5080
11 октября 2023
Светлана Ромашкина, Власть Данияр Мүсіровтың (2023 жыл), Жанар Каримованың (2016 жыл) және Светлана Ромашкинаның (қаңтар 2022) фотосуреттері

Ішкі көрініс. Реконструкциядан кейінгі Алматы әкімдігі

Ғимараттың келбеті 2016 жылы және Қаңтардан кейін қандай болды, қазір қандай?

Ішкі көрініс. Реконструкциядан кейінгі Алматы әкімдігі

Жақын күндері журналистер Қаңтар кезінде бүлінген Алматы қаласы әкімдігінің жөндеуден өткен ғимаратын аралап көрді. Ғимарат төрт күндей өртеніп жатты. Мамандардың айтуынша, 80 пайызы бүлінген. Қазір оның қасбеті мен ішкі интерьері жаңарды. 2016 жылы Власть ғимараттың ішін көрсетіп, үлкен фоторепортаж жариялаған еді, енді бұрынғы және қазіргі жағдайын салыстыруға мүмкіндік бар

1975 жылы қазіргі Республика алаңында жаңа Үкімет үйін салу жөнінде шешім қабылданды, өйткені Төле би мен Абылай хан көшелерінің қиылысындағы, қазір ҚБТУ орналасқан ескі ғимарат шенеуніктерге тарлық қыла бастады. Ғимарат 1980 жылы салынған. 1991–1994 жылдар аралығында бұл жерде президент резиденциясы болды, кейін мұнда Қазақстан Республикасының үкіметі жұмыс істеді. 1999 жылдан бастап — қала әкімдігі.

Қала әкімдігі 2016 жылы. Фотосурет авторы Жанар Каримова

2022 жылы 5 қаңтарда Қаңтар оқиғасы кезінде ғимаратқа шабуыл жасалып, ол бірнеше күн бойы жанып жатты. 11 қаңтарда ҚазҚСҒЗИ қызметкерлері ғимараттың жағдайы туралы тұжырым жасауға кірісті. Жұмысшылар қасбеттің демонтажына бірден кірісті. Архитекторлар тобы құрылыс алаңына келіп, қалпына келтіру жұмысына асықпауға, бүлінген жерлерін зерттеуге және реставрация жобасын әзірлеуге көбірек уақыт бөлуге шақырды, алайда, ғимаратты 2022 жылғы тамызға дейін жөндеп бітірмекші болды.

Бұл асығыстық аздап таңғалдырғаны рас. Бір көзден сатып алу тәсілімен Алматы мәслихатының депутаты Әміржан Нәбиевке тиесілі «Атрикс-Строй» компаниясы мердігер болды. Жақында жаңарған ғимаратты аралаған кезде Алматы әкімі аппаратының жетекшісі Бейбіт Шаханов ешқандай заң бұзылмағанын айтты: «Компания жетекшісі мәслихат депутаты болуы керек деген таңдау болған жоқ, төтенше жағдай аясында мемлекеттік сатып алу туралы заңда тез қалпына келтіру және жұмыс жүргізу үшін бір көзден сатып алу арқылы компанияны таңдауға мүмкіндік береді деген негіздеме бар».

Ғимаратты қалпына келтіруге бюджеттен 17 млрд 147 млн теңге бөлінді және жөндеу жұмысы бір жарым жылға созылды.

Депутат және «Атрикс-Строй» компаниясының жетекшісі Әміржан Нәбиев бұны былай түсіндірді: «Қаңтар оқиғасынан кейін ғимарат толықтай зерттелген жоқ. Демонтаж кезінде белгілі бір қиындықтар анықталып, қайта есептеуге қосымша уақыт қажет болды. Мысалы, өрт кезінде жабын тақтасы беріктігін жоғалтқан, оларды қайтадан құйып, күшейтуге тура келді. Жану температурасы шамадан тыс жоғары болған сияқты. Қабаттар арасындағы жабын шамамен 10 сантиметрге салбырап қалды. Бетон арқылы арматура майысқан. Біз арматура қаңқасын толықтай қалпына келтірдік».

2022 жылғы қаңтар, фотосурет авторы Светлана Ромашкина

Бұл түсіндірме 2023 жылы 23 қаңтардағы белсенді архитекторлардың реконструкцияға асықпау керек деген сөзімен сәйкес келеді. Архитектор, Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Айдын Ақбай әкімдік жобалау мен құрылыс ұзақтығы, жалпы барлық кезеңнің ұзақтығына қатысты есеп беруі керек деп есептейді. «Қазір жобалық шешімдерді сапа тұрғысынан ойластырмай, элементтерді асығыс бұзу болғанын көріп тұрмын. Ғимарат сол күйінде тұрса да ештеңе етпейді, бұл бізге естелік болар еді. Әкімдікті қалпына келтіру керек екені рас, бірақ дәл сол күйінде емес, халыққа ашық бола түсу үшін оған жаңаша мән беру керек еді», – дейді ол.

Фотосурет авторы Жанар Каримова, 2016 жыл

Қасбет

Бұрын ғимараттың қасбеті мәрмәрмен және ұлутаспен қапталған болатын. Енді оған үш материал қолданылған: ескі ұлутас — жоғарғы жағында, ғимарат «төбесінде» ғана сақталды, қапталындағы ұлутас Қырғызстаннан әкелінген травертинмен алмастырылды, алдыңғы жағы түрік мәрмәрімен қапталды. Бұрынғы түсіне қаншалықты сәйкес келгенін айту қиын, бірақ сұр дақтары бар мәрмәр жалтылдап, ұлутас пен травертин сарғыш көрінеді. Нәбиевтің айтуынша, бұл мәрмәр ескісіне қарағанда жақсырақ, өйткені бұрынғы кеңестік жабдықтармен оны қазіргідей жылтырату мүмкін емес еді.

Ол ұлутастарды травертинге алмастырғанын айтты, себебі «бізде қажет сапада және мөлшерде ұлутас болған жоқ. Травертин сапалырақ болады және ұзаққа шыдайды. Ұлутас Кеңес заманында көп қолданылды, бірақ, практика көрсеткендей, бұл кеуегі көп, өте ауыр материал, уақыт өте келе кеуектері шаң-тозаңмен бітеліп қалады. Сондықтан жақсы тазартылатын, пайдаланғанда проблемасы аз болатын тасты қолдану жөнінде шешім қабылданды. Оның үстіне, бұл тастың астында қасбет шешімдерін сенімді сақтауға мүмкіндік беретін алюминий конструкция бар. Бұрын геометриясын тура қылуға мүмкіндік бермейтін арматура қаңқа түріндегі құйма конструкциялар болатын».

Қазақстанда өндірілетін табиғи материал — ұлутас және оны тазарту тәсілдері туралы Власть бірнеше жыл бұрын материал жариялаған болатын. Бавариядан әкелінетін ұлутаспен әкімдікке жақын жердегі Almaty Museum of Arts әрленбек.

Тақталардың арасы неге сонша алшақ деген сұраққа Нәбиев бұл арнайы термиялық саңылау екенін, температура өзгерген кезде материал сығылып-жазылып тұратынын айтты. Егер арасында алшақтық болмаса, тас жарылып, сынып кетеді дейді.

Қасбеттің үстіңгі жағында бұрын жұлдыздар болатын, оларды шаңырақпен алмастырып, алтын түспен бояған. Ғимаратқа мұқият қараса, қасбет кейбір жерінде элементтерін немесе пропорциясын жоғалтқан, алайда мұны бәрі бірдей байқай бермеуі мүмкін, кейбіреулерге қасбет бұрынғыдай болып көрінеді.

Айталық, шаңырақ салынған шаршылардың екі жағында ойықтар болды, қазір тұтас қорапқа айналған, бірінші қабатта терезелердің астында болған кертік қазір жоқ. Қасбеттің ортасына жарық шағылыстырғыш терезелер қойылған, бұл да бұрын болған жоқ. Енді ғимарат өзгеріссіз қалған айналасын көрсетіп тұрғандай әсер қалдырады. Әкімдік әлі де адамдардан оқшау, төбенің үстінде тұр.

Экскурсия кезінде есік алдына 2022 жылы зардап шеккен есік бекітерін қойылыпты. Жаңа есіктің түрі де дәл сондай. Әкімдік он жылдай бұрын күрделі жөндеуден өткен еді, қазір оның қай интерьері Қонаев заманындағы түпнұсқаға жататынын, қайсы Ахметжан Есімов қала әкімі болған кезеңге жататынын айту қиын.

Ішкі көрінісі

Ғимарат пайдалануға толық дайын емес: Сопақ зал әлі жөнделіп жатыр, ол қарашада ашылады деген жоспар бар. Кеңес заманында жасалған люстра ілінеді деп айтылды: осыдан 40 жылдан астам уақыт бұрын люстраны жасаған ресейлік зауытты тауыпты, сол тапсырысты қайта жасамақ.

Мердігер дыбыс бұрынғыдан жақсы болады дейді: «Бұрын дауыс жаңғыратын, қазір жақсы акустикаға мүмкіндік беретін дыбыс есебін қолдандық. Жарық та проблема болатын, бұл мәселені де ескердік», – деді Нәбиев.

Орталық баспалдақтың оң жағында шағын кафе мен асхана болатын, енді ол жерде «кафе, асхана, буфеттің қосындысына ұқсас бірдеңе болады». Екінші қабатта кофе-брейкке арналған аймақ жасалады.

Шаханов пен Нәбиев ғимараттың тарихи келбетін сақтауға барынша тырысқанын бірнеше рет қайталады. Әзірге бұрынғы кейпіне жақын жалғыз орын — фойе. Ол ғимараттың басқа бөлігіне қарағанда қатты бүліне де қойған жоқ. Бұнда бұрынғы, түпнұсқа мәрмәр күңгірт колонналар мен еден сақталды: «Біз реставраторларды шақырдық, олар мәрмәрді 5-6 рет қалпына келтірді, кварц жасады», – деді Нәбиев.

Еденде жаңадан тактиль тақталар төселген.

Кіреберістің сол жағындағы қабырғаның мәрмәрі ауыстырылған: Нәбиевтің айтуынша, ол жерде оқтың ізі болған. Оны алып тастап, орнына кафельге ұқсас сұр, жалтылдаған материал қолданған.

Кіреберіске үстіңгі жағында оюлы металл жақтауы бар әйнек атриум орнатылыпты. Ғимаратқа кірген кезде бұл ою стилистикасы мен суретінің орындалуы бойынша мүлдем өзгеше баспалдақ бойымен үйлеспей тұр, әрі артық болып көрінеді.

Есік алдында әкімдік қызметкерлерінің кіруін жеңілдететін Face ID жүйесі орнатылған жаңа турникеттер бар.

Баспалдақтағы жез элементтер мен шарбақтар толығымен қайта жасалған. Сопақ залға апаратын орталық баспалдақ маршы әзірге жабық.

Ғимаратқа энергия үнемдейтін технология қолданылған, барлық материал өртке төзімді. Барлық қабатта кіруді бақылау жүйесі бар. «Біз әлдебір төтенше жағдайда ғимаратты сақтауға көмектесетін, ғимараттың барлық сегментін оқшаулап тастау жұмыстарын жүргіздік. Өрт кезінде өртенген аймақ оқшауланып қалуға тиіс. Өрт бола қалса, автоматты жүйелер ғимараттың кез келген нүктесінде өртті сөндіре алады», – деді Нәбиев.

Ғимарат балама қорек көзіне — дизель генераторына жалғанған.

Өртеніп кеткен ағаш терезелердің орнына алюминий қойылды. Едендегі паркет түгел жанып кеткен, сондықтан оны да алмастырған. Инженерлік жүйенің барлығын еденнің астымен жүргізген, бұрын олар қабырғамен, төбемен тартылған еді.

Сонымен қатар ғимараттың сейсмикалық жағдайы жақсартылған, енді ол қуаты 10 балл жер сілкінісіне төтеп беруге тиіс.

Қоғамдық қабылдау

Әкімдікте пайда болған жаңа нәрсе — қоғамдық қабылдау орны, оған Желтоқсан көшесіндегі қапталдан кіруге болады. Сол үшін бірнеше кабинет біріктірілген: «Бұл қабылдау бөлмесі банктегі қызмет көрсету принципіне ұқсас, келген адам талон алады. Жүгіну себебіне сай жауап беретін мамандар отырады», – деді Шаханов.

Бұл жерде гардероб, ресепшн, күту залы, балалар бұрышы, ана мен бала бөлмесі, әжетхана бар.

Желтоқсан және Назарбаев көшелері жағынан жүріп-тұруы қиын адамдарға арналған пандус орнатылды.

Жаңа интерьер

Жиналыс залы, соған апаратын дәліз бен әкім кабинеті ең көп өзгеріске ұшыраған. Нәбиевтің айтуынша, «конфигурациясы» өзгерген жоқ, алайда интерьері заманауи бола түсті. Бұрын бұл кабинеттерде кеңестік номенклатураның белгісі бар еді, енді оларда элиталық пәтердің сән-салтанаты байқалады. Заманауи әрленген, молдингтер, көмескі түстегі перделер. Енді кілем төсеніштер, көк қабырға мен ламбрекен перделер жоқ.

Үстел, есік, жиһаз — бәрі отандық өнімдер.

2016 жылы Бауыржан Байбек қала әкімі болғанда, оның кабинеті осындай болды.

Қаңтардан кейін

Бұл кабинетті жөндеу туралы Нәбиев былай дейді: «Кабинет конфигурациясы 40 жыл бұрынғыдай болып қалды, қалқа орнатқан жоқпыз, ештеңе өзгерткен жоқпыз. Декор-элементтер өзгерді, сомдама санын азайттық».

Әкім кабинетке бір аптадан кейін көшіп келеді деп жоспарланған. Әзірге бұл жерде ғимаратты қабылдап жатқан Шаруашылық басқармасының қызметкерлері жүр. Мәслихат мұнда келмейді, олар Алмалы әкімдігінің ғимаратында жұмыс істейді.

Оншақты жыл бұрын әкімдік ғимараты түсініксіз себептермен архитектура ескерткіштері тізімінен шығарылды. Бірақ Шахановтың сөзінше, ол тарихи ғимараттардың бірі: «сондықтан біз оның тарихи келбетін барынша сақтауға тырыстық. Бұл сол бұрынғы ғимарат».

Жөндеуден өткен ғимаратта Қаңтар туралы естелік қалған жоқ, архитектор Жанна Спунер ұсынғандай, бұл жерде болған оқиғаны еске түсіретін ештеңе жоқ: оқ тескен қабырға да, баспалдақтың күйген шарбағы да сақталған жоқ. Конфигурация ғана қалды.