3015
27 января 2023
Бейімбет Молдағали, Астана, Власть, фото Paperlab-тiкi

«Мемлекет қоғам жартысының мүмкіндігін тежейді»

Белсенділер мен қоғам қайраткерлері Қазақстандағы әйелдердің ел саясатына араласуын талқылады

«Мемлекет қоғам жартысының мүмкіндігін тежейді»

22 желтоқсанда Paperlab зерттеу орталығы «Қазақстан саясатындағы әйелдер үні» атты талқылау өткізді. Қатысушылар Қазақстандағы әйелдердің саясатқа араласуына кедергі болатын жайттар, шешім қабылдаудағы гендерлік теңсіздік пен әйелдердің репрезентациясы жайлы ой қозғады. Спикерлер Қазақстандағы гендерлік квота жүйесінің артықшылығы мен кемшілігін саралап, саяси реформаларсыз гендерлік тепе-теңдік болуы мүмкін емес екенін атап өтті. Қатысушылар әйелдерді саясатқа белсенді араласуға және бір-бірін қолдауға шақырды.

Қазақстан соңғы жылдары гендерлік теңсіздікті жоюда прогреске қол жеткізіп, білім саласы мен экономикалық мүмкіндіктер рейтингінде көтерілгеніне қарамастан, әйелдердің саясатқа араласу рейтингтеріндегі көрсеткіш мәз емес. Қазақстан тәуелсіздік алған 31 жылда тек үш-ақ әйел президент сайлауында үміткер болды. Оның ішінде екеуі биылғы кезектен тыс президент сайлауына қатысты. Бір ғана әйел облыс әкімі болып тағайындалды. Талқылау модераторы болған зерттеуші Камила Смағұлованың сөзінше, орталық органдардағы саяси мемлекеттік қызметкерлердің арасында әйелдердің үлесі ерлерден 6 есе кем.

«Феминита» қозғалысын құрушылардың бірі Гүлзада Сержан 2016 жылдан бері әйелдердің саясатқа араласу мәселесін зерттейді. Ол әйелдердің мемлекеттік іске қатыспауы рейтингтерде Қазақстанды артқа тартатынын атап өтті. 2019-2020 жылдары Гүлзада Сержан БҰҰ-дағы әйелдерге қатысты барлық кемсітуді жою комитетіне Қазақстанның есеп беруіне Феминита атынан қатысты.

«Біздің елде әйелдер жоғары білімді, денсаулығы салыстырмалы түрде жақсы, яғни мемлекетіміз сондай сапалы білім алған, кәсіпкерлік қабілеті жоғары адамдарды шешім қабылдауға қатыстырмай отыр. Қазақстан барлық салада әйелдерді шешім қабылдау деңгейінде қатыстыруы керек. Ол экономика, саясат пен әлеуметімізге пайдалы, себебі әйелдер саясатқа келгенде өзінің күн тәртібімен келеді. Сонда әйелдерге қатысты шешілмей жүрген мәселелерді олар өзі шеше алады», – дейді Гүлзада Сержан. Бұл Феминита ұйымының «Күлгін киіз үй» жобасын құруына алып келді. Ондағы басты мақсат – жас қыздар мен әйелдерді саясатқа араласуға, мемлекеттік деңгейде шешім қабылдауға шақыру. Онда мемлекет саясатына араласу жолдары мен тәсілдері туралы үйретеді.

Гүлзада Сержан

Гүлзада Сержанның сөзіне қарағанда, көптеген елде саясатқа араласып, шешім қабылдауға мүмкіндігі бар әйелдер тек жанама жолмен елдің саяси өміріне қатысады: «Мысалы, бүгінгі спикерлер немесе осы залдағы әйелдердің көбі қайда жүр?! Олар саяси өмірге мемлекеттік емес ұйым арқылы кіреді. Ол жерде ресурс аз, бірақ жұмысыңыз саясат пен қоғамдық жұмысқа ұқсас, әйтеуір солай қоғамға пайда әкелуге ұмтыласыз. Алайда сіздің шешіміңіздің әсер етуі саясатта жүргендерге, яғни ер адамдарға байланысты болып қалады. Мемлекет осылай қоғамның жартысының мүмкіндігін тежеп отыр».

Спикерлер талқылаудың біраз бөлігін Қазақстандағы гендерлік квота жүйесіне арнады. Гүлзада Сержан Қазақстанда шешім қабылдау деңгейінде әйелдердің саясаттағы үлесі 30%-ға 2016 жылдың өзінде жетуі керек болғанын атап өтті. Бірақ 2016 жыл біте салысымен қайтадан отбасы және гендерлік саясат тұжырымдамасы қабылданып, сол 30%-ға жету 2030 жылға дейін шегерілді. Квотаны енгізу туралы мәселесі Тоқаев билікке келгеннен кейін ғана көтерілді.

«Бірақ, өздеріңіз білетіндей, оның өзін жастармен араластырып жіберді, яғни 35 жасқа дейінгі жігіттер әйелдермен бірге таласып жүруі керек. Біздің мемлекеттің беріп тұрған белгісі сондай: әйелдер мен жас жігіттердің саясаттағы үлесі 30% болуы керек», – дейді Гүлзада Сержан.

Оның сөзінше, жастар мен әйелдердің саясаттағы үлесі 75%-ға, ал мүгедектігі бар адамдармен қосқанда, 80%-ға жетуі керек. Гүлзада Сержан жастар да саясаттан қалыс қалатынын және олардың саяси партия құруға, саяси өмірге араласуға мүмкіндігі шектеулі екенін ескертті. Бұны қаңтар оқиғасы да айқын көрсетті деп санайды.

Отбасы және әйелдер ісі жөніндегі Ұлттық комиссия мүшесі әрі Technowomen ұйымының президенті Азиза Шужеева да 2020 жылы қабылданған квота жүйесін жас пен гендердің қосындысынан пайда болған «микс» деп есептейді, бірақ бұл жүйе біршама оң өзгеріс алып келді деп сенеді. Әйелдердің саясатқа қатысу деңгейін үш сегментке бөліп қарастыруды ұсынады: заң шығарушы деңгейде, квазимемлекеттік сектордағы компаниялар мен корпорациялар деңгейінде және атқарушы билік деңгейінде шешім қабылдау. Мәжіліс деңгейінде 20%-ға жетсек, мәслихатта, яғни аймақтарда 32%-ға дейін көтерілді дейді. Азиза Шужеева квазимемлекеттік сегментке де баса назар аудару керек деп есептейді. Бұл сала жете бағаланбайды дейді.

Азиза Шужеева (сол жағында)

«Мен бұл секторды саяси деңгейде шешім қабылдау деп санаймын, себебі квазимемлекеттік сектордағы корпорациялар ел экономикасының 70%-ына жауапты. Бұл корпорацияларда қабылданатын шешімдер қоғамның басым бөлігіне әсер етеді. Шешім қабылдау деңгейінде әйелдерді жағдайы өте нашар еді. Отыз жыл бойы директорлар кеңесінде әйелдердің үлесі 10%-дан аспайтын. Ұлттық комиссия жұмысының арқасында корпорацияларда директорлар кеңесі мен басқарма деңгейінде квота қабылданды», – дейді Азиза Шужеева. Оның сөзінше, экономика министрі құжатқа қол қойды, сондықтан келесі жылы квазимемлекеттік секторда шешім қабылдау деңгейінде әйелдердің үлесі 20%-дан, ал 2025 жылға қарай 30%-дан кем болмауы керек.

«Үкімет, министрлік пен әкімдік кіретін атқарушы билікте жағдай қиын. Еліміздегі саяси мемлекеттік қызметкерлердің 9%-ы ғана әйелдер. Бізде төрт-ақ ауданның әкімі әйел адам. Заң шығарушы деңгейде прогресс бар, корпоративтік деңгейде нормативтік-құқықтық актілер бар, ал атқарушы билік деңгейінде қолға алатын жұмыс көп», – дейді Азиза Шужеева.

Ұлттық комиссия мүшесі әйелдер өзінің амбициясын білдіріп, саясатқа белсенді араласса, гендерлік теңсіздік жылдамырақ жойылатынына сенеді.

Global Gender Gap рейтингінде Қазақстан 2022 жылы 80-орыннан 65-орынға көтерілді, алайда Ұлттық комиссия мүшесі рейтингтерге де мұқият қарау керектігін ескертеді. Рейтинг көрсеткіштерінің бірі әйелдердің шешім қабылдау деңгейінде саяси қатысуын көрсетеді. Шужееваның сөзінше, соңғы он жыл бойы бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан үнемі төмен түсіп келе жатқан. Тек 2022 жылы бес орынға көтеріліп, 100-орынға жайғасқан.

Медиа коммуникация саласының маманы Назым Жанғазинова соңғы парламент және президент сайлауында жұмыс істеді. Ол президенттікке үміткер Салтанат Тұрсынбекованың сайлауалды штабын басқарып, идеологиясы мен пиарына жауапты маман болды. Назым қазір Қазақстан медиасында да әйел мамандар аз дейді. Егер жер сату тақырыбын интернеттен іздесек, ол жағдай туралы тек ер адамдар пікір білдіргенін айтады. Алайда клиенттерінің ішінде жер тақырыбын жақсы білетін білікті әйел мамандар жеткілікті.

«Өкінішке қарай, ақпараттық кеңістікте ол әйелдердің үні жоқ. Олар пікір білдіріп, сараптама жарияламайды. Қоғамда “Әйелдердің тақырыбы – тек әлеуметтік мәселе” деген стереотип қалыптасқан. Әйелдер тек медицина немесе білім саласына араласады. Ал жер сияқты саяси мәселелерде әйел үні жоқ», – дейді Жанғазинова.

Назым Жанғазинова

Назым Жанғазинова соңғы парламент және президент сайлауын салыстырып, кейінгі екі-үш жылда Қазақстанда саясаттағы әйел үніне байланысты прогресс байқағанын айтады. Екі жыл бұрын «Адал» партиясымен жұмыс істегенде, әйел кандидаттарға менсінбей қарау байқалғанын айтады. Биылғы сайлауда барлық өңірде «Ер президенттерді көрдік, ал енді әйелдерге жол беріп, қолдау көрсетейік» деген сарындағы әңгіме көп айтылды дейді.

Журналист, сценарист және саяси белсенді Әсем Жәпішева «қоғамдық саясатты талқылаудың өзі біртүрлі» дейді, себебі ол Қазақстанда қоғамдық саясат пен саясаткерлер жоқ деп санайды. «Атқарушы билікте, оның ішінде әкімдіктерде, шенеунік аппаратында әйелдердің болмауының басты себебі – тамыры терең жайылған патриархал саяси мәдениет. Әйелдерді екі рөлде ғана қарастырады: керемет орындаушы немесе отбасылық-демографиялық тақырыпқа жауапты адам ретінде. Бүгінгі таңда атқарушы билікте осы екі рөл ғана әйелдерге арналған», – дейді Жәпішева.

Әсем Жәпішева

Саяси белсенді саясат туралы айтқанда қағаз бетіндегі және іс жүзіндегі жағдайдың ара-жігін ажырату қажет дейді. Қағаз жүзінде де жағдайдың нашар екенін айтты: тіпті соңғы президент сайлауына қатысқан үміткерлердің өзі де «сол баяғы отбасылық-демографиялық» саланың өкілі болды. Тек әйелдер емес, жалпы азаматтардың саясатқа атсалысуының негізі – бәсеке мен ашықтық. Ол саяси белсенді ретінде азаматтардың, яғни әйелдер, жастар, мүгедектігі бар жандар болсын, саяси қатысуы шектелгенін байқайды. Мемлекет әкімшілік ресурсты пайдаланып, саясатқа қатысу мүмкіндігін үнемі тартып алады.

«Бұған екі мысал келтірейін. Біріншіден, алдағы парламент пен мәслихат сайлауы. Бірнеше партия бірнеше жыл бойы тіркеле алмай келеді. Мысалы, «Алға, Қазақстан» партиясы биыл төрт рет тіркелуге тырысты. <…> Партия тіркей алмаған азаматтар заңсыздыққа тап болып, әлеуметтік желіден басқа ешқайда шағымдана да алмайды. Демократиялық партия туралы да дәл солай айтуға болады. Жанболат Мамай мен оның жұбайы Инга Иманбай туралы да естіген шығарсыздар. Дәл осы Инга Иманбай қазіргі Қазақстан саясатында жарық жұлдыздай жарқыраушы еді. Тіркелуге ниеті болған партияның мүшелерін қоршап, қонақүйден шығармай қойған, ал біреуінің көлігін өртеп жіберген. Тіркелген «Республика» партиясының өзі брендбугін 2019 жылы құрылған «Республика» қозғалысынан көшіріп алған. Сол қозғалыстың негізін қалаған, қоғамдық саясатта да жарқын жұлдыз атануға толық мүмкіндігі бар Бэлла Орынбетова еді», – дейді Жәпішева.

Тағы бір мысал ретінде Жәпішева Алматыда әйелдер маршын ұйымдастыруға әкімдіктің рұқсат бермеуін айтады. Оның айтуынша, полиция мен биліктің қысымына қарамастан, 2015 жылдан бері ұйымдастырылатын бұл маршта айтылатынның бәрі Ақорданың қағаз бетінде белгілеп қойған мақсаттарына сай келеді. Оған әйелдердің саясатқа қатысуы, зорлық-зомбылықты криминалдау жатады. Биыл әкімдік 8 наурызда митинг өтетін орындар «Еріктілер лигасы» ұйымына берілген деп жауап берген. Власть «Еріктілер лигасына» хабарласқанда лига өкілі ұйым митинг өткізумен айналыспайтындарын айтты.

«Мемлекеттің әйелдер мен жастар саясатқа белсенді араласуы қажет дегені – азаматтардың саясатқа араласуға мүлде мүмкіндігінің болмауы туралы әңгімені басқа жаққа бұру. Қазақстанда ер болсын, әйел болсын, ешкім де саясатқа қатыса алмайды. Бәсеке мен ашықтық пайда болса, зорлық-зомбылықты криминалдау мен патриархал мәдениет мәселелерін тез шешер едік», – дейді Жәпішева.

Спикерлер әйелдерді «қоғамның өзгеруін» күтпей, өзгеріс бола алатындай саясатқа белсенді қатысуға шақырды. Саяси жүйенің бүкіл кемшілігіне қарамастан, биліктің барлық деңгейінде әйел үнін арттыруды ұсынды. Әлеуметтанушы Серік Бейсембаев та спикерлермен келісіп, «біздің қоғам саяси жүйеден әлдеқайда озып кеткен» деген ой айтты.