2517
29 сентября 2023
Дмитрий Мазоренко, фотоны ұсынған — «Целинный» ЗМО

Нари Шелекпаев, тарихшы: «Брусиловскийдің мемуары отарсыздану туралы әңгімеге жол ашады»

Сталиннің мәдени саясаты және оның композитор Евгений Брусиловский шығармасындағы көрінісі туралы

Нари Шелекпаев, тарихшы: «Брусиловскийдің мемуары отарсыздану туралы әңгімеге жол ашады»

Тамыздың ортасында «Целинный» ЗМО кеңестік композитор Евгений Брусиловский туралы кітапты таныстырды. Власть кітап авторы, тарихшы, Йель университетінің профессоры Нари Шелекпаевпен сөйлесіп, отарсыздану туралы талқыда Брусиловский тұлғасы қандай орын алатынын, оның қазақ мәдениетіне жасаған эксперименттері сталиндік мәдениет саясаты тұрғысынан қалай анықталғанын сұраған еді.

Брусиловский тұлғасына неліктен назар аудардыңыз, әсіресе отарсыздық/отарсыздану туралы талқы аясында неге дәл осы тұлғаны таңдадыңыз?

Бұл мемуарларды шығару — 1930 жылдардағы қазақ мәдениеті туралы үлкен жобаның бір бөлігі. Кеңес одағы енді орнағанда және сталиндік кезеңде қазақ мәдениетін «жоғарыдан» советтендіру туралы қалыптасқан түсінік бар. Бірақ біз бұл процеске «төменнен», яғни сол мәдениет формасы мен практикасы таңылғандар мен соны жасағандар көзімен қарайтын болсақ, алдымыздан жаңадан ғажап әлем ашылады. Мысалы, ресми мәдениетке тіке қарсы шықпаса да, оған қарсылық білдірудің көптеген стратегиясын көре аламыз.

Брусиловский тұлғасына келетін болсақ, бұған жауабым қарапайым. Маған дереккөз ұнап қалды. Архивке кезекті рет келгенімде Қазақстан композиторлар одағының қорындағы істерге тапсырыс бердім. Брусиловскийдің аты-жөні түрлі құжатта жиі аталады екен, сондықтан келесі қадамым оның жеке қорындағы істерді зерттеу болды. Мен жеке қорларды ұната бермеймін, өйткені онда пайдасыз материал көп болып жатады. Бірақ дәл осы қордан Брусиловскийдің естеліктері жазылған бес үлкен дәптер таптым. Кейін алғашқы дәптерлері басылып шыққанын білдім. Басылып шыққан бөлімдері Брусиловскийдің Қазақстанға келгенге дейінгі материалдарынан құралған екен, бар мәселе сонда еді. Ол кітапта біздің көрерменге ең қызық жағы — композитордың Алматыдағы өмірінен эпизодтар болған жоқ. Мен ғұмырнаманы комментариймен, қосымша дереккөздермен және сыни аппаратпен толықтырып, қайта шығару қажет деп ойладым.

Дереккөздің тарихшыға ұнауы міндетті емес. Дереккөз — түсіну үшін пайдалануға, белгілі бір оқиғаның сырын ашуға, сұрақ қоюға немесе мәтінде жетіспей тұрған жерді толықтыруға қажет. Уақыт өте келе мен Брусиловскийдің мемуары өз жұмысыма пайдалануға болатын архив материалы ғана емес екенін түсіндім. Ол онсыз да көңіл аударуға лайық, менің редакторлық немесе зерттеу жұмысымсыз-ақ оқырманға қызық болуы керек.

Отарсыздану жағына толығырақ тоқталайықшы. Қазір осындай қарама-қайшылыққа толы тұлға туралы айтуға ыңғайлы сәт пе?

Бәрі нақты не айтқаныңа және қалай айтқаныңа байланысты. Менің жұмысым агиография емес, сыни тұрғыдан қайта пайымдау. Брусиловский өзі еврей, білімді әрі толерантты адам болса да, оның дискурсында ашық шовинистік және империялық белгілер кездесетінін айтып өту керек. Менің ойымша, Брусиловский қазақ мәдениетін шынымен де түсінуге тырысты. Әйтсе де, оның мәтінінде екіұдай ой тудырған сәттер бар. Кеңестік дәуірдің көп адамы секілді ол да ойын жасыра білген адам. Алайда, ресми мәдениеттің «шеткері аймақтағы» агенті бола отырып, ол өзінің империяға тән болмысын мейілінше жасырды.

Оқырманның көкейінде екі сұрақ туады. Бұл иланатындай екідүзілік пе? Әлде, ол эволюцияға ұшырап, тек кейбір тұжырымдары империялық сананың қалдығы мен ескі жараның орны болды ма? Мұны білмеймін. Шығармашылық адамының дүниетанымы — талдау жасауға қиын, біржақты бағалауға келе бермейтін дүние. Ал кеңестік заманда өмір сүрген адамның өзі туралы жазуы, соның ішінде өз деректеріне сүйенуі — тіптен қабылдауға қиын нәрсе.

Брусиловский батысеуропалық музыка мен қазақтың халық музыкасының кейбір формасы мен жанрын синтездей білді. Қазақ музыкасы туралы жергілікті музыканттардан оқып білді. Оның қандай білім екені және ол білімнің артында не тұрғаны — өз алдына бөлек әңгіме. Ахмет Жұбанов, Мұқан Төлебаев сынды композиторларда Брусиловскийге ұқсап, «пішіні ұлттық, мазмұны социалистік» дүниені тез жасау деген міндет болған жоқ. Жазған операсында әлдебір қайталау байқалса да, олар қазақ музыкасын жан-тәнімен түсінді. Опера жазған композиторлардың үшінші ұрпағы арасынан Қазақстанда мақтан тұтар тұлғалар бар. Ғазиза Жұбанова — креативті, кәсібилікті және үлкен талантты үйлестіре білген биік дәрежелі опера композиторы. Одан басқа да назар аударатын композиторлар бар.

Қазақстанда кейбіреулер бұл мәтінді уақыт талабына сай жазылмаған деп қабылдаса таңғалмаймын. Мұндай көзқарасты түсінуге болады. Алайда, мен отарсыздануды талқылаудың жаңа парағын ашып бере аламын деп үміттенемін. Брусиловскийдің мемуары осы күрделі, көп қырлы әңгімені әр бағытта өрбітуге мүмкіндік береді.

Империядан құтылуды балалардың ата-анаға қарсы бүлігімен салыстыруға болады. Бұл жерде тіпті бүліктің болуы да міндетті емес: ата-анамен қосып үйді өртеудің қажеті жоқ. Ал империя деген әрқашан өз баласын жеген Уран сияқты бола бермейді. Канада, мысалы, империядан арылуға ұзақ уақыт жұмсады әрі құлықсыз әрекет етті, тіпті империя құшағына оралуға әрекет те болды. Бразилия бір кездері метрополия королін «асырап» та алды. Алайда, империя ешқандай да ата-ана емес екенін түсінген кезде метафораның мәні жоғалады. Оны шақырусыз келген қарауыл-абьюзер деген дұрысырақ сияқты. Мұндайлар азат болғысы келген адамды жібермеу үшін мың-сан сылтау ойлап табады. Тіпті көнбей жатса, кісендеп қоюға дейін барады.

Кітаппен жұмыс істей бастағанда қай қырынан келдіңіз?

Жобаның қаңқасын “Целинный” орталығындағылармен талқыладым, олар қолдады. Дискурстар констелляциясын [1930 жылдардағы Қазақстан мәдениетіне қатысты] жинау және сол заманда артистердің ортасы мен қоғамда болған басты жағдайды зерттеу маңызды болып көрінді. Бұл кітап болған оқиғалар туралы ғана емес, түрлі себеппен болмай қалған жайттар да туралы. Кітап кейіпкер туралы емес, дәуір туралы: Брусиловский өмірінің соңында мемуар жазды, бұл, менің ойымша, оның композитор ретіндегі шығармашылығынан да қызық болып шықты. Тағы бір парадокс — мәтіннің автордан да маңызды болып шыққаны.

Брусиловский өзіне ирониямен қараған. Ол өте ақылды болды және ыңғайға көнетін адамға айналғанын білді. Оның дискурсы монолог не монолит тұрпатты емес еді. Керісінше, қайта құрастырып, зерттеуге қызық ұсақ бөлшектерден құралды. Брусиловский Жұбановтың өзіне жұлдызы қарсы болғанын айтатын тұстары бар. Жұбанов расында да Брусиловскийді жақтырған жоқ, өйткені олардың өмірлік міндеттері әртүрлі еді. Мен кітапқа стенограмма, айғақ сияқты архив материалдарын қостым. Ол құжаттардан Жұбановтың қысқа да нұсқа, нақты сөйлейтіні, жалпы жақсы нәрселер айтатыны көрінеді.

Брусиловскийге дәуір призмасынан қарауға тырыстым депсіз. Ол қандай дәуір еді?

Дәуір туралы айтқанда, оның ешқашан монолитті болмағанын естен шығармау керек, бұл туралы өзіме де үнемі еске салып тұрамын. Жекелеген адамдар мен институттардың траекториясы, тәжірибесі, көзқарас-ұстанымы болды, үнемі өзгеріп отырған ресми нормалар мен догмалар 1920 жылдары да, 30-жылдары да, 40-жылдары да, Хрущевтің жылымық кезеңіне дейін болды. 1950 жылдардың соңынан бастап ахуал өзгере бастады, бірақ бұл басқа әңгіме.

30-жылдары да, 40-жылдары өзіндік ұстанымы бар жекелеген тұлғалар болды. Олардың әрқайсы өзі бастамашы болған мәселені шешуге әрекет етті, оның ішінде сәттісі де, сәтсізі де болды. Мысалы, мәдениет министрі Темірбек Жүргенов жоғарыдан тапсырма болмаса да, көп дүниені тындырды. Ол кеңестік идеологияға қызмет еткен қатардағы көптің бірі емес еді.

1930 жылдары бас көтеру оңай емес болатын. Адамдар бейімделуді жөн көрді. КСРО-ның батысымен салыстырғанда, Орталық Азия елдерінде шығармашылық және ой еркіндігі көбірек болды. Алайда сталиндік өнер қандай болуы керек дегенге келгенде, ешкімде нақты түсінік болған жоқ. Эпистемология және креатив тұрғысындағы бұл белгісіздік «пішіні ұлттық, мазмұны социалистік» деген тұжырымның серігі болды. Ахмет Жұбанов 1940 жылдары Кеңес одағында «пішіні ұлттық, мазмұны социалистік» бола алатын операның канондық үлгісі болған жоқ деп төтесінен айтты. Егер ондай бар болса, соны алып, терең зерттеп, соған сәйкес бір дүние жасар еді. Алайда Кеңес одағында ешкім бұндай операны жаза алмады.

Брусиловский өз жолымен жүрді. 1930 жылдары ол өзін алғашқы қазақ операларының авторымын деп санаған жоқ. Одан гөрі аранжировка жасаушы ретінде батысеуропалық қалыпты халық музыкасына бейімдеді. Бірақ халық музыкасына қатысты ұстанымы өте еркін болды. Құбылтудан, қосылмайтынды қосудан, эксперимент жасаудан қашпады. Дегенмен, Қырғызстанға келіп-кетіп қана істеген, жергілікті музыканы мүлдем ұғынбаған (әйтсе де, Қырғыз ұлттық операсының негізін қалаушы аталып кеткен) Владимир Фереге (кеңестік композитор – В.) қарағанда, Брусиловский Қазақстанда тұрақты тұрды, музыканттармен және жергілікті зияылармен араласты. Халық музыкасын зерттеумен 1940 жылдарға дейін айналысты.

1940 жылдары оның позициясы өзгерді. Халық артисі, басқа да атақтар алып, дәрежесі көтеріле түскен Брусиловский саяси науқанға араласып, өзіне кедергі келтіргендерді шеттетуге тырысты. 1930 жылдары рөлін нақты көрсете алмаса, енді ол өзін автор ретінде көрсете бастады. Қазақ зиялылары, соның ішінде Мұхтар Әуезов пен Ахмет Жұбанов оны сынға алды. Әуезов «Ер Тарғында» алпыстан аса қазақ әні мен күйі қолданылғанын, алайда шығарма авторлары аталмағанын жазды.

Сіз Брусиловский бір кездері өз орнын таба алмай жүргенін жазасыз. «Даладан» да, «қаладан» да лайықты орнын таппай, әрі-сәрі болып, ақыры жайлы орынға жайғасқаннан кейін де көңілі көнши қоймаған екен…

Иә, рас. 1920 және 1930 жылдар нағыз қозғалыс кезеңі болды. Үнемі түрлі идеялық өзгеріс болып жататын. Миллиондаған адам лагерьлерге, құрылыс жұмысына, «жаңа» территорияны немесе кен орнын игеруге ағылып жататын. Адамдар жайлы өмір іздеп орталыққа ағылса, өмірін сақтап қалғысы келгендер орталықтан қашып жатты. Біреулерді күштеп көшірді. Жиі-жиі тазарту жүріп тұрды.

Брусиловскийдің жүріп өткен жолы да осы картинаның бір бөлшегі болды. Алдымен Дондағы Ростовтан Мәскеуге барды. Ол жақта өмірі кереметтей болып кеткен жоқ, Мәскеу консерваториясын тәмамдай алмады. Сосын Ленинградқа барып, Ленинград консерваториясына түсті. Оқуды аяқтаған соң Брусиловскийге халық музыкасын нотаға түсіру үшін Қазақстанға баруға ұсыныс түсті. Бұл ұсынысты Қазақстанға қызыққаннан қабылдаған жоқ. Ленинградтан кетер алдында Композиторлар одағының төрағасымен қатты араздасып, соның кесірінен қызметке тұру мүмкіндігінен айырылған еді. Бұл туралы Брусиловский өзі жазып кетті.

Брусиловскийдің Қазақстанға жұмысқа баруды ұсынған әріптесімен жазысқан хаттары да сақталған, оны мен кітапта келтірдім. Әңгіме шамамен былай өрбиді: «Мен келдім. Мұнда таза провинция, жағдай нашар. Жалдамалы пәтерде тұрып жатырмын, мені бұл жерден алып кетіңдер». Жанға бататын-ақ сөздер. Ал қарымта жауап мынадай: «Жолдас Брусиловский, қайда бара жатқаныңызды білдіңіз ғой. Не күтіп тұрғанын да білдіңіз. Жұмысыңызды жалғастырыңыз». Бірінші жылы жағдайы жаман болған жоқ. Сол кездегі қаладағы алдыңғы қатарлы «Алма-Ата» қонақүйіне орналасты. Жоғары дәрежелі кәсіби маман деген атағы оған біраз артықшылық берді, айталық, жақсы асханадан тамақтану мүмкіндігі болды.

Контекстің екінші жағы — оппортунизм. Көбі шеткері өлкеде қызмет жолында көтерілу оңайырақ деп ойлады. Бұл сөздің жаны бар. Алматыда Брусиловскийдің тамағы тоқ, басында баспанасы болды. Ал Мәскеуде айлап ыстық тамақ ішпеген кездерді бастан өткерді. Бірнеше рет ұзақ уақыт ауырғаны бар, бұл да материалдық жағдайының нашар болғанынан.

Кеңес мемлекеті дегенге көңіл аударсақ, жергілікті халық ағарту комиссариатынан әлдене талап ету, институттар құру, мәдениет саласының қызметкерлерін қоныс аударту не үшін қажет болды?

Кеңестік билік басындағылар үшін Орталық Азия tabula rasa сияқты еді, ол кеңестік модернизация жобасын мақтанышпен іске асыруға мүмкіндік берді. 10-15 жылдың ішінде кеңестік биліктің күшімен «артта қалған» аймақтан озық аймаққа айналып шыға келуі керек еді: бұрын олар көшпенді болды, енді опера қойып жүр. Оны тек Кеңес одағының басқа тұрғындарына ғана емес, бүкіл әлемге көрсету қажет болды.

Идеологиялық міндет айқын еді. Біріншіден, революцияға дейін бәрі нашар болғанын көрсету. Екіншіден, кеңестік билік келген соң бәрі қалай өзгергенін көрсету. Талғамы жоғары, бойынан адалдық та табылатын Андрей Платонов сияқты адамдар болды. Олар идеологиялық сұранысқа талантты түрде жауап бере алды. Тағы бір мысал Ильф пен Петров, олар Орталық Азия туралы өте жеңіл жазды. Әйтсе де, олардың жазбасы ориенталистік бағытта болды. Ориентализм аймақ туралы дискурсты өрбітудің механизмі болды. Кеңес басшылығының пікірінше, Орталық Азияда «прогресс» болды. Бірақ бұл қандай «прогресс»? Оның пайдасын кім көрді? Олардың құрбандарын қайда қоямыз? Брусиловский кеңестік «прогрестің» бір бөлігі болды. Үстем идеологияның өнімі болған мәдениет пен халық өнерінің арасындағы медиаторы бола отырып, ол идеологияға да, халық өнеріне де ықпал етті. Бұндай медиациядан халық өнері көбірек зардап шекті деп ойлаймын.

Қазақстанға келгеннен кейін Брусиловский мәдениеттің мол қорымен танысты. Алайда, оған бұл мәдениетті артта қалған немесе мүлдем жоқ деп қабылдау тапсырылды. Композитор соның негізінде кеңестік мәдениет қалыптастыруға тиіс еді. Брусиловский сияқты адамдар бұндай іске қалай кірісті? Түпкі мәдениеттен іргелі дүниені көрмей, неге оған илеп алуға болатын нәрсе сияқты қарады? Мәдениетті қолдан жасағаннан оларда диссонанс болмады ма?

Бұл күрделі сұрақ, ол жөнінде көптен бері ойланып жүрмін. Бұған дейін де айтқанымдай, кеңестік дәуірдің мәдениеті монолитті болған жоқ. 1920 жылдары авангард дәуірі болды, бұл кезең барлық бүркеу мен табуды ашып тастады. Бұл өнермен айналысқан адамдарға еркіндік берді. 1930 жылдары өнер өңдеуге қажет шикізатқа ұқсай түсті. Бұл басқа салаларда да көрініс тапты — екпінді өндіріс және өндіріп, отан пайдасына жұмсалуға тиіс көмір, мұнай, металл кендері. Мәдениет те өзінше бір шикізатқа айналды, оны да өндіріп, түрлендіру қажет деген мәселе қойылды.

Басты тұлғалар қатарында мәдениет министрлігінің басшылары да болды. Олардың ұстанымы бір-бірімен сәйкес келе бермеді. Кейбір жергілікті кадрлар Кеңес басшылығының ырқына көне беретіндер қатарынан емес еді. Қазақстанда халық ағарту комиссары Жүргенов ұлттық кардрлардан құралған, қазақ тілінде оқып-жазатын қазақша институттардың пайда болғанын қалады. Ол қазақ мәдениеті өркендей бастаған дәуірде өмір сүрді: сондықтан оны «Жүргенов ренессансы» деуге болады. Уақыт көрсеткендей, бұған риза еместер де табылды. Ақыры атылып кетті.

Алайда сол кезде социалистік мазмұндағы ұлттық мәдениеттің үлгісі қандай болуы керек екенін ешкім де түсінген жоқ. Жүргеновтің түйсігі мықты еді. Ол репетицияға келіп, музыканттарды үйретті. Алайда қоластындағылардың да көзқарасы әрқилы болды. Брусиловский конструктивист болса, Жұбанов қалыппен жұмыс істеп, оған қазақ мазмұнын құю керек деп есептеді. Сондықтан да Брусиловский мен Жұбанов арасында келіспеушілік болып тұратын.

Институционал тұрғыдан және мәдениет процесі тұрғысынан осындай әркелкілік қалайша мүмкін болғаны өте қызық. Бір қапталда ұлттық дүниеге шикізат деп қарайтын Брусиловский, екінші жақта ұлттық мәдениетке тікелей қатысы бар, бірақ оны басқаша жасайтын Жұбанов. Бұл кеңестік деген түсініктің мазмұны болмауымен байланысты ма? Әлде эксперимент жасау мүмкіндігі болған “дала” дәрежесімен байланысты ма?

«Ұлттық» және «социалистік» ұғымы сияқты, мәдениет саласындағы өндіріске қатысты «кеңестік» ұғымы да мазмұны мәз болмағанымен, қарқыны өзгеше болды. Ол саяси конъюнктураға қарай өзгеріп отырды. Географияның да мәні бар. Кеңес одағы өте үлкен болды. Орталық Азияның өзін алсақ, аймақты прогресс үлгісіне айналдыру науқанының жаңғырығы ретіндегі 30-жылдардың күшті импульсін атап өтер едім. 1940 жылдары соғыс өршіген кезде және соғыстан кейінгі кезеңде «батырландыру» деп атауға болатын жаңа нәрсе пайда болды, оның жаңғырығын ресми мәдениетте біз әлі күнге дейін байқап жүрміз.

Технология тұрғысынан Қазақстанда көп нәрсе биліктің «кадр жетіспейді» дегеніне сүйенді. Өйткені кеңестік оқу орындарында ғана оқыған артистер мен шығармашылық кәсіп адамдары ғана кәсіби кадр деп саналды. Қазақ ақындары кәсіпқойлар қатарына кірген жоқ. Бірақ кеңестік білім алған маман саны 50-жылдарға дейін аса көп болған жоқ. Мен Композиторлар одағының стенограммаларымен жұмыс істедім, онда кеңестік түсінікке сай келетін композиторлар саны 10-12 ғана болды. Қазақстандағы «мәдениетті дамытуды» кейде тездетіп отырды: Мәскеуде немесе Ленинградта ұлттық мәдениет онкүндігін, Бүкілодақтық жиналыс, тағы басқа жиын өткізіп тұрды.

Жұбанов сияқты адамдар батыстың мәдени канондарымен жұмыс істеуді оғаш санаған жоқ, бұл өз мәдениетіне нұқсан келтіріп тұрса да. Оны қалай түсіндіреді? Әлде мәдениетті қайткенде де аман алып қалуға деген талпыныс па?

Әртүрлі нюанс болғанын ұмытпау керек. Жұбанов кеңестік және ресейлік отаршылдықты қатты жек көрді. Оның салдары Қазақстанға қандай кесапат әкелгенін жақсы түсінді. Оның отбасы ұжымдастыру мен Сталин репрессиясынан зардап шеккен. Ахмет пен Құдайберген Жұбановтар революцияға дейін де сауатты болды, кеңестік кезеңде де білім алды. Ахмет Жұбанов Ленинград консерваториясында, ал Құдайбарген Ленинград шығыс тілдері институтында оқыды. Құдайберген өте мінезді адам болды, көп тіл білді. Егер оған елге қызмет етуге мүмкіндік бергенде, қандай үлкен жетістіктерге жетер еді. Ахмет Жұбанов қазақтарға ресейлік немесе кеңестік мәдениеттің сүзгісі қажет емес екенін көрсеткісі келді.

Төлебаевқа, кейінгі онжылдықтарда жұмыс істеген адамдарға келсек, бедел, абырой мәселесі сөз болады. Сталин дәуірі роман, симфония, ірі кескіндеме картиналар дәуірі болды. Жазушыларды, композиторларды, суретшілерді өзіне, көсемге, дәуірге монумент жасауға ынталандырды. Төлебаев ән шығаруды қатты ұнатса да, опера оған нағыз атақ-даңқ әкелетінін түсінді.

Белгілі бір мәдени шығарма қандай критерий бойынша ұлттық деп танылды? Ұлттық дүниеге жасалған эксперимент пен «ұлттық» деп аталған шығармалар арасындағы шекара қандай болды?

Егер біреуді буржуазиялық ұлтшылдықпен айыптау керек болса, оны постфактум жасай салатын. Айтпақшы, кезінде Брусиловский де 1930 жылдары жазған, репетициясына Жүргеновтің өзі қатысқан операсы үшін айыпталды. Нақты критерийлері болған жоқ. Үлкен мақсаты – 1920 жылдары кеңестік бұқарада болмаған ұлттың репрезентациясын жасау болды. 1936 жылғы Қазақ мәдениетінің онкүндігі Мәскеуде тұратын Кеңес одағы басшылығы алдында ұлт образын бекіту тәсілдерінің бірі еді. Эссенциялаудың сорақысы осында көрініс тапты: киіз үйлер тігілді, тұрмыс-тіршілікте пайдаланатын кездейсоқ таңдалған заттарды қойды, сосын адамдарға ән салғызды. Осының бәрі қазақшылықты білдіруі керек болды.

Қазақстанның өзінде де ұлттық мағынадағы репрезентацияның бәрі бірдей талғаммен, рефлексиямен жасалған жоқ. Мысалы, Абай атындағы опера және балет театрының ғимаратында қазақшылықты танытатындай ою-өрнек бар. Неліктен осы ою таңдалды? Кім таңдады? Бұның бәрі бүгін не кеше немесе 1991 жылы пайда болған жоқ, сол 1930 жылдары пайда болды.

Осының бәрін деэссенциялауға жұмыс істеу керек. Кітапта 1930 жылдардағы қазақты репрезентациялауды көздейтін қойылымдардың барлығы неге әлі күнге дейін қойылып келе жатыр деп жаздым. Ал ұлт образын қайта жинау жұмысы — өте қызық та маңызды жұмыс, тек ешкімге қызық емес секілді. Үйреншікті жолдан шығу кімге ұнасын?

Сталиндік мәдениет саясаты практикасы тәуелсіз Қазақстанға қалай өткеніне толығырақ тоқталасыз ба? Институттық қалып кеңестік күйінде толық дерлік сақталды деуге болатындай. Сол институттар бұрынғыша сүзгіден өткен мәдениет жасауға талпынып, нақты адамдармен сөйлесіп, олардың өзін қалай түсінетініне бас қатырғысы келмейді. Идеологиялық аппарат қызметкерлері мәдениет ұғымын қоғам түсінбейтін дәрежеде қабылдайтындай. Әйтсе де, олардың өнімі социалистік обертоннан азат болса да, ұлттың кезекті және орта деңгейлі репрезентациясы болып қалып жатыр.

Кеңестік және қазіргі мәдениет практикасында айырмашылық бар, эволюция байқалады. Әрине, мемлекеттік тапсырыс пен конформизм сақталды. Барлық процеске үстемдік ететін сол кездің мәдениет министрлігі жоқ. Оның орнына ынталандыру жүйесі мен бүкіл әлемде музыка, театр мен кино өндірісіне әсер ететін неолиберал трендтер пайда болды. Айталық, Еуропадан тысқары опера еуропалық музыканттар мен қоюшылардың күшімен жұмыс істейтінін жиі көруге болады. Бүкіл әлемде опера залдары адамдар мәрмәр баспалдақта селфи жасау үшін келетін сән-салтанат орнына айналып жатыр.

Бұл тұрғыда біз бірегейміз деп ойлаудың қажеті жоқ. Біздің бірегейлігіміз оның қалай пайда болғанымен байланысты. 1960 жылдары бұл эксперимент болды, уақыт өте келе жемісін бере бастады. Қазақ композиторлары талай үздік туынды жазды. Мысалы, Ғазиза Жұбанованың опералары мен балеттері әлемнің кез келген сахнасында жүре алады.

Ең бастысы — халық музыкасының зерттеуге лайық қоры бар. Менің кәсіби музыкалық білімім бар. Қолым тиген кезде жасанды интеллекті қазақ музыкасын түрлі стильде жазуға үйретуге тырысып жүрмін. Әлбетте, технология бұрын жоғалтқанымыздың орнын толтыра алмайды. Бірақ олар біздің ұмтылысымыздың мәнін ашуға көмектесуі мүмкін.