7145
9 февраля 2022
Вячеслав Абрамов, суретті Жанар Каримова түсірген

Ерболат Досаев: бизнестен шыққан технократ

Досаев алғаш рет кризис-менеджер қызметін атқармақ

Ерболат Досаев: бизнестен шыққан технократ

31 қаңтарда Алматыға жаңа әкім тағайындалды. Ол – бұрын бизнес саласында болған, кейінгі 20 жылда жоғары лауазымдарда қызмет етіп, талай дағдарыс кезеңін бастан өткерген Ерболат Досаев. Оның алдында қаңтар оқиғасынан кейінгі қаладағы өмірді қалпына келтіруден бөлек, айтарлықтай сынға ұшыраған биліктің беделін қалпына келтіру міндеті тұр. Vласть ең жүгі ауыр қызметке тағайындалған шенеуніктің мансап жолын баяндап бермек.

Жас бизнесмендер

Ерболат Досаев Алматыдағы республикалық физика-математика пәндерін тереңдетіп оқытатын мектептің түлегі. Бұл мектепті тәмамдаған белгілі адамдар арасында Кәрім Мәсімов пен Тимур Құлыбаев та бар. Мұнда талай министр, әкім, бизнесмендер мен Ұлттық банктің екі төрағасы оқыған.

Досаев тоқсаныншы жылдардың басында Алматы энергетика институтын бітіре сала, сыныптастары Нұрлан Қаппаров пен Берік Қаниев секілді бизнес саласына бет бұрады.

Досаев Қаппаровпен бірге 1990 жылдары саудамен айналысатын «Акцепт» корпорациясында қызмет етті. Екеуі де мемлекеттік қызметке бір уақытта орналасты: 27 жастағы Қаппаров 1997 жылы «Қазақойл» ұлттық мұнай-газ компаниясының басшысы атанды, араға бірнеше ай салып, 28 жастағы Досаев премьер-министрдің кеңесшісі қызметіне тағайындалды. Ол оған дейін болашақ олигарх Болат Өтемұратовтың Алматы сауда-қаржы банкін басқарған.

2001 жылы Досаев Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің басшысы болды, ал екі жылдан кейін, 33 жасында Қаржы министрі атанды. Араға бір жыл салып, электрондық технология инженері Денсаулық сақтау министрлігінің басшылығына келді. Оны мұнда медицина саласынан алыс менеджер бұл саланы жақсы басқара алатын болар деген оймен тағайындады.

2006 жылы Досаев отставкаға (толығырақ төменде) кетіп, бизнеске оралды. Ол ескі досы Нұрлан Қаппаровпен қызметтес болды. Сондай-ақ Берік Қаниев және Юрий Пакпен бірлесе отырып, мұнай кәсіпшілігі, тау-кен металлургиясы және қаржы саласына негізделген Lancaster Group корпорациясына иелік етіп, басшылық етті.

Досаев – Forbes жария еткен байлар тізіміндегі санаулы шенеуніктің бірі. 2014 жылдың мамырында журнал оның байлығын 110 миллион доллар деп бағалады.

Ерболат Досаев 2012 жылы активтерін серіктестеріне бергенін айтып, мемлекеттік қызметке қайта оралды. Дәл бұрынғыдай, бірнеше ай бұрын бірінші болып мемлекеттік қызметке Нұрлан Қаппаров та оралды. Ол кейінгі үш жыл Қоршаған ортаны қорғау министрі және «Қазатомпром» ұлттық компаниясының басшысы қызметін атқарып үлгерді. Ал 2015 жылы 45 жасында дүниеден өтті.

Нұрлан Қаппаровты ақтық сапарға шығарып салу сәті, Алматы, 2015 жыл, 29 наурыз, суретті Жанар Каримова түсірген

Мамыр айында 52 жасқа толатын Досаев кейінгі он жылда өзінің қатысы бар толассыз дағдарыс пен отставкадан кейін де мемлекеттік қызметтен кетпеді. Ол бұл аралықта Экономика министрі, «Бәйтерек» холдингінің басшысы, вице-премьер, ал кейінгі үш жылда Ұлттық банктің төрағасы қызметін атқарды. Осы қызметінен кейін Алматы әкімі қызметіне жайғасты.

Дағдарыс кезеңі

2006 жылы жазда Шымкент қаласында қан құю кезінде балалардың АИТВ инфекциясын жұқтырғаны белгілі болды. Ұзаққа созылған тексеруден кейін бірнеше аурухана дәрігері қан құю кезінде таза құралдар қолданбағаны, сондай-ақ өзге де кемшіліктерге жол бергені анықталды.

Одан кейін 149 бала ауырғаны белгілі болып, 20-дан аса дәрігер мен жергілікті шенеунік жазаланды. Осы жанжал тұсында Денсаулық сақтау министрі Ерболат Досаев отставкаға кетті: қоғам наразылығынан кейін кетпеске болмады. Ол мемлекеттік қызметке араға алты жыл салып қайта оралды.

Бұл жанжал Қазақстандағы медицинаға деген көзқарасты айтарлықтай өзгерткені сөзсіз.

Досаев 2016 жылы, сол кезеңдегі ең ірі жер митингілері тұсында екінші рет отставкаға кетті. Халық наразылығына Жер кодексіне енгізілген шетелдіктерге ауыл шаруашылық жерлерін жалға беруге болатын түзетулер себеп болды. Наразылық толқыны әуелі батыста басталып, кейін өзге өңірлерге жайылды. Митингке шыққандардың талабы көбейе түсті.

Сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев үкімет отырысында Досаевтың орынбасары Қайырбек Өскенбаевты (қазіргі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі) отставкаға жіберді. Бірақ Досаев өз еркімен отставкаға өтініш берді. Сол кезде Назарбаев Досаевтың еш кінәсі жоғын әрі оның жақсы маман екенін алға тартты. Сөйтіп, ол жұмыссыз қалмады, «Бәйтерек» холдингінің басшысы қызметіне кірісті.

Атыраудағы жер митингі, 2016 жылдың сәуір айы, “Орал апталығы” түсірген сурет

Дәл сол 2016 жылы Досаевтың карьерасына айтарлықтай әсерін тигізе алатын, бірақ оны айналып өткен басқа жанжал туды. 2016 жылдың қарашасында Ұлттық банк Қазинвестбанк деген шағын коммерциялық банкті лицензиясынан айырды. Ал ол банкті 2006-2007 жылдары Досаев басқарып, директорлар кеңесінің төрағасы болған.

Қазинвестбанк 1993 жылы KazInterBank атауымен қызметін бастады, құрылтайшылары Қазақстан үкіметі мен Chase Manhattan Bank NY идеясы бойынша, ол Орталық Азиядағы алғашқы инвестициялық банк болды. 1995 жылы Қазақстан үкіметі шетел банкінің үлесін сатып алды, ізінше «Центробанк» меншігіне өтті.

Бұл банк 2003 жылға дейін жергілікті кәсіпорындарға инвестиция тарту және осы компаниялардың мемлекеттік үлесін жекешелендірумен айналысты. Ал одан кейін банктің акционерлер құрамы толық өзгеріп, «Қазинвестбанк» АҚ деп атала бастады. 2008 жылға қарай банктің қызмет көрсету аясы кеңейді.

2016 жылдың наурызына дейін Қазинвестбанктің акционерлері Lancaster Group құрылтайшылары Досаев, Қаниев, Пак және Қаппаровтар отбасы болды. Ал көктемде олар акцияларын жеке тұлғаларға сатып жіберді.

Қазан айының соңында Ұлттық банктің директорлар кеңесінің төрағасы мен оның бұрынғы басқарма төрағасы Нұржан Жаңабековке «Қазинвестбанктің» ірі қатысушысы мәртебесін беруге рұқсат берді. Арада бір ай өткен соң банк лицензиясыз қалды.

Құқық қорғау органдары банк құрдымға кетуге жарты жыл қалғанда кеткен акционерлерден олардың әрекеті банктің жағдайына қалай әсер еткені туралы сұраған-сұрамағанын айтпады.

Бұл істе «тәжірибесі жоқ» технократ

Ерболат Досаев – кейінгі жиырма жылда бірнеше министрлікті, Ұлттық банкті, ұлттық холдинг пен үкіметті басқарып үлгерген тәжірибелі шенеуніктердің бірі. Былтыр желтоқсан айында сол кездегі премьер-министр Асқар Маминнің қызметіне лайық бірден-бір адам ретінде айтылатын.

Жаңа әкімнің мемлекеттік қызметте ұзақ уақыт қызмет еткені мен бизнестен хабардар екенінен басқа бір айқын артықшылығы бар. Ол – Досаевтың банкирлермен ғана емес, индустриядағы ең ірі ойыншылармен жұмыс істегені. Қала бюджеті тікелей бизнеске байланысты болғандықтан, оған Алматыдағы бизнес ісін өрбіту қиынға соқпайды.

Алматы, 2022 жылдың қаңтары, суретті Светлана Ромашкина түсірген

Досаев – саясаткер емес. Ол ешқашан билік партиясын басқармаған, 2000 жылдары реформалар талап етіп, Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысын бастаған үкіметтегі әріптестерінің бастамасын қолдамаған. Досаев – соңғы уақытта тағайындалып жатқан өзге шенеуніктер секілді саяси амбициясы жоқ қарапайым технократ.

Ең айқын кемшілігі – «тәжірибесінің» жоқ екені: Досаев әрдайым «кабинетте отыратын шенеунік» болды. Ол ешқашан әкім болған жоқ. Алғашқы тәжірибесін Қазақстандағы ең ірі Алматы қаласынан бастамақ.

Досаев карьерасында кризис-менеджер қызметімен алғаш рет бетпе-бет келді. Ол бұған дейінгі қызметтерінен тап сол дағдарыстар кезінде кетсе, қазір сол дағдарысты шешу үшін келіп отыр. Оның әкім қызметіне тағайындалуына қарсы петицияға қол жинау басталып кетті. Досаевтың бұл қызметі де оңай болмасы сөзсіз.