5586
30 ноября 2022
Ирина Гумыркина, фото Жанар Каримованыкі

Бұғаттау немесе мәселені шешу

Мәселені шешу орнына веб-сайттарды бұғаттау

Бұғаттау немесе мәселені шешу

Қазақстанда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сайты қараша айының басынан бері бұғатталып тұр. Алматы облысы Талғар ауданының соты сайттағы бір ақпаратты суицидке шақырады деп тапқан… Бұл – мамыр айында қабылданған балаларға қатысты заңсыз контент туралы заңның “жемісі”.

Үкімет әлеуметтік-экономикалық мәселелерді кешенді түрде шеше алмаған кезде, бұғаттау шындыққа қарсы күрестің негізгі құралына айналады.

Қоғамның қорқынышы бекер болмай шықты: кез келген ресурс ешқандай түсіндірмесіз бұғатталуы мүмкін деген ой шындыққа айналды. Ендігі міндет – оны табу және бұғаттан шығару.

Азаматтық қоғам болмаса, бұл сайттың бұғатталып тұрғанын ешкім білмей де қалар еді. Тіпті, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өзі де бейхабар. Миға сыймайтын нәрсе демеске лаж жоқ. Өйткені қабылданған заң бойынша, контентті мұқият тексеретін комиссия құрылуға тиіс болатын, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына Қазақстанда тыйым салынған ақпарат жарияланғанын хабарлау керек еді. Бұғаттаған күннің өзінде тұтас сайтты емес, ақпаратты ғана бұғаттауға тиіс еді. Әйтсе де, олай болмай шықты.

Бұл жағдай еліміздегі заңдардың шикі екенін және биліктің «мемлекет мүддесі үшін» проблеманы шешуде бұғаттауға жүгіретінін көрсетеді. Құрғақ есеп пен жалған имидж үшін емес, халық мүддесі үшін әрекет етуден гөрі, ештеңе болмағандай кейіп таныту оңайырақ. Адамдар ұсталып жатқанда, Астанада интернетті бір сағат өшіріп, кейін «апат болды» дей салу жеңіл.

Билік қоғаммен жөнді диалог жүргізе алмай отыр. Диалог мүлдем жоқ деуге болады. Қоғам өкілдері ұстанымын ашық көрсетіп, заңды құқығын айтса, билік естіген кейіп танытып, түзетулер енгізеді. Алайда ештеңе өзгермейді. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ресурстарды қалауынша бұғаттау деген айрықша құқығынан айырылды, алайда басқа мемлекеттік органдардың қолында мұндай мүмкіндік бар. Елдегі сот жүйесі қоғамның емес, мемлекеттің мүддесі үшін жұмыс істейтіндіктен, сот шешімі де айқын.

Алайда наразылық пен шеруге ұласатын әлеуметтік мәселені бұғаттау мүмкін емес. Әйелдерге психикалық соққы болатын, ал кей жағдайда өлімге дейін әкеп соғатын тұрмыстағы зорлықты бұғаттау мүмкін емес. Суицидке алып келетін мектептегі буллингті бұғаттау мүмкін емес. Ресми дерекке сүйенсек, жыл сайын елімізде 3,5-4 мың адам өзіне қол жұмсайды. Жыл сайын! Бұл көрсеткіштің өзгермей келе жатуы суицидтің алдын алу бағытындағы шаралардың тиімсіз екенін көрсетеді. Ал бір-екі ресурсты бұғаттау жағдайды өзгертпейді.

«Бұғаттау немесе мәселені шешу». Мемлекет нағыз қажет жауапты таңдамайды. Бәрі бәз-баяғыша: мәселені шешудің орнына үнсіздік пен шындықты жоққа шығару тактикасын таңдайды.