3190
17 мая 2023
Юна Коростелева.

Кешіккен жаза

Наразылық акциясынан бері бір апта, тіпті бірнеше ай өтсе де, саяси белсенділер қудалауға ұшырап жатыр

Кешіккен жаза

6 мамыр күні Алматыда Oyan, Qazaqstan белсенділері Влада Ермольчева мен Дархан Шәріпов ұсталды. Демалыс күні түнгі уақытта өткен сот екі белсендіні 15 тәулікке қамауға шешім шығарды. Шәріпов 2022 жылы 20 қараша күні президент сайлауының нәтижесінде қарсы пикет өткізгені үшін жазасын өтеп жатыр. Ал Ермольчева парламент сайлауының нәтижесіне қарсы 26 наурызда өткізген пикеті үшін қамалды.

«Дархан мен Влада өтірік айтқан жоқ. Қазақстан тарихында бірде-бір сайлау ашық, әділ өткен жоқ. Бұрын дауысымызды Назарбаев пен Nur Otan партиясы ұрласа, қазір Тоқаев пен Аmanat партиясы ұрлап жатыр», — деді журналист және Oyan, Qazaqstan қозғалысының белсендісі Әсем Жәпішева белсенділердің жақтастарына жасалып жатқан қуғын-сүргінді тоқтатуды талап еткен баспасөз мәслихатында.

Қазақстан прокуратурасына Шәріповке қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасауға жарты жыл, ал Ермольчеваны жауапқа тарту үшін бір айдан астам уақыт қажет болды.

Дегенмен, үкімет белсенділер наразы болған 2022 және 2023 жылғы сайлаудағы жаппай заң бұзушылыққа дәлел таппады. Қазақстандық құқық қорғау жүйесі бірнеше бюллетень лақтыру, «карусель» әдісімен дауыс беру, тәуелсіз бақылаушылардың жұмысын шектеу және дауыс санаудың алдында оларды бөлімшеден шығарып жіберуді заңсыз әрекет деп санамайтын сияқты.

Тоқаев кезектен тыс президент сайлауында 81,3 пайыз дауыс жинады. 5 айдан кейінгі сайлауда тәуелсіз кандидаттар парламенттен орын ала алмады. Сот нәтижесі көрсеткендей, көшеде сайлау нәтижесіне қарсылық білдіру – заңсыз. Пикет жарты жыл бұрын өткеніне қарамайды.

12 сәуір күні саясаткер Мұхтар Тайжан, белсенді Әлнұр Ілияшев пен оралдық журналист Лұқпан Ахмедияров әділетсіз сайлауға қарсы митинг өткізгені үшін 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Полиция бөлімшесіне қоғам қайраткері әрі саясаткер Рысбек Сәрсенбайұлы және азаматтық белсенді Марат Тұрымбетов шақырылды. Ал митинг 9 сәуір күні өткен.

10-11 мамыр күндері белсенділер Аружан Дүйсебаева, Инга Иманбай мен Арайлым Назароваға тәуелсіз үміткерлер сайлаудың әділ өтпегенін айтып, осындай сайлау нәтижесімен жинақталған парламентті заңсыз деп таныған «Халық парламенті» отырысына қатысқаны үшін айыппұл салынды. Бір айдан кейін.

Бірде-бір мемлекеттік орган белсенділердің наразылық акциясы мен дөңгелек үстелден біршама уақыт өткеннен кейін неге қудаланып жатқанын түсіндірмеді. Белсенділерді ұстау және оларды әкімшілік жауапқа тарту Жаңаөзен мұнайшыларының наразылығы мен президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 9 мамыр - Жеңіс күніне орай Мәскеуге шеруге барғаны жаппай сынға алынған кезбен тұспа-тұс келеді.

Билік саяси белсенділікті тұншықтыруды жалғастырып жатыр. Әйтсе де, қандай айла-тәсіл ойлап тапса да, белсенділер алаңға шығуды жалғастыра беретінін көрсетті.