7480
12 ноября 2021
Ольга Логинова, Вячеслав Абрамов, Vласть

Цифрлық “төңкеріс”

Қазақстан жаңа цифрлық трансформацияда нені мүлт жіберді?

Цифрлық “төңкеріс”

Қазақстан бұрыннан электрон үкіметі мен цифрландыру жүйесін мақтан тұтады. Мақтанатындай бар еді: еліміз электрон үкіметтің дамуы бойынша әлемдік рейтингтерде алғашқы 30 елдің қатарында бар. Қазақстан үкіметі мен елдің әрі қарайғы цифрлық дамуы тапсырылған ресейлік СБЕР компаниясының меморандумға қол қоюы елді елең еткізді.

Меморандумға қол қойылғалы бір ай өтпей жатып, ол сынның астында қалды әрі оған осы өзгеріске жауапты министр мен қатысы бар компаниялардың қарама-қайшы мәлімдемелері келіп қосылды. Ал көп сұрақтың әлі күнге дейін жауабы жоқ. Vласть Қазақстанның меморандумға дейінгі тірлігі, оған қазақстандық әзірлеушілер, құқық қорғаушылар мен оппозиция саясаткерлерінің не үшін қарсы шығып жатқаны және цифрландыру төңірегіндегі даудың неден шыққанын зерделеді.

СБЕР-ге апарар жол

Биыл сәуірдің аяғында ашық норматив-құқықтық актілер сайтында «Цифрландырудың платформа моделіне көшудегі кейбір мәселелер туралы» деген үкімет қаулысы шықты.

Ол қаулыда Қазақстанның цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «Ресей Сбербанк» жария акционерлік қоғамына еншілес BiZone Kazakhstan Ltd компаниясынан 4,779 миллиард (11 миллион доллардан астам) теңгеге «ақпараттық инфрақұрылым аудиті, мемлекеттік қызметтер мен Infrastructure-as-a-Service қызметіне қоса, цифрландырудың платформа моделіне көшіруге арналған тауар, жұмыс пен қызмет түрлерін» сатып алмақ жоспары бар екені жазылған.

Қаулыға сәйкес, Ресей Сбербанкінің “баласы” 2021 жылғы 1 қыркүйекке дейін қазақстандық мемлекеттік ақпарат жүйелерге аудит жүргізуге тиіс еді.

«Аудит нәтижесі бойынша мемлекеттік ақпарат жүйелердің қазіргі технологиясы мен инфрақұрылымын жаңарту қажет екені анықталған жағдайда, Гостех пен Госклауд жобаларын жобалау және іске асыру бойынша қосымша келісім жалпы келісімнің жалғасы болуға тиіс», – делінген қаулыда.

Сәуірдің 29-ы цифрлық даму министрі Бағдат Мусин Ресейдің Сбербанкімен келісімге қол қоюы керек еді.

Қаулы қазақстандық IT қоғамдастығын алаңдатпай қоймады.

Министр сәуірдің 27-сі күні «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Қазақстан IT компаниялар қауымдастығы, сондай-ақ Samgau және ARTА компания өкілдерімен кездесуде ақпараттың тым бұрмаланып кеткенін, ал аудитті жергілікті компаниялар жүргізетінін айтты.

«Бұл қаулы жобасында платформа таудау туралы ештеңе айтылмаған. Зерттеу туралы жазылған. Аудит туралы, яғни елде болып жатқан оқиғаларды зерттеп, аудит жүргізу керек екені. Иә, расымен де, Сбер тарапынан біз өткізейік деген ұсыныс болды, неге десеңіз, сырт көзге бәрі басқаша көрінеді ғой. (...) Қазір осы мәселе бойынша мұны кім, қалай және не үшін істегенін анықтау үшін ішкі қызметтік зерттеуім жүріп жатыр. Аяқ асты қымбат платформаны бастан-аяқ төңкеріп, бәрін сонда көшірмек деген нәрсе мүлде алаңдатпасын. Жоқ. Мәселе зерттеу жайында. СБЕР зерттегісі келді. Ал біз: “Кешіріңдер енді, бірақ зерттеуді электрон үкіметтің құрылымына жауап беретін ұлттық компания жүргізеді дедік», – дейді Бағдат Мусин. Ол сондай-ақ аудитті «ҰАТ» және Зерде АҚ жүргізетінін айтып, оған жергілікті мамандар тартылатынына уәде беріп, «айрықша жұмыстарға шетелден әріптестеріміз» де қосылады дегенді тілге тиек етті.

Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин. Фото авторы: Жанар Каримова

Қазақстандық әзірлеушілер басты мәселе платформаны таңдауда екенін алға тартты. Мусин бұл техникалық мәселе, «оны саясиландырмай, техникалық деңгейде талқылауымыз керек» деп жауап берді.

«Атамекен» ҰКП АКТ комитетінің төрағасы және ARTA компаниясының басшысы Болат Башеев министрден ведомство СБЕР-ден платформа шешімін сатып алғанша, қазақстандық әзірлеушілер бірігіп, өзіміз-ақ жарамды технология стегін әзірлеуге қалай қарайтынын сұрады.

«Бірігу идеясы ұнап-ақ тұр, – деді сонда министр. – Платформаға қатысты шешім ұсынып, бірігіп ойын жеткізе алатын, бір қолшатырдың астына шоғырланған IT қауымдастық болса, керемет болар еді».

Сондай-ақ министр қазақстандық IT мамандарға тур өткізіп, СБЕР технологиясын оқып-білуді ұсынды: «Сбербанктің аты Сбербанк. Ал СБЕР деген басқа жүйе, ол – платформа. Жарнамалап тұрған жоқпын. Техникалық қызметкерлеріңізді жинап, техникалық тур өткізуге шақырамын».

Бұл сапардан кейін, мамыр айында қазақстандық 7 IT қауымдастық президент әкімшілігі мен қауіпсіздік кеңесіне үндеу жолдап, СБЕР платформасын алуға кеңес бермейтінін мәлімдеді.

Кейінгі бірнеше ай бойы СБЕР-мен әріптестік туралы ешқандай сөз болмады. Ал қыркүйектің 3-і Шығыс экономикалық форумында Қазақстанның премьер-министрі Асқар Мамин мен СБЕР басшысы Герман Греф елде қызу талқыға түскен әріптестік туралы меморандумға қол қойды.

Әзер дегенде, қыркүйектің 20-сы меморандум мәтіні жарияланды. Онда СБЕР компаниялар тобы қазақстандық компаниялар консорциумына өзінің Platform V платформасын орнатуға, енгізуге және пайдалануға рұқсат беретіні жазылған. Ақыр соңында барлық мемлекеттік қызметті көшіргелі жатқан GovTech платформасын «ҰАТ» АҚ әзірлейді және оған консорциум да тартылады. Ол сондай-ақ мемлекеттік органдарға арналған сервистер жасауға жергілікті әзірлеушілер жұмылдырады. GovTech-ті жүзеге асыру туралы келісім жасалғаннан үш жыл өткен соң, «ҰАТ» АҚ сонымен қатар Қазақстан, Орталық Азия елдері, Моңғолия мен Түркияда СБЕР компаниялар тобының Platform V платформасын орнатуға, енгізуге және пайдалануға 20 жылға сублицензия алады.

Фото РБК сайтынан алынған

Құқық қорғаушылар қауымдастығы әуел бастан бұл келісімнің ақылға қонымды екеніне күмәнмен қарап, қауіпсіздік жайы не болар екен деп алаңдады.

«Техникалық жағынан да, құқықтық тұрғысынан да алаңдап тұрмыз, – деді Vласть-қа құқық қорғаушы Әрсен Әубәкіров. – Бұл әлі қолда жоқ, жасалмаған шетелдік платформа, мұндай қаражатқа не екені белгісіз нәрсені алу өте қауіпті. Бұл шешімнің қаншалықты тиімді болатыны түк түсініксіз. Дені дұрыс талқы болмағаны, ал ақпараттың өте аз екені көңілге қаяу салады».

Әубәкіровтің ойынша, мемлекеттік платформаның қандай да бөлігін аутсорсқа берудің салдары «біздің қауіпсіздігіміздің бұзылуына алып келуі мүмкін».

«Жеке деректерге, сондай-ақ мемлекет деректеріне де қатер төнуі мүмкін, – дейді ол. – Әзірлеушілер басқа елде екенін, жүйе жұмысы мүлт кеткен жағдайда ол әзірлеушілерге Қазақстан халқы қандай қатерге ұшырайтынына бәрібір екенін ескеру қажет. Ол сервистерде бәрі бар, қазір барлық мемлекеттік қызмет соның ішіне кіріктірілген».

Құқық қорғаушы цифрлық даму министріне өзін эксперттік комиссия тобына қосуын сұрап жазғанын айтты. Ол Facebook парақшасында осы мақсатта байланысуға болатынын жазған.

«(...) Ол комиссия құрамына кіргісі келетіндер тізімі жасақталып жатыр деп жауап берді, – дейді Әубәкіров. – Тізім қашан дайын болатынын әлі айтпады».

Цифрландырудың қажеті қанша?

Цифрлық даму министрі электрон үкіметті платформа моделіне көшіру не үшін қажет екенін Қазақстанда 15–20 жыл ішінде 400-ге жуық бытыраңқы ақпараттық жүйелерден «технологиялар зоопаркі» пайда болып, оның өзгерістер енгізу және жаңа сервистер әзірлеу процесін баяулататынымен түсіндірді.

Цифрлық даму министрі СБЕР-ді таңдауға компанияның бастапқы кодтарды беруге келіскені әсер еткенін айтты. Оның сөзінше, еліміз 2017 жылы Microsoft компаниямен келіссөз жүргізген, бірақ олар оны беруден бас тартқан.

«Сондықтан ұлттық қауіпсіздік комитеті мен ақпараттық қауіпсіздік заңнамасындағы талаптарға сәйкес келетін осындай шешім іздедік», – деді ол қыркүйектің 9-ы Atameken Business телеарнасы эфирінде. Ол сондай-ақ бұл шешім ұлттық қауіпсіздік комитеті, үкімет пен президент әкімшілігінде талқыға түскенін қоса кетті.

Меморандумда СБЕР компаниясының стратегиялық әріптесі ретінде көрсетілген BTS Digital компаниясы неліктен СБЕР таңдалғаны туралы сұрақтың жауабын білмейді екен.

«Бірақ технология және эксперт тұрғысынан, бұл шешімді қабылдауға әсер еткен СБЕР факторларын түсінуге болады, – дейді BTS Digital компаниясының директоры Нұртай Әбілғалиев. – Біріншіден, техника тұрғысынан қарасақ, СБЕР-дің бүгінде не нәрсеге жанын салғаны, өз платформасын құрастыра отырып, қандай технологияларға басымдық бергені, барлығын біріктіріп, жинау үшін қанша ресурс жұмсағаны бүгінгі таңдағы ең заманауи стек жасауына мүмкіндік берді».

BTS Digital бас директоры Нұртай Әбілғалиев. Фото авторы: Алмас Қайсар

Әйтсе де, қазақстандық мамандар өзіміз-ақ әлемдік технологиялар стегін ұсына алатын едік дейді, сондай-ақ кейбір мемлекеттік сервистер жақсы-ақ жұмыс істеп тұрғанын алға тартты.

«Ашығын айтсақ, біздің электрон үкіметтің кемшіліктерімен қатар, бірқатар артықшылығы да бар, – деді Samgau холдингінің стратегия директоры Евгений Максимов Atameken Business телеарнасы эфиріндегі талқыда. – Біздің электрон үкіметте өзге елдерде, Ресей Федерациясында жоқ өте қызық мемлекеттік қызметтер бар. Одан бөлек, сіз „технологиялар зоопаркі“ деп атап отырғаныңыздың ішінде де жақсы әрі табысты дүниелер де бар. Соның ішінде бір министрлікте біздің «Самғау» холдингі әзірлеген интеграциялық модуль бар, ол күніне 37 миллионнан 63 миллионға дейін хабарламаны өңдеуді қамтамасыз етеді. Салыстырып қарасақ, қолдануға ұсынылып жатқан СБЕР платформасы қолда бар мәліметтерге сүйенсек, 100 миллион хабарламаны өңдеуге арналған. Сауалнама жүргізген кезде біз зерттеген электрон үкімет порталы күніне шамамен 70 миллион хабарлама өңдей алады деп шықты. Бұл цифрдің бәрі салыстырмалы түрде. Мысалы, өзіміздің қалыпты жұмыс істеп тұрған өніміміз де Сбербанк платформасының бөлігі секілді опен соурстегі Kafka бағдарлама өнімі негізінде құрылған. Ол Ресей әзірлеген өнім емес, әрине, қазақстандық та өнім емес, бірақ екі жағдайда да екі елдің бағдарламашылары оны дұрыс қондырып, қажет бөлшектермен қамтамасыз ете алуы керек. Иә, одан бөлек, көптеген қазақстандық не өзге де компанияның өзге салаларда жетістікке жетіп жатқан шешімдері жетерлік».

Максимовтың сөзін рейтинг нәтижелері дәлелдей түседі: БҰҰ шығаратын электрон үкімет рейтингінде Қазақстан Ресейді басып озған.

Қазақстан IT компаниялар ассоциациясының президенті Нұрлан Исин сонау сәуірде министрмен кездесу барысында IT қауымдастықтың платформа жасауға дайын екенін айтқан:

«Біз Сбербанкке қарсымыз. Неге СБЕР? Олардың түк ерекшелігі жоқ. Технологиясы да қарапайым, Platform V платформасына негізделіп жасалған. Біз процесті жазып берсек болғаны, қалғаны автомат түрде шығады, бізде ондай технологиялар бар. Сондықтан осы мәселелерді біліп алған жөн. Ал шетелден жеткізуші шақырсақ, басымызды қатерге тіккенмен тең. Адамдар осы бағытта жұмыс істеуге дайын екенін біле тұра, Сбербанктің бізге не қажеті бар? Сіз айтқан тәсілдер дұрыс, оларға толығымен келісеміз, оның бәрін істеу қажет. Бірақ оны өз күшімізбен істейік, біздің бұған қауқарымыз жетеді».

Цифрлық даму министрі қажет технологияларды құрастыруды неліктен қазақстандық әзірлеушілерге тапсырмайтынын ашық айтпады. Ол цифрландыру жобасы бес жылға жоспарланғанын және шамамен 500 миллион доллар қаражат кететінін ғана айтты.

«Бұл қаражаттың қандай да бөлігі жергілікті IT нарығына инвестицияланады, ол ақшаны қазақстандық компаниялар платформа тәсілін енгізу жұмысы аясында алады. Соманың тағы бір бөлігі инфрақұрылым шешімдеріне, қалғаны СБЕР-ден сол шешімді алуға жұмсалады», – деп жазды кейінірек министр Facebook парақшасында.

Цифрландыруға қаражатты меморандумға сәйкес, «Сбербанк» «ҰАТ» АҚ-ына негізгі борыш пен оған қызмет көрсету бойынша пайыз мөлшерінде мемлекеттік кепілдік бойынша несие желісі түрінде бөледі. «Несие желісі 2022 жылғы бірінші тоқсанның аяғына қарай бес жүз миллион АҚШ долларына теңестіріліп, Ресей рублімен беріледі», – деп жазылған құжатта.

Фото Жанар Каримованікі

Былтыр желтоқсан айында СБЕР Ресей Федерациясының «Гостех» бірыңғай цифрлық платформасын әзірлеу ашық аукционында жеңгені белгілі болды. Бұл платформа базасында мемлекеттің бизнес және халықпен қарым-қатынасына қатысы бар барлық сервис жұмыс істейтіні хабарланды. Бұл жобаға ВТБ, «Ростелеком» және «Ресей поштасы» да қатысуға дәмелі болғанына қарамастан, тендерге тек Сбербанктің өтініші қатысқан.

«Сбер мемлекетке арналған платформаның негізі ретінде өз технологияларын қолданады. Олардың кейбірі, мәселен, өздерінің Platform V бұлт платформасының бөлігі ретінде қолданылады. Ал ол болса, Сбердің өз өнімдерін нарыққа шығару қарқынын 7 есеге көбейтті», – деп хабарлады банктің баспасөз қызметі.

Ресей Федерациясына әзірленген Гостехтің келісімшарты 900 миллион теңге, былтыр желтоқсандағы бағаммен 12,3 миллион доллардан сәл асады.

Softline компаниялар тобының ұлттық жобалармен жұмыс жөніндегі бас директорының орынбасары Андрей Шолохов маусым айында «Коммерсант» газетіне айтқан пікірінде Ресейдегі Gostech-ті әзірлеу эксперименті бір жарым жылға созылатын болса, онда бүкіл платформаның бюджеті 4–6 миллиард рубльге (55,18–82,6 миллион доллар) шығуы мүмкін екенін айтқан.

Ресей Гостех цифрлық платформасын әзірлеу туралы ниетін шынымен де бір экспериментің бастауы ретінде хабарлаған. «Мемлекеттік ақпарат жүйелерін біріктіретін “Гостех” цифрлық платформасын әзірлеу жөніндегі эксперимент жексенбі басталып, 2022 жылғы 31 мамырға дейін жалғасады», – деп хабарлады мемлекеттік агенттік ТАСС.

Былтыр желтоқсан айында «Коммерсант» газетіне сұхбат берген сарапшылар «Гостех» операторының мәртебесі Сбербанкті геоақпарат жүйесін әзірлеу нарығында монополистке айналдыру мүмкіндігі бар екеніне алаңдаушылық білдірді. Ал банктің баспасөз қызметі олай емес дейді: «Бірыңғай мемлекеттік цифрлық платформаны әзірлеу үшін Сбербанк ұсынатын технологиялар жиынтығы әзірлеушілерге ресурсын әуел бастан үнемдеуге және бірден озық бұқаралық сервис жасауға мүмкіндік береді. Осылайша, Сбер геоақпарат жүйесін әзірлеу нарығында монополист атанбайды, керісінше: оған өсіп, дамуға көмектесетін технологиялар ұсынады. Жақында интеграторлар, әзірлеушілер мен басқа компаниялар әртүрлі бөлім үшін геоақпарат жүйесін әзірлеуді жалғастырады, бірақ мұны Гостех платформасын пайдалана отырып жасайды, бұл әлдеқайда тиімді, жылдам әрі сенімді».

Сбербанктің басқарма төрағасы Герман Греф Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Премьер-Министр Асқар Мамин және Қазақстан үкімет мүшелеріне цифрлық трансформация жайлы презентация жасаған сәті. Астана, қараша 2020 жыл, сурет “Ақорда” сайтынан алынған

Қазақстандық әзірлеушілер қайда?

Қазақстанда GovTech платформасын құру және геоақпарат жүйелерін әзірлеуге нарықтан IT компанияларды консорциум тартатын болады. Ал оны құру СБЕР компаниялар тобының стратегиялық әріптесіне тапсырылды. Меморандум мәтінінен ұғатынымыз, бұл серіктес компания үш жыл бұрын құрылған, ірі тау-кен өндіруші компаниялардың бірі саналатын, акцияларының 40% Қазақстан үкіметіне тиесілі Eurasian Resources Group-тың (ERG) BTS Digital компаниясы. Десе де, ERG тобының сайтында BTA Digital, оның миссиясы мен мақсаты туралы ақпарат жоқ. Компания пандемия кезінде белсенді түрде мемлекетке әртүрлі сервисті тегін істеп берумен, сүранысқа ие мемлекеттік қызметтерді өзінің Aitu платформасында біріктірумен айналысқан. Оған қарамастан, компания бұл салада өзін монополист есептемейді.

BTS Digital компаниясының басшысы Нұртай Әбілғалиев Vластьқа берген сұхбатында компанияның көздегені ақша емес екенін, әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысатынын айтты.

Әбілғалиевтің сөзінше, қазақстандық IT компаниялар Мәскеуге СБЕР технологиясымен танысуға барғаннан кейін BTS Digital банкке әріптестік туралы ұсынысты өзі айтыпты: «Олардың өнімдерінің технологиялық мүмкіндігін көргеннен кейін осы технологияларды бірлесе қолданайық деп бұл әңгімені өзіміз бастадық. (...) Әрине, біз өз тарапымыздан бұл туралы жиі айттық, нәтижесінде олар бізбен стратегиялық түрде жұмыс істеуге келісті». Ол сондай-ақ компания таңдауын «BTS Digital – қажет технология стегі, ұйымдасқан мәдениеті, ұзақмерзімді әрі байсалды инфрақұрылымдық жобалар жасауға адам ресурсы жететін бірнеше компанияның бірі», – деп түсіндірді.

«Біз өзімізді технология жағынан да, ішімізде қандай мәдениетті қолдап, дамытатынымызды да көрсете алдық, – дейді Әбілғалиев. – СБЕР деген не, оның басқа банктерден қандай айырмашылығы барын айтар болсақ, ол клиенттер портфелі емес, бөлініс те емес, бұл олардың цифрлық компания жағына қарай ығысуы. Греф AGILE-дің жанкүйері десек те болады және олар осы жолда біраз жетістікке жетті. Сондықтан біздің ұйымдасқан мәдениетіміз СБЕР аса мән берген үлкен фактор. Сондай-ақ біз өте тұрақты компаниямыз, артымызда салмақты топ та бар. Біздің келісімге келу және клиенттермен қарым-қатынас бойынша compliance (заңнама талаптарына сәйкестік – V), anticorruption стандартымыз өте жоғары. Осы тұрғыдан әлемдік стандарттарды ұстанамыз. Сондықтан технологиялық, ұйымдастырушылық, институционалдық қырымыздың үйлесімі СБЕР-дің дәл бізді таңдауына себеп болды».

Тағы мән беру керек нәрсе, сәуірдің кезінде-ақ цифрлық даму министрі қазақстандық әзірлеушілермен кездескен кезде платформа таңдамадық деген еді. Ал BTS Digital компаниясы тілге тиек етілген. Кездесу модераторы Рахым Ошақбаевтың «платформа – ұлттық қауіпсіздік мәселесі» дегеніне министр былай жауап берген:

«Қазір зерттеп, болашаққа көз тастауымыз – дамудың келесі кезеңі десек болады. Цифрлық даму министрінің өзге елдерге барып, шешімдерді қарауы, цифрлық даму министрінің СБЕР-мен сөйлесуі, SpaceX-тегі адамдармен араласуы қалыпты нәрсе. Осы секілді қарапайым қарым-қатынас пен достықты сатқындық деп есептемеу керек. Не сіздерсіз бірдеңе шешті деудің керегі жоқ. Ешкім осы секілді шешімдерді қабылдайын деп те жатқан жоқ. (...) Қазір цифрлық салаға жүздеген миллион доллар қаражат салған ERG – BTS Digital-мен де араласам. Неге? Олардың ақшасы бар. Олар қаражат салады, шақырады. Қателеседі. Шетелден тартады. Көреді. Қателеседі. Одан қашып құтыла алмайсың, осыны бастан өткеруіміз қажет».

Фото Жанар Каримованікі

Қазақстандықтардың дерегі не болмақ?

Көптеген қазақстандық электрон үкімет жұмысына шетел компаниясы араласса, жеке деректеріміздің қауіпсіздігі не болмақ деп уайымын білдірді. Бұл туралы қазақстандық IT компаниялар ассоциациясының президенті Нұрлан Исин Atameken Business телеарнасындағы эфирде өз позициясын айтты:

«Халықтың осы мәселеде басы қатып кетті. Иә, ақпараттық ресурс ұлттық мақтаныш екені сөзсіз. Ол екі бөліктен тұрады: бірі – халық алаңдап жүрген жеке дерек, екіншісі – оны басқаратын бағдарлама жасақтамасы. Осы екі цифрлық актив. Бұл жерде бағдарлама өнімдері, яғни біздің деректерімізді басқаратын цифрлық актив туралы сөз болып тұр. Еген мұны шетелдік бағдарлама басқаратын болса, біз мұны SAP мысалында-ақ көріп жүрміз, яғни әзірлеушісіз араласа алмайсыз. IT қауымдастық көтерген мәселелердің бірі – осы бағдарлама өнімін сатып алудағы талаптар». Ол сондай-ақ Қазақстанға цифрлық дербестік қажет пе, иә болса, оны қалай қамтамасыз етпек деген мәселе көтерді.

Бағдат Мусин сатып алынатын бағдарламалық өнімді әзірлеу, барлық қызметті біріктіру және деректер мен бизнес-процестерді тасымалдау қазақстандық мамандарға тапсырылатынын, ал деректер базасы Қазақстан аумағында қауіпсіз инфрақұрылымда орналастырылатынын, ресейлік мамандар оған кіре алмайтынын айтты.

«Тіпті технология жағынан қандай да бір көмек қажет болған күннің өзінде, ол мемлекеттік техникалық қызмет қызметкерлерінің бақылауымен жүзеге асады», – деді министр.

Меморандумда көрсетілгендей, СБЕР бағдарлама жасақтамасында барлық функция құжатталатынына кепілдік береді. GovTech платформасының қауіпсіздігіне Қазақстан Республикасы «Мемлекеттік техникалық қызметі» АҚ жауап береді. Сондай-ақ ол жауапкершілікті лицензиясы бар, мамандандырылған Қазақстан Республикасының резидент ұйымына бере алады. Сондай-ақ МТҚ Platform V компонентеріне аудит жүргізіп, СБЕР компаниялар тобының GovTech платформасын әзірлеу жұмысы барысында енгізген кез келген жөндеу және жетілдіру қызметі туралы ақпаратты ала алады. Шетел мамандарының GovTech-ке кіре алуы МТҚ мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.

Бағдат Мусин Atameken тікелей эфирінде мемлекеттік ақпараттық жүйелер аудитіне бәрібір де шетел мамандары тартылатынын айтты:

«Бұл процеске Сбер-ге еншілес компаниялары қатысатыны рас, бірақ олар барлық жұмысты атқармайды. Олар деректер мен ақпарат жүйесіне қатысты жұмысты емес, инфрақұрылымға қатысы бар бөлігін ғана орындайды. Олар МҚТ-мен бірлесе отырып, байланыс арнамызды, серверлерімізді өлшейді, яғни бұл желі инфрақұрылымы мен сервер инфрақұрылымы.

СБЕР-ге барып, Platform V-ге қоса, Mail.ru мен Яндекс технологияларымен танысып келген 20 қазақстандық маманның жиынтық қорытындысында бұл технологияларды қолданып, ұлттық қауіпсіздік мәселесіне қатысты қауіп сейілмейтінін, себебі деректеріміз 100 пайыз сақталады деген кепілдік жоқ екенін алға тартады.

Митингтер, талаптар мен болашақ бітім

Қазақстандықтар СБЕР-мен қол қойылған меморандумды бірнеше күннен кейін әлеуметтік желілерде қызу талқылап, сөге бастады. Мемлекет әуел бастан жауабын айтпаған сұрақтардың басым бөлігі деректерді сақтау, оның құны мен серіктес таңдауға қатысты еді.

Алматыдағы Демпартия митингі, 18 қыркүйек. Фото Алмас Қайсардікі

“Бұл үкімет пен Қазақстан халқын Ресейге тәуелді етіп қоюдың бір амалы деп қорқамыз. Шынымен қауіпті. Жеке деректеріміздің көп бөлігі Ресей компаниясына беріледі”, – дейді тіркелмеген Демократиялық партияның лидері, саясаткер Жанболат Мамай меморандумға қол қойғаннан екі апта өткен соң Vластьқа.

Бұған дейін екі күн бұрын ол жақтастарымен бірге Алматы орталығына шығып, бұл келісімге қарсылығын білдірді. Полиция толыққанды митинг өткізуге кедергі келтірсе де, Мамай мен жақтастары СБЕР келісімшартына қатысты мұңын шағып үлгерді.

Мамай цифрландыру мәселесіне қатысты жаңа акциялар мен қоғам талқысын өткізуді уәде етті.

Ал тағы бір оппозиция саясаткері, тіркелмеген “Наше право” партиясының лидері Санавар Закирова басқалай әрекет етті: ол меморандумның күшін жоюды талап етіп, сотқа жүгінді. Ал сот арызды қараудан бас тартты. Өйткені олар [сот – V.] түсініктемеде меморандум әлі ұсыныс күйінде екенін алға тартқан.

“Өйткені олар [сот – V.] түсініктемеде меморандум әлі ұсыныс күйінде екенін алға тартқан. Алайда кеше меморандумды оқыдым, онда меморандум қол қойған сәттен бастап күшіне енетіні жазылған”, – деп, апелляцияға дайындалып жатқанын айтты Закирова.

“Барлық жұмысымызды Egov-та бітіреміз: сату-сатып алу, мұра, туу, өлім, сот кабинеті. Осының бәрі шетел платформасында болады. Меморандумға сәйкес, олар 20 жыл бойы техникалық көмек көрсетеді. Бұл не дегені? Яғни олар 20 жыл бойы біздің ақпарат жүйемізге емін-еркін кіре алады”, – деп уәжін түсіндірді Закирова.

Еліміз меморандумға қол қою барысында да сол баяғы әдетіне көшті: құжат туралы жасарын жасап алғаннан кейін айтылды, оны сынға қалғаннан кейін ғана түсіндіре бастады, ал түсіндірген кезде қоғамды бұл тақырыптан хабардар еместей көрсетіп, бұл істі кәсіби мамандарға қалдыру керек деді.

Министр Мусин құжатқа қол қойғаннан кейін бір ай бойы журналистер сауалына жауап берудің орнына, пресс-конференцияларда бой көрсетпеді, мемлекеттік арна төңірегінде ғана жүрді. Ал СБЕР-дің Қазақстандағы бас стратегиялық әріптесі BTS Digital үш жыл ішінде бірінші рет ауқымды сұхбат беріп, прессамен шағын брифиңге қатысты. Мұның бәрі ауқымды түсіндірме жұмысына ұқсай қоймады.

Енді үкімет пен СБЕР әрі қарай қандай қадамға баратыны төңірегінде сұрақ әлі көп.

Меморандумға сүйенсек, СБЕР-мен келісімге 2021 жылғы 31 желтоқсанға дейін қол қойылуы керек, ал келер жылғы бірінші тоқсанның соңына дейін ҰАТ Сбербанк ашып беретін 500 миллион доллар көлеміндегі несие жүйесіне қолы жетуі керек.

Қызығы, Мусин СБЕР-мен келісімге 2020 жылғы наурыз айында қол қоямыз деді. Платформаны құру жөніндегі министрдің дерегі мен меморандумда жазылған дерек екі түрлі. Мусин бес жыл десе, меморандум төрт жыл дейді.

Оған қоса мемлекеттік органдардың IT жүйесінің аудиті де аяқталуға тиіс, бұған қазақстандық компаниялар әзер дегенде, аудит мерзімі аяқталуға екі ай қалғанда қол жеткізді. Бұған сәйкес цифрлық даму министрлігінің платформадағы жұмыстың ашықтығын қамтамасыз ететін қоғамдық кеңес құрамыз деген уәдесі де көңілге қонымсыз.

Меморандумға қол қойылғаннан кейінгі айдан соң да оның төңірегіндегі дау саябырсымай тұр. Себебі көп сұрақтың әлі де жауабы жоқ. Серіктесті таңдау мен әлеуетті келісімнің сомасынан бастап, деректердің қауіпсіздігіне дейін. Меморандум келісімге ұласып, платформаның жұмысы басталып кеткенге дейін бұл сұрақтарға жауап табатынымыз екіталай.