4699
17 июля 2023
Оразай Қыдырбаев, сурет зерттеушінің жеке архивінен

Зерттеуші Ғалым Жүсіпбек: «Шешім қабылдауға халық қатыспаған жерде әділ қала болмайды»

Неолиберал капиталист жүйенің қала өмірі мен келбетіне әсері, әділ қала құрылымы және оған тұрғындардың қатыса алу құқығы туралы

Зерттеуші Ғалым Жүсіпбек: «Шешім қабылдауға халық қатыспаған жерде әділ қала болмайды»

Әлеуметтік теория зерттеушісі Ғалым Жүсіпбек мырза Ädil Qala жобасы аясындағы талқының бірінде неолиберал экономикалық жүйенің қаладағы адам құқығына кері әсерін айтқан еді. Журналист Оразай Қыдырбаев зерттеушімен осы тақырып аясында сұхбаттасты.

Сұхбаттасуға ыңғайлы орын іздеп, Sputnik Mall сауда орталығының ішіне кірдік. Адам көп, у-шу. Жайлы жер табылып қалар деген оймен аралап шыққанмен, тыныш орын табылмады. Ғалым мырза терең күрсінді: «Неолиберал капиталист жүйенің қала өміріне тигізген залалын, міне, осыдан байқауға болады: жақын маңда демалатын саябақ жоқ, сондықтан халық осында келуге мәжбүр. Апта бойы жинаған ақшасын сауда-саттыққа жұмсайды әрі осыны демалу деп ойлайды».

Балалық шағыңыз өткен Алматы мен қазіргі Алматының айырмасы қандай? Тәуелсіздік жылдарында, жекешелендіру кезеңінде қала келбеті мен қала өмірінде қандай өзгеріс болды?

Алматы қаласы қатты өзгерді. Оның біразы көз алдымда өтті. «Мамыр» ықшамауданында тұрамын. Біз алғаш көшіп келген жылы бұл жаңа игеріліп жатқан аудан болатын. Жекешелендіруден кейін ол жерге де меншік құқығы енгізіліп, 1990-жылдардың аяғы мен 2000-жылдардың басында «Мамырдағы» бос жатқан жер игеріле бастады.1990-жылдардың басынан іске қосылған және кейінгі жылдары салынған үйлерді назарға алар болсақ, «Мамыр» – он мыңдаған адам тұратын ірі аудан. Бірақ бүгінге дейін осы үлкен ауданда мемлекеттік емхана жоқ. Мұнда тұратын ондаған мың адам бір жері ауырып, аудандық учаскелік дәрігерге қаралуы керек болса, кішігірім үш бөлмелі пәтерде отырған дәрігерге барады. Ол дәрігер науқастарды «Таугүлге» немесе Алматының басқа аудандарындағы емханаға жібереді.

Қазір емхана салынып жатыр, бірақ ауданның көлемін назарға алатын болсақ, мұның өзі ықшам. Төрт қабатты шағын емхана биыл іске қосылуы керек. «Мамыр-1-2» ықшамаудандары 1991-1992 жылдары іске қосылды. Қазір 2023 жыл. Сонда 30–32 жыл өткеннен кейін ғана ондаған мың тұрғыны бар ауданға емхана салынып жатыр.

Мектеп мәселесі де сондай. «Мамырда» қазір екі мектеп бар, оның өзі жақын жылдары салынды. Қысқасы, өзім тұратын «Мамыр» ықшамауданы Қазақстанға келген капитализмнің даму сатысын көрсете алатындай.

Суретті Оразай Қыдырбаев түсірген

Абай көшесіне жақын маңда сейсмикалық жарық бар. Біз көшіп келген жылдары ол жерде ағаш өсіретін, кеңшарға тиесілі болатын. Кейінірек Шаляпин көшесіне жақын маңға үй салуға рұқсат беріп, Абай көшесіне жақын жерге үй тұрғызуға рұқсат берген жоқ. Қалай болғаны белгісіз, екі мыңыншы жылдардың басынан бастап ағаштар кесіліп, орнына коттедж салына бастады. Абай–Момышұлы қиылысына кем дегенде 9 қабатты биік үй салып қойды. Теория бойынша, ол жерге биік үй салуға болмайды. Бұл біздегі капитализмнің басқа қырын көрсетіп отыр. Адамның өмірін, денсаулығын жер сілкіну сияқты табиғи құбылысқа құрбан ету жағдайы бар.

Тағы бір мысал, мүгедектігі бар балалар мен аналарды қарауына алған «Бибі-Ана» қоры бар осыдан бірнеше жыл бұрын президентке ашық хат жолдап, қорға тиесілі «Мамыр-1» ықшамауданындағы жер телімінің жартысы сыртынан сатылып кеткенін мәлімдеген. Соңғы үш жыл көлемінде ол жер тұтасымен 20 қабатты тұрғынүй кешеніне айналды. Біз тұрғындармен бірнеше рет Әуезов ауданының әкімдігіне хат жазып, неліктен ол жер құрылыс алаңына айналғанын сұрадық. Егер қорға қатысы болмаса, ол жерге саябақ салуын сұрадық, неліктен бізбен ақылдаспағанын сұрап қаншама рет өтініш жасадық. Бізге соңғы рет жауап бергенде, тұрғынүй кешенінің құжаттары дұрыс екенін түсіндіретін жауап келді.

«Мамырда» осындай болса, жаңа салынған «Шұғыла», «Зерделі» ықшамаудандарындағы жағдай мүлдем қиын шығар?

Әр нәрсе салыстырудан тұрады. Мысалы, Еуропа елдерімен, АҚШ-пен салыстырсақ, «Мамырдағы» жағдай көп жұмысты талап етеді. Ал «Зерделі», «Ақбұлақ» сияқты ықшамаудандарындағы жағдай адам айтқысыз. Ол жақта 9–12 қабатты үйлердің арасына бос орын қалдырмаған. Көлік қоятын жер тұрмақ, менің ойымша, ол жақта адамдардың жүріп-тұруына еш мүмкіндік жоқ.

"Шұғыла" ықшамауданы

Қала салудың, яғни урбанистиканың ережелері бар. Ол адам құқығымен байланысты. Бізде құрылыс компаниялары «нарық», «нарық шешеді» дейді. Нарық ешқашан еш нәрсені адамның ұзақ мерзімді игілігі үшін шешпейді.

Нарықты қадағалайтын – заң. Заң адам құқығын, бостандығын, өмірін қорғауы керек. Біздегі экономика теориясы идеологияның біреуін ғана көрсетеді. Экономиканың қазіргі анықтамасы – шексіз қажеттіліктерді шектеулі мүмкіндіктермен қанағаттандыру. Елуінші жылдардан бастап сексеннің аяғына дейінгі капиталистік экономика басқаша еді. Адам баласының жақсылығының (well-being), әсіресе жеке басының әлеуметтік жақсылығының қалай қамтамасыз етілуін зерделейтін, жүзеге асыратын ғылым еді.

Теория белгілі бір экономикалық, қаржылық топтардың мүддесіне байланысты өзгереді. Мысалы, қазіргі үстем теория – неолиберал немесе неоклассикалық теория. Оның негізгі принциптері – нарықтың әр нәрсені шешетініне, әр нәрсені жөндеп беретініне кәміл сену. Реті келсе, нарықтық фундаментализм деп айтуға болады. Қазіргі кездегі неолиберал экономика – нарықтың күшіне ғана сену емес, әр нәрсені жекешелендіру ғана емес. Бұлар қазір жеткіліксіз. Неолиберализм заң үстемдігін меншікті қорғау деңгейімен шектейді, тарылтады және нарықтық экономиканы әлеуметтік әділдікке қарсы қояды.

Кейбір жағдайда неоклассик неолиберал экономика мемлекеттің рөлін қабылдайды. Мысалы, дағдарысқа тап болған кезде «мемлекет, мені құтқар» деп жетіп келеді. 2008 жылы Қазақстанда банк жүйесі күйреп, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры құрылды. Жаңа құрылған қор халықтың ақшасымен «құтқар, құтқар» деп тұрған банктерді құтқарды. Біздің Қазақстандағы жағдай неолиберал олигархиялық ренттік капитализм. Ол демократикалық институттар қалыптасып үлгермеген кездегі ретсіз жаппай жекешелендіру нәтижесінде құрылды. Таза неолиберал экономика постулаттарының нәтижесінде осы капитализм құрылды да, жүйе күйзеліске ұшырай бастаған кезде өз постулаттарынан шамалы ауытқып, мемлекет бізді құтқарсын деді және ол қабылданды. «Самұрық-Қазына» біздегі банк жүйесін күйреуден құтқарып қалды.

Өте қызық нәрсе бар, неолиберал экономистер қиналған кезде өз постулаттарынан шамалы ауытқиды. Қазіргі кезде неолиберал капитализмді анықтау үшін мынаны назарға алу керек: экономикадағы қаржылық ағымдар ең көп пайданы кімге беріп жатыр?

Бұл жерде өте сақ болуымыз керек. Неолиберал экономика хамелеон сияқты жағдайға қарай өзін жасырады. Мысалы, АҚШ-та кейінгі бес жылда денсаулық сақтау саласына көп қаражат мемлекет тарапынан құйылды. Кейбіреулер бұл неолиберал экономика емес қой деуі мүмкін. Бұл – хамелеон неолиберал экономика. Мемлекеттің ақшасы денсаулық сақтау ұйымдарына жекеменшік компаниялар арқылы құйылды. Айналып келгенде, қарапайым америкалық азаматқа мемлекеттің бөлген ақшасынан тиетін пайда нөлге жақын, тіпті одан төмен. Ал арада дәнекер болып жүрген ондаған, жүздеген жекеменшік компания мемлекет ақшасын алып, одан сайын байыды.

Бірақ бізде мектеп тапшылығы бар, мемлекет мәселені ең қысқа мерзімде шешетін ең тиімді жол ретінде жекеменшік мектептерді ашып, оларға қаржылай қолдау білдіруді ұсынды. Бұл расында да мәселені шешіп жатқан сияқты. Бірақ, жекеменшік мектептер коммерциялық жобаға айналып, білім сатылатын тауар болып кетті.

Біз жекеменшік сектор, мемлекеттік сектор деп бөлмеуіміз керек. Кім халыққа қаншалықты жақсы қызмет көрсете алса, ол қызмет берілуі керек. Неолиберал неоклассикалық экономика деп айтқанда мені қатты толғандыратын нәрсе – адамның құқық категориялары (шартты түрде азаматтық, саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени деп бөлуге болады) бір-бірімен байланысты. Біз ешбір құқық категориясының бірі жоғары, бірі төмен деп айта алмаймыз. Бәрі бір-бірімен байланысты болғандықтан, біз қазір кемсітіп тұрған құқығымыз келешекте бүкіл құқық жүйесін, адам құқықтарын бұзады.

Неолиберал неоклассикалық дүниетанымның ең үлкен ерекшелігі – адам құқықтары арасында иерархия, саты жасайды. Ол сатылардың ішінде ең маңыздысы – меншік құқығы, әсіресе, үлкен меншік иелеріне қатысты. Үлкен меншікке ие болсаңыз, сіз патшасыз. Сіздің жекеменшік құқығыңызды мемлекет барын сала қорғауы керек. «Бұл өте жақсы, демократияның негізі ғой» деушілер бар шығар. Бірақ, жекеменшік құқық біреудің өміріне, денсаулығына қауіп төндіретіндей болмауы керек.

Бұрын Алматыда үй салатын кезде сол салынған үйдің биіктігіндей бос жер қалдыратын. Мысалы, бес қабатты үйлердің арасы, жаңылыспасам, жиырма метрдей болуы керек. Тоғыз қабатты үйлердің арасы одан да кең. Себебі жер сілкініп, үй құлайтын болса, көрші үйге құламауы керек. Екіншіден, әр адамның, әр отбасының демалу, рекреация құқығы (recreation rights) бар. Ол құқықтар ескеріліп, сақталуы керек. Үлкен тұрғынүй кешені салынса, көлік көбейді. Адамдар еркін кіріп-шыға алмайды.

Сурет авторы: Жанара Каримова

Қазақстанда салынған және салынып жатқан тұрғынүй кешендерінің ешбірі сол ауданда тұратын халықтың дауысын алмаған. Бізде жерді жекешелендіру жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі құрылмай жатып жүрді. Біз күні бүгінге дейін аудан әкімін ашық сайлай алмадық. Әділ қала болмауының бірден-бір себебі, бізде үй салынса да, бизнес орталық салынса да, бүгінге дейін оны халық шешкен жоқ. Нарық шешеді дедік. Нарық ешқашан әділ шешпейді, ол кімнің ақшасы көп болса, соның мүддесіне шешеді. Мемлекет осының бәрін реттеу үшін бар. Әрине, тоталитаризмді, авторитарлықты жақтап тұрғанымыз жоқ, мемлекет әрдайым демократия мен қарапайым азаматтың жақтасы болуы керек. Біз осы нәрсені өткізіп алдық.

Қазақстан ретінде демократияның механизмдерді жасамай, соны ретке келтірмей, жекеменшік жүйені енгізіп жібердік. Қазір көріп отырған модель рент капитализмі (rentier capitalism) деп аталады, 162 адам Қазақстан экономикасының жартысынан астамына ие болып отыр. Бұл – плутократия. Кент университетінің зерттеушілері Балихар Сангера мен Эльмира Сатыбалдиева жазғандай, «бұл – демократия емес, билікті халықтан тартып алып, ақшасы көп адамдарға беру». Сол үшін кезінде экономист Фридрих Хайектер үлкен қателік жасады. Олар нарықтық экономика келсе, демократия келеді деді. Ондай болмай шықты. Оның ең үлкен дәлелі – Шығыс Еуропа елдері. Одан да үлкен мысал – Орталық Азия елдері, Қазақстан, Қырғызстан.

Сіздің пікіріңізбен келіссек те, неолиберал экономиканың жақтастары айтатын қарсы аргумент бар. Мысалы, осы ойын-сауық орталығының орнында емхана болса, ол мемлекетке тек шығын әкелер еді. Ал сауда орталығы мемлекетке салық төлеп, күн сайын миллиондаған теңге кіріс әкеледі. Ол кіріспен біз ауыл-аймақты немесе қаланың күнделікті өмірін жақсарта аламыз. Мысалы, Алматыдағы метро қызметінің қаржылық табысынан гөрі шығыны көбірек. Ол мемлекетке қосымша жүк. Бұған не дейсіз?

Бұл неолибералдардың талай жылдан бері айтып келе жатқан аргументі. Әрине, келіспеймін. Адамның өмірі, адамның денсаулығы ешқандай ақшамен өлшенбейді, есептелмейді. Сондай-ақ, қазір демократия интернетсіз мүмкін емес, яғни біз интернет бостандығын назарға алуымыз керек. 2023 жылғы қауіпсіздік тұжырымдамасы жаңа мағынаға ие болды және ол тек әскери қорғанысқа негізделмейді. Қазір адамның денсаулығы, инфекциялардан қорғану, сапалы вакцина, таза ауа факторын ескермей, қауіпсіздік ұғымын толық түсінбейміз.

Мемлекеттің ауруханаға қаражат құюы – мемлекет қауіпсіздігіне қаражат құюы. Ең үлкен мысал – скандинав елдері. Біз оларға қарап, бұл елдер ақшаны далаға шашты деп айта алмаймыз. Егер мемлекеттің қаражаты тиімді жұмсалсын десек, шетелдік компаниялардың мұнай рентасын бізге көбірек аударуын талап етуіміз керек, бізде ол өте аз. Егер күшті мемлекет боламыз десек, ең алдымен осы ресурсты мақсатсыз жұмсау мәселесін қолға алайық.

Демек, неолиберал капитализмнің аргументтеріне XXI ғасырда қауіпсіздік, демократия, адам құқықтары призмасы арқылы қарасақ, әрине, даулы. Адам құқықтары адам баласын мемлекеттің және нарықтық экономиканың негатив әсерлерінен қорғау үшін бар. Нарықтық экономика көп нәрсені шешпейді. Әрине, нарықтық экономикаға қарсы шығу – абсурд, ол бар нәрсе, бірақ оны реттейтін басқа да күштер бар. Оны реттейтін – өз құқығын білетін адам, адам құқықтарын білетін парламент пен заң жүйесі. Біз нарықтық фундаментализмнің жағдайына түспеуіміз қажет. Оны шолақ (shortsighted) ұстаным деп айтуға болады.

Жақсы, қала тақырыбына қайта оралсақ. Сіз «Мамыр» ықшамауданында демалатын орын, саябақ жоқ екенін айттыңыз. Мұның бірден-бір себебі ретінде неолиберал капитализмді атап өттіңіз. Қазір қалыптасқан жағдаяттан шығатын жол бар ма? Мәселені қалай шешеміз? Салынып қойған үйлерді қайта қирату керек пе?

Әрине, салынып қойған үйлерді қирату шешім емес. Ең алдымен, Алматы мен Астанада және басқа да қалаларда болып жатқан реттелмеген, адам құқықтарына қайшы урбанистиканы ең қысқа мерзімде тоқтатып, ең қысқа уақытта тұрғынүй салына ма, бизнес орталығы, сауда кешені салына ма, оған шешім қабылдауды жергілікті халыққа қалдыру керек. Мұны сол ауданда тұратын халық дауыс беру арқылы, өзі сайлаған (тағайындалмаған) өкілдер арқылы жүзеге асыруы қажет.

Сурет авторы: Назерке Құрманғазинова

Қаланың бас жоспары да біздің азаматтарымызға ыңғайсыз уақытта талқыланды. Бұл да құқықтарымызға қайшы. Тоқсаныншы жылдары жоғарғы трассаның бойында кез келген жерден демалатын, көкке шығатын жер табуға болатын еді. Кейінгі бес жыл көлемінде жоғары трассамен Қаскелеңге, әрі қарай Жандосовқа дейін барсаңыз, бос жер қалмаған. Таудың етегіне дейін жекешеленген. Бұл дұрыс емес, таудың етегі үй салатын жер емес. Жер сілкінеді, топырақ опырылуы мүмкін. Ол жерді фермерлік шаруашылыққа берер болса да, біз білуіміз керек.

Демократиялық Еуропа елдері, мысалы, Швецияның қалаларында, Берлинде қаланың сыртында да, ішінде де орман көп. Бірақ ол жақта біреудің жекешелендірген жерін табу қиын, себебі орман жекеге өтпейді. Бізде де сондай болуы керек. Одан бөлек, қала сыртындағы өзен жағалауына үй салған, кафе салған. Бұл қауіпті, есіңізде шығар, бірнеше жыл бұрын су тасқыны болып, Қарағайлыны су алды. Талай үйді су шайып кетті. Алматыда су тасқыны болмайды деп ешкім кепілдік бере алмайды.

Қала сыртында, Көклайсайдағы саяжайға бара жатқан жолда, таудың етегінде біреулер тұрғын үйлер салып жатыр. Ол жер құлайды, қазірдің өзінде құлап жатыр. Қазақстанда жер қатынастарына қатысты бір олқылық бар, бізде саяжайлардың статусы нақты емес. Саяжай дегеніміз не, саяжайда қандай үй салуға болады, нақты айта алмаймыз. Мәселен, Германияда саяжайда екі қабатты үй тұрғызуға және ондай жақта тұруға болмайды. Өйткені ол жаққа жедел жәрдем де, өрт сөндірушілер де жете алмайды.

Ал бізде саяжайда адамдар тұрмақ түгілі, кейде қонақүй ашады. Өздері тұрып қана қоймай, басқаларға жалға береді. Өкінішке қарай, Қазақстанда саяжайда құрылыс жүргізуді реттейтін заң жоқ. Қаланың айналасы, әсіресе таудың етегі ерекше қорғалатын аймақ болуы керек. Оларды жекеменшікке беруге болмайды. Осыған байланысты заң қабылданып, бұрын берілген рұқсат жойылуы керек.

Сурет авторы: Алмас Қайсар

Алматыда кейінгі жылдары жағымды өзгерістер де бар сияқты. Бюджетті жоспарлауға тұрғындар да араласа бастады. Мысалы, жергілікті халық ауласын абаттандыру, жөндеу жұмысын жүргізуге қатысты ұсыныс жасап, жобалау процесіне араласып жатыр. Өзім «Мамыр» ықшамауданында бірнеше жыл тұрғанда, ауладағы шағын футбол алаңын, спорт алаңқайын қалай тұрғызғанына куә болдым. Тұрғындар WhatsApp топта талқылау жасап, ортақ келісімге келіп, мердігерге талабын орындатып жатты. Дегенмен сол кездері әлеуметтік желіден басқа бір ауланың фотосын көріп қалған едім. Ол ауладағы ағаштың бәрін кесіп, ойын алаңқайын тарылтып, орнына автотұрақ жасапты, бүкіл жерге қап-қара асфальт құйыпты. Сөйтсе тұрғындардың қалауы осындай болыпты. Бұл тұста тұрғындардың өзінде кінәрат бар сияқты. Шешім қабылдауды түгелдей азаматтарға қалдыру – қала өмірі үшін проблема болмай ма?

Билік «Халық білмейді, біз басқара берейік» деп ойлап келді, әлі де солай ойлайтындар бар. Былтырғы Қаңтар оқиғасын халықтың наразылығы, халықтың іште жатқан ашу-ызаны сыртқа шығаруы деп қабылдамайтын адамдар биілікте әлі де бар сияқты. Меніңше, халықты ешқашан жалпылай кінәлауға болмайды. Ақпарат дұрыс берілсе, балама жол көрсетілсе, жұрт өзіне, балаларына, экологияға қажет нәрселерді талап ете бастайды. Халыққа ұрса беру – автократтардың әдісі. Олар бүгінге дейін солай істеді.

Мұндай жағдайлар болмас үшін урбанистикамен кәсіби түрде айналысатын, экология мәселесін білетін және оны назарға алатын, өз тарапымнан қосарым, адам құқықтарын білетін мамандардың басын біріктіретін арнайы комиссия керек сияқты. Біздің көптеген аудан, оның ішінде өзім тұратын «Мамырды» да алып қарасақ, бала құқықтарына жауап беретін деңгейде емес. Өте қауіпті. Балалар ойнайтын аумақтың, балабақшаның дәл алдынан автокөлік өтеді. Өкінішке қарай, Алматы – өте қауіпті қала. Бізде көп жүргізуші тұрғынүйлердің арасында сағатына 20 шақырым, одан да төмен жылдамдықпен жүру керек екенін білмейді. Осыған қатысты ескертулер іліп қою керек. Балаға өзі тұратын үйде, өзі тұратын ауданда қауіп төнбеуі керек. Еуропа елдеріндегі тұрғынүй кешендерінің бірінде көлікті жарты шақырым жерде қалдырып, әрі қарай жаяу келетін. Тек жедел жәрдем мен полиция кіре алатын бір жол бар, басқа жол жоқ. Осы идеялар урбанистикамен, экологиямен, адам құқығымен айналысатын адамдардың аузынан шығуы керек. Сонда халық ойлана бастайды.

Алматы, Астана сияқты қалаларға кейінгі 15–20 жылда өте көп ішкі мигрант келді. Өйткені біз неолиберал экономикаға бірден кіріп кеттік те, ауыл-аймақ пен шағын қалалар тастанды күйге түсті. Оларды мемлекет тастап кетті. Аймақтық даму нөлге жақын болды. Сондықтан адамдар бас сауғалап, қай жерде экономикалық тіршілік болса, сол жаққа көше бастады. Көшіп келді де, «әйтеуір баспана тапсақ болды, көлік қоятын жер тапсақ болды» деп ойлады. Әлі де солай ойлайды. Айналада саябақ бар ма, айналада бала ойнайтын қауіпсіз жер бар ма, оны енді ғана ойлайтын мүмкіндік туып жатқан шығар.

Алматыда алты-жеті жыл бұрын қоғамдық көлік өте нашар еді. Өйткені жекеменшік болды. Жекеменшік автопарктер салықты аз төлеу үшін жүргізушілерге өте төмен айлық беретін, қоғамдық көлік уақытында жүрмейтін. «Қалғанын жинап алыңыздар» дейтін. Автопарктер ақшаны мүмкіндігінше үнемдеді, салықты, автобусты үнемдеді. Маршруттарды біріктіреді. Қазір қарасаңыз, көпшілігі әкімдіктен дотация алып, ретке келді. Қоғамдық көлік те мемлекеттің инфрақұрылым жасайтын функциясы. Оған мемлекет қаржы бөлмесе, қауіпсіздік те, адам құқығы да сақталмайды. Ол асфальт, кәріз суы, электр бағаны сияқты нәрсе.

Неолибералдардың қателесетін жері – қоғамдық игілік деген ұғымды назардан тыс қалдыруы. Қоғамдық игілік болмаса, қоғамдық экономика болмайды. Экономика әрқашан қоғамдық. Олар осы нәрсені назардан шығарып тастағаннан да тығырыққа тіреледі.