16800
26 апреля 2021
Сұхбат: Әсел Мұсабекова, биолог, вирусолог, Иллюстрация авторы: Айдар Ерғали

Кәмшат Түсіпова, гидролог: «Қазақстандықтардың таза су ішкенін қалаймын»

Халықтың ауыз суға қол жеткізу мәселесін жүйелі жолмен шешу жайында сұхбат

Кәмшат Түсіпова, гидролог: «Қазақстандықтардың таза су ішкенін қалаймын»

GYLYM FACES жобасының кейіпкері Кәмшат Түсіпова ғалымдар әрбір қазақстандықтың өмір сапасын жақсартуға көмектесе алатынына сенеді. Кәмшат Павлодар облысының тумасы. Ол өз жұмысында ауыз суға қол жеткізу мәселесін шешетін жүйелі әдістемені қолданады. Швеция, Венгрия, Австрия және басқа елдердегі әріптестерінің көмегімен Кәмшат әр түрлі мамандарды даярлайды. Олардың ішінде инженер-гидрологтар да, химиктер де, құрылысшылар да, тіпті педагогтар да бар.

Заңгер қалай гидролог болып кете алады, қоғамдық денсаулық сақтау саласына не үшін дәрігерлерден басқа да мамандар қажет, қазақстандықтар өмір бойы білімдерін жетілдіру арқылы өздерінің өмірін жақсарта алатыны туралы Лунд Университінің зерттеушісі Кәмшат Түсіповамен сөйлестік.

Приоритеттер туралы

Мен Швецияда жұмыс жасаймын. Бірақ менің жобаларымның көпшілігі Қазақстанмен байланысты. Өткен жылы мен он төрт докторантқа жетекшілік еттім, олардың басым бөлігі қазақстандықтар. Менің мақсатым – Қазақстандықтарға таза су ішуге көмектесу, сол үшін мамандарды даярлау.

Қазақстандықтардың ең қарапайым қажеттілік – ауыз су мен санитарияға 100 пайыз қолы жетпеген. ЮНИСЕФ-тің 2015 жылғы даму бойынша онжылдық есебіне қарасақ, біздің еліміздегі әрбір бесінші ауыл тұрғынының су құбырына қолжетімділік деңгейі Африканың кедей аймақтарының тұрғындарының жағдайымен бірдей екен.

Қазақстан ғылымы халықтың қажеттіліктері мен мұқтаждықтарын шешуде көмектесуі және сол бағытта жұмыс жасауы қажет. Менің ойымша Қазақстан ғылымының приоритеті де сол болуы керек. Қазақстандық магистрлер мен докторанттар кей жағдайларда басқа да, Қазақстан үшін приоритетте емес ғылыми тақырыптармен айналысуы мүмкін. Қарап отырсақ, біз нанотехнологияларды зерттеп жүрген кезде, елімізде қаншама халықтың қарапайым ауыз су мен санитарияға қолы жетпеген.

Отбасы туралы

Мен Павлодарда туғанмын, балалық шағым Екібастұзда өтті. Әкем университетте сабақ берді. Анам акушер-гинеколог болып жұмыс жасады. Мені әжем тәрбиелеген, ол кісінің әкесі имам болатын. Әжем өте дана, отбасымыздың қазығы болатын. Отбасым қанша жерден патриархалды болса да, әжемнің көмегінің арқасында анам өзінің карьерасына да жақсы көңіл бөле алды. Мен бірінші сыныптан бастап көркем гимнастикамен айналыстым. Аптасына бес рет үш сағаттан баратынмын. 13 жасымда мен жасөспірімдер арасында бірінші дәрежеде болдым. Осы кезде жаттығуларды тоқтатып, музыкалық мектепке баруды ұйғардым. Ата-анам мені ешқашан оқуға, немесе музыка және спортпен айналысуға мәжбүрлемеген. Олар тіпті осының барлығы маған ауыр болады деп қарсы болатын. Отбасымнан толықтай мейірім пен қамқорлық көрдім деп санаймын. Меніңше, ең маңыздысы да осы.

Мектептің маңыздылығы

Жоғары сыныпта оқып жүрген кезімде мектебіміздің директоры физика, химия және биология пәндерінен сабақ беруге университет оқытушыларын шақыртып, осы пәндер бойынша ғылым кандидаттары мен докторлары, ғалымдардан сабақ алдық. Өз ісінің мамандары, сол салада зерттеу жүргізген адамдардың мектеп балаларына үйретуі тамаша мүмкіндік. Мен гуманитарлық сыныпта оқысам да, бізге мектепте матанализге кіріспені оқытты. Швецияда мен сұйықтық механикасынан дәріс бердім, сол уақытта мектепте үйренген гидростатика мен гидродинамика туралы білімімнің пайдасы болды.

Тұлғаның қалыптасуында мектептің орны маңызды, оның іргетасы сонда қаланады. Швецияда, мысалы үшін, ересек халықтың үштен бір бөлігінің ғана жоғары білімі бар. Арнайы орта біліммен де олар өз жұмыстарын өте жақсы атқара алады. Менің қызым өткен жылы бесінші сыныпта күн жүйесі туралы деректі фильм-ролик түсірді. Маған осындағы білім беру әдістері ұнайды, олар әрқашанда оқушыны ынталандырып отырады.

Швецияда қазір жоғары білім берудің уақытын қысқартуға тырысып жатыр. Бакалавриатты 2.5 жылда, магистратураны 1 жылда бітіруге болады. Кейбір бағыттарда, мысалы нанотехнологиялар бойынша докторантураға магистратурасын бітіргеніне үш жылдан аспаған адамдарды қабылдайды. Себебі төрт жыл бұрын болған нанотехнологиялар мүлдем бөлек болуы мүмкін. Ал Қазақстанда керісінше, кейбір бағыттар бойынша оқу уақытын ұзарту үрдісі байқалады.

Мемлекеттік басқарудан су ресурстарын дейін

Мен ЕҰУ-нің (Л.Н. Гумилев атындағы Евразия Ұлттық Университеті) мемлекеттік басқару мамандығына кездейсоқ келгенмін. Мектепті бітірген соң анам екеуміз Астанаға музыкалық консерваторияға түсу туралы сұрап-білуге келгенбіз. Бірақ оған түсу үшін музыкалық колледжді бітіру керек екен. Сол кезде ЕҰУ-нің ақпараттық парақшасын көріп қалып, сол университетке мемлекеттік басқару мамандығына тапсырдым. Бұл мамандықтың бір жақсы жағы – онда бес жыл ішінде экономика және заң ғылымдары бойынша білім береді де, осы екі саланың бакалавры дәрежесін алып шығасыз.

Үшінші курста мен Қазақстанның жас заңгерлері ассоциациясының мүшесі болдым, кейінірек осы ассоциацияны басқардым. Біз мектептерде Street Law сабағын беретінбіз. Бұл күнделікті өмірден алынған шынайы кейстарға негізделген оқыту. Сонымен қатар, әр курста біз мемлекеттік органдарға барып тәжірибеден өттік, мен депутаттың көмекшісі болып көрдім, нотариустың көмекшісі болдым, ал соңғы курста бізді мемлекеттік басқару Агенттігіне тағылымдамаға жіберді.

Дипломдық жұмысымды мемлекеттік қызметтерді бір терезе принципі бойынша көрсету тақырыбында жаздым, ол кезде әлі ХҚО жоқ болатын. Сонда түсінгенім заң және экономика – ол адамдардың өзара және қоршаған ортамен қарым-қатынасын реттеуге көмектесетін құрал. Мемлекет реттеуі тиіс бес маңызды сала бар, олар:білім, медицина, қорғаныс, әлеуметтік сала және экология. Яғни мен экономика және заң саласында алған білімімді осы салалардың бірінде қолдана аламын. Ол кезде маған экология саласы жақын болды, сондықтан бакалаврдан кейін мен экология мамандығы бойынша ЕҰУ-нің Нью-Мексико Университетімен біріккен магистратурасына түстім. Онда Қазақстандағы су ресурстарын мемлекеттік басқару тақырыбын таңдадым.

Питер Локс профессормен

Венгриядағы оқуы жайлы

Ауыз судың қол жетімді болуы адамның денсаулығы үшін өте маңызды. Сондықтан, мен Болашақ бағдарламасы бойынша Венгрияның Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау мектебіне оқуға түстім. Ол Венгрияның Дебрецен Университетінде орналасқан. Бұл мектеп 90-шы жылдары америкалық жүйе бойынша құрылған өте мықты оқу орны, ол жартылай Бүкіләлемдік Банктің көмегімен қаржыландырылады. Мен оқыған кезде мектепті Роза Адани басқарды. Ол кісі қазір Дүниежізілік денсаулық сақтау ұйымының денсаулық сақтау саласындағы зерттеулер бойынша Еуропалық Кеңестік комитеті басшысының орынбасары. Қазақстан мен Венгрия менталитеті мен мемлекеттік құрылымы бойынша ұқсас елдер. Екеуі де коммунистік кезеңнен өтті. Алайда, ол жақтағы университеттердің сапасы европалық стандарттарға тез бейімделді. Осы университеттің медицина факультетінің түлектерін Швеция бірден жұмысқа алады. Оларға тіпті тегін швед тілін үйретеді.

Өзім оқыған бағдарламада бұрын анатомия мен физиологияны оқымаған ең алғашқы студент мен болдым. Оқу кезінде қиыншылықтар болды, бірақ менің түсінгенім қоғамдық денсаулық сақтау саласында жұмыс жасау үшін барлық уақытта терең медициналық білім қажет емес. Ең негізгісі – ол эпидемиология мен биостатистика. Ары қарай керекті қосымша білім әр түрлі салада болуы мүмкін. Салауатты өмір салтын дәріптеу үшін мінез-құлық теорияларын оқу керек, қоршаған ортаға қатысты денсаулықпен (environmental health) айналысқыңыз келсе экологиялық білім керек. Адамның екі түрлі күйі болады: сау және науқас күйі. Ковид-19 бірінші толқыны болған кезде Швецияның ауруханалары толып қалған жоқ. Мұнда ауруханаға жағдайы ауруханада жатуды талап ететін науқастар ғана жатқызылады. Оған парацетамол беру үшін ауруханаға жатқызбайды. Ал бізде симптомдары болмаса да барлығын жатқызып тастады ғой. Медицина науқастарды емдейді, яғни ауырып жатқан адамды сауықтырады. Ал қоғамдық денсаулық сақтау адамдарға денсаулықтарын сақтауға көмектеседі. Яғни, екеуі екі түрлі әдіспен жұмыс жасайды. Су ресурстары тақырыбында жақсы білімім болғандықтан, Венгрияда мен ауыз су және судың сапасына байланысты аурулар менеджменті тақырыбын таңдадым. Қазір мен су мен адамның қарым-қатынасын жүйелі зерттеп жатырмын. Жүйелі дегенім осы мәселені медицина, заң шығару, басқару, экономика, қоғамдық денсаулық сақтау және қоршаған орта салаларының көмегімен зерттеймін.

Үздіксіз білім алудың маңызы

Мен әр түрлі факультеттер мен мамандықтарда оқыдым, бірақ менің жұмыс бағытым (тақырыптық және ғылыми) анық. Бакалаврды мемлекеттік қызмет көрсету тақырыбынан бастадым, ал көрсетілетін қызметтердің бірі – экология (қоршаған орта) саласындағы қызметтер. Су ресурстарының менеджменті осы саланың бір бөлімі. Оның ішіне халықтың денсаулығына тікелей қатысы бар ауыз су мәселесі кіреді.

Өздерінің барлық білімдерін қолданбайтын адамдар мені таң қалдырады. Өзімнің заңгерлік білімімді мен үнемі пайдаланамын. Швециядағы ең маңызды ереже: егер шведтер бірдеңені үйренуді бастаса, олар оны тастап кетпейді, бағытын өзгертіп отырса да, сол нәрсені әрі қарай дамытып отырады. Бұл дегеніміз өзіңнің қабілеттеріңді үнемі дамыту, сондай-ақ өмір бойы үздіксіз үйрену деген сөз. Үйренген кез-келген дағды нан табуыңа, ең болмағанда сол істен рахат алуыңа себеп болуы тиіс.

Кез келген бағыттың адам дамуына үлесін қарастыру қазір трендте. Адамның бақыт индексі оның қабылдауына байланысты. Даму – адамдардың тек білімі мен дағдыларына қарай өлшенбейді, оның жаңа білімді қабылдау қабілетін де есепке алады. Швецияда 65 жастағы адамдардың жаңа тілдер үйреніп жүргенін көресіз, бұл қалыпты жағдай.

Мінберді кімге беру керек?

Швецияда КОВИД-ке қатысты стратегияны жасауға елдің бас эпидемиологы жауапты. Ол саясаткер емес, оның қызметі – қоғамдық денсаулық сақтау агенттігінің зерттеушісі. Оның Хирш индексі 20-дан асады. Ол өмір бойы тұмау эпидемиясын зерттеп келеді. Ол жұмыс істейтін бөлімде елуден астам ғылыми қызметкер жұмыс жасайды. Бұл қызметкерлер әлемнің беделді университеттерін бітірген докторлар. Олардың арасында математик-модельдеуші мамандар, вирусологтар, инфекционисттер мен эпидемиологтар бар. Премьер-министр елдегі мектептерді карантинге жапқысы келсе, бұл оның құзыретіне кірмейді, себебі ол Андерс Тегнеллдің ғылыми негізделген ұсыныстарының негізінде ғана шешім шығарады. Екінші жағынан алғанда, бүкіл жауапкершілік ғалымның мойнында қалды.

Менен де «неліктен сіз мінберде сөйлемейсіз?» деп жиі сұрайды. Бұл менің қызметім емес деп жауап беремін. Егер әр адам өз жұмысын істесе, біз жақсы нәтижелерге жететін едік. Біз өзіміздің зерттеулеріміз бен жобаларымыз туралы айтып, кеңес бере аламыз, алайда мемлекеттік бағдарламаларды бақылау ісін мемлекет өзі қолға алуы керек, ол мемлекеттің жауапкершілігі. Ал мемлекеттің атынан нағыз сарапшылар мен сарапшы- ғалымдар сөйлеуі тиіс.

«Суға қол жетімділік» және «сумен қамтамасыз ету» дегенді қалай түсініп жүрміз?

«Құбыр суына адамдар қанша ақша төлеуге дайын?». Мен өзімнің докторлық диссертациямда осы сұраққа жауап іздегім келді. Осы мақсатта құбыр суы жүргізілген он елдімекен таңдалып, сауалнама жүргізілді. 100 үйдің ішінен тек алты отбасы ғана су құбырын пайдаланатыны анықталды.

Осы кезде ойыма «сумен қамтамасыз етілді», «суға қолжетімділігі бар» дегенде біз нені меңзейміз деген сұрақ келді. Неліктен адамдар үйінде су құбыры бола тұра суды скважиналардан, құдықтан және ашық су көздерінен алатынын түсінгім келді.

Суға қолжетімділік индикаторы деген бар. Ол адамдардың су құбырынан су ішуге мүмкіндігі бар немесе жоғын қарастырмайды, ол халықтың денсаулығын қарастырады. Сіз суды су құбырынан, күзетілетін скважинадан, жабық құдықтан, немесе бұлақтан алып ішуіңіз мүмкін. Қайдан алып ішкеніңізге қарамастан, нәтиже бір. Ол – сіздің денсаулығыңыз.

Суға қолжетімділікті қалай өлшеуге болады сонда? Қазақстанда былай өлшейді: «егер құбыр бар болса, онда барлығы су құбырын қолданады». Ал Павлодар ауданындағы елдімекендердің жартысында скважина бар. Бұл дегеніміз, бізде мемлекет «сумен қамтамасыз етілді» деп су құбырларының болуын айтады, оған халықтың қолы жетімді ме жоқ па есепке алмайды.

Яғни, басты өлшем ретінде адамның суға қолы жетуін емес, мемлекеттің құбыр қоюын алады. Осының салдарынан, судың экологиялық циклы, яғни ағын сулары мен тұрмыс қалдықтарының қайда барып бітетіні назардан тыс қалып отыр.

Ең алғашқы міндет – сапалы деректер жинақтау

2011 және 2013 жылдар аралығында біз Павлодар ауданының 28 елдімекенінде 8500 адамға сауалнама жүргіздік. Бізге облыс әкімшілігінің қызметкерлері көмектесті. Оларға да шынайы деректер қажет болды. Соның өзінде де сауалнаманың нәтижелерін алу кезінде қиындықтар болды. Себебі, кейбір елдімекендерде толтырылған сауалнамалардың барлығын бір адам толтырған, және ақпараттың шыншыл еместігі көрініп тұрды. Статистикалық анализ жасаған кезде ол сауалнамаларды алып тастадық.

Ресми статистикаға сүйенсек, тұрғындардың 88%-ы құбыр суын пайдаланады деп тұр. Алайда, іс жүзінде тұрғындардың жартысынан көбі суды скважиналардан алады. Көпшілігінің скважинасы үйінің ауласында орналасқан, сондықтан әкімшілік және санитарлық-эпидемиологиялық станция (СЭС) қызметкерлері оларды көрмейді.

Мысалы үшін, ауылдардың бірінде тұрғындардың көпшілігі суды Ертіс өзенінен алады. Су құбыры бар, алайда дұрыс жұмыс жасамайды. Ауыл тұрғындары дәкені бірнеше қабаттап, одан суды өткізіп, сосын қайнатып ішеді.

Бір сөзбен айтқанда, су құбыры жүргізілген болса да, адамдардың суды нақты қалай алып жатқанын ресми деректер көрсетпейді.

Бұл неге әкеліп соғады? Ең алдымен, судың сапасын ешкім тексермейді, себебі скважиналар туралы ақпарат жоқ. Бұл адамдардың денсаулығы мен қоршаған ортаға қауіпті. Екіншіден, тұрмыс қалдықтарының қайда кетіп жатқанын ешкім бақыламайды. Олар суды ластайды, бұл қауіпті. Іс жүзінде, елдімекенде су құбыры болса да ауыл тұрғындары скважина қазып алған болса, ол жерде жер асты суларының ластану қаупі бар. Біз зерттеген тағы бір ауылда тамыз айында скважиналардан су алуға болмайды, себебі судың деңгейі төмендейді де, түсі сарғаяды. Осының барлығына мемлекет кінәлі, соларды жазалау керек деген бір жақты көзқарасты өзім ұнатпаймын. Оған барлығы белсене араласуы керек. Ғалымдар да, мемлекет қызметкерлері де, қоғамның өзі де бірігіп жұмыс жасауы керек. Сол себепті, біз статистика ұйымдарымен бірігіп суға, санитария мен гигиенаға қолжетімділік бойынша әдістеме жасап шыққымыз келеді. Сондай-ақ, деректерді өзіміз тәуелсіз жинауды ойластырып жатырмыз.

Балық берме, қармақ бер

Сонымен ауыл тұрғындарының көпшілігі скважиналардан су алады. Жалпы алғанда, скважинаның суы жаман емес. Бірақ, адамдар скважинаға қалай күтім жасау, оны қалай дұрыс пайдалану жолын білмейді. Скважинаның тесік жерінен суға қоқыс, қар түсіп жатқанын көрдік. Тұрғындар тесікті шаш жуатын қалпақпен бітеп қояды, бар амалы сол.

Скважина

Бұған кім жауапты? «Қазжерқойнауы» скважина қазады, СЭС кейде судың сапасын тексереді. Бірақ СЭС жерасты суларына жауап бермейді, оларды басқа мемлекеттік органдар қадағалайды. Ақыр соңында, скважиналар мен құдықтар, сондай-ақ олардың қалай пайдаланылып жатқанын нақты ешкім қадағалап жатқан жоқ.

Бұл мәселені білім беру арқылы шешуге болады. Швециядағы дербес су көздері (ауыз суға қатысты швециялық мемлекеттік жоба) бойынша жобаға қатысқанмын, сол уақыттан мысал келтіре аламын. Швецияда дербес су көздерін, оның ішінде әсіресе құдық суын пайдаланатын шамамен 680 000 үй бар. Қазылған әрбір құдықты эколог тексереді, сосын ол сол құдыққа дұрыс күтім жасау ережелерін құрастырады. Жылдың әр мезгілінде инспектор құдықтарды тексереді және ең бастысы тұрғындарға құдыққа қалай дұрыс күтім жасау керектігін үйретеді. Енді Павлодар облысына оралсақ. Біз профессор Ронни Берндтсонмен бірге Павлодардың жанындағы бір ауылдың тұрғындарына скважиналарды қолдану ережелері туралы айтып бердік, осы үшін ауыл тұрғындары шексіз ризашылығын білдірді. Ол профессор Қазақстанда оннан артық рет келді, және менімен бірге Павлодар облысының ауылдарын аралады.

Одан бөлек, менің бұрынғы студентім Виктор Линквист, қазір Готенберг муниципалитетінің сумен қамтамасыз ету бөлімінде жұмыс жасайды, Павлодар облысында екі айдай зерттеу жүргізіп, біздің халық скважиналар мен дәретханаларды қалай дұрыс қолдануды үйренгісі келетінін жеткізді. Дәретхана толып қалды, ал оны қалай дұрыс жою керектігін үйренгісі келеді. Скважинаны қалай дұрыс жабуға болады, ауладағы дәретхананы қалай дұрыс пайдалануға болады – бұл бір үлкен ғылым емес, оған нақты нұсқаулық болса жетеді. Тұрғындар су және санитария пункттерін пайдалану және дұрыс күтім жасауды үйренуге дайын. Сол сияқты, қоқысты бөлу де қарапайым дағдыларды талап етеді, алайда Қазақстанда ол әлі жолға қойылмаған. Сондықтан, мемлекет базалық білімді беруі тиіс.

Виктор Ликвист, Лунд Университетінің магистранты. Павлодар ауданы елдімекендеріндегі ауыз су және санитарияға қолжетімділік жайында диссертациясын қорғап жатыр.

Белгілі білімді беру арқылы біз қосымша жұмыс орындарын қалыптастырамыз, және тұрғындардың өмірінің сапасын едәуір арттырамыз. Осы мақсатта біз жергілікті университетпен байланыс орнаттық. Қазір бастапқы жобаны жасап жатырмыз, онда педагогикалық білімі бар докторант жұмыс жасайды.

Ауыл тұрғындары су үшін ақша төлеуге дайын ба?

Зерттеу кезінде біз тұрғындардан «Сіз краннан тікелей ішуге болатын, және 24 сағат жақсы арынмен ағатын су үшін ақша төлеуге дайынсыз ба?» деп сұрадық. Жауап берушілердің үштен екі бөлігі құбыр суын пайдалануға және оған ақша төлеуге дайын екенін айтты. Жауап бергендердің 7%-ы осындай игіліктерді, тегін болған жағдайда ғана қолданатынын білдірді. Бұл топта негізінен қарт кісілер болды. Ең қызығы, жауап бергендердің 28 %-ы құбыр суы қажет емес деп жауап берді. Бұлар, негізінен ауқатты отбасылар. Олардың үйлерінде жеке скважиналары бар, олар үй ішіне су кіргізіп, су жылытатын бойлер орнатып алған. Құбыр төселген ауылдардың өзінде де су тәуліктің кей уақытында ғана беріледі. Мұндай ауылдың тұрғындарына толықтай «жасыл», немесе экологиялық тиімділікке негізделген шаруашылыққа өту қызық болды. Олар швециялық магистрантымнан «біз қалай барлық қоқысты өңдеп, үйімізді экологияға барынша аз зиян келтіретіндей ете аламыз?» деп сұрап жатты.

Мұндай әдіс, су құбырын жүргізгеннен әлдеқайда арзанға түсуі мүмкін. Себебі ауылдарда құбырлар бар, ал аймақтық маңызы бар су құбырлары жүздеген километр жерге, ауылдар арасында төселуі мүмкін. Ал оларға кім жауапты? Кейде олардың бөліктерін металл сынықтары ретінде өткізіп жібереді. Мысалы үшін, Өзбекстан қазір осы салада бағытын өзгертіп жатыр, ол қазір ауыз суды барынша әр түрлі су көздерінен алуға көшуді қарастырып жатыр. Бұл мәселемен ғалымдар да, сушы-инженерлер де айналысып жатыр.

Бұдан бөлек, біз зерттеген ауыл тұрғындарының 80 %-ы ауладағы дәретхананы қолданады. Барлығына канализацияға қосылған дәретхана орнатқан дұрыс па әлде сол дәретханаларға («эко-дәретхана») дұрыс күтім көрсетуге көмектесу керек пе? Орталықтандырылған канализация үлкен қаржыны талап етеді, және көп жағдайда ол экологияға зиянды және нәжісті тазалау жүйесі дұрыс құрылмаса тіпті өте қауіпті. Қазір скандинавиялық елдерде керісінше орталықтандырылған канализация жүйесін алып тастауға тырысып жатыр.

Жақын арадағы жоспарлары

Халықаралық стандарттар бойынша қазір әр елдімекенге жеке әдістеме керек. Алдағы бес жылда біз әріптестерімізбен бірге Павлодар ауданының әрбір елдімекенін зерттеу жоспарымыз бар. Ондағы су ресурстарының жағдайын, адамдардың су ресурстарына қарым-қатынасын, олардың скважиналық суға жауапкершілік алуға қаншалықты дайын екендігін анықтаймыз. Осыдан кейін барып ресурстар мен орындалуы жағынан барынша тиімді жобаны жасаймыз. Адамдарға скважина мен дәретханаларға қалай дұрыс күтім жасау керектігін, суға қауіп келтірмей автономды жолмен суға қол жеткізуді үйретеміз. Біз ондаған мамандарды даярлауға тырысамыз: олардың арасында гидрологтар да, химиктер де, педагогтар да бар.

Сумен байланысты аурулар

Сумен байланысы бар төрт түрлі ауру бар:

- waterborne – суда өмір сүретін микроорганизмдер тудыратын аурулар (мысалы, холера);

- water-washed – қол гигиенасына қатысты аурулар (мысалы, диарея)

- water-related – суға қатысы бар аурулар. Онда патогеннің өмірлік циклі су қоймасында өтуі мүмкін (мысалы, бассейнге түскеннен пайда болатын саңырауқұлақ инфекциялары, шистосомоз)

- water-vector – малярия секілді аурулардың тасымалдаушылары (масалар) ластанған су қоймаларына жақын жүреді;

Суға қатысты аурулардың бесінші жаңа түрі бар. Ол – суға техногенді әсер ету салдарынан болатын аурулар. Суға фтор, хлор қосады, оның құрамын нәрлендіріп отырады. Мысалы, қазір Швецияда суға биоүлдірлер (биопленка) қосады. Олар зиянды бактерияларды жейді де, оларды ағзаға «пайдасы бар» зиянсыз бактерияларға айналдырады. Жаңа технологиялардың суға ықпалын зерттеу керек және олардың қаншалықты зияндылық мөлшерін өлшеу керек. Техногенді ықпалдар созылмалы ауруларды тудыруы мүмкін. Мысалы үшін, суда кальций және магний иондары көп болса, олар бүйрекке тас болып жиналады. Сондықтан, қазір әлемде табиғи материалдардан жасалған технологияларды (Nature-based solutions) қолдануға бетбұрыс жасалып жатыр.

Павлодар ауданының бірқатар елдімекендеріндегі судың құрамы бормен нәрлендірілген. Ал 2005 жылдан бері бор ісік тудырушы бөлшек (канцероген) деп танылды. Ішкі органдардың қатерлі ісігінің бір себебі – бормен ластану. Басқа сөзбен айтқанда, адамдардың ауруларына қарап судың сапасына баға беруге болады, және керісінше судың сапасына қарап адамдарда кең тарайтын ауруларды анықтауға болады.

Мұндай классификация не үшін қажет? Осыған қарап қандай шараларды қолдану керектігін анықтауға болады. Әрине, нақты қай фактор әсер етіп жатқанының шегарасын табу оңай емес, себебі барлық түрі бірігіп бір жерде болуы мүмкін.

Аурудың waterborne түрін болдырмау үшін суды тазалап отыру, оны қайнату керек және оның таралу көздерін жою керек болады; ал егер аурудың түрі water-washed болса, онда қолдың тазалығына назар аудару қажет. Қолды сабындап жуу керек. Бұл жерде судың сапасынан бөлек, гигиеналық мақсатқа және тамақ жасауға қажетті судың жеткілікті болуына назар аудару керек. Су нәрлендірілген (фтор немесе «пайдалы» бактериялар қосу арқылы) болса, ол судың құрамындағы микроэлементтердің тамақпен және басқа да қосымша азықтармен бірге қабылдануына назар аудару қажет. При обогащенной воде (например фтором или “полезными” бактериями) нужно обращать внимание на употребление данных микроэлементов или микроорганизмов с приемом пищи и дополнительными пищевыми добавками. [это предложение не очень понятно мне] Скважинадағы судың сапасы тексерілмейді, әйтсе де, бізде халықтың көпшілігі суды қайнатып ішеді. Қолды жумау салдарынан туындайтын аурулар аймақтарда көбірек кездеседі. Бізде үй тамағынан улану жағдайлары көп орын алады. Оны шешудің бір ғана жолы бар, ол – қарапайым тазалық ережелерін сақтау. Өкінішке орай, көпшілік қазіргі күнге дейін қолды қалай дұрыс жуу керектігін білмейді.

Кран суын ішуге бола ма?

Біздегі сапаға қойылатын стандарттар мен ресми деректерге сүйенсек кран суын ішуге болады. Алайда, біз құбыр суы туралы айтып отырмыз. Қалалық су желілерінен бөлек үй ішіндегі су желілері бар. Желінің әр бөлігіне әр түрлі ұйым жауапты. Үйлердегі желілерге мысалы үшін құрылыс компаниялары жауапты. Мысалы үшін, көп қабатты үйді алайық, ондағы құбырлар ескі, тазаланбайды. Менің ойымша, судың сапасын тексеру үшін сынамаға алынатын су желінің әр жерінен дұрыс алынуы қажет.

Жалпы, мен адамдардың бөтелкеленген суды алып ішуін қолдамаймын. Ондай суға көп отбасылар бюджетінің біршама бөлігін жұмсайды. Мысалы үшін, өзім білетін бір отбасы суға айына 4200 теңге жұмсайды, оның ішінде 3500 теңге бөтелкеленген суға кетеді! Енді ойлап қараңыз, егер әр отбасы осы ақшаны мемлекеттік су арнасына төлесе, біз су жеткізу жүйесін жақсарта алар едік. Өкінішке орай, компаниялар қазіргі бағаның шеңберінде сапалы суды жеткізе алмайды. Осы уақытта біз ақшамыздың едәуір бөлігін бөтелкеленген суға жұмсаймыз. Құбыр суының сапасын жақсарту үшін қатаң жүйелі әдіс керек. Біз судың сапасына қаржы салуға қаншалықты дайынбыз? Бұл жерде сенім мәселесі де тұр. Біздің бөтелкедегі суды сатып алу себебіміз, біз мүмкін өзімізге жеткізілген судың сапасына сенбеуімізде, және белгілі бір дәрежеде мемлекетке сенімнің болмауында.

Өзгерісті кім алып келеді

Әлем өзгеріп жатыр, пеницилинді ойлап табу секілді ғылыми жаңалықтар әлемді басқаруда. Өкінішке орай, ғылымды қазақстандықтар емес, басқа дамыған елдер жасап жатыр. Сондықтан біз тек қана бейімделе аламыз. Бізге жол сілтеушілер ол қазіргі кезде әлемге өзгеріс енгізіп жатқан кейіпкерлер. Мен үшін мұндай адамдар алдағы 10-20 жылда әлем қай бағытта бара жатқанын нақты көре алатын, және өз жұмысын жүйелі түрде түсінетіндер.

Болашақта қандай қабілеттер маңызды болатынын қалай білуге болады? Мысалы үшін, Швецияда, университетте дәрігерлерге жасалып жатқан жаңа биомедициналық технологияларды үйретеді. Осы принципті су саласында қолдануға да болады. Мен халықаралық гидрологиялық ассоциацияның мүшесімін. Алдыңғы жылы біз алдағы 8 жылда енгізілетін ғылыми бағыттар бойынша жоспар жасадық. Қазірдің өзінде, зерттеулер қай бағытта болатынын және қандай қабілеттерді дамыту қажеттігін айтуға болады. Менің студенттерім су ресурстарын бірігіп (интеграцияланған) басқару бойынша курсты аяқтап жатыр. Олар БҰҰ-ның бөлімдерінде және басқа да зерттеу институттарында жұмыс жасауға барады. Ол жерде олар су бассейндерінің қалай басқарылып жатқанына баға береді және алдағы 10-15 жылда осы салада қандай өзгерістер болатынын біледі. Бізге барлық салада осындай алысты көре алатын мамандар керек. Осы жағынан алғанда, маған Саясат Нұрбек ұйымдастырған жаңа мамандықтар Атласы ұнайды. Әсіресе, оның Қазақстан үшін және арнайы-орта білім беру саласы үшін жасалып жатқаны ұнайды.

Ғылым не үшін керек?

Ең жоғарғы деңгейдегі зерттеулер әлемнің қалай құрылғанын түсінуге арналған. Оны іргелі зерттеулер деп атайды. Ол әлем үшін маңызды. Екінші деңгей, ол – мемлекеттік бағдарламаларды толықтыру. Үшінші ең минималды деңгей – ол ғылыми әлеуетті сақтап отыру және қабілетті мамандарды даярлау. «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алғандардың арасында су инженерлері өте аз. Бағдарлама қазақстандық білім алушылардың әлемнің ең үздік 100 университетінде оқуына басымдық береді, ал ондай университеттердегі ғалымдар біз үшін мүлдем жаңа ғылым салаларында жұмыс жасайды. Мұндай мамандардың қазірше Қазақстанға қажеттігі аз. Одан бөлек, әлемнің басқа бөліктерінде маңызды болып саналатын кейбір оқу бағдарламалары біздің елімізде қажет емес болуы мүмкін. Болашақ бағдарламасының тиімділігін арттыру үшін магистрлер, докторанттар мен зерттеушілер өз жұмысын жазғанда еліміз үшін толғақты сұрақтарға жауап іздеп, мемлекеттік бағдарламаларға көмектесетін зерттеулер жүргізгені дұрыс.

Әйтпесе, докторантурада жүріп 5-6 жыл бойы наноөткізгіштерді жасағанымен, Қазақстанға келген соң ол тек физика пәнінен сабақ бере алады, себебі зерттеу тақырыбы бойынша Қазақстанда жұмыс жоқ.

Ел ретінде біз не істей аламыз? Бізге ғылым ең алдымен мемлекеттік бағдарламаларға көмектесу үшін керек. Мемлекеттік бағдарламалар ғылыми негізделген әдістемемен жұмыс жасауы қажет. Ал мемлекет, өз кезегінде, маңызды шешім шығару кезінде ғалымдардың құзыреттерін сауатты қолдана білуі тиіс. Суға және санитарияға қолжетімділік тақырыбында өте жақсы зерттеулер жасалып қойған, бұл салада жаңа бір нәрсе ойлап табу қиын. Бірақ та, жаңа ғылыми зерттеулер жұмыс процесін дұрыс ұйымдастыру және халықты ең қарапайым қажеттіліктермен қамтамасыз етуге көмектесе алады. Оның үстіне, қазір ғалымдар мен практиктер бірігіп жұмыс жасауға көп ден қойып жатыр. Бірінші кезекте, бұл өте қымбат тұратын және сирек табылатын құрылғыларды бірігіп қолдануды талап етеді.

Мамандар барлығынан да қымбат

Біздің ғалымдар «бізге жаңа құрылғылар қажет» дейді. Алайда, кейде тіпті Лунд университетінің өзі жобаға қажетті қымбат құралды сатып ала алмайды. Осының орнына, олар ғалымды эксперимент жүргізу үшін басқа елге жібергенді жөн көреді, осылайша өзара серіктестік орнатады. Елдегі бір медициналық университетке жасаған анализден есімде қалғаны, белгілі бір себептерге байланысты, бір құрылғы өз әлеуетінің тек 10 %-ында ғана жұмыс жасай алды. Одан басқа бір жағдай есімде, онда алты айға дейін жететін реагенттерді ғана сатып алуға мүмкін болды, бұл да әрине жұмыстың тиімділігіне ықпал етеді.

Бұл далалық зерттеулерге де тиісті. Қазақстан ауыл шаруашылық жерлерін суару үшін 4000 жаңбыр құрылғыларын сатып алмақшы. Бірден сұрақ туындайды: бізде сол құрылғыларды қолдана алатын, және бұзылса жөндей алатын мамандар бар ма? Көбінде біздегі грант берушілер қандай салаларды дамыту қажеттігін білмейді. Оны түсіну үшін тар шеңберлі мамандықтар бойынша зерттеу жүргізу керек. Су саласы бойынша мен өзімнің Лунд Университеті су ресурстарының инженериясы кафедрасындағы әріптестеріммен және «Ел үміті» бағдарламасының салалық менеджерлерімен бірігіп сондай зерттеу жүргіздік. Соның негізінде институционалды жолмен әлеуетті арттыру Бағдарламасын жасадық. Қазір осы бағдарламаны Экология, Геология және Табиғат Ресурстары Министрлігімен бірігіп еске қоса бастадық.

Қазақстандық магистранттардың Лунд университетіндегі ғылыми тәжірибесі

Шетелдегі қазақстандық ғалымдар өз еліне қалай көмектесе алады?

Көп жағдайда шетелдік сарапшыларды шақырып жасалатын халықаралық жобалар іс жүзінде дұрыс жұмыс жасамайды. Кез-келген зерттеудің шеңберін жергілікті жағдайдың ерекшеліктеріне қалай икемдеу керектігін сарапшы ғана анықтай алады. Оқуымды бітіріп Қазақстанға келгенімде, менімен бірге өз қаржысына Венгрияның қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің директоры мен Швециялық профессорлар келді. Шетелдік кеңесшілер бізге керек емес. Әрбір болашақтық өз саласында жұмыс жасайтын адамдармен халықаралық қарым-қатынас орната алады, олардың әрқайсысы халықаралық ассоциацияларға мүше болуы тиіс. Қазір біз шетелде жұмыс жасайтын қазақстандық ғалымдардың әлеуеті мен қабілеттерін барынша пайдалана аламыз.

Қазақстандық ғылым: науқас тірі ме әлде өлі ме?

Қазір біздің ғылым шынайы өмірмен еш байланысы жоқ бөлшектерге бөлінген. Ғалымдар қоғамы мемлекеттің шешімдеріне ықпал ете алатынына және мемлекеттік бағдарламалардың тиімді орындалуына көмектесе алатынына мен сенемін!