5341
16 ноября 2021
Назерке Құрманғазинова, Vласть

Электр тапшылығы, мобильдік аударымдар үшін салық, Қазақстанға Pfizer екпесінің келуі

Өткен аптада қандай маңызды оқиғалар болды?

Электр тапшылығы, мобильдік аударымдар үшін салық, Қазақстанға Pfizer екпесінің келуі

Қараша айының басынан бері Қазақстанның бірнеше өңірінде электр энергиясы жиі өшіріле бастағаны белгілі болды. Электр жарығы тапшылығы қарапайым тұрғындармен қатар өнеркәсіптік кәсіпорындарда да байқалды. Қазақстандағы негізгі электр энергиясын жеткізуші KEGOC ұлттық компаниясы бұл жағдайды елдегі электр энергиясын тұтыну қарқынының жоғарылауымен байланыстырады.

Қазақстандағы электр тапшылығы

Апта басында әлеуметтік желіде Қазақстанның кем дегенде алты өңірінің тұрғындары ара-тұра жарық өшіп қалатынын хабарлай бастады. Сонымен қатар, Алматының екі ірі энергиямен жабдықтаушы кәсіпорнының бірі “КазФерроСталь” KEGOC компаниясы енгізген электр энергиясын тарату шектеулеріне байланысты Алматының бірнеше өнеркәсіптік кәсіпорны тоқтап қалуы мүмкін екенін хабарлады.

Алайда 10 қараша күні KEGOC компаниясы тұрмыстық, әлеуметтік маңызды нысандарда шектеу болмағанын мәлімдеді. Сол күні Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев Жамбыл облысында өткен кеңесте аптаның соңына дейін халыққа электр энергиясын беруді шектеу мәселесін шешуді тапсырды. Ол үшін Жамбыл ГРЭС-інде үшінші резервтік блок қосылып, 4 және 5-блокты қалпына келтіру басталмақ.

Бұған дейін 4 қараша күні KEGOC электр тұтынудың ауытқымалы өсуі ең алдымен криптовалюта өндірумен айналысатын майнерлер үлесінің артуына байланысты екенін мәлімдеп, жоспардан тыс тұтыну болған жағдайда, тұтынушылардың жекелеген санаттарына электр энергиясын беру шектелетінін ескерткен еді. Энергетика министрлігі де, KEGOC компаниясы да резервтік қуатты іске қосу және Ресейден электр энергиясын импорттау арқылы елдегі энергия дағдарысынан құтылатынына сенімді.

KEGOC деректері бойынша, 2021 жылдың 10 айында электр энергиясын тұтыну оңтүстік аймақ бойынша – 11,8%-ға, cолтүстік аймақ бойынша – 5,8%- ға, ал батыста 2020 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, 6,6%-ға өскен.

Фото авторы: Дәнияр Мүсіров

Кәсіпкерлердің мобильді аударымдарын қадағалауды қарастыратын жаңа заң жобасы

10 қараша күні парламенттің төменгі палатасы кәсіпкерлердің мобильдік аударымдарын бақылауды қарастыратын, сондай-ақ шетелдік интернет дүкендерге қосымша құн салығын төлеуді міндеттейтін «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Қаржы министрінің орынбасары Марат Сұлтанғазиев жаңа заң жобасын түсіндіргенде, заңға “мобильді төлем” ұғымы енгізіліп, кәсіпкерлер аударымдар үшін жеке шот ашуы керек екенін атап өтті.

«Кәсіпкерлер жұмыс барысында мобильді аударымдарды пайдаланса, бөлек есепшот ашуға тиіс. Ал оған төлеген адамның кімге және не үшін ақша аударғанын көрсетуге құқығы бар. Қазір ондай мүмкіндік жоқ. Тек қана “ақша аудару” бар, “төлем” деген жоқ. Сол мобильді төлем ұғымын заңға енгізіп отырмыз», – деді Сұлтанғазиев журналистерге берген сұхбатында.

Сонымен қатар, жаңа заң жобасы интернет арқылы қазақстандық тұтынушыларға қызмет көрсетіп отырған Amazon, Netflix, Google сияқты шетелдік компаниялардың қосымша құн салығын төлеуді қарастырады. Заң талаптарын орындамаған компанияларға айыппұл салынуы немесе бұғатталуы мүмкін.

«Интернет компаниялар арқылы алып-сату мөлшері жылдан-жылға көбейіп жатыр. Сол себепті интернет арқылы сатып алынған тауарларға қосымша құн салығы салынады. Өйткені адам тауарды осында алып келіп, кеден арқылы кіргізсе, оған қосымша құн салығын тауар импортталған кезде төлейді. Ал интернет дүкендерден алынған тауар пошта арқылы келеді де, оған салық төленбей қалады. Сол себепті оны реттеу үшін осындай заң керек», – деді қаржы министрінің орынбасары.

Бұдан бөлек мәжілістің бірінші оқылымында мақұлданған заң жобасы тұтынушылардың құқығын қорғау және қоғам тарапынан бақылауды күшейту мақсатында «салық төлеуші куәлігін» енгізу мәселесін қарастырмақ. Сондай-ақ, заң жобасында 2023 жылдан бастап арнайы салық режимдерін және бірыңғай жиынтық төлемді қолдануға рұқсат етілген қызмет түрлері қайта қаралады.

Фото авторы: Дәнияр Мүсіров

Pfizer вакцинасы Қазақстанға жеткізілді

Сәрсенбі, 10 қараша күні кешке Pfizer вакцинасының алғашқы партиясы Қазақстанға жеткізіліп, 12–18 жас аралығындағы жасөспірімдерге, жүкті және бала емізетін әйелдерге салына бастады. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Pfizer вакцинасының 4 млн 230 мың дозасы сатып алынғанын мәлімдеді. Бұл 2 млн 115 мың адамды қамтуға мүмкіндік береді.

«Коронавирус инфекциясына қарсы вакциналау республиканың білім беру ұйымдарында және егу пункттерінде жүргізіледі. Кәмелетке толмағандар мен жасөспірімдердің ата-анасының немесе өзге де заңды өкілінің ерікті түрде хабардар етілген келісімінен кейін ғана вакцина салынады», – деді Цой.

Алматыда 12–17 жас аралығындағы 170 мың жасөспірім болса, соның шамамен 20%-ының (34 мыңға жуық) ата-анасы баласына Pfizer вакцинасын салуға келісім берген. Бұл туралы Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Светлана Сұлтанғазиева мәлімдеді. Ол ата-аналарға вакцина туралы түсіндіру жұмысы жүріп жатқанын айтты.

Соңғы деректер бойынша, елімізде КВИ жұқтырған 957 537 жағдай тіркелген.