7026
14 февраля 2022
Назерке Құрманғазинова, Vласть

«Азаматтарды азаптағандар неге қамалмайды?»

Азамат Батырбаевты азаптау фактісі бойынша толыққанды зерттеу жүргізілуі үшін жақындары мен адвокатының күресі

«Азаматтарды азаптағандар неге қамалмайды?»

Алматы облысының тұрғыны Азамат Батырбаев қаңтар оқиғасынан кейін ұсталғандардың құқығы бұзылғанын көрсететін негізгі нышанға айналды. Денесінде азаптау ізі бар суреті әлеуметтік желіде тез тарап кетіп, оның есімі Бас прокуратураның хабарламасында да аталды. Ауруханада жатқан Азаматты Мәжіліс депутаттары да көріп қайтты. Шыны керек, олардың бұл сапары әлеуметтік желіде одан бетер наразылық тудырды. Vласть Батырбаев ісі мен оның жақындарының әділ зерттеуге қол жеткізу жолындағы күресін баяндайды.

Алматы облысының Қапал ауылынан шыққан 38 жастағы Азамат Батырбаев – бес баланың әкесі. Оны алғаш рет құқық қорғау органдары 10 қаңтар күні кешке таман “жаппай тәртіпсіздікке қатысты” деген күдікпен үйінен алып кеткен. “Бір күн өтер-өтпесте, 11 қаңтарда ол ауруханаға түсті”, – дейді оның әйелі Бақыт Батырбаева Vласть порталына берген сұхбатында.

Батырбаевты азаптау туралы хабарға Қазақстанның Бас прокуратурасы оның фотосуреттері әлеуметтік желіде кеңінен тарап кеткеннен кейін ғана, 2 ақпан күні азаптау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

“Аталған тұлға Талдықорған қаласында болған тәртіпсіздіктер кезінде құқық қорғау органдары қызметкерлеріне шабуыл жасағаны үшін 2022 жылғы 22 қаңтарында ұсталғанын хабарлаймыз. 23 қаңтарда жауап алу кезінде, ол 10 қаңтарда ішкі істер органының қызметкерлері оған дене жарақатын келтіргені туралы айтқан. Батырбаевтың бұл арызының негізінде Алматы облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметімен азаптау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде”, – делінген Бас прокуратура хабарламасында.

Сонымен қатар, әлеуметтік желіде кейбіреулер Батырбаевтың Талдықорғандағы бұрынғы президенттің ескерткішін құлатуға қатысы бар екенін белсенді түрде жазды, алайда Бас прокуратураның хабарламасында бұл туралы айтылмады.

Батырбаевтың ісімен адвокат Бауыржан Азанов айналысып жүр. Ол өзінің қорғауындағы азаматтың Алматы облысы полиция департаментінің ғимаратында және Талдықорған қалалық уақытша ұстау изоляторында азаптау фактілері туралы ресми түрде арызданғанын хабарлады. Осылайша, Батырбаев қазір екі қылмыстық істің қатысушысы: бірінші азаптау туралы істе – жәбірленуші, ал екінші істе 272-баптың 2-тармағымен “Жаппай тәртіпсіздікке қатысу” бойынша күдікті.

Батырбаевтың Қапал ауылындағы жерлестері қолдап, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа оған қатысты әділ шешім шығаруды талап етіп, видео үндеу жазған.

"Әлеуметтік желідегі кейбір адамдардың дәлелсіз сөзін негізге алып, адамға айып тағуға болмайды. 2022 жылы 28 қаңтарда өткен "Нұр Отан" партиясының кезектен тыс ХХІ съезінде адам құқығы міндетті түрде сақталатынын және сіздің тікелей бақылауыңызда болатынын нақты атап айттыңыз. Сізден Азаматтың бес баланың асыраушысы екенін, сондай-ақ оның қарауында зейнеткер ата-анасы бар екенін ескере отырып, осы мәселені әділ шешуді сұраймыз", – деп мәлімдеді президентке үндеу жолдаған тұрғындар.

Депутаттардың келуі

5 ақпан күні Заңнама және сот реформасы комитетінің мүшелері, мәжіліс депутаттары Ерлан Смайылов пен Берік Бекжанов Талдықорғанда қаңтар оқиғасына байланысты ұсталғандардың туыстарымен кездесу өткізді. Олар, сондай-ақ, ауруханада жатқан Азамат Батырбаевқа да барған.

Депутаттардың Азаматпен кездесуінде оған ұсталғаннан кейінгі қысым мен қазіргі ем-домына қатысты сұрақтардан бөлек, “Жасаған ісіңізге өкінесіз бе?” деген сұрақ қойылды.

Батырбаевпен депутаттардың әңгімесі «Жетісу» телеарнасының эфирінен көрсетілді. Телеарна видеосында оның палатасында депутаттардан бөлек полиция қызметкерлері мен азаматтық киім киген адамдар болғанын көруге болады. Депутаттардың Азамат Батырбаевпен әңгімесі желіде наразылық тудырды. Адвокат Бауыржан Азанов Facebook желісіндегі парақшасында қорғауындағы азаматпен депутаттар кездесуге келетінін оған ешкім хабарламағанын жазды.

"Азамат Батырбаевқа адвокатсыз камера арқылы іс бойынша сұрақ қою арқылы оның және адвокат ретінде менің де құқығымды бұзды. Мен мұны қорғауымдағы азаматқа жасалған қысым деп түсінемін", – деп жазды Азанов.

Қазақстандағы адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюроның баспасөз мәслихатында Бауыржан Азанов Қылмыстық-атқару кодексіне сәйкес, қамауға алынған адамға адвокаты мен қорғаушыларын ғана тергеу изоляторына жіберуге болатынын еске салды. Ал бұл жағдайда қорғаушылары ретінде жақын туыстары кіре алады.

«Өкінішке қарай, соңғы күндері кім екені белгісіз, түрлі адамдар тергеу изоляторындағы қорғаушыма кіріп жүр. Тіпті Алматы облысы бойынша арнайы прокуратураның департаментінде қаралып жатқан қылмыстық істің мән-жайы бойынша жауап алуға дейін жетті. Оның үстіне сұхбат, әлде жауап алу видеосы БАҚ-та жарияланды, оны халық көріп үлгерді, сұрақ та қойып жатыр», – деді ол.

Сонымен қатар, Азанов қорғауындағы азаматпен кездесу үшін сағаттап күтуге тура келетінін, ал жақын туыстары әлі күнге дейін Батырбаевпен көріспегенін, тек 7 ақпанда анасымен ғана кездесіп үлгергенін атап өтті.

Сол күні парламент мәжілісінің депутаты Ерлан Смайылов Facebook желісіндегі парақшасында «Жетісу» телеарнасының видеосюжеті монтаждалып, «жаңалықтарда олардың сауалы депутаттар тарапынан қойылғандай көрсетілген» деп мәлімдеді. Ол, сондай-ақ, “жасаған ісіне өкіну” туралы сұрақты журналист қойғанын айтып, телеарнадан түсініктеме беруді талап етті.

“Біз Азаматқа келгенде ол жерде басқа адамдар болды. Күзетте полиция қызметкерлері тұрғандықтан, бұл адамдар да полициядан не әкімдіктен келген деп ойладым. Олардың Азаматқа қойған сұрақтары маған ұнамады, бұл туралы да айтып өттім. Олар маған бұл жұмыс үшін керек деп жауап берді. Видеоны да түсірген өздері. Азаматтың жағдайын түсіру үшін видеотүсірілім жүргізді деп ойладым. Біздің кездесуіміз бен олардың бұл сұрағын араластырмауын ескерттім. Нәтижесінде олар бәрібір бәрін араластырып жіберді”, – деп жазды Смайылов.

Депутаттар Талдықорғанға барған күні Батырбаевтың әйелімен де кездесті. Бақыт Батырбаева Vласть порталына депутаттар оған күйеуімен кездестіруге уәде бергенін айтты, алайда кездесу сол күйі болмаған.

“Азаматтарды ұрып-соққандарды неге қамауға алмайды? Жай халықты бірден алып кетіп, қамап тастайды. Ол кісілерге (азаптауға күдіктілер — V) заң жоқ па? Осылайша адамдарды азаптай беруі керек па? Ол кісілер маған күйеуіңмен жолықтырып, аман-есен екенін көрсетеміз деген. Бірақ сөзінде тұрған жоқ. Мен Азаматты көре алған жоқпын. Азаматты ауруханада отырған жерінен видеоға түсіріп шығарды. Қысым көрсетілгені оның түрінен көрініп тұр”, – дейді Батырбаева.

Адвокат Азановтың айтуынша, қазір Батырбаевтың денсаулық жағдайы қанағаттанарлық.

Бас прокуратураның мәліметінше, қаңтар оқиғасынан кейін қамаудағыларды азаптау және құқығының бұзылуы туралы 250 арыз-шағым түсіп, ұсталғандарды өлтіру, азаптау, билігін асыра пайдалану фактілері бойынша 133 қылмыстық іс зерттеліп жатыр.