2023 жылғы желтоқсанда Қазақстан үкіметі бәрін таңғалдырып, ресейлік компаниялармен жалпы қуаты 4,6 ГВт болатын жаңа көмір электр станцияларын салуға келісімшартқа отырды.
Бұл шешім «2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясы» қабылданғаннан кейін небәрі 10 ай өткен соң қабылданды. Climate Action Tracker мәліметі бойынша, Қазақстан «жан басына шаққандағы шығарындылар бойынша әлемде 16-орында және ЖІӨ бірлігіне шаққанда келетін шығарындылар бойынша төртінші орында». Бұған қоса шығарындыларды азайту саясаты да «жеткіліксіз».
Читайте этот материал на русском.
Read this article in English.
Ауаның ластануы елдің ең ірі қалаларына елеулі әсер етуді жалғастырып келеді, ал Алматы ақпарат құралдарында үнемі әлемдегі ең ластанған қалалардың бірі ретінде жарияланады.
Риторика мен шындық арасындағы бұл сәйкессіздік көбіне жаңартылатын энергия көздеріне қатысты жаңа жобалар туралы хабарландырудың тасасында қалады. Соның ішінде мұндай жобалар тау-кен компанияларымен немесе ірі даму институттарымен серіктестікте жасалады.
Біздің зерттеу Қазақстанның жаңартылатын энергия көздеріне (ЖЭК) көшуін үш күш тежеп отырғанын анықтады: көмір лоббиі, үкіметтің инерциясы және мұнай-газ компаниялары.
Қазақстанның амбициясы тым төмен бе?
Қазақстан сияқты мұнай экспорттаушы мемлекет үшін жаңартылатын энергия көздеріне көңіл бөлу ойға қонымсыз болып көрінуі мүмкін. Өйткені, экспорттан түсетін валюталық түсімнің басым бөлігі көмірсутегі секторынан келеді.
«Жеке өзім күн және жел сияқты балама энергия көздеріне сенбеймін», — деді бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев 2014 жылы қыркүйекте.
Арзан әрі қолжетімді мұнай мен көмір Қазақстан экономикасын ондаған жыл бойы толықтырып келді, бірақ кейінгі декарбондау стратегиясы керісінше бағытта келе жатқан сияқты. Үкімет мүшелерінің көпшілігі саясаттағы бұл өзгерісті құптайды.
The Green Tank-те саясаттану бойынша аға сарапшы Никос Мантзаристің пікірінше, Қазақстанның мақсаттары бірнеше онжылдықта көміртегі бейтараптығын қамтамасыз етуден гөрі тереңірек болуы мүмкін.
«Әңгіме тек электр энергиясын өндіру туралы болса, 2060 жылға қарай көміртек тұрғысынан бейтарап елге айналу мақсаты аса амбициялық емес. Амбициялық жоба ретінде ұсынуы мүмкін, бірақ менің ойымша, олай емес. Бүкіл энергия көзіне қатысты айтатын болса, Еуропа 2050 жылға қарай көміртек тұрғысынан бейтарап болмақ», — деді Мантзарис «Власть» журналисіне.
2060 стратегиясына қойылатын ең негізгі сұрақтың бірі онда қайта қалыпқа келетін энергия көздері туралы емес, балама түрлері айтылатыны. Оның қатарына атом энергиясы да кіруі мүмкін, көптің пікірінше, бұл жел немесе күн сияқты декарбондық әсерге ие емес. Ол сондай-ақ істен шығу, радиация және қалдықтарды сақтау қаупін қамтиды. Бұған дейін бұл туралы атом электр станцияларына қарсылар да айтып өткен.
Бұған қатысты үкіметтің тұжырымы белгілі.
«Атом энергетикасын дамыту көміртегі ізін азайту жоспарының ажырамас бөлігі», — деді жыл басында бұрынғы энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.
«2030 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерін пайдалану арқылы өндірілетін электр энергиясының көлемі шамамен 30% болуға тиіс. Бүгінде ол 7%-дан сәл ғана асты. Сондықтан балама энергия көздерін енгізу артады», — деді экология министрі Ерлан Нысанбаев «Власть» тілшісіне.
Астанада орналасқан жаңартылатын энергия жобалары бойынша аға кеңесші Жан-Пьер Калленс «Власть» басылымына Қазақстанның жел және күн энергетикасындағы әлеуеті оны аймақтағы көшбасшыға айналдыра алатынын айтты.
«Қазақстанда орасан зор ресурс бар: күн көп, жел көп. Бұл ел жаңартылатын энергия көзіне жоғары баға берсе, бүкіл Орталық Азиядағы энергия жеткізетін бірінші орындағы ел бола алады. Бұл үшін үкіметтің алдағы 20–30 жылға ұзақ мерзімді көзқарасы және ең бастысы, қаржы мен сапалы реттеу қажет», — деді Калленс.
2024 жылға арналған талдауда айтылғандай, «Қазақстанның 2030 жылға қарай таза жел және күн электр энергиясы көздерінің үлесін кемінде 20%-ға дейін ұлғайту әлеуеті бар, бұл қазіргі межеленген көрсеткіштен 15%-ға жоғары. Бұл көмірге тәуелділікті азайтады, энергетикалық жүйеге деген сенімді арттырады және тәуелсіз электр энергиясын өндіру секторын құруға мүмкіндік береді».
Алайда жаңартылатын энергия көздеріне ұзақ мерзімді жоспар құруға не кедергі? Біздің зерттеу энергетика саласын түрлі бағытқа қарай тартатын үш күшті анықтады: көмір лоббиі, министрліктер мен мемлекеттік мекемелер және мұнай-газ компаниялары.
Көмір лоббиі электр және жылу энергиясын өндіру тұрғысынан ондаған жыл бойы энергетика саласын бақылауда ұстап, таратушылар мүддесіне сай және биліктегі жоғары шенділермен бірлесіп жұмыс істеп келеді.
Үкімет министрліктер мен олардың ұйымдары арқылы жаңартылатын энергия жобаларына инвестиция сала бастады. Аяғында бұл станциялар тиімсіз болып шықса да, не аяқталмауы мүмкін болса да олар инвестицияны пайдаланып, ресурстарды өз пайдасына бөлу үшін жасап отыр. Мұндай стратегия тек мемлекеттік органдар мен оларға қарасты кәсіпкерлердің жалдау ақысын алуына жағдай жасайды.
Өз кезегінде мұнай-газ компаниялары жаңартылатын энергия көздеріне арналған кейбір инвестициялық жобаларды не өздерінің өндірістік қуатын қамтамасыз ету үшін, не «қоршаған ортаның жанашыры» ретіндегі беделін көтеру үшін пайдаланды.
Біз сипаттаған үш тармақ анағұрлым іргелі мәселенің бір бөлігі ғана: үкіметте елді жасыл энергиямен қамтамасыз ету бағдарламасы жоқ. Нәтижесінде азаматтар нарық қатысушылары арасында әділ таңдау жасай алмайды. Олар арзанырақ немесе аз ластайтын нұсқалар арасында немесе қалтасы да көтеретін, таза ауаға қажеттілікті де қанағаттандыратын мүмкіндік арасында таңдау жасай алмайды.
Көмір (және газ) лоббиі
Үкімет көмір инфрақұрылымын жаңартуға миллиардтаған қаражат жұмсап, көмір лоббиінің жағдайын жасады, бұдан көмір компаниялары үлкен пайда көрді, ал халыққа әсері, керісінше, шектелді.
Сөйте тұра үкімет еліміздің солтүстік өңірлеріне газ тарату желісін салуға асықпайды. Бұл, газ өнеркәсібіндегі лоббистердің пікірінше, елдің жасыл энергия жүйесіне көшуін қамтамасыз ете алатын еді.
Енді үкіметтің көмірмен жұмыс істейтін жаңа электр станцияларын салу жоспарында (ресейлік компаниялардың даулы көмегі арқылы) оларды газбен жұмыс істейтін электр станцияларына ауыстыру перспективасы бар. Бұл энергетикалық инфрақұрылым құнын екі есеге арттыруы мүмкін. Онсыз да әлі күнге дейін Қазақстанда өндіріс экологиялық сипатқа ауыса алмай келеді.
«Қазақстанда 2024 жылы салынады деп шешілген көмір электр станциялары ірі нысандар іске қосылғанға дейін электр энергиясының тапшылығын қамтамасыз ету және жабу үшін уақытша қабылданған шара. Болашақта бұл үш жаңа станцияның бәрін де газға ауыстыруға болады», — деді Сәтқалиев «Власть» басылымына.
Сарапшылардың пікірінше, бұлай жасаудың қажеті жоқ: бұл қажетсіз шығындарға және декарбондау процесінің тежелуіне әкеледі.
«Бірнеше жылдан кейін газға көшіреміз деген идеямен қазір көмірмен жұмыс істейтін жаңа электр станцияларын салу, менің ойымша, ақылға қонымсыз. Электр станциясын салғанда, алты айға арнап салмайсыз, 50 жылға арнап саласыз. Бұл ақшаны бос жұмсау», — деді Калленс.
Бұл жоспар энергетикалық секторды декарбондауды кешіктіреді. Жаңартылатын энергия қуаттарын орнатуға жұмсалуға тиіс шығындардың айтарлықтай және тұрақты қысқаруын ескере отырып, жаңа көмір немесе газ станцияларына инвестиция салу экономикалық тұрғыдан тиімсіз болмақ.
«Бұл инженерлік және қаржылық тұрғыдан алғанда мүлдем нонсенс», — деді Калленс «Власть» тілшісіне берген сұхбатында.
Мемлекеттің ақшасын шыр айналдыру
Кейінгі бес жылда Қазақстанның Даму банкі жалпы қуаты 709,8 МВт болатын жаңартылатын энергия көздері бойынша 10 инвестициялық жобаны қаржыландырды. Жалпы инвестиция көлемі 179 млрд теңге (355 млн доллар).
«Власть» осы саладағы инсайдерлердің бірімен байланысқа шықты, аты-жөнін көрсетпеуді сұраған дереккөз төмен бағаға байланысты жаңартылатын энергия саласында белсенді жекеменшік секторды дамыту қиын болатынын айтты.
«Негізі Қазақстандағы жел жобаларының бәрі мемлекет тарапынан қолдау тауып отыр», — деді ол.
Экономист, KEGOC-тың бұрынғы басшысы Әсет Наурызбаев «Власть» басылымына тұтынушылар үшін қазіргі уақытта жаңартылатын энергиядан арзан ештеңе жоқ екенін айтты.
«(ЖЭК) баға бойынша кез келген дәстүрлі энергия көзінен озып тұр. Сондай-ақ, қазір ешқандай мемлекеттік қолдау қажет емес», — дейді Наурызбаев.
Бірақ компаниялар мен үкімет арасындағы келісімдер, Наурызбаевтың айтуынша, ашық емес.
«[Қазақстанда] қазіргі уақытта жаңартылатын энергия көздеріне төмен тариф жоқ, [әлемдік нарықта төмен болса да]. [Бізде] нарықта осындай бір жағдай болды, қалғандарының бәрі нарықтан екі есе жоғары болды. 2 центтің орнына 5 центке келісімдер жасалады. Бұл нағыз экономикалық порно мен зорлық-зомбылық», — дейді Наурызбаев.
Мұнымен жаңартылатын энергия көздері бойынша жекеменшік жобаларда жұмыс істеу тәжірибесі бар экономист Алмас Чукин де келіседі.
«Нарық қатысушыларын мемлекет шетке ығыстырды. Алғашында ЖЭК нарығының механизмдері өте тиімді болды. Аукциондар тұрақты, ашық және транспарентті өтетін», — деді Чукин «Власть» басылымына берген сұхбатында.
«Содан кейін шетелдік алпауыттар [негізінен ресейлік және қытайлық компаниялар] аукциондарға келіп, ешбір жергілікті серіктессіз жұмыс істей бастады. Нарықты қатты өзгерткен екінші нәрсе — мемлекетаралық мәміленің үстемдігі. Мұндай келісімшарттар президенттер арқылы ешқандай аукционсыз, ешқандай заңды негізсіз жасалады».
Мұның бәрі жергілікті жекеменшік өндірушілердің құқығы бұзылуына әкелді деп санайды Чукин.
Қазақстан БАӘ-нің Masdar компаниясымен қуаты 1 ГВт жел электр станциясын салу туралы келісімге қол қоюын үкіметтер арасындағы келісімдердің мысалы ретінде келтіруге болады.
«Бұл жерде процесс кері тәртіпте құрылады: алдымен олар келісімге қол қояды, содан кейін барып техникалық бөлік пен бағаны талқылайды», — дейді Чукин.
Наурызбаевтың пікірінше, үкіметтің әрекеті керісінше болуы керек.
«Мемлекеттік органдарда энергетика саласын дамытудың біртұтас үлгісі жоқ. Олар президенттің тапсырмасын басшылыққа алып, даму көрсеткіштерін тапсырған көрсеткішке сәйкестендіреді. Тапсырыс беруші көрсеткен шарттар мен ауыспалы мәндерді ескере отырып, үлгілерді тапсырыс бойынша жасайтын компаниялар бар», — дейді Наурызбаев. Оның айтуынша, басқа елдерде бұл үдеріс басқаша жүзеге асады.
Жаңартылатын энергия жобалары экономикасынан гөрі түпкілікті нәтиже маңыздырақ болуының себебі, үкімет экономикаға арзан ақшаны құю тәсілі ретінде жаңартылатын энергия жобаларына инвестицияны пайдаланады.
«Компаниялар ақшаны Қазақстанның Даму банкінен төмен пайызбен алады, ол оны тікелей қаржы министрлігінен алады. Ақша теңгемен беріледі, яғни оған құнсыздану немесе инфляция қаупі жоқ. Электр энергиясы мемлекеттік компанияларға жоғары бағамен сатылады, содан кейін тұтынушыларға сатылған соң, ақша негізінен пайда және салық түрінде мемлекетке қайтарылады», — дейді сала инсайдері.
Кері аударылған процесс декарбондауды ынталандыру үшін емес, бюджетті теңгеру үшін ғана пайдалы деген тұста сарапшылардың ойы бір жерден шықты.
«Самұрық-Қазына» жел электр станцияларының сапалы болуына немесе уақытында қолданысқа берілуіне емес, жалпы санына ден қояды. Қор тек айналым қаражатын қалыптастыруы керек. Станция жұмыс істей ме, жоқ па, маңызды емес. Олар мұндай жобаларға неғұрлым көп инвестиция салса, соғұрлым көп табыс табады».
«Экология жанашыры» болып көріну корпоративтік стратегиясы
Қазақстанның ірі өнеркәсіптік кәсіпорындары энергияға тәуелді және тұрақты электр қуатын қажет етеді. Қазба отындарын өндіретін немесе болат жасайтын компаниялар елде өндірілетін барлық электр энергиясының жартысына жуығын тұтынады.
Осы өнеркәсіп алпауыттарының кейбіреуі өз кәсіпорындары үшін отын шығындарын азайту мақсатында олардың өндірісімен байланысты жаңартылатын энергия жобаларына инвестициялай бастады.
«[Британдық мұнай компаниясы] Shell немесе Eurasian Resources Group өздері үшін жел электр станцияларын салып жатыр. Олар 200 МВт орнатса, олар оны пайдалана алатынына сенімді. ERG Хромтауда нысан салып жатыр, мұның бәрі Хромтау тау-кен байыту комбинатына кетеді. Олар бұл электр энергиясына белгіленген тарифке мән бермейтін болады. Олар тек хромды экспорттау келісімшартының бағасына өз пештерінің электр энергиясының құнын қосады. Сондықтан олар әрқашан пайда табады», — деді «Власть» тілшісіне сала инсайдері.
Наурызбаевтың айтуынша, компанияларға қажеттілігіне бағытталған энергетикалық стратегия тиімді.
«Дәстүрлі электр энергиясын өндірушілер көмір энергетикасы қауымдастығының мүшесі. Қазақстанның энергетикалық стратегиясы осы компаниялардың бизнес жоспары ретінде жазылған», — дейді Наурызбаев.
Негізгі назар дәстүрлі электр қуатын өндіруге аударылғанымен, өнеркәсіптік жобалармен қатар микроторлар қолданылады.
«Ірі өндірістік компаниялар үшін күн және/немесе жел электр станцияларының шағын жиынтығы айқын шешім болады», — дейді Наурызбаев.
Алайда мемлекеттік қолдаусыз олар электр желісіне қосылмайды, нәтижесінде ішкі сұраныс қанағаттандырылмай қалады.
Шағын жел және күн электр станцияларының көбірек салынуы бір шешім болуы мүмкін.
«Орташа жұмыс қуаты 35 МВт болатын 50 жоба болуы керек. Мысалы, жел жобалары үшін әр жобаның орнатылған қуаты 110 МВт шамасында болуы керек дегенді білдіреді», — деді Наурызбаев.
Наурызбаевтың пікірінше, мақсат — бұл станцияларды бүкіл елге таратып, бір-бірінен тәуелсіз ету. Бұл электр қуатын өндірудегі үзілістің алдын алады, мұндай үзілістер кейде ауа райы жағдайынан туындауы мүмкін.
«Тар жол» және тығырықтан шешу
Жаңартылатын энергия нарығының алға жылжуына қарамастан, Қазақстандағы тар тұстар әлі де бәсекелес ортаның дамуына кедергі келтіріп келеді.
Наурызбаевтың айтуынша, Қазақстанның қазіргі жаңартылатын энергия нарығындағы негізгі кемшіліктің бірі — тарату желісінің шектен тыс бөлшектенуі.
«Біздің нарықта сегменттелу өте жоғары. 50-ден астам электр энергиясын өндіруші бар, бірақ олар бір-бірімен бәсекелеспейді. Олар өз тарифтерін энергетика министрімен... оның кеңсесінде келіседі», — дейді Наурызбаев. «Бұл қоғамдық тыңдау емес, сондықтан біз бұл келіссөздердің негізінде не жатқанын білмейміз».
Сарапшының айтуынша, бұл тәжірибені ашық тендерлер арқылы бұған қарағанда ашық өткізуге болады.
Жақында сөйлеген сөзінде бұрынғы энергетика министрі Сәтқалиев алдағы жылдары жаңартылатын энергия қуатының өсетінін айтты.
«Шамамен 6,6 ГВт жаңартылатын энергия көздерінің жаңа қуаты 2032 жылға дейін өткізілетін аукциондар арқылы қосылады. Тағы 5-6 ГВт қуат ірі инвесторлардың ірі жобаларының арқасында қосылады — әрқайсының қуаты 1 ГВт-тан асады», — деді ол.
Бұл айтылғандардың ішінде Masdar компаниясының жел жобасы және Total компаниясының жел электр станциясы болады.
Сондай-ақ, Сәтқалиев бұл жобаларға «бюджет қаражаты пайдаланылмайтынын» айтты. Оның орнына шығындарды компаниялар, сондай-ақ Қазақстанның Даму банкі және Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) сияқты қаржы институттары көтереді.
Бірақ бұрынғы тәжірибені негізге алсақ, бұл жаңа жобаларды не «квазимемлекеттік» ақшаны жұмсайтын ұлттық компаниялар (Қазақстанның Даму банкі ақша бөлген), не үкіметаралық келісімдер негізінде ірі корпорациялар іске асырады. Осылайша шағын инвесторлардың қатысуына іс жүзінде мүмкіндік қалдырмайды.
Оның орнына сала мамандары қаржының дұрыс бөлінуі мен уақытында жеткізілуін қамтамасыз ету үшін коммерциялық және инвестициялық банктерді процеске белсендірек тартуды ұсынып отыр.
«Алға жылжытатын ең жақсы жолы — жекеменшік қаржыландыру. Өйткені жеке қаржыландыруы бар жобаларда бюджетті қалауыңызша көбейте алмайсыз. 10 МВт жобаның құны 10 миллион еуро делік. Құрылысшылар бұл бағаны ұстануы керек. Олар ойланбастан бюджетті көбейте алмайды. Қаржы жоспарына нұсқай отырып, банк оларға "жоқ" дей алады», — дейді Калленс.
Оның пайымдауынша, егер банктер жобаның қаржылық қаупін көтеруге мәжбүр болса, құрылыс тезірек жүреді.
«Жоба іске қосылғаннан кейін банк оның аяқталуын және бөлінген ақшаға алғашқы киловатт сағаттың өндірілуін асыға күтеді».
Қазақстанның географиясы мен электр энергиясын тұтынуын ескере отырып, сарапшылар өндірістік базаны орталықсыздандыру маңызды деп санайды. Алайда бұл жаңартылатын энергия көздерін есепке алмай жоспарланып отыр.
«Жақында билік энергетика саласын кластерлік дамыту тұжырымдамасын ұсынды. Мемлекет бәрін дамытамыз деп мәлімдеді: көмірді де, атомды да, жаңартылатын энергияны да дамытпақ. Бұл күлкілі жағдай, өйткені тұтынушылар үшін қымбат энергия көздерін қолдаудың қажеті жоқ», — деді Наурызбаев.
Онымен қоса, айтып өтетін құрылымдық осал тұстың бірі — энергетикалық инфрақұрылымның ескіруі. Ол Халықаралық энергетикалық агенттік белгілеген 5%-дан айтарлықтай асып түседі.
«Корпорациялар желі бойында көп шығын болатынына байланысты кейбір жобаларға инвестиция салмайды: әр 100 км сайын энергияның шамамен 10–15% ысырап болады. Бұдан қашып құтыла да алмайсың, өйткені жел энергиясын пайдалану әлеуеті бар кейбір аймақтардан желі тым алыс орналасқан», — деді сала инсайдері «Власть» басылымына. «Тек мемлекет бұл жобалардан ақша жоғалтуға қабілетті».
Қазақстанның жаңартылатын энергия ландшафтының шашыраңқы табиғаты үкіметтен желіні оңтайландыру және инфрақұрылымды инвестициялау бойынша міндеттемелермен қатар нарыққа қолайлы механизмдер құруға назар аударуды талап етеді.
Өнеркәсіп сарапшыларының пікірінше, мемлекетке жаңартылатын энергия көзіне тоқтау және қазба отындарына назарды сақтап қалу үшін үшжақты қысымды еңсеруге тура келсе де, Қазақстанды тұрақты декарбондау жолына бағыттайтын ең жақсы жағдай әлі де бар.
Поддержите журналистику, которой доверяют.