2429
7 ноября 2023
Бейімбет Молдағали, басты фото авторы Руслан Қарсамов, unicef.org

Саны да, сапасы да жоқ балабақша

Балабақша тапшылығына алып келген мемлекеттік саясат туралы

Саны да, сапасы да жоқ балабақша

2017 жылы мемлекет балаларды мектепке дейінгі біліммен мейлінше көбірек қамту үшін мемлекеттік тапсырысты жекеменшік балабақшаларға беруді бастады және мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті (МЖӘ) қолдануға шешім қабылдады. Халықтың әлеуметтік қажетін ескермеуге құрылыс қарқыны қосылып, бұл жағдай көп ата-ананың мемлекеттік балалар бақшасына жылдап кезекке тұруына, ал жекеменшік мекемелерде оқыту сапасының нашарлауына әкеліп соқты.

Жанна Жәкішева асүйде тұрған ноутбуктен бас көтеріп, мектепке жиналған қызының шашын тарап жатыр.

«Міне, қызым қазір мектепке барады, ал балабақшаға кезегіміз сол күйі жетпеді», — деп күлді ол.

Жанна — алты баланың анасы. Бір қызы кәмелетке толды, екіншісі 16 жаста. Мемлекеттік балабақшаға сол күйі бара алмаған басқа балалары 9, 7, 5 және 3 жаста. Жанна 9 және 7 жастағы екі қызын туу туралы құжатты алған бойда екі сағаттан кейін кезекке қойғанын еске алады. Балалары кезекте бес мыңыншы болып тұрғанын білгенде-ақ балабақшаға қолы жетпейтінін түсінді.

«Барлық балам үйде болды. Мектепке барар алдында ғана оларды жекеменшік балабақшаға беруге тура келді. Оларды ортаға сіңуге дайындап, қоғаммен және режиммен таныстыру қажет болды. Бір балаға 40–50 мың теңге төлеу мен үшін қымбат», — дейді Жанна Жәкішева.

5 жастағы Әдемі мен 3 жастағы Ақтөрехан туғаннан кейін ахуал жақсаруға тиіс еді, өйткені көпбалалы аналарға кезекке тұрғанда артықшылық бар. Кейінгі балалар дүниеге келген кезде кезек Indigo порталы арқылы үлестіріле бастады, бұл жүйеде ата-аналар кезекке тұрып, балабақшаға жолдама ала алады. Ата-ана босаған орынды тез «ұстап қалып», өтінім толтырып үлгеруі керек.

Жанна порталдың әділ және ашық екеніне күмәнмен қарайды. Анасының таныстары балабақшадан орынды заңсыз жолмен алуға болатынын айтыпты. Мұндай қызметті OLX сервисінен табуға болады.

Биыл ақпанда Жәкішева қаланың білім басқармасына көмек сұрап хат жазуға мәжбүр болды. Көпбалалы ана әкімнің қабылдауына кіріп, көмек алу мүмкіндігіне ие болды. Оларға дотациялық балабақшадан орын берілді. Бұл – жекеменшік балабақша, төлемнің бір бөлігін мемлекет төлейді. Білім басқармасының ақпараты бойынша, мемлекеттік білім тапсырысының құны бір бала үшін айына 52 569 теңге, мемтапсырыс арқылы қамтылған балалар саны – 65 729. Төлемнің қалған бөлігін ата-ана төлейді, оның сомасы балабақшаның жалпы құнына байланысты. Жанна бір балаға 15 мың теңге төлеген.

Жаннаның балалары бұл балабақшаға ұзақ барған жоқ. Қызының оң жақ құлағы жоқ еді, соған орай балабақшада балалар мазақтаған. Есту жолының біржақты микротиясы мен атрезиясы диагнозына мүгедектік берілмейді, сондықтан инклюзив балабақшадан орын алу мүмкін емес. Балаларды басқа дотациялық балабақшаға ауыстыруға тура келді. Онда әр балаға 40 мың теңгеден төлеп жүр, бұл – отбасы бюджетіне айтарлықтай салмақ.

«Егер мемлекеттік балабақшаға барсақ, 80 мың теңгенің орнына екеуіне 30 мың төлер едік. Бұл бізге жақсы көмек болар еді. Балаларымызды жекеменшік балабақшаға беруге мүмкіндігіміз жоқ», — дейді Жанна.

Балабақшадағы орын тапшылығы туралы сұраққа жауап ретінде Астана қаласының білім басқармасы Indigo порталына сүйене отырып, порталда 2–6 жас аралығындағы 41 818 бала тіркелгенін хабарлады.

Бизнес ұтып, балалар ұтылады

Мемлекеттік саясаттың кесірінен жекеменшік балабақшаға баратын балалар саны жағынан мемлекеттік бақшаға баратындардан асып кетті. Білім басқармасының ақпараты бойынша, Астанада 32,5 мың баланы қамтитын 100 мемлекеттік мектепке дейінгі білім беру ұйымы және 33,2 мың бала қатынап жүрген 424 жекеменшік балабақша бар. Бұған қоса 405 бала баратын үш ведомстволық балабақша істейді.

Oy-U children дамыту орталығының директоры әрі зерттеуші Согдиана Шүкірова білім беру саласын 2011 жылдан бері зерттеп келеді. Декретте отырғаннан баланы ерте жастан дамытуға мамандана бастаған. Қызы барған мемлекеттік балабақшада 30 баланы бір тәрбиеші мен жалғыз күтуші қараған. «Баламды 39,5 температурамен алып кеттім, өйткені олар балаға көңіл бөлуге үлгермей жатады», – дейді Шүкірова.

Согдиана Шүкірова

Осыдан кейін ол ғылыми стандарттарға сай жұмыс істейтін орталықты ұзақ іздейді. Шүкірова бұл проблема 2010 жылдары бала туу көрсеткіші жоғары болғандықтан, мемлекет орын ашып үлгере алмаудан пайда болды деп санайды.

Сарапшы жекеменшік балабақшаларға субсидия бөлу қысқа мерзім үшін жақсы шешім болғанын, алайда ұзақ мерзімді перспектива тұрғысынан мемлекет мұндай шешімнің салдарын түсінуі керек еді деп есептейді. Өйткені «бірінші қабатта орналасқан дамыту орталықтары» көбейіп, көрсетілетін қызмет сапасы нашарлап кетті.

«Бұл жағдайда орынмен қамтудың ырымын жасаған мемлекет ұтады, бизнес ұтады, баласын әйтеуір орналастыруды ойлаған ата-ана да ұтады. Адамның дамуында бұл кезең маңызды екенін ескерсек, осының бәрі солар үшін жасалса да, бұдан балалар ұтылады. Әрі бұның бәрі расында балалар үшін бе? Балабақшалар мен орталықтар қарап беруші рөлін атқарады: әке-шеше жұмысқа баруы керек, ал бала қараусыз қалмауы керек», — дейді Согдиана Шүкірова.

Миссури университетінің баланы ерте жастан дамыту саласының магистрі Гауһар Қиықова ұйымдардың бірнеше санаты бар дейді: мемлекеттік, жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар және қосымша білім беру ұйымдары деп аталатын басқа да мекемелер. Мемлекеттік және жекеменшік мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын мемлекет бақылайды және министрлік базасына кіреді. Көбі мемлекеттен дотация алады, бірақ мектепке дейінгі ұйымдарға лицензия қажет емес. Үшінші санатты мемлекет мүлдем бақыламайды, шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий бар болғандықтан, оларды тексеру мүмкін емес.

«Олар өзін балабақша деп атаса да, мектепке дейінгі ұйым деген дәрежесі жоқ. Көбіне тұрғын үйде ашылатын ЖШС мен ЖК болып келеді. Олардың балаларды тамақтандыруға да, күні бойы күтіп-бағуға да құқығы жоқ, бірақ ешкім тексермеген соң, солай жұмыс істей береді. Біз министрлік осындай ұйымдардың бәрін білуі керек, оларға міндетті талаптар қоюы керек деп мәселе көтергенбіз», — дейді Қиықова.

Оның айтуынша, қазіргі талаптар тек санитарлық және өртке қарсы қауіпсіздікке қатысты. Дотация алғанның өзінде, басты критерий ретінде балалар саны мен үй-жайдың көлемі ғана назарға алынады. Елімізде бірінші және екінші санатқа жататын 11 мың балабақша бар екен, ал үшінші санатқа кіретіндер саны белгісіз.

Гауһар Қиықова

2021 жылы Қиықова мен Шүкірова әріптестерімен бірге білім министрлігінің тапсырысы бойынша (қазір — ағарту министрлігі) ECERS (Early Childhood Environment Rating Scale) халықаралық сапаны бағалау әдісін пайдаланып, елдегі балабақшалардың сапасына ұлттық зерттеу жүргізді. Нәтижесі балабақшалар сапасы — нашар, төменгі деңгейде, жақсы және өте жақсы деген төрт деңгейдің ең төменгісіне ғана жететінін көрсеткен. Қиықованың айтуынша, халықаралық әдісті 1980 жылдары Солтүстік Каролина университеті әзірлеген, сол кезден бері баланы ерте жастан дамыту саласындағы ғылыми жаңалықтарға сәйкес үнемі жаңарып отырады.

«Ең азы 3 балдан басталады, ал біздегі орташа балл – 2,13. Әдіс гигиена, қауіпсіздік, кеңістікті ұйымдастыру және тәрбиешімен қарым-қатынас секілді 486 индикатор мен түрлі факторды ескереді. Сегіз адам елдің барлық аймағы бойынша жұмыс істедік, жалғыз Астанамен шектелген жоқпыз. Қаржы да, мүмкіндік те өте шектеулі болды. Бұл мектепке дейінгі білім мен оның сапасы туралы алғашқы зерттеуіміз», — дейді Қиықова.

Қиықова ағарту министрлігінің жұмыс тобына кіреді және осы саладағы реформаны жүргізуге белсене араласып жүр. Зерттеу нәтижесі алдыңғы мемлекеттік стандарттар заманауи талаптарға жауап бере алмағанын көрсеткен. Жұмыс тобындағы сарапшылар концептуалдық өзгерістер енген мектепке дейінгі білімді дамытудың моделін құрды. Жаңа үлгіде бала мен оның қажеттілігіне, ересек адамға бағынудан гөрі, қызығушылығына ден қоя отырып, бастамашыл болуына және өз бетінше әрекет етуіне басымдық берілген. Кейін сарапшылар мемлекеттік стандартты өзгертті.

«Қазір ол мінсіз дей алмаймын, бірақ бұрынғысынан әлдеқайда өзгерген. Ойын туралы айта бастадық, бұрынғы күні мен минутына дейін белгіленіп қоятын типтік оқу жоспарын алып тастадық. Шығармашылықа баулу, ұсақ моториканы дамыту, дене бітімін жетілдіру сияқты белсенді әрекет туралы сөз қозғадық. Жалпы, когнитивтік міндеттермен шектелмей, тұтас дамуға мән беру керегін айта бастадық», — дейді Қиықова.

Айлық аз, бала көп болса…

Жаңа мемлекеттік стандартқа «ойындар» деген түсінікті де енгіздік дейді Қиықова. Қазақстанның мемлекеттік балабақшаларындағы ойынның рөлін зерттеген Согдиана Шүкірова да бұл өзгеріске риза, алайда іс жүзінде ол «өте қиын жүріп жатқанын» айтады.

«Екі жасар қызымды байқап көру үшін дамыту орталығына алып барған едім. Баланы бірден орындыққа отырғызып қойды. Бірден-ақ бірдеңе дұрыс емес екенін түсіндім, өйткені екі жасар балаға отыру қиын, ол жүгіруі керек, бәрін ұстап көріп, зерттеуі керек. Оған бірден жүзге дейінгі сандар қатарын беріп, санатып үйретуге тырысты, сосын апта күндерін жаттатқызды, бұл оның жасына мүлдем сай емес. Есесіне, ата-ана баласының екі жасында жүзге дейін санай білетініне риза», — дейді Согдиана Шүкірова.

Оның айтуынша, көп ата-ана баласы ерте жастан санап, жазып үйренгенін қалайды, бірақ зерттеу нәтижесі бұл баланың дамуына зиян келтіруі мүмкін екенін көрсетіп отыр. Салдары кейінірек, мысалы, мектепке барғанда байқалуы мүмкін. Бұл халықаралық зерттеулерде өзекті тақырып екен. Шүкірованың зерттеуі Қазақстанда мемлекеттік балабақшаларда ойын жоққа тәнн екенін көрсетті. Болған күннің өзінде, ұйымдасқан түрде өтеді.

«Педагогтар не істеу керек екенін айтып отырады, ал еркін ойынға кешке, үйге қайтатын кезде жарты сағаттай уақыт бөледі. Кейін ECERS (мектепке дейінгі білім беру сапасын кешенді бағалау) бойынша да сапа көрсеткіштерінің бірі ойынға бос уақыт болу керек екенін білдім. Осылайша, бала әлемді, өзін зерттейді, қандай ойын ойнайтынын, оны кіммен бірге ойнаған қызық екенін таңдайды. Командамен жұмыс істеу, коммуникация мен эмпатия рөлдік ойындар арқылы дамиды. Бұлар болмаса, бала біреуден нұсқау күтетін, өз бетімен шешім қабылдай алмайтын болып өседі. Осыдан келіп не нәрсеге әуес екенін түсінбейтін ересек шығады. Мен біздің балабақшалардағы дисбалансқа таңғалдым», — дейді Шүкірова.

Сарапшы тәрбиешілермен әңгімелесе келе, балабақшада түрлі үйірме болуын ата-аналар талап ететінін, олар баласы жетістікке жетсе дегеннен осындай талап қоятынын білген. Шүкірованың айтуынша, педагогтар ата-анадан көп білуі керек және ойынның маңызын түсіндіруі керек.

«Бұл да бір мәселе, педагогтар өзінің теориялық машығына сенімсіз. Олар ата-ананы да үйретуі керек», — дейді Шүкірова.

Сарапшы кейінгі онжылдықта баланы ерте жастан дамыту саласында сұраныс көп болғандықтан, біліксіз мамандар да көбейгенін айтады. Білім министрлігіне арналған баяндамасында сарапшылар педагогтардың біліктілік деңгейі күрт түсіп кеткенін атап өтті. Зерттеуге қатысқан балабақша тәрбиешілері еңбекақыны арттыру үшін толық жұмыс күнін алғанын мойындады. Бұл кадр тапшылығына және маман тұрақтамауына әкеледі.

Әлбетте, 30 балаға қараймын деп болдырған педагогтан әр балаға жеке көңіл бөлуді талап ету қиын. Оның айтуынша, бұған мемлекет мүдделі болмаса, бизнес тек пайда табуға ғана көңіл бөлуін жалғастыра береді.

«Бизнес мейлінше көп бала болуына мүдделі, яғни сапа жоғалады. Ай азырақ, бала көбірек болса дейді. Ал сапаның құны жоғары», — дейді Шүкірова.

Киікова балабақшалар үйірмелерді міндетті қылу арқылы балалар орталығының қымбат бағасына үйірмелерді сылтау ретінде қолданатынын айтады. Олар кейде жабылып қалудан аман болу үшін де үйірмелерді қосып қояды.

Ең тиімді инвестиция

Екі сарапшы да мемлекет бұл саланы реттеуге және балабақшалардың сапа деңгейін арттыруға белсене араласуы керек деген пікірмен келіседі. Киікова көптеген елде мемлекет мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз етпегенмен, талаптар мен стандарттар бар екенін айтады. Ол МЖӘ жаман механизм емес, бірақ балабақшалар бақылауда болуы керек деп санайды.

«Дотацияның бар-жоғына қарамай, балабақша аша беруге болмайды. Балалармен жұмыс істеу үшін рұқсат болуы керек, олармен жұмыс істей алатыныңды дәлелдеуің керек. Балаларды ешкім қорғай алмайды, әсіресе бұндай жаста олар ештеңе айта алмайды», — дейді Қиықова.

Қиықованың айтуынша, қазіргі өзгерістерге қарамастан, баланы ерте жастан дамыту саласы зерттеу мен жаңа өзгерістерді қажет етеді.

«Бізде осы салада маман өте аз. Бағдарлама жаңартылмайды, Жүйелі түрде үлкен өзгеріс болған жоқ. Бұл процесс енді ғана іске қосыла бастады», — деп түсіндірді ол.

Шүкірова мектепке дейінгі даму сөзі ұнамайтынын айтады, өйткені бұл мектепке дайындық дегенді білдіреді, ал ерте жастан дамыту — өмірдің іргетасы. Оның айтуынша, Қазақстанда мектепке дейінгі білімге «қалдық принципімен» қарайды, ол Нобель сыйлығының лауреаты Джеймс Хекманның сөзін келтіре отырып, мектепке дейінгі білім – ең тиімді инвестиция екенін айтады.

«Мектепке дейінгі білімге неғұрлым көп қаржы салынса, ел экономикасы соғұрлым жоғары болады. Түрлі зерттеу нәтижесі сапалы дайындықтан өткен баланың денсаулығы да жақсырақ болатынын көрсетті. PISA нәтижесі бойынша жасалған зерттеу сондай балалардың көрсеткіші балабақшаға бармаған баладан жоғары болатынын көрсетіп отыр», — дейді Шүкірова.

Сарапшы халықтың әлеуметтік жағынан осал тобынан шыққан балаларға ерекше көңіл бөлу керек дейді. Қиықова елде кедейшілікте өмір сүретін миллиондай бала бар екенін айтып отыр, бірақ мемлекет басты назарды дарынды балаларға бөлумен келеді.

«Егер жағдайы төмен отбасынан шыққан балаларға көңіл бөлсе, жалпы деңгей көтеріледі. Ал ақшаны тек дарынды балаларға салса, арадағы алшақтық арта түседі», — дейді Қиықова.

«МЖӘ балабақшалардан бас тарту дегенді білдірмейді»

Арайлым Байхадулина 2018 жылы Астананың сол жағалауындағы «Жағалау» ауданында орналасқан жаңа үйге қоныс аударды. Үйді рәсімдеген кезде бала күтіп жүрген отбасына маңайда балабақша да, мектеп те, саябақ та болады деп уәде берген еді. Уәде толық орындалған жоқ — балабақшалар жекеменшік, мектеп жартылай жекеменшік, ал саябақ жоқ. Ипотека болғандықтан басқа жерге көшіп кете алмайды, сондықтан Арайлым ұлын қымбат жекеменшік балабақшаларға беріп көрді. Әйтсе де, оларға сенімі болған жоқ.

«Декретте болғанда жергілікті жекеменшік балабақшамен баламның барған ақысына балаларға ағылшын тілін үйретемін деп келістім. Мен ағылшынша білемін, бірақ олар мені тексерген де жоқ. Менен ештеңе сұрамастан, балабақшаға кіргізді. Маған балалармен ойнау ұнап қалды, олар да тағы келесің бе деп сұрап жатты, — деп күлді Арайлым. — Бірақ ол жердің ауасы тар еді, жас мөлшері әртүрлі балаларды бір бөлмеге қамап қоятын».

Арайлым Байхадулина

Кейін олар мемлекеттік балабақшадан орын алды, бірақ ол қаланың басқа шетінде орналасқан. Балабақшаға жету үшін таңертең және кешке іші лық толатын автобуспен бір жарым сағат жүру керек. Қымбаттығына қарамай, баланы таксимен тасып жүр — жолына 2500 теңгедей (бір жағына) кетеді.

Арайлым әкімдік өкілдерімен кездесуде балабақша проблемасын жеткізді, сосын бас жоспарды қоғамдық талқылауға барды. Бірақ еш жерден жауап ала алмады.

Menin Elim Dala қоғамдық бірлестігінің өкілдері мәселе бас жоспарда емес, жағдай егжей-тегжейлі жоспарлау жоспарын (ЕТЖЖ) түзету арқылы өзгереді дейді.

Астананың құрылыс басқармасы берген ақпарат бойынша, елордада қазір балабақша салынады деп жоспарланған 55 учаске бекітілген. Оның біреуі ғана сол жағалауда, енді салынып жатқан ауданда орналасқан. Бұл – мемлекет меншігіндегі жалғыз учаске.

«Бізде сол жағалауда Тұран бойында, Назарбаев университетінің немесе Хан Шатырдың артына салсын, ол жақта мемлекеттік учаскелер көп, үй көп және әлеуметтік нысан аз. Учаскелер қалай таңдалғаны түсініксіз. Жердің бөлінуі біркелкі емес», — дейді Menin Elim Dala ҚБ мүшесі Лаура Ералина.

Балабақша салынуға тиіс жер учаскелері, құрылысты басқару схемасы

Ұйым балабақшаларға бөлек ғимарат тұрғызуды талап етіп отыр, ал дамыту және басқа да орталықтар тек қосымша білім беру орны болып қалуы керек. Бас жоспар талқысында ҚБ мүшелері балабақшалар «аз қабатты тұрғын үй кешендерінде орналасады» деген бас жоспардағы идеяға қарсы шықты.

Menin Elim Dala бірлестігінің мүшелері меморгандар мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті қате түсінетінін айтады. Ұйымға берген жауаптарының бірінде қаланың білім басқармасы қалада балабақша құрылысы бойынша бюджеттік бағдарлама жоқ екенін, барлығы МЖӘ механизмі арқылы іске асатынын хабарлаған. Алайда, ағарту министрлігі ҚБ сауалына жауабында мемлекеттік білім ұйымдарын құру жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне кіретінін айтқан. Министрліктің хабарлауынша, мектепке дейінгі білім беру нысандарының құрылысын қаржыландыруға бағытталған бюджеттік бағдарламалар жергілікті бюджет деңгейінде іске асады.

«МЖӘ балабақшалардан бас тарту дегенді білдірмейді. Мемлекеттік балабақшалар салуды тоқтату керек деп еш жерде жазылмаған. Мемлекеттік балабақшаларды алып тастау керек деп емес, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту керек деп айтылған», — дейді Ералина.