3292
28 апреля 2023
Бейімбет Молдағали, Астана, Власть, Menin Elim Dala қауымдастығының суреттері

Қала үшін күрес

Астана әкімдігінің құрылыс саясатымен белсенділер қалай күресіп жүр?

Қала үшін күрес

Астана кейінгі 25 жылда 6 есе үлкейді. Бір-бірін алмастыра беретін қала әкімдері жыл сайын тұрғындарға жағдай жасаймыз деп уәде береді. Дегенмен, қаладағы әр жаңа құрылыспен бірге мектеп пен балабақшадағы орын тапшылығы, жол кептелісі, экологияның бұзылуы сынды бірқатар мәселе туындайды.

Власть осындай мәселелермен күресіп жүрген Menin Elim Dala қауымдастығы туралы айтпақ. Оның құрамында 16 бастамашыл топ бар. Белсенділер билікті тұрғындар талабын орындап, мәселені шешуге көндіре ала ма?

Әділдік жолында

2020 жылы әкімдік шешімімен Астанада Кіші Талдыкөлді топырақпен толтыру басталды. Қала тұрғындары бұған қарсы болды. Бірақ олардың наразылығына, бірқатар кездесу мен арт-перформанстарға қарамастан, Кіші Талдыкөлді көму әлі жалғасып жатыр.

Бұл құрылысты тығыз салудың қарқынды түрде жалғасып жатқанын көрсетеді. Бастапқыда жаңа тұрғын үй кешені маңындағы азаматтар әрқайсы жеке топ болып наразылық білдірген. Алайда, былтыр ақпанда барлығы бірігуге бел буды.

Белсенділер ұйымды наурыз айында тіркеген. Бұл туралы Menin Elim Dala қоғамдық бірлестігінің және 1953Pustyr бастамашыл тобының мүшесі Айман Беделбекова айтты.

«Төрт бастамашыл топтан бөлек, бізге тағы 11 топ қосылды. Жеке жұмыстан нәтиже аз болғандықтан, бірлесуді жөн көрдік. Оның үстіне мемлекеттік органдар қысым жасады. Брифингте бірігу арқылы көп нәрсе жасауға болатынын түсіндік», – дейді ол.

Үйлердің тығыз салынуы салдарынан құрылыс кезіндегі қауіп артып, бұл маңда жүріп-тұру қиындаған. Мәселе ушыққан соң наразы бастамашыл топтар көбейді.

«Бастамашыл топтардың барлығы дерлік құрылыс жоспарының заңсыз өзгеруі секілді мәселеге кез болды. Мысалы, мектеп пен балабақша салыну керек жерге әкімдік көпқабатты үй салу туралы өзгеріс енгізген. Әрі бұл тұрғындардың келісімін алмастан болған», – дейді ОО және SOS.Tselinograd ұйымының мүшесі Айжан Әтежанова.

«Сол жағалауда мемлекеттік мектеп пен балабақша сынды әлеуметтік нысандар жоқтың қасы. Көпшілігі оң жағалауға баруға не балаларын қымбат жекеменшік мектепке беруге мәжбүр», – деді Әтежанова.

Беделбекованың сөзіне қарағанда, Астана қаласы мәслихатының өткен жиынында құрылыс басқармасының орынбасары мектеп құрылысы жыл соңына дейін аяқталатынын айтқан. Бірақ мектептердің көбі қала шетінде орналасқан. Тұрғындар жол ақысын төлеу қосымша салмақ болады деп алаңдайды.

Астана тұрғындарына алдағы уақытта болатын өзгерістер туралы ақпарат алу қиын. Кейде ақпаратты Астана қаласының геопарталынан оқиды. Бұл туралы белсенді Айжан Әтежанова былай деді:

«Көп адам е-saulet геопарталындағы өзгерістерге наразы. Біз порталдағы ақпаратты жүйелі түрде жиі оқымаймыз, көпшілігі ол туралы білмейді де. Тұрғындар айналасы қоршалған кезде ғана назар аудара бастайды. Қоршалған аумақта құрылыс құжаттары тұрған болса жақсы болар еді. Көп жағдайда құрылыс нысанының құжаттары болмайды, осының өзі барып тұрған заңсыздық. Белгісіз адамдар техникасын әкеліп, аумақты иемденеді. Содан кейін бәрі абыр-сабыр болып, чатта мәселе талқыға түседі. Сосын адамдар бастамашыл топ құрып, әлеуметтік желіде жазба жариялап, біріге бастайды. Басында Menin Elim Dala ұйымы туралы да, кейс туралы да ештеңе білмедік. Тек Кіші Талдыкөл мен саябақтың жағдайынан хабардар едік».

Белсенділер меморганмен кездесуде

«Қала әкімі ештеңені елемейді»

Белсенділер кейбір тұрғындар өзгеріс болмаған соң шаршағанын, ал кейбірі шындықтың түбіне жету үшін соңына дейін қалғанын айтады.

«Біз әкімге сенгеннен бармаймыз. Заңның іс жүзінде жұмыс істеуін талап ету үшін сөйлесуге барамыз. Елімізде құрылыс туралы заң бар, бірақ әкімдік бұл заңдарды елемейді. Бұлар президент қол қойған, парламент қабылдаған заңды да елемей қоя салады», – дейді SOS.TSELINOGRAD бастамашыл тобының мүшесі.

«Бұлар президент қол қойған, парламент қабылдаған заңды да елемей қоя салады»,

Митинг өткізуге өтініш беру қалай жүретіні туралы Мадина Абдрахманова былай түсіндірді:

«Митинг өткізу үшін әкімдікке өтініш жібердік делік. Бірақ жауап дұрыс болмайды. Біз тіпті сотқа шағымдандық. Көлгінов сонда да кері байланысқа шықпады. Біз де қайтпай, заң мен ережені айтып, биліктен мәселеге назар аударуды талап етеміз»

Дегенмен мәселені сот арқылы шешуге барлығы бірдей дайын емес.

Кейде әкімдік құрылыстың тығыздығын алданған үлескерлердің “қиын” жағдайымен ақтап алады. Әкімнің орынбасары Есет Байкен наурыз айында белсенділерді кездесуге шақырды. Оларға картаны көрсетіп, алданған үлескерлер мәселесін айтты. Оларды да түсінуіміз керек дегенге келтірді. Ал белсенділер мәселені басқалардың есебінен шешіп, олардың талап-тілегін елемеу қате екенін айтады. Өйткені оның салдарынан “Целиноград” тұрғын үй кешеніндегі бес-алты жыл бойы жөнделмеген су құбыры мен көлік тұрағының жағдайы одан сайын нашарлауы мүмкін.

Белсенділер шілдедегі референдумға дейін билік тұрғындардың өтінішін елемей, жағдайға бей-жай қарағанын айтты. Олардың айтуынша, референдумнан кейін жағдай ушығып, тұрғын үй кешендерін салу қарқынды түрде жалғасқан.

«Ең жабық әкім»

Белсенділер тағы да қала әкімімен кездесе алмады.

«Біз egov порталында әкімнің жеке қабылдауына жазылуға болатынын білдік. Кестеде әр жұма сайын азаматтардың әкіммен жеке кездесу ұйымдастыруға мүмкіндігі бар екені көрсетілген. Әкімдіктен қандай да бір реакция бола ма деп, өз атымнан да, үкіметтік емес ұйымның атынан да кездесуге өтініш тастадым. Бекітілген күні де, одан кейін де бізге ешкім хабарласпаған соң, қабылдауға қайта жазылдық. Осы тұста әкімнің қабылдауына жыл соңына дейін жазылу идеясы туды. 23 қыркүйектен тұрақты түрде өтініш беріп келеміз, бірақ әкім әлі бір рет те байланысқа шыққан жоқ», – дейді Әтежанова.

Тұрғындар мемлекеттік қызмет істері агенттігіне де шағымданған. Кейін оларға әкімдіктен хабарласып, қаланың бас сәулетшісі Алмас Жанбыршымен кездесуге шақырған.

Белсенділер карантин тоқтағанына қарамастан, Көлгінов кездесулерді онлайн өткізгенін айтты. (Мақала Алтай Көлгінов қала әкімі болған кезде жазылған –– В.)

«Көлгінов соңғы рет офлайн байланысқа 2020 жылдың күзінде шыққан. Сол кезде бірінші мектеп, сосын “Поколение” тұрғын үй кешенін саламын деп уәде берген. Кейін дәл осы сөзін онлайн есеп беру кезінде қайталап, уәдемде тұрамын деп сендірген еді. Тұрғын үй кешенін салып біткенімен, мектеп әлі жоқ. Әдетте әкімнің адамдармен кері байланысқа шығып, сөйлесуі өте сирек жағдай. Көлгінов тұрғындармен сөйлесуге жабық, ең жасқаншақ әкім болды десем, қате айтпайтын шығармын. Ал негізі бәрі керісінше болуға тиіс», – деді Беделбекова.

«Кіші Талдыкөл туралы жалған ақпарат тарап жатыр. Көлгіновтың мектеп туралы айтқанына зер салсақ, сәйкессіздік өте көп. Тұнып тұрған өтірік. Белсенділер Исекешовпен де, Жақсыбековпен де, Көлгіновпен де сөйлесуге тырысты, бірақ олардың мәселені шешпек тұрмақ, тыңдауға шамасы жоқ. Билік Кіші Талдыкөлді көму маңызды мәселе екенін біле тұра, үнсіз қалды», – дейді Мадина Абдрахманова.

Кіші Талдыкөлді көму жұмыстары туралы Власть бұған дейін жазған.

Мәселені қолға алу

Бастамашылар әлеуметтік желілерде мәслихат, әкімдік және министрлікпен байланысқа шыққысы келетін тұрғындар құқығын қорғап, хат жазған. Олар аулаларда жиналып, түрлі құрылымдармен жұмыс жүргізеді.

«Бұл – уақыт пен еңбекті талап ететін жұмыс. Мемлекеттік қызметтегілердің бәрі бірдей бұл мәселені шеше алмайды. Оларға айтқанмен, қала әкіміне сілтейді. Ал әкім құзыретіне кірмейтінін айтып, жоғарғы жаққа сілтейді. Бәрі бір адамның қолында. Бұл жүйе тек Астанада емес деп ойлаймын», – деді Айман Беделбекова.

Қала тұрғындары ҚР Сәулет, қала құрылысы, қызметі туралы заңының 13-бабына сүйеніп отыр. Бапта жеке және заңды тұлғалар құрылыс туралы барлық шешімді талқылауға құқығы бар делінген.

«Әкімдік біздің өтінішімізге "қоғамдық тыңдау өткізуге қатысты нақты құралдар мен нұсқаулық жоқ" деп қысқа жауап қайырды. Бірақ бұл жағдайды ақтамайды. Мәселе кадр тапшылығынан не қызметкерлердің біліксіздігінен туындап отыр. Осы уақытқа дейін құқықтық актілерді бекітетін, жағдайды реттейтін құжат жасауға болатын еді», – дейді Әтежанова.

Тұрғындар құқықтық нормаларды бекітетін құжатты өздері жасаған. Мамырда кран көпқабатты үйге түйіскеннен кейін, мәслихат құрылыс жұмыстарына жаңа ереже енгіземіз деген.

«Олар ережені бірден өзгертіп, НҚА порталында бекітті. Осы тұста біз қоғамдық тыңдау құжаттарын жасауды қолға алдық. Арамыздағы тәжірибелі сәулетшілерді, урбанистер мен экологтарды жинап топ құрдық. Заңды бір қарап шығып, құрылыс нормалары мен ережелерінен бастап, хаттама формасына дейін жазып шықтық. НҚА порталына құжаттарымызды жібердік, бірақ мәслихат оны әлі қарамаған. Құжаттарды Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне де жібердік, өйткені президенттің 1 қыркүйек күнгі тапсырмасымен құрылыс кодексі дайындалып жатыр, сол себепті вице-министр онымен танысу үшін құжаттарды сұратты», – дейді Әтежанова.

Белсенділер қоғамдық тыңдау жемқорлық пен құқық бұзудың алдын алатын механизм болатынына сенеді.

«Заң көмегімен ережеге қайшы құрылысты тоқтатуға болады. Қоғамдық тыңдау – бұл тек тұрғындардың келісімі емес, бұл әлеуметтік әділдіктің көрінісі. Адамдар арасында мемлекеттік қызметтегілерге сенімсіздік басым. Сенімді тым болмағанда әділдік орнату арқылы қалпына келтіруге болады. Бірақ біз бар болғаны заңда жазылғанның орындалуын талап етеміз», – дейді Беделбекова.