3959
7 августа 2023
Алмас Қайсар, Назерке Құрманғазинова, коллаж Данияр Мүсіровтікі, Власть

«Қандастар мемлекетке алақан жаймайды, жұмыс істеуге тырысады, елдің дамуына үлес қоссам дейді»

Қазақстанның шығысына қоныс аударған қандастар өмірі

«Қандастар мемлекетке алақан жаймайды, жұмыс істеуге тырысады, елдің дамуына үлес қоссам дейді»

2000 жылдардан бері Шығыс Қазақстан облысына 50 мыңдай этникалық қазақ көшіп келді. Олардың көбі Моңғолия мен Қытайдан келген және көбіне Үржар, Ұлан, Зайсан және Тарбағатай аудандарына, сондай-ақ, облыс орталығы Өскеменге қоныстанған. Мұнда сонымен қатар мемлекеттік қоныс аудару бағдарламасы аясында салынған, көбіне көшіп келген отбасылар тұратын «Нұрлы Көш» типтік қалашығы бар.

Қандастардың көбі жаңа мекенге үйреніп кеткен, кейбірі жеке кәсіп бастаған, жұмысқа тұрып, отбасын құрған. Сөйтсе де, тіл мәселесіне байланысты бейімделу қиын болғанын, жұмысқа тұру да оңайға соқпағанын айтады.

Власть мақалалар сериясында қазақтардың тарихи Отанына қалай оралып жатқанын баяндайды. Алғашқы материал Қазақстанға келген қандастар ең көп орналасқан өңір – еліміздің оңтүстік-шығысынан болған еді. Ал екіншісі – Қазақстанның батысындағы Маңғыстау облысынан. Үшіншісі Қазақстанның оңтүстік өңірінен болса, төртіншісі – Шығыс-Қазақстан облысынан.

Нұрлы көш

Шатыры жасыл, ауласы шағын үйден жеңіл жейде мен тақия киген ақсақал шықты. Есік алдындағы табалдырықта балалар күн сәулесінен тығылып отыр.

Таяққа сүйенген ақсақал көшеге көз жүгіртті. Айналасындағы үйлер бір-біріне ұқсас. 80 жастағы Адыраш Моңғолхан үйге кіріп сөйлесуді ұсынады. Біз қонақ бөлмеге кірдік, ақсақал төрдегі кереуетке отырып, біз жағалай қойылған орындыққа жайғастық. Ақсақал желдеткішті қосып, өзіне бағыттап қойды. Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында дүние келгенін айтып, сөз бастады. Тарихи отанына 2010 жылы көшіп келген екен. Бүгінде он баласын асырап жеткізген.

«Қазір “моңғол”, “қытай” деп атауды қойды. Бәріміз тамыр-таныс, қандас болдық. Бала-шағамыз сіңіп кетті. Бала-шағамен моңғол, қазақ тілін араластырып сөйлеуді қойып, енді орысшаны қосып сөйлейтін болдық, — деп күлді. — Бастықтар алдымен қазақша айтып, сосын орысша сөйлеп жатқаннан кейін, бізге де әдет болды. Елін қандай болса, бөркің сондай. Қанға сіңген әдет қой».

Адыраш Моңғолханның арғы атасы «патша билік құрған қиын-қыстау заманда» Моңғолияда тұрақтаған. Ауыл шаруашылығымен айналысып, қазақша білім алған, моңғол тілін де білген.

«Алғаш келгенде “ойбай, моңғолдар” дейтін, оған да көндік. Енді қандастар деп жатыр. 1993 жылы Петропавлда болдық, әртүрлі қиын жағдай болды. Мал-пұлымызды ұрлап, арақ ішіп алғандар тиіскен кездер де болды. Қазір өз елімізде еркін тіршілік етіп жатырмыз, — деді ол емін-еркін шекарадан өтуге мүмкіндік беретін “көк құжат” бар екенін мақтана айтып. — Өскеменде де еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін орысша сөйлейтін, қазір қазақы болып келе жатырмыз. Оған да тәубә. Қай жерге барсақ та сыйлайды».

Моңғолияда мал баққан. Ол жақтан «еш жамандық көрген жоқпыз» дейді.

«Моңғолиядағы халықтың жағдайы жаман емес. Үш балам сол жақта қалды. Барып келіп тұрамыз, хабардамыз. Ол жақта 35 жыл жұмыс істедім, әскери қызмет атқардым, Қазақстанда 5 жыл қызмет еттім. Қазір зейнеткермін. Кемпір өмірден өткеніне 23 жыл болды. Одан басқа уайым жоқ, бәрі жақсы», — деп жымиды қария.

Балаларының бірі жеке кәсіппен айналысса, енді бірі құрылыс саласында жүр. Үйдің жалдау ақысын ай сайын төлеп отыр, ал бес жылдан кейін жеке меншігіне өтеді екен.

«Моңғолиядан келген қандас депутат болып сайланды. Облыс басшысы да ауысып жатыр. Одан үмітіміз зор», — дейді ата.

Қала шегіне жақында ғана енген «Нұрлы көш» ауылының атауы мемлекеттік қоныс аудару бағдарламасымен аттас және оның аясында қандастарға арнап, Шымкенттегі «Асар» сияқты бір үлгідегі қалашықтар салынған.

Ауыл шағын вахта қалашығына ұқсайды. Жоспар бойынша «Нұрлы көш» тұрғындары қалада жұмыс істеп, мұнда мал ұстамауы керек еді. Сол себепті де үйлердің ауласы шағын. Біз сөйлескен тұрғындар үйдің сапасы нашар екенін, соған байланысты қыста суық болғанын айтты.

Суықта жылытқыш қосып, токқа қыруар ақша төлепті. Соған орай жергілікті билік өкілдеріне хат жолдап, кейін наразылық акциясына шығыпты. Сонда барып үйге пеш қоюға, мал ұстауға рұқсат беріпті.

Ауыл өмірі

«Нұрлы көште» бірнеше азық-түлік дүкені, шаштараз және көлік дөңгелегін ауыстыру орны бар. Дәл осы жерлерде тіршілік өрбіп тұр.

Бүгін тұрғындар мектеп жақты бетке алған, себебі мұнда бітіру салтанаты өтпек. Мерекелік киім киген түлектер түрлі-түсті түтін тұтатып, қуанып жатты. Бірақ бұл қуаныш біраздан кейін сейіліп, бір топ қыз сөзге келіп қалды.

«Оралман!», — деп айғайлады бірі.

«Не деп тұрсың? Өзің де оралмансың ғой!» — деп жауап қатты екіншісі.

«Нұрлы көштегі» мектеп бітіру салтанаты

Жолдың арғы бетінде балабақша орналасқан, оның жанында балалардың ойын алаңы бар. Немерелерімен бірге бір әжей әткеншекте тербеліп отыр.

«Қазақстан мемлекеті құрылғаннан кейін елімізге барайық, балаларымыз қазақ болсын деп келгенбіз. Қытайдың Алтай аймағынан келдік. Ол жақта жағдайымыз жаман болған жоқ, бірақ балаларымыз қытай болып бара жатты, қытайша сөйлейді, қытайша оқиды. Ұрпақ келешекте қазақ болсын деп келдік. Осы ұрпақты жеткізу керек», — дейді Қатиолла Қанке. Немерелері айналшықтап жанынан шықпайды.

Ол тарихи отанына жиырма жыл бұрын көшіп келген. Қытайда мал шаруашылығымен айналысқанымен, Қазақстанда оны жалғастыра алмаған. Қазір Қатиолла Қанке балаларының қолында тұрады, зейнетке шығуына әлі бір жыл бар.

«Алғаш Зайсанға орналастық,. Ол жақта төрт жыл болдық. Кейін Жармаға көштік. Балалар оқу бітіріп, жұмысқа тұрды. Басында қиын болды. Көрген қиындығымыз туралы роман жазуға болады, — деп күлді ол. — Енді көшіп келгенде ешкімді танымаймыз, қарсы алатын ешкім жоқ. Тұңғиыққа келіп түстік. Қайда баратынымызды білмедік, ақша жағынан да қиналдық».

Немерелерімен ойын алаңында отырған Қатиолла Қанке

Осы сәтте немересі сөзін бөліп, «Оңай болды ғой ол кезде, оңай болды!» – деді.

«Саған оңай ғой, әрине, — деп күлді әже. — Елдің қазып кеткен картобын қайта қазып, масақ терген кезіміз болды. Бірақ бәрі өтті, кетті. Балалар жұмысқа орналасты, бірі мектепте, бірі мәдениет үйінде істейді».

Қатиолла Қанке кирилл қарпінде жаза алмайтынын, бірақ кішкене оқып үйренгенін айтты. Арасында немерелеріне бұзық болмаңдар деп ескерту жасап қояды.

«Орысшаны әлі күнге дейін білмейміз. Жергілікті халықпен тіл табысып кеттік, бір-бірімізді қонаққа шақырамыз», — дейді әжей.

Қазақстанға көшіп келгенде қандай айырмашылық сезгенін сұрап едік, Қатиолла әже дәстүрдегі айырмашылықты айтты.

«Құрбан айтта құрбан шаламыз, көше толы қыз-қырқын, шал-шауқан сәнімен жүреді. Рамазанда ораза ұстаймыз, намаз оқимыз. Бұл жақта олай болмады. Аймақ орыстарға жақындау болды. Басқа айырмашылық байқамадық», — дейді ол. Қытайдағы жағдайдан хабарсыз екен. Онда қалған туыстарымен телефонмен сөйлесіп тұрады.

Қатиолла Қанке

Серіктан Жарық Қазақстанға 2006 жылы, 18 жасында көшіп келген. Жас кезінде келгендіктен, тезірек бейімделіп кеткенін айтады. Ата-анасы мал баққан, Өскеменге келгенде орыс тілін, кирилл қарпін білмегендіктен, жұмыс таба алмаған.

«Біз арабша, қытайша оқыдық қой. Бұл жақта бір жыл дайындық курсын оқыдым. Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын бітірдім. Тәрбиеші болып істедім. Қазір кішкентайлармен үйдемін, бұйырса, алда жұмысқа шығамын», — дейді ол.

«Кейбіреулер бізді Отанын сатып, қашып кеткендер дейді. Кезінде ата-бабамыз ашаршылық кезінде кеткен ғой, — дейді Серіктан Жарық. — Бірақ атам біз Алтай және Тарбағатай аумағында мал бағып, жайлаудан қыстауға көшіп жүретінбіз деп айтып отыратын. Кейін шекара сызылып, біз арғы бетінде қалып қалдық. Аягөз, Зайсанда туысымыз бар. Олармен хабарласатынбыз, бірақ қиын заман болғаннан кейін хабарсыз кеттік деп айтып отыратын».

Серіктан Жарық

«Басында Глубокое ауданындағы ауылда тұрдық. Көпшілігі шеттен келген кісілер. Жер-жерден келген студенттер Сәрсен Аманжолов атындағы университетте оқыды. Оқу бітіргеннен кейін қайда тұрарын, қайда жұмыс істейтінін білмеді. Қытайға кетіп қалғандар болды. Облыс бойынша осы мәселені көтердік. Содан кейін осы ауылды ұйымдастырды. Мектеп те, балабақша да ашты. Біз келген кезде қаланың шетінен мына жерге дейін үй жоқ еді. Қазір бос жер жоқ. Көбейіп жатыр», — дейді Серіктан Жарық.

Жақын маңдағы үйдің алдында әжей қазандағы қатықты баяу араластырып, дорбаға салып жатыр. Жанында қалпақ киген немере қызы жүгіріп жүр. Гүлшат Байсолтанқызының бірнеше сиыры бар, тапсырысқа құрт, май жасап сатады.

Гүлшат әже Қытайдың Алтай аймағында туып-өскен. Арғы атасы ол жерді шекара бекітілмей тұрып, бұрыннан мекен еткен. Өзі 2005 жылы 13 қыркүйекте Қазақстанға қоныс аударған. Алғашқыда Тарбағатай жақта тұрақтап, малмен күн көрген. Кейін балалар мектеп пен балабақшаға баруы үшін қалаға жақын болсын деп осы жаққа көшіп келген.

«Алғашқы екі жыл кішкене қиындау болды, бірақ келген кезде жақсы қабылдады. Қазір елге, ортаға үйреніп кеттік. Бес балам бар. Біреуі осы Қазақстанға келгенде дүниеге келді. Екі баламның мүгедектігі бар, тілі шықпады, бірақ үкімет көмектесіп жатыр. Еңбектеніп, орташа тұрмыс кешіп жатырмыз», — деп жымиды.

Ауылдан шығаберістегі үйлердің бірінде екі ер адам жүк түсіріп жатыр. Жан-жағына қарап тұрған бір азамат бізбен сөйлесуге бірден келісті, бірақ «қытайша араластырып жіберуім мүмкін» деп күліп жауап берді.

Мейрамхан Бесек Қазақстанға бір апта бұрын ғана келген. «Мына жігіт жиенім болып келеді, — деді жанын сала жүк тасып жүрген жігітті көрсетіп. — Ол бұрын көшіп келген. Мен Қытайға барып қайта келемін де, бұйырса осы жерде тұрамыз. Бұл жақта қалай екенін енді көріп жатырмыз. Ұнады. Екі ұлым мен әйелімді алып келемін».

Ол ыңғайына қарай мал бағуға да, басқа да жұмыс істеуге дайын екенін айтады.

Мейрамхан Бесек

«Cіңіп кетеміз деп ойлаймын. Мал ұстасақ, Ақжар ауданында тұрақтаймыз», — дейді ол.

Мейрамханмен әңгіме аяқталып, қоштасып бара жатқанымызда ол жүгіріп келіп, құжаттарды түсіне алмай жатқанын айтты.

«Мен ештеңе түсінбеймін ғой. Ұлымның туу туралы куәлігін сұрайды, ал ол Қазақстанда дүниеге келген. Сол кезде туылған деген қағаз берген, бірақ оның күші болмай тұр», — деп түсіндірді ол.

Мейрамхан Бесек жиенімен бірге

Осындай мәселеге тағы бір ауыл тұрғыны Шәйкен Ерасылұлы да тап болған: «Балаларымды шекарадан өткізіп алу ауыр болды. Төлқұжат, виза мәселелерін шешу үшін 2-3 ай сандалып жүрдік, әрең өткізіп алдық қой», — деді ол.

Олар Қытайдың Алтай аймағынан 2007 жылы көшіп келген. Ол жаққа Шәйкеннің ата-бабасы ертеректе Зайсан жақтан барған. Әкесі Қытайда дүниеге келген, көзі тірі болғанда 105-ке келер еді.

«Қазақстан деген жер бар, тарихи отанымыз, арғы атамыз Зайсаннан көшкен» деп айтатын бізге. Ана жақта жер тар болды. Ұлымды Қазақстанды көріп кел деп жібердім, ол бұл жақтың жері кең екен деп келді. Сосын бала-шағамен көшіп келдік. Ауданда малмен айналыстық, сиыр сүтін өткіздік, картоп егіп саттық. Қазір жұмыс көбейіп кетті, Глубокое алтын кені бар, балалардың бәрі сол жерге жұмысқа тұрды», — дейді Ерасылұлы

Шәйкен аға да басқалар сияқты қазір Қытайдан көш саябырсығанын айтады, оның ойынша, ол жақта қазір көбіне қытай тілі басым.

«Көбіне тіл мәселесі ғой. Оған да амал жоқ. Қытай тілін білмесең, өмірің қиындайды. Амалсыз оқисың, әйтпесе, жан баға алмай қаласың. Қазақтар біледі қазақ тілін, бірақ сөйлемейді, ұмытып кетуі де мүмкін. Балалары қытайша сөйлеседі, мемлекеттік заң солай», — дейді.

«Қандастар барынша бейімделуге тырысады, қоғамның бір бөлшегі болсам дейді»

Тәттімбек Асханұлымен Өскемендегі Жамбыл Жабаев атындағы саябақта кездестік. Қараңғы түсіп келеді. Асханұлы үлкен ағасымен бірге 2006 жылы Моңғолиядан қазіргі Жетісу облысына көшіп келген. Ол мұнда мектеп пен колледжді бітіріп, 2012 жылы Сәрсен Аманжолов атындағы университетке оқуға түсіп, Өскеменге көшкен.

«Мен тез сіңісіп кеттім. Талдықорғанда қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын бітірдім, бірақ журналист боламын деген мақсат болды. Марқұм Бейсен Құранбек “Жетісу” телеарнасының бас директоры еді, сол кезде жас журналистер арналған мектеп болатын, күніне 2-3 сағаттан эфирге шығарып үйрететін. Сол кезде журналистикаға қызығып, Моңғолияға қайтып, әкеме “журналистиканы оқуым керек” деп, батасын алып қайттым. Бір жағынан Бейсен ағамыз ынтамды ашқан соң, өмірімді осы жақпен байланыстырдым», — деп таңдана айтты ол.

Оқу бітіргеннен кейін Қазақстан халқы ассамблеясында және Amanat партиясында (бұрынғы Nur Otan) баспасөз хатшысы болып жұмыс істепті.

Ол Моңғолияның Баян-Өлгей ауданындағы Аманжолов атындағы университет филиалының студенттеріне арналған алмасу бағдарламасы болғанын, бірақ қазір тоқтап қалғанын еске алды. Бұл бағдарлама этникалық қазақтарға соңғы екі оқу жылын Өскеменде жалғастыруға мүмкіндік берген.

Тәттімбек Асханұлы

«Жыл сайын әртүрлі мамандыққа 25 балаға мемлекеттік грант бөлінетін. Келген балалардың көбі бітіргеннен кейін (Қазақстанда) қалып қалатын. Біз үшін жақсы еді. Менің әйелім осы грантпен келіп оқыды. Осы жақта қалдық, біз енді үлесімізді қосып жатырмыз», — дейді ол.

Тәттімбек басқа өңірлерге қарағанда, Шығыс Қазақстан халқының салт-дәстүрлері, диалектісі Баян-Өлгейге ұқсайтынын айтты.

Оның ойынша, балаларға ортаға бейімделу жеңілдірек түседі, бірақ өскен кезде, жұмысқа тұрарда оларға орыс тілін жеткілікті білмегендіктен қиын болады. Асханұлы да осындай жағдайға тап болған.

«Ассамблеяда түрлі этнос өкілдері болғандықтан, олармен жұмыс жасауым керек болды. Олардың 99 пайызы ресми тілде сөйлейді. Сондықтан мен кішкене қиналдым. Біз шеттен келген қандастарда, жалып қазақтың менталитетінде, бір ұяңдық, жасқаншақтық бар ғой. Қате айтып қойсам, біреу күліп, мазақ қыла ма деп ұяласың. Сол жерде жүрген бес жыл ішінде емен-жарқын әңгімелесіп кетпесем де, жұмыс бойынша ақпарат алып үйреніп кеттім», — дейді ол.

Тіл және құжат жасау кезіндегі қиындықтарды көргеннен кейін Тәттімбек басқа да көшіп келген қандастарға көмектесуді жөн көреді.

«Ол кісілерге құжатты түсіну үшін әліпбиді қайтадан оқу керек болды. Мемлекет қолдауын және азаматтық алу үшін сотталмағанын, қазақ екенін, тіркеуден шыққанын дәлелдейтін түрлі анықтама қажет. Моңғолиядан сотталмағанын және тіркеуден шыққанын анықтау оңай болса, Қытайда оны алу қиын. Бұдан кейін кейбіреулері қайтып кетеді. Енді бірі берілген мерзім бар ғой, соның уақытын өткізіп алады да, түрлі айыппұл төлеп, шешу жолын таппай, анау есікті қағып, мынау есікті қағып, тозып жүргендер көп», – деп түсіндірді.

Тәттімбек Асханұлы қандастарға құжаттандыру кезінде ақпарат беретін, оны аударып, жасатуға көмектесетін «бір терезе» қағидасы бойынша жұмыс істейтін орталық болғанын қалайды. Оның сөзінше, Шығыс Қазақстан облысында қандастардан төлқұжаттың бүкіл 35 бетін аударып, нотариуста бекіткенін талап еткен жағдайлар болған.

«Жарайды танысы, туысы бар адамдарға жол табу қиын емес шығар, бірақ елестетіп көріңізші, танысыңыз жоқ, бір мемлекетке барасыз, сіз қайдан бастайсыз? (...) Тағы тіл мәселесі. Көші-қон, кез келген мекемеге келгенде, әсіресе Шығыс Қазақстан, Солтүстік көбіне орыстілді өңірлер, ол кісілермен қандастар тіл табыса алмайды», — дейді Асханұлы.

Дегенмен ол Өскеменде қазақ тілінің жағдайы ол көшіп келген 2012 жылдарға қарағанда жақсарғанын айтады. «Мұнда қандастардың және «Серпін» бағдарламасымен оңтүстіктен келген студенттердің үлесі зор деп ойлаймын».

«Бізде қоғамда қандастар келсе, олар мемлекетке алақан жаяды деген түсінік бар. Үнемі айтылмаса да, кей кезде естіп қаласың. Мен келіспеймін. Себебі қандастар қолынан келгенше еңбектенуге тырысады, елге үлесімді қоссам дейді. Мен тұрған ауылда көбінесе бір-бірін жұмыспен қамтитын. Мысалы, Моңғолиядан келген қандастар, Алматыда Байбесік деген ықшамауданда жиһаз жасаумен айналысады. Ішінара “бізге беріңдер” дейтіндер болатын шығар, әрине. Адам болғаннан кейін болады ғой. Бірақ бір адамның мысалымен көпті қаралауға болмайды. Менің айналамдағы жігіттердің бәрі жұмыс тапты. Келгенде адамдар барынша сіңіп кетуге, ісін бастап кетуге тырысады. Мен де ассамблеяға жұмысқа тұрғанда қиындық болатынын білдім, бірақ берілмедім. Қандастар ішінде осылай өз күшімен аяғыма тұрамын дегендер көп», — деп қорытындылады Асханұлы.

Өскемендегі Достық үйі

«Өзінде ештеңе жоқ болса, басқаға қалай жаны ашиды?!»

«Нұрлы көш» тұрғындарының көбі депутаттар арасында қандастар бар екенін айтып, олар мәселені жоғарыдағыларға жеткізе алады деген үмітін білдірді. Ол депутаттар арасында ШҚО Ұлан ауданынан бес рет мәслихат депутаты болып сайланған Нұртай Тілеужан да бар.

Ол Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында туып-өскен. Қазақстанға алғашқылардың бірі болып 1991 жылы айтыс сайысына келген. Бір жылдан кейін отбасымен бірге Ұлан ауданындағы Айыртау ауылына көшіп келген. Бүгінде сол жерде тұрып жатыр.

Нұртай Тілеужанмен Өскемендегі саябақтардың бірінде жолықтық. Қалаға жұмыстарымен келіпті. Оның жанында егде жастағы ер азамат та болды. Ол бір шетте моңғол және қазақ тілін араластырып телефонмен сөйлесіп тұрды.

«Біз Қазақстанға жұмыс күші болып келдік. Бір-екі жыл қой бақтық. Кейін өнерімді байқағаннан кейін аудандық мәдениет үйіне жұмысқа тұрдым. Өзім айтыскер ақынмын», — деп бастады әңгімесін Нұртай Тілеужан.

Оның сөзінше, ол жылдары жұмыс күші болып келгендерге бір сиыр, жылқы және 10 қой, сондай-ақ үй берген. «Сол кездерде ешкім жұмыссыз қалмаған еді. Малы, тракторы бар, ауыл шаруашылық жұмыстары. Ол қолайлы еді. Содан соң тоқсаныншы жылдардың тоқырауы, нарық келді де, бәрі ыдырап кетті. 1995–1997 аудандар қосылып кетті, сол кезде ауыл жалаңаш қалды, елдің саудаға шыққан кезі еді», — деп есіне алды ол.

Нұртай Тілеужан

Ол қазір жұмыспен қамту реттеліп келіп жатыр және көмектесетін түрлі қоғамдық ұйым құрылды деп есептейді. Оны үй алудағы қиындық көбірек алаңдатады.

«Қазір ерікті көші-қон (солтүстік өңірлерге). Кісі басына 241 мың теңге береді және үй алуға жарты ақшасын береді. Бірақ ол ақшаны қолма-қол бермейді, оны үй иесіне береді. Мысалы, бір отбасына 4 миллион теңге берілуі керек, бірақ үйдің бағасы одан аз болса, онда үй иесіне сол соманы жібереді, қалған ақша берілмейді. Біздің ойымызша, оны ажыратып, қолма-қол берсе жақсы болар еді. Өзі көшіп келген адамдар, жұмысы жоқ, бұған мал алса болар еді. Сонда ауылды жандандыруға болады», – дейді Нұртай Тілеужан. Мұндай қиындықтар ақшаға қол жеткізу үшін түрлі қулыққа баруға итермелейтінін айтады, соның ішінде қандастар үй иелерімен бағасын көтеріп көрсетуге келіседі екен.

«Жергілікті халықты да кінәлай алмайсың. Бәрінің несиесі бар. Өзінде ештеңе жоқ болса, жұмысы болмаса, қалай басқаға жаны ашиды?! “Ағайын, қазағым келді” деп қуанып жүрген адам көрген жоқпын. Тек ауылда балабақша мен мектеп директорлары қуанатын шығар. Басқа қуанған жан көрген жоқпын. Бірақ ертең пайдасы тисе, қуанады ғой», — деп қорытындылады Тілеужан.

Өскемен

Осы сәтте шетте тұрған ер адам әңгімеге араласты. Ол Нұртайдың туысы екен, Моңғолиядан Өскеменге көшіп келгеніне небәрі екі ай болыпты. Нұртай оған құжаттарын жасауға көмектесіп жүр.

«Қазақстанға келгендегі негізгі мақсатымыз – келешек ұрпақ тағдыры. Екі ай ішінде үйреніп қалдық. Өскемен біз үшін үлкен қала екен, Қазақстанның өркениетіне бас идік. Моңғолияда қырда, ауылда тұрғанбыз ғой. Нұртай балдызым келгелі ары сүйреп, бері сүйреп көмектесіп жүр, әйтпесе, біз әр жердегі мекемені, тіпті дәрігер үйін таба алмас едік. Қаланы білетін туысың болмаса, тұтқиылдан келген кісіге қиын екен», — дейді Нұрбай Ашау.

Нұрбай Ашау

Олар үй алуға мемлекеттен 4 миллион теңгедей қаржылай көмек алған. Бірақ әзірге үй жалдап тұрып жатыр. Нұрбайдың сөзінше, бұл жаққа көшпей тұрып, қыста 5-6 миллионға үй қарастырып кеткен, алайда бірнеше айдың ішінде оның бағасы екі есеге өсіп кетіпті.

«Біз әзірге құжаттармен жүгіріп жүрміз. Бұл жақта сөйлегенде орысшаны қосып жібереді екен, ал біз моңғол тілін қосамыз. Біз айтқанды олар ұқпайды, олар айтқанды біз ұқпай қалатын кездер болады. Бұған дейін Қазақстанға бір келіп кеткенмін, бірақ әкеміздің басы қалды деп көшпей отыра бердік. Енді ерікті көші-қон, ағайын деген соң келдік. Қазақ баласымыз ғой, үрім-бұтағымызды сол қазақтың ішіне жеткізейік дедік. Қазақтың саны молая берсін», — деп қорытындылады ақсақал.