқ емес пе деп сұрамақ едік. Алайда әңгіме ұзаққа бармады. Бас санитар сөзін қысқа қайырып, тұтқаны тастай салды.

«Мен сіздерге айтайын. Ресми түрде тағы да қайталайын. Бізде аурушаңдық 3 наурызда басталды. 120 жағдай тіркелді. Ең көбі 13 наурызда – 360, 14 наурызда – 342, 15 наурызда – 297. Сіз қайдан алып жатқаныңызды мен білмеймін. ...Қылқындырамын ба сізге?.. ...Таңертең қарап шықтым. Tengrinews дәл мен айтқандай сөзбе-сөз жазды. Сізге таңғалдым қайдан алып жатқаныңызды», – деп түлкібұлаңға салды.

Фото авторы: Данияр Мүсіров

Шын мәнінде Tengrinews.kz сайтының қазақ редакциясы оның жексенбіде 297 жағдай тіркелгені жайлы айтқан сөзін жазған. Бас санитар Бекшиннің айтқанын не толық терістемей, не растамай екіұдай кейіп танытуының себебі белгісіз. 15 наурыздың 15-інші сағатында тәуліктік көрсеткішке сай цифрдың күнібұрын айтылуы көп күмәнға жетелейді. Егер маман бұл цифрды жаңылысып, брифинг алдындағы сағаттағы деректі абайсызда айтқан болса, онда түскі сағат 15.00 мен түнгі 23.59 аралығында қандай да бір жағдай тіркеліп, есеп артуы керек еді. Яғни кеше, дүйсенбі күні кемінде 300 жағдай тіркелген болар еді. Оның үстіне, Бекшин 297 жағдай жайлы деректі тілшілер қатысатын сұрақ-жауап сессиясында емес, ресми баяндама барысында келтірді. Демек, бұл арнайы дайындалған спич мәлімдеме негізінде айтылған болуы мүмкін.

Қазақстанда әдетте ПТР тесті арқылы коронавирус жұққаны анықталған науқастардың саны тәулік бойы жинақталып, ертеңіне таңғы уақытта жарияланады. Ал коронавирус пневмониясы туралы мәлімет рентгенографиялық зерттеулерден кейін бір күнге кешігіп беріледі. Жексенбі күнгі КВИ+ ертеңіне / дүйсенбі, ал КВИ- сейсенбіде жарық көреді.