5377
18 марта 2023
Паоло Сорбелло, сурет Ұлыбратания үкіметі сайтынан алынды

«Бұқаралық ақпарат құралдарының бостандығы — тиімді, тәуелсіз әрі әділ институттар құрудың ажырамас элементі»

Ұлыбритания Сыртқы істер министрі Джеймс Клеверлимен сұхбат

«Бұқаралық ақпарат құралдарының бостандығы — тиімді, тәуелсіз әрі әділ институттар құрудың ажырамас элементі»

Ұлыбританияның Сыртқы істер министрі Джеймс Клеверли сенбі күні Қазақстанға бірінші рет келмек

Клеврли мырза, Қазақстанға сапарыңыз кезінде үкімет өкілдерінің қайсымен кездесесіз? Қандай да нақты тақырыпты талқылауды жоспарлап отырсыз ба?

Қазақстанға мені әріптесім, сыртқы істер министрі Мұқтар Тілеуберді шақырды. Мен оны Лондонда желтоқсан айының 6-сы күні Қазақстан-Британия стратегиялық диалогы кезінде қабылдау құрметіне ие болдым. Бұл менің Қазақстанға алғашқы сапарым, соңғысы да болар қоймас деп үміттенемін. Мен осында келгеніме шын жүректен қуаныштымын. Сондай-ақ қысқа сапарым жексенбі күні өтетін маңызды Мәжіліс сайлауының алдында тұспа-тұс келгеніне ризамын.

Сапар барысында аса мәртебелі президент Қасым-Жомарт Тоқаев, премьер-министр және басқа да министрлермен кездесу жоспарым бар. Кейінгі 31 жыл ішіндегі қарым-қатынасымыздың сауда және инвестиция, қаржы және құқық, білім мен мәдениет, сондай-ақ қауіпсіздік саласында – бітімгершілік бойынша ынтымақтастық сияқты негізгі тұғырларын нығайта отырып, Ұлыбритания мен Қазақстан арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі қарай дамытуды қалай жалғастыра алатынымызды талқылағым келеді.

Әрине, мен, сонымен қатар, жаһандық қауіпсіздік мәселелерін, соның ішінде Ресейдің Украинаға заңсыз басып кіруінің салдарын талқылауды да жоспарлап отырмын. Осы ерекше күрделі кезеңде Президент Тоқаев Қазақстанды маңызды ішкі саяси және экономикалық реформалар жолына салды. Мен Қазақстанның алдында тұрған сын-қатерлер мен мүмкіндіктерді және біздің ынтымақтастығымызды одан әрі қалай дамыта алатынымызды түсінуге ұмтылып жатырмын.

Қайда барсам да, маған басқа салалардағы адамдармен, соның ішінде бизнес, азаматтық қоғам, білім беру секторларының өкілдерімен және британиялық университеттердің әртүрлі салада жұмыс істеп жүрген көптеген тамаша түлектерімен кездескен ұнайды. Алдағы 30 жыл ішінде әділетті де гүлденген Қазақстанды құруда бұл салалардағы адамдардың барлығы шешуші рөл атқаратын болады.

Қазан айында Ұлыбритания мен Қазақстан 2023 жылы Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы стратегиялық серіктестік пен ынтымақтастық туралы жаңа келісімге қол қоюды жоспарлап отырғанын оқыдық. Бұл келісімге нақты қай күні қол қойылатыны белгіленді ме? Оның мазмұны қандай? Ынтымақтастықтың қандай бағыттарын нығайтуды жоспарлап отырсыздар?

Ұлыбритания Еуропалық Одақтан шыққан қазіргі уақытта екіжақты қарым-қатынасымыздың жаңа негізі ретінде стратегиялық серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісім жасасу туралы келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Келісім кең ауқымды салалардағы, соның ішінде сыртқы саясат, экономика, сауда және инвестиция, энергетика және климаттың өзгеруі, білім беру және зерттеулер, азаматтық қоғам мен мәдениет, сондай-ақ сот төрелігі мен адам құқықтары бойынша тығыз ынтымақтастық шеңберін белгілейді. Қазір келіссөздердің соңғы сатысындамыз және жақын арада келісімге қол қоюды жоспарлап отырмыз. Ол екіжақты қарым-қатынасты нығайтуымызға мүмкіндік береді

Ынтымақтастықтың өзара бағыттары, сонымен бірге, климаттың өзгеруімен күресу және жоғары технологиялық жасыл экономиканы құру шараларына қатысты да болып табылады. Қазақстандағы кездесулеріңізде осы тақырыптар бойынша қандай нақты қадамдар жасауды жоспарлап отырсыз?

Қазақстанға 2060 жылға қарай нөлдік шығарындыларға қол жеткізу жөніндегі міндеттемелерін орындауға көмектесу үшін біздің пайдалы тәжірибеміз бар деп ойлаймыз. Ұлыбританияда өту процесі сәтті жүріп жатыр – 15 жыл ішінде біз электр энергиясын өндіру үшін пайдаланылатын көмірдің үлесін 40%-дан 5%-ға дейін төмендеттік. Біз ең жаңа технологияларды, соның ішінде «жасыл сутегі хабтарын» дамытып жатырмыз, олар 2030 жылға қарай 5 ГВт өндіретін болады, бұл үш миллион үйге электр энергиясын беру үшін жеткілікті. Сондай-ақ, біз энергияны үнемдеу - сіздер шығарындыларды азайту үшін жасауға болатын ең арзан инвестиция екенін көрсеттік. Біз соңғы 15 жылда жан басына шаққандағы энергия тұтынуды шамамен 25%-ға қысқарттық.

Табиғатты қорғау – климаттың өзгеруімен күрестің тағы бір маңызды факторы. Қазақстанның ақбөкенді сақтау және «Ұлы Дала» экожүйесінің биоалуантүрлілігін қорғау жұмысын жақында БҰҰ-ның биоалуантүрлілікті қалпына келтіру бойынша жаһандық жетекші он жобаның бірі ретінде тануы - бұл қуанарлық жаңалық.

Бұл жобаға Қазақстанның Биоәртүрлілікті сақтау қауымдастығы мен табиғатты қорғаумен айналысатын британиялық үкіметтік емес ұйым - RSPB ынтымақтастығымен қолдау көрсетілді. Сонымен қатар Қазақстан Табиғатты қорғауға қатысты жоғары амбициялар коалициясына кіретін Орталық Азиядағы бірінші мемлекет болатынына қуаныштымын.

Ресейдің Украинадағы соғысы басталғанынан бір жылдан кейін қақтығыстың әлеуметтік-экономикалық салдары Қазақстанда әлі де сезіліп жатыр. Украинадағы қақтығыстың соңы не болады деп ойлайсыз?

Президент Путин Украинаға заңсыз басып кіру туралы шешім қабылдағанда қателесті. Ол Украинаны үш күнде жаулап аламын деп ойлады және украиндықтардың өз егемендігі мен ұлттық бірегейлігін қорғауға деген жігерін жете бағаламады. Біздің мақсатымыз – Украинаға оның егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғауға қажетті қолдау көрсетіп, бұл сұмдық соғысты мүмкіндігінше тезірек тоқтату.

Бұл соғыс бағаның күрт өсуі мен жеткізу тізбегінің үзілуі салдарынан дүние жүзі елдеріне, соның ішінде Қазақстанға қаншама экономикалық шығын әкеліп отырғаны бізге белгілі. Мен Қазақстанның Украинаның аумақтық тұтастығын қолдаудағы дәйекті және принципті ұстанымы үшін ризамын және соғысты БҰҰ Жарғысының қағидаттарына сәйкес шешуге шақырамыз. Қазақстан сонымен қатар санкцияларды құрметтейтінін және оларды орап өтудің жолына айналмайтынын ашық көрсетті. Біз бұл мәселе бойынша ашық диалог үшін алғысымызды білдіреміз. Біз Ресейдің Украинадағы соғысының Қазақстанға экономикалық әсерін барынша азайту үшін қолдан келгеннің бәрін жасауды жалғастыратын боламыз.

Саяси оппозицияның қуғындалуы және журналистер мен азаматтық қоғамның шабуылға жиі ұшырауы Қазақстандағы демократиялық үдерістердің дамуына бұрынғысынша кедергі келтіріп жатыр. Елдің демократияға қарай одан әрі қадамдауына көмектесу үшін Ұлыбритания мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық қандай бағыттарда болуы мүмкін?

2022 жылғы желтоқсанда Халықаралық адам құқықтары күніне орай сөйлеген сөзімде мен адамның негізгі құқықтарын қорғау барлық адамның мүддесіне сай келіп қана қоймайтынын, сонымен қатар әділ және тең құқықты экономикалық өсуге және әрбір мемлекеттің ұзақмерзімді тұрақтылығына ықпал ететінін айтқан болатынмын. Біз күшті, тәуелсіз институттар құру бойынша тәжірибемізді бөлісуді бұдан әрі қарай да жалғастырамыз деп үміттенеміз – көптеген жыл бойы біз әртүрлі жоба бойынша, соның ішінде, мысалы, алқабилер соты институтын дамыту бойынша ынтымақтасып жұмыс атқардық. 19 наурызда өтетін Мәжіліс сайлауы және Конституцияғадағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл сияқты құқық қорғау институттарын күшейтетін түзетулер реформаларды ілгерілетудегі келесі маңызды қадамдар болады деп сенеміз.

Бұқаралық ақпарат құралдарының бостандығы тиімді, тәуелсіз және әділ институттарды құрудың ажырамас элементі. Қазір Қазақстанда бұл мәселе бойынша маңызды пікірталас жүріп жатыр – біз «БАҚ туралы заңның» жаңа жобасына тәуелсіз заңгерлік сараптама жүргізу жөніндегі ЕҚЫҰ ұсынысын құптаймыз. Журналистерді қудалау фактілерін тексеруге қатысты биліктің жуырдағы қадамдары өте маңызды деп санаймыз

Ұлыбритания премьер-министрінің Қазақстандағы сауда өкілі Уинтерборндық баронесса Эмма Николсон осыдан екі апта бұрын төрт күндік сапармен Қазақстанға келді. Ресми сапарлардың бұлай жиілеуі анағұрлым тығыз ынтымақтастықты жаңғыртудың белгісі болып табыла ма?

Дәл солай. Менің сапарым және баронесса Николсонның осы айдың басында өткен сапары қарым-қатынасымызға оң серпін береді деп үміттенемін. Сауда және инвестицияға қатысты айтатын болсақ, біз бұл жерде - мысалы, маңызды пайдалы қазбалар, таза/жасыл технологиялар және ауыл шаруашылығы салаларында көптеген мүмкіндіктер бар деп ойлаймыз. Биылғы сапар барысында мен жасыл сутегі, маңызды пайдалы қазбалар және экономикалық деректер саласындағы ынтымақтастық туралы үш меморандумға қол қоятынымды қуана айтамын.

Біз сондай-ақ жетекші халықаралық университеттермен әлемдік деңгейдегі серіктестік орнату арқылы Қазақстанның өңірде трансұлттық білім беру орталығына айналуға ұмтылысын шын жүректен қолдаймыз.

2021 жылы Де Монфорт университетінің алғашқы британдық кампусын ашу және Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті мен Heriot-Watt университеті арасында алдағы уақытта ынтымақтастық орнату арқылы бұл саладағы серпінді жобаларды жүзеге асырамыз деп ойлаймыз.