3265
23 августа 2023
Назерке Құрманғазинова, фотолар Алмас Қайсардікі

АЭС және үміт

Үлкен ауылында АЭС салуға қатысты «жария талқылау» қалай өтті?

АЭС және үміт

22 тамыз күні Алматы облысындағы Үлкен ауылында атом электр станциясын салу мәселесі бойынша «жария талқылау» өтті. Басында талқылау наурыз айында өтпек болды, бірақ сайлауға байланысты кейінге шегерілді. Үлкендегі кездесу АЭС құрылысын қолдайтын тұрғындар мен оған қарсы белсенділер арасындағы дауға ұласты.

Власть тілшілері АЭС құрылысына қатысты талқылау қалай өтетінін көру үшін Үлкенге барып қайтты.

Жария талқылау

Түнде Үлкенге келгенімізде мұндағы өмір екі қонақүй арасында өрбіп жатқандай көрінді. Қаңырап тұрған көпқабатты үйлердің ортасында орналасқан қонақүйдің алды сырттан келген көліктерге толы, арасында полиция көліктері де бар. Талқылаудан бір күн бұрын жергілікті қонақүйден бос бөлме табу мүмкін емес еді.

Таңертең ауыл ішінде полиция қызметкерлері көптеп жүрді. Талқылау өтетін орта мектептің алдында жиналғандар қарасы да аз емес. Мектеп жанынан өтіп бара жатқан екі тұрғыннан бүгінгі талқылау жөнінде сұрап едік, жұмыста болғандықтан бара алмайтынын, бірақ екеуі де АЭС салынуын қолдайтынын айтты. Себебі, олардың айтуынша, ауылда жұмыссыздық мәселесі қордаланып тұр.

«Мен атом құрылысын қолдаймын. Жастар өсіп келеді, жұмыс орындары жоқ. Жастар елдің түкпір-түкпірінде жұмыс іздеп қаңғып жүр. Ақтоғайда, Атырауда. Жастарға бірдеңе қылып өмір сүру керек. Балам Ақтөбеде айлап істейді, мұнда жұмыс болса, қасымызда жүрер еді. Балқашта балық та қалмады, сондықтан “Холодильник” (балық өңдейтін шағын кәсіпорын – В.) жабылатын шығар. Енді жолды жөндеу аяқталса, жұмыс жоқ», – дейді 62 жастағы Серік Қайыров.

Ол 80-жылдары Үлкенге Оңтүстік Қазақстан су электр станциясын салу жоспарланған кезде көшіп келген. Кейін бұл жоба тоқтап қалған. 2008 жылы мұнда Балқаш жылу электр орталығын салу туралы шешім қабылданып, бірнеше жылдан кейін ол да қағаз жүзінде қалды. Қазіргі таңда ауылда 1,5 мыңнан астам адам тұрады.

Серік Қайыров

Жергілікті тұрғын Иван Шелепов те құрылыс жүрсе, ауыл өмірі жанданады деп есептейді: «АЭС салмаса, Қазақстан жарықсыз қалады. Өзбекстан салып алды, қорқатын несі бар? Балқаштың жағдайын айтатын болсақ, әрине, қиын. Іле өзені құрғап қалды, өзім балықпен 17 жыл айналасқанмын, қазір балық аз. Қытай жақ су жіберсе, Балқашта су молаятын еді».

Иван Шелепов

Мектепке жақындағанымызда плакат ұстаған бірнеше белсенді «АЭС салуға жол жоқ», «Жер-Анамызды уланудан сақтаймыз» деп ұрандатып, АЭС салуға қарсылығын білдіріп жатты. Олар электр тапшылығын шешуде жел, күн энергиясы сияқты балама көздерді қолдану керектігін айтты.

Жиналған жүздеген адамға жиын өтетін зал тар болып шықты. Сырттан қосымша орындықтар әкелгенімен, көпшілігі түрегеп тұрды, залда ауа тар. Бұған дейін жария талқылаудан тікелей эфир болмайтыны айтылған еді, тек бір күн бұрын эфир болады деп хабарлады.

Жиынға белгілі қоғам белсенділері, сарапшылар да келген. Талқылау басталмай тұрып саясаткер Рысбек Сәрсенбайдан бүгінгі жиыннан не күтетінін сұрағанымызда, АЭС салу мәселесі экологиялық және экономикалық тұрғыдан гөрі саяси мәселе екенін атап өтті.

«Мұны ұйымдастырып отырған билік болғандықтан, биліктің пайдасына қарай әңгіме айтылады. Қоғамды қаншалықты тыңдайтынын айту қиын. Алматыдан, жан-жақтан адамдар келіп отыр. Елге жаны ашитын патриот азаматтар. Олар АЭС-тің қауіп-қатерін жақсы біледі, сондықтан оны салуға жол беруге болмайды деген қисынды байламда тұр. Билік міндетті түрде саламыз деуі мүмкін. Өйткені, президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Путинге тәуелді болып тұрған жағдайда, Ресейдің технологиясы бойынша АЭС салу жөніндегі Путиннің 2019 жылы жасаған өтінішін қалайда іске асыру қажет деп тапса, пайда билік жағына кетуі мүмкін. Бұл әділетсіздік болады. Бұл саясаттан туып отырған нәрсе. Өйткені АЭС салудың ешқандай да экономикалық, экологиялық қажеті жоқ», – деді Рысбек Сәрсенбай.

Саясаткер Үлкен ауылының тұрғындары жұмыссыздық мәселесі шешілгенін, әлеуметтік жағдай жақсарғанын қалағандықтан АЭС құрылысын қолдап отыр деп есептейді.

Балқаш көлінің мәдени ландшафтын зерттеп жүрген эко-арт белсенді Әйгерім Қапар бүгінгі жиынға Балқаш көлінің жағдайын ойлап келгенін айтады.

«Зерттеулерге сүйенсек, Балқаш көлі алдағы 20 жылда 86% суын жоғалтуы мүмкін деген қауіп бар. АЭС құрылысы бұл болжамды қиындата түседі. Біз Балқаш көлінен айырылып қалуымыз мүмкін. Атом қауіпсіз бола алмайды, себебі одан шыққан қалдықты қайта өңдейтін, оны утильдейтін технология жоқ. Оның бәрі балаларымызға қалады. Оның салдарымен келесі буын күресуі керек болады», – деп есептейді Әйгерім.

Текетірес

Сағат 11:00-де жиын Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертастың сөзімен басталды. Ол АЭС құрылысына қатысты мәселе әр жиналыста талқыланатынын айта келіп, «ақыры сең қозғалды-ау» деген еді, жиналғандар арасында дау басталып кетті. Оларға басу айтпақ болған әкім: «Бүгінгі қоғамдық тыңдауға осы елді мекендегі тұрғындар арасында әңгіме жүргізу мақсатында жиналып отырмыз. Бұл бізге қаншалықты қажет? Қай уақытта басталады? Ол негізі қандай мақсатта басталады және Қазақстанның дамуына қалай үлесі тиеді?» – деді.

Оның артынша сөз сөйлеген Энергетика министрлігінің өкілі Гүлмира Мұрсалова «Қазақстанда болашақта электр энергиясы тапшылығын болдырмас үшін АЭС салуды жоспарлап отырмыз» дегенде белсенділер қайта дүрлігіп, «Халық қарсы» деп ұрандата бастады. Оларға қарсы жергілікті тұрғындар АЭС-ті қолдайтынын айтып ұрандатты. Бұл текетірес жиын аяқталғанға дейін жалғасып отырды. Ұйымдастырушылар сұрақтарға барлық спикерді тыңдап алған соң, жиын соңында жауап беруді ұсынды.

Мұрсалова сөз соңында «АЭС салу туралы шешімді үкімет қабылдайтынын, ол жергілікті өкілетті органның келісімен зерттелетінін» мәлімдеді. Күні бұрын Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев АЭС туралы шешім қабылдау кезінде жұртшылықтың пікірі ескерілетінін айтқан еді. Бұған дейін 2019 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев қажет болған жағдайда референдум өтетінін мәлімдегенмен, биыл жазда энергетика министрлігі АЭС салу мәселесі референдумға шығарылмайтынын айтты.

Кезекті спикер «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС басшысы Тимур Жантикин Ұлттық ядролық орталықпен және басқа да институттармен бірге жүргізген зерттеу нәтижесін таныстырды. Оның сөзіне қарағанда, АЭС қажеттіліктеріне кететін Балқаш көлінің жылдық шығыны оның табиғи булануының шамамен 0,33%-ына тең, сондықтан ол суды аса көп қажет етпейтіне сенімді.

Жантикиннің дауысын есту қиын болды, басқа ақпаратты оның презентациясынан ғана көре алдық. Атом қажеттілігіне қатысты 60 жылға дейін энергиямен қамтамасыз етілуі, парник газ шығындыларының азаюы, азаматтардың жұмыспен қамтылуы жайлы жазылған. Олардың болжамы бойынша, АЭС құрылысында 8 мың адам, ал іске қосылғанда 2 мың адам жұмыс істейді. Жантикин атом электр станциясы апат болған жағдайда қауіпсіздікті қамтамасыз ететіндей салынатынына сенімді. Олардың болжамы бойынша, қуаты 1200 МВт реакторлар жылына 50 м3 аспайтын радиоактивті қалдық шығарады және оны қауіпсіз басқару құны 60 жыл АЭС істеген тұста 100–200 млн АҚШ доллары болмақ.

Тимур Жантикин

Сұрақ-жауап кезеңі: «Жергілікті тұрғындар сөйлесін»

Талқылау басталғанына бір сағаттай уақыт өткенде модератор, «АлЭС» ЖШС басқарушы директоры Бағдәулет Устенов жоспарланған спикерлер сөз сөйлеп болғанын, енді сұрақ-жауап болатынын хабарлады. Бұл жолы да даусыз болмады. Екі қарсы тарап бірін-бірінің сөзін бөлумен болды. Ұйымдастырушылар көбірек жергілікті тұрғындар сөйлеуін сұрап, оларға басымдық берді.

«Біздің АЭС-ті күткенімізге 40 жыл болды. Бізді анда тасыды, мұнда тасыды. Жарықсыз, жылусыз қанша жыл отырдық. Үлкендіктер, біз осының бәрін бірге өттік. Енді біз бұл құрылыс жүргенін қалаймыз», – деді орта жастағы Үлкен тұрғыны. Енді бір тұрғын арандатуға берілмеуге шақырды.

Саясаткер Рысбек Сәрсенбай АЭС салу мәселесі тек Үлкен тұрғындары ғана шеше салатын мәселе емес екенін, мұны бүкіл қазақстандықтар шешуі керек екенін айтып, референдум өткізуді талап етті.

«Бәріміз алаңдайтын, қауіптенетін нәрсе – Фукусима, Чернобыль сияқты апатты жағдайға ұрындыруы. Бұл туралы айтып отырған жоқ. Мұның қауіп-қатерін қазір айтпасақ, соның алдын алмасақ, соған ертең ұрынамыз (...) Біз осы елге жанымыз ашығаннан кейін келіп отырмыз. Ертең апат болатын болса, мына үлкендіктер де, басқаларыңыз да құрбандыққа шалынасыздар. Бұл мәселені үлкендіктер шешпейді, бұл мәселені Қазақстан халқының референдумына шығаруды сұраймыз және талап етеміз», – деді саясаткер.

Оның артынша сөз сөйлеген эколог Мэлс Елеусізов те референдум өткізуді қолдады. Ол Балқаш көлінің тартылуына назар аударуға шақырды.

«Балқаштың орташа тереңдігі – небәрі 6 м. Қазір жағдай өте қиын – Балқаштың деңгейі тұрақты түрде төмендеп келеді. Атом электр станциясынан шыққан жылу Балқаш суымен салқындатылады. Ал қазір бәрі АЭС керек деп шулап жатыр, бірақ олай болса, Балқаш өледі (...) Біз қазір Балқашты құтқаруымыз керек. Енді бұл жерде атом электр станциясын салуды ойламай-ақ қою керек. Мұздықтардың 44 пайызы еріп үлгерді. Көп ұзамай Балқашқа су әкелетін Іле өзенінде су болмайды. Балқашта атом электр станциясын салу мүмкін емес», – деді Елеусізов.

Табиғи баламалы энергия көздері жайлы сұраққа министрлік өкілі қазіргі уақытта балама энергия көздерінің 133 нысаны, 48 жел электр станциясы, 47 күн электр станциясы бар екенін, бірақ мұндай нысандар табиғат жағдайына тәуелді болғандықтан, тұрақты емес екенін айтты.

Бір жарым сағаттан кейін Бағдәулет Устенов «жергілікті азаматтардың бәрі АЭС-ті салуға қолдау көрсетеді деп ойлаймын» деп, осымен жария тыңдалым аяқталғанын хабарлады. Халық тарқай бастады.

Жиынға қатысқан ядролық қауіпсіздік саласының маманы Дәурен Әбен жобаның мердігері туралы шешім әлі қабылданбағандықтан, АЭС параметрлері туралы нақты ақпарат берілмегенін, ал талқылау құр шу мен дауға айналғанын айтады.

«АЭС құрылысына қатысты Үлкенде өткен жария талқылау (ресми атауы бойынша), өкінішке қарай, құр шуға айналды. АЭС-ке түбегейлі қарсылар бұған жауапты тұлғалар мен сарапшылар сөзін бөліп, сындарлы диалогқа келу мүмкін болмады. Дәлелді пікірталас пен көкейтесті сұрақтарға жауап алудың орнына, келген белсенділер мен жергілікті тұрғындар арасындағы қызу дау мен бір-бірін сөзбен балағаттауына, соның ішінде этносаралық негіздегі қорлаудың куәсі болдық. Шараны ұйымдастырушыларға да айтарым бар. Ауылда мектеп мәжіліс залынан үлкен бөлме жоқ екені анық және қалай болғанда да барлығын сыйғыза алмас еді. Бірақ акустикасы нашар залда ең құрығанда дыбыс жақсы шығатындай жағдай жасауға болатын еді ғой», – дейді Әбен.

Сарапшы АЭС сияқты стратегиялық нысанның салынуына қатысты талқылауда жалпыұлттық деңгейде өткізу керек деп есептейді. Егер келгендердің пікірін елемеу мүмкіндігі болса және ұйымдастырушылар үшін бірінші кезекте Үлкен тұрғындарының пікірі маңызды болса, не себепті бәрін қоғамдық тыңдауға шақырғаны түсініксіз қалғанын айтады. «Меніңше, атом электр станциясы сияқты стратегиялық нысанның құрылысы жергілікті деңгейдегі пікірталас емес, жалпыұлттық ауқымдағы қоғамдық талқылауды қажет ететін сияқты. Әңгіме құс фабрикасын немесе шошқа фермасын салу туралы емес қой».

«Үлкен Алматы облысының Жамбыл ауданына жатады және жергілікті тұрғындар өз мәселелерін шешу үшін аудан орталығы Ұзынағаш ауылына дейін 340 км шұрық-тесік жолмен жүруге мәжбүр, сондықтан олардың оптимистік көзқарасын түсінуге болады. Олар бұл жобаның күйзеліске түскен ауылының жандануына септігін тигізетініне сеніп, АЭС құрылысына үлкен үміт артып отыр. Бәлкім, бастысы жұмыс орны болсын деп, Үлкеннің аумағында кез келген өндірістің ашылуын да осындай ынтамен қабылдар ма еді. Бірақ маған ауыл тұрғындарының бір бөлігі, егер атом электр станциясын "Росатом" салмайтыны туралы хабарланса, көтеріңкі көңіл-күйі бірден жоғалады деп ойладым», – деп қорытындылады Дәурен Әбен.

Үлкен тұрғындары

Жиынға қатысқан тағы бір саясаткер Санжар Боқаев та талқылауда АЭС құрылысына қатысты нақты зерттеулер, техника-экономикалық негіздемелер айтылмағанын атап өтті.

«АЭС құрылысы – саяси жоба, экономикалық емес. Алғашқы қоғамдық талқылауды ұйымдастырушылар мұндай тыңдаулар қалай өтуі керек екенін белгілейтін конвенцияларды бұзды. «Ақыры сең қозғалды-ау, атом электр станциясының құрылысын бастаймыз» деген әкімнің құттықтауымен басталды. Мемлекеттік қызмет туралы заң бойынша, мемлекеттік қызметшінің бизнеске лоббизм жасауға құқығы жоқ. Бұл – бизнес жоба. Біз бұл тақырыпқа кәсіби түрде қарауымыз керек. Олардың жария талқылауы – «ұйымдастыру керек болған соң ұйымдастыру» деңгейінде болды», – дейді Боқаев.

Санжар Боқаев

Талқылау аяқталғаннан кейінгі бір сағатта Энергетика министрлігі «жергілікті халық аймақтағы атом энергетикасының дамуын қолдады, сонымен қатар оның аумақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызы жоғары екенін атап өтті» деген мазмұндағы пресс-релиз жариялады.

Хабарламада жиынға қатысқан белсенділер мен олардың референдум туралы талаптары мүлдем аталмаған. Әйтсе де, министрлік пресс-релизде мемлекет қаржыландыратын «Қазақстанның азаматтық альянсы» президенті Бану Нұрғазиеваның айтқан сөзін беріпті. Онда ол барлық мүдделі тараптың пікірін ескеру мақсатында Талдықорған, Тараз, Балқаш және Алматыда жария талқылау өткізуді ұсынған.

Ендігі кезекте АЭС құрылысына қатысты талқылау қорытындысы бойынша облыс мәслихаты келісім беруі керек, одан кейін құжаттама жұмысы басталып, мердігер таңдалады, ресми қоғамдық тыңдаулар өткізіліп, соңғы кезеңде шешімді үкімет бекітуі керек.