5073
21 февраля 2022
Назерке Құрманғазинова, Vласть

Құрылысқа қарсы шыққан тұрғындар. Санжар Боқаевтың партиясы. Тоқаевқа үтік сыйламақ болған белсенді

Өткен аптада ең көп оқылған бес жаңалық

Құрылысқа қарсы шыққан тұрғындар. Санжар Боқаевтың партиясы. Тоқаевқа үтік сыйламақ болған белсенді

Өткен аптада “Қазақстанда елге кіргенде вакцина салдырғандар үшін міндетті ПТР тест алынып тасталғаны” туралы жаңалық – жиі қаралғандардың бірі. Қазақстанда коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның шешімімен ревакцинациядан немесе COVID-19-ға қарсы екпенің толық курсынан өткен Қазақстан азаматтары үшін елге кірерде сұралатын міндетті ПТР тестілеу алынып тасталды. Сондай-ақ, вакцина паспорты Қазақстанда танылған шет мемлекеттердің азаматтарына да кіруге рұқсат етіледі.

Аптада тағы қандай ақпараттар көп қаралғаны жайлы Vласть апта шолуында.

Алматының Бостандық ауданының тұрғындары құрылысқа қарсы жиынға шықты

Бостандық ауданындағы бірнеше тұрғын үй кешенінің тұрғындары Шагабутдинов, Минин және Сәтбаев көшелеріндегі жер учаскесіне құрылыс жұмыстарын жүргізуге қарсылық білдірді. Олар бұл жерде саябақ болуын талап етеді. Тұрғындардың жиыны «Алматы қорғау» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Салтанат Тәшімованың Facebook парақшасында тікелей эфирде көрсетілді.

Учаскедегі құрылысты BI Group компаниясы жүргізеді. Компанияның сайтына сәйкес, мұнда биіктігі 12 қабатқа дейінгі Urban Park тұрғын үй кешенін салу жоспарланған. Сайтта осы ТК блоктарының саны көрсетілмейді. Көрші учаскеде дәл осы компания бес блоктан тұратын Boulevard Residence тұрғын үй кешенін салуды жоспарлап отыр.

ТК тұрғындарының бірінің айтуынша, компания қоғамдық тыңдаулар өткізіп, жобаны келіскенін айтқан. "Біздің үйден бұл кездесуге ешкім барған жоқ. Кездесу болды, бірақ келісілді деген әңгіме болған жоқ", – деді ол тікелей эфирде. Ол тұрғындар бұл жерде саябақ болғанын қалайтынын да жеткізді.

Оларды қолдап басқа ауданның белсенділері де келді. Тұрғындар жиынға қаланың жаңа әкімі Ерболат Досаевтың келуін талап етті. Бірақ олармен кездесуге қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Алмасхан Ахмеджанов келді. Ол тұрғындарға бұл жердің қазіргі иесі BI компаниясы екенін айтып, “конституция бойынша, жеке меншікке қол сұғылмайды” деді. Тұрғындар қаланың бас сәулетшісімен келіспеді. Олар өз ауданын дамытуға қарсы әкімнің атына петиция жолдауды жоспарлап отыр.

Осыған ұқсас талаппен астанадағы Есіл ауданының тұрғындары да жексенбі күні бейбіт жиынға шықты

Елорданың Есіл ауданының 100-ге жуық тұрғыны Керей–Жәнібек көшесінің бұрышындағы 8 үйдің құрылысын тоқтатуды талап етіп, бейбіт жиынға шықты. Қаланың бас жоспарына сәйкес, бұл жерде саябақ салынуы керек. Тұрғындар әкімдік алғашқы жобаны жүзеге асыруға қайта оралуы керек деп есептейді.

"Бүгін біз бейбіт жиналысқа бас жоспардың алдыңғы нұсқасын қайтару талабымен шықтық, ол бойынша салынып жатқан ТК орнында саябақ салынуға тиіс еді. Жақында жоспар өзгертілді. Бұл өзгерістерге құрылыс салушы компания әсер етті. Енді саябақ салынатын жерде 8 үй құрылысы жүріп жатыр. Бірақ құрылыстың кептеліс, кәріз, электр және басқа инфрақұрылымға байланысты мәселесі көп", − деді жиналыс бастамашыларының бірі.

Бұл жиын – тұрғындардың үшінші рет ұйымдастырып отырған шарасы. Бұған дейін олар әкімдікке үндеу жазып, eGov арқылы түрлі басқармаларға сауал жолдағанымен, жауап алмаған немесе әкімдіктің бір бөлімінен екіншісіне бағытталып отырған. Құрылыс жұмыстары тоқтамайынша, тұрғындар тұрақты түрде жиналуды көздеп отыр.

Әділет министрі Қанат Мусин Назарбаевтар отбасына қатысты тергеу амалдарын жүргізуге болатынын айтты

Әділет министрі сенбі күні БАҚ өкілдерімен кездесуінде “Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы” заң Назарбаевтар отбасын қылмыстық жауапкершіліктен қорғайтынын, бірақ қылмыстық тергеу жүргізуге болатынын мәлімдеді.

"Заң тергеуден емес, қылмыстық жазадан қорғайды. Тергеуден ешкім қорғалмайды. Заңда қалай жазылған, солай айтып тұрмын. Онда қылмыстық жауапкершілік туралы айтылған, бірақ қылмыстарды тергеу туралы сөз жоқ”, – деді Мусин.

Әділет министрлігінің басшысы Қазақстанда заң шығару бастамасы мәжіліс, президент және үкіметке тиесілі екенін, тек солар ғана Тұңғыш президент туралы заңның күшін жою туралы ұсыныс жасай алатынын айтты. Дегенмен Мусин бұл заңның күшін жою мәселесі құқықтық жағынан да, моральдық тұрғыдан да күрделі екенін атап өтті.

Фото авторы: Мария Гордеева

Тұңғыш президент туралы заңда оның жауапқа тартылмауынан бөлек, “оны ұстап алуға, қамаққа алуға және күзетпен ұстауға, тінтуге, одан жауап алуға не жеке басын жете тексеруге болмайды” делінген. Бұл талап бұрынғы президенттің және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің жеке меншігіндегі барлық мүлікке, сондай-ақ олар пайдаланатын тұрғын үй және қызметтік үй-жайларға, қызметтік көліктерге, байланыс құралдарына, хат-хабарларға, тиісті құжаттарға қолданылады.

Қаңтар оқиғасынан кейін парламент Тұңғыш президент туралы заңға түзетулер енгізіп, Назарбаевтың Қауіпсіздік кеңесі мен Қазақстан халқы ассамблеясын өмір бойы басқару құқығын жойды. Негізі олар бұрын болған нәрсені заңдастырды, өйткені бірінші президент бұл қызметтерді бұған дейін босатқан.

Щучинск полициясы Тоқаевқа үтік сыйламақ болған белсендінің әрекетінен кейін қылмыстық іс қозғады

13 ақпанда Щучинск қаласының тұрғыны Владимир Прокопьев қалалық әкімдік ғимаратына “Тоқаев пен КО” деген жазуы бар үтікті алып келген. Ол бұл үтікті президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа сыйламақшы болған. Прокопьев әкімдік қызметкерлерімен кездесуге үлгермей, үтікті әкімдік ғимаратының жанына тастап кеткен. Оның сөзінше, сол күні кешке оны ҮҰК қызметкерлері ұстап, аудандық полиция бөлімшесіне жеткізген.

Кейін полиция “әлеуметтік араздықты қоздыру” фактісі бойынша қылмыстық іс қозғағаны белгілі болды. Прокопьев бұл қылмыстық істе қорғануға құқығы бар куә ретінде шақыртылған. Сондай-ақ, оның үстінен жыл ішінде рұқсат етілмеген митингіге бірнеше рет қатысқаны үшін әкімшілік іс қозғалды.

Санжар Боқаев Namys партиясы құрылатынын хабарлады

17 ақпан күні саясаттанушы, кәсіпкер Санжар Боқаев Namys партиясы құрылатынын хабарлады. Ол партияның мақсатын “Әділдікті ту еткен адал да әдепті адамдар билейтін мүлде жаңа Қазақстанды құру” деп атады.

Фото авторы: Дмитрий Мазоренко

Боқаев Namys партиясы ұсынатын бірнеше реформаны атап өтті. Оның біріншісі – құқық қорғау органдарын толықтай тазарту, олардың жұмысын, әсіресе Ұлттық қауіпсіздік комитетін қайта құру. Екіншісін «сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресті жариялау» деп атаса, үшіншісі – жаңа мәдениетті қалыптастыру. Төртінші қадамды ол саяси трансформация деп атады. Партия адал, тәуелсіз сайлау жүйесін құруды көздеп отыр: жаңа партияларды тіркеуге, парламент пен мәслихаттарға өзін-өзі ұсыну құқығын қайтаруға, сондай-ақ барлық қалада әкімдерді сайлау жүйесін енгізуге қол жеткізбек. Партияның бесінші қадамы мемлекеттік аппаратты қысқартып, оның тиімділігін арттыру болмақ. Алтыншы қадам – халықты сапалы біліммен және лайықты медицинамен қамтамасыз ету. Жетінші қадам – жастар үшін зауыттар ашу.

Namys партиясы жақын арада тіркеуге құжаттарды тапсыру рәсімін бастайтынын айтты. Бұл ретте саясаттанушы партияны тіркеуге мемлекет тарапынан кедергілер болады деп күтеді: «Сондықтан мен партияның құрылғанын бүгін және күтпеген жерден жарияладым. Менің әрбір басқан қадамым билік үшін тосын сый болады. Құжаттарды тапсырудың барлық кезеңін көрсетемін жәнебас тарту болған барлық жағдайды, барлық кезеңде айтып беремін. Саяси партиялар туралы заңнаманы өзгерту қажет. Мен ол үшін күресемін және оны өзгертемін».

Алдағы екі айда партия белсенділері цифрлық платформасының қандай болатынын мәлімдейді. Тұжырымдама бойынша, бұл – әркім қатыса алатын, қандай да бір мәселені талқылайтын, өз ұсынысын айта алатын мобильді электрондық жүйе.